Белгілі қаржыгерге құрмет

Сейсенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев  қаржы саласының үздігі, Жаңақорған ауданының құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері  Қалқазбек Әжібековті қабылдап, мерейтойымен құттықтады.

Қабылдауда аймақ басшысы мерейтой иесінің ел алдындағы еңбегі жайлы айтып,  жылы лебізін жеткізді.

– Сіз еліміздің экономика саласының дамуы мен халықтың әл-ауқатын көтеруге ықпал етіп, қаржы саласының заманауи деңгейіне көтерілуі үшін қызмет еттіңіз. Ел мүддесі жолындағы еселі еңбегіңіз үшін мемлекет тарапынан көптеген марапатқа ие болдыңыз. Сіздің өмірлік тәжірибеңіз бен ақыл-кеңесіңіз бүгінгі жастар үшін аса қымбат,-деді облыс әкімі.

Сонымен бірге  мемлекет және қоғам қайраткері Сейітсұлтан Әйімбетов пен салық жүйесіндегі екінші дәрежелі мемлекеттік кеңесшісі Дайрабай Ысқақұлы әріптестері жайлы жылы лебіздерін біл­дірді.

Қалқазбек Әжібеков 1948 жылы Жаңақорған ауданын­да дүниеге келді.  Алматы ауыл шаруашылығы институтының  экономика факультетіне түсіп, 1970 жылы бітірді. Осы жылы жолдамамен Жаңақорған аудан­дық қаржы бөлімінде еңбек жолын бастайды. Жас маман 1976 жылы облыстық қаржы басқармасына ауысады. Бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін абыройлы атқарды. Сонымен бірге ауыл шаруашылығын қаржы­ландыру, бақылау учаскелеріне, мекемелердің шаруашылық жұмыстарына жетекшілік жасады. Арнайы мамандандырылған мемлекеттік банктердің құрыл­ған кезеңінде «Жильсоц­банк­тің» облыстық басқарма бас­тығы қызметіне сайланды. Сондай-ақ, 1992 жылы облыс әкімінің орынбасары және мемлекеттік мүлік жөніндегі облыстық аймақтық комитетінің төрағасы қызметін  атқарды. 1997 жылдан бастап зейнетке шыққанға дейін қаржы басқармасын басқарды. Осы салада қырық жылдан астам уақыт қажырлы, табысты  қызмет етіп,  жас мамандардың  білікті кадр болып қалыптасуына  еңбек сіңір­ді.

Шарада аймақ басшысы мерейтой иесі мен оның жұбайына сый-құрмет көрсетіп, облыстың Құрмет грамотасымен марапаттады.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

ТАҒЫЛЫМ 08 ақпан 2018 г. 1 052 0