СЕЛКЕМ

Тәуелсіздікке дейінгі төл тарихымызда сындарлы кезеңдер аз болмағаны ақиқат. Осынау талайлы замандарда ұлттық рухымыздың өміршеңдігін жоғалтпауы сан ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың рухани ұстыны және салт-дәстүрімізді  ту етіп көтерген жақсы-жайсаңдарымыздың үлгі-өнегесінің арқасы. Түп-тұқияннан мирас болып келе жатқан жасы үлкенді құрметтеу үрдісі орнықты дәстүрлеріміз қатарында болса, бұл тұрғыда  жөні де, жолы да үлкен ағаны сыйлаудың орны, тіпті, бөлек. Дана халқымыздың осы салтында үлкен мән-мағына, терең ой-өлшем жатқаны бесенеден белгілі. Осынау ізгілікті дәстүріміздің бетіне сызат түсірушілердің  қатары бүгінгі күні жиілеп бара жатқандай, десе де, бұндай көрініс өткен замандарда да болмай қалмапты. Айтылғанның жарқын дәлелі іспетті, менің төртінші бабам – Молдашер Жамұратұлының (1825-1904 жж.) өмір жолында кездескен тәлімді оқиғаны оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім. 
Ол кісі қазіргі Қармақшы ауданы Қуаңдария өзенінің бойында өмір сүріп, 1863 жылы отарлаушылардың қысымынан ығысып, Қызылқұмға ішкерілейді. Азан шақырып қойған есімі Көтібар екен. Бұхарадағы Көкілташ медресесінің толық курсын бітіріп, сонда діни білімін жоғарылатып жүрген кезінде аты мүфтидің шешімі бойынша Молда шері болып өзгертіледі. Бұның алғашқы бөлігі – оқымыстылығын білдірсе, екіншісі – жауырыны жерге тимеген палуандығын (шері, яғни, арыстан) айғақтап тұр. Бірде, керуен тартуды кәсіп еткен оның  дүниесіне қызыққан  Бұхара қаласының әкімі: «Егер менің балуанымды жықсаң, заттарың өзіңе аманат, жығылсаң, бізге тастап кетесің», – деп шарт қойыпты. Бабамыз түйе балуанға өзінің сүйікті жамбас тәсілін қолдануы салдарынан, әлгінің жіліншігі морт сынып, мертігіпті. Тізбелей берсек, ұрпақтан ұрпаққа жеткен мұндай мысал қосыны аз емес.
Енді Молдашер мен оның арасы бес буын аталас туысы, қабырғалы би әрі Сыр мен Қуаңның бойында аты шыққан палуан Аққумен арасындағы, кейінгіге сабақ боларлықтай, оқиғаға көшсек. Әкем Әбдінің көнекөз ақсақалдардан естігендеріне сүйеніп, Аққудың бойының тым биіктігі, жастау шағында  киіз үй тігу барысында шаңырақты бір қолымен көтеріп, уықтары шаншылып біткенше ұстап тұратындығы туралы,осы тұғырлы тұлғаға қатысты айтқан тағы басқа әңгімелері күні бүгінге дейін жадымда.
Ресей деректерінде Аққу бидің сот билігін жүзеге асырып, кінәлілерге қатысты қатаң үкімдер шығарып отырғаны айтылады. Бидің  Баршақұмда тұрғанында өз тайпасындағы Есжан Кұлтановқа басбұзарлығы үшін қамшымен жүз дүре соқтырғаны, нәтижесінде ол пақырдың көз жұмғаны дәйек ретінде келтіріледі. Он тоғызыншы ғасырдың орта тұсында  осыған ұқсас  жағдайлардың етек алуы шындық. Осының негізінде қазақ даласында хандық биліктің, яғни, мемлекеттік басқару жүйесінің жойылғаны баршамызға аян. 
Молдашер орта бойлы, сүйегі ірі, етжеңді кісі (салмағы 11 пұт) екен және өткізген  белдесулерінде әрдайым жолы жеңісті болғанға ұқсайды. Бірақ, жасы жер ортаға таяғасын рухани ағарту саласына түпкілікті ден қояды. Күндердің күнінде Аққудың: «Молдашермен күрессем, жығатыным күмәнсіз» деп айтып жүргенін Қызылқұмға қатынағандардан естиді. Әйтседе, туыс інісінің әбес қылығын, естіген елден ұят  деп, еш жауапсыз қалдырғанды жөн көреді. «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» дейді халық даналығы. Үнсіздікті әлсіздікке балаған Аққу ақсақалдардың ақылын тыңдамай, әңгімесін жалғастыра берсе керек. Ал, ортадағы сөз тасып жүргендердің естігендерін қоюлатпаса, жұқартпай жеткізетіні табиғи заңдылық. Ақыры, бір  алқалы аста екеуінің  басы қосылады. Асты басқарушылардан Аққудың  күш сынасуға шақырғанын естіген Молдашердің: «Әй, менімен күресем дегенің рас па?» – деген сұрағына, оның жауабы: «Рас болғанда қандай... Мына халықтың алдында дәлелдейік кімнің күші басым екенін. Күш атасын танымайды ...»,  – деген сипатта болыпты. «Ендеше әкел қолыңды! Шегінерге жер қалдырмадың. Намыс жолында тұрдым  сертке!» – деп, Молдашер дереу күрес алаңқайына қарай беттепті. Сәскеде белбеу ұстасқан екеуі бірін-бірі ала алмай, түс ауған кезде ғана Молдашер Аққудың бір тізесін жерге тигізіп, жеңіске жетіпті. Осы текетірес салдарынан денсаулығы сыр беріп, Аққу ұзақ уақыт төсек тартып қалады. Тұра алмасына көзі жеткен  ол, кешулесуге келгендерге: «Ағама сәлем айтқайсыздар. Менікі дұрыс болмады, адасқан інісін кешірсін! Әттең, дүние-ай! Бұны айтуға өз аяғыммен бара алмадым ғой...», – деп,  үлкенді сыйламағанына өзегі өртене, мәңгілік сапарға аттанып кетіпті.
Сыр сүлейлерінің көшбасшысы Балқы Базар өз заманындағы палуандар туралы толғауында:
Алқалаған жер болса,
Атандайын алшаңдап,
Ақ білегін сыбанған
Ашықбай, Аққу, Көтібар
Күш атасы бейне нар, – деп олардың елден ерек бітім-тұлғасын нақышына келтіре суреттейді. 
 Осынау оқиға желісі аға мен іні арасындағы ізеттілікті сақтаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетіп,сыйластыққа қолдан келгенше селкем түсірмеуге үндеп тұрғандай. Жас өскінді ұлан-байтақ жерімізді бізге жеткізуге үлес қосқан ата-бабаларымыздың жасампаз үлгі-өнегесін сіңіру арқылы тәрбиелеу, сонымен қатар, тарихымыздың ащы беттерінен сабақ ала білуге үйрету ең мәртебелі міндетіміз болмақ. 
Қали ОМАРОВ,
Қазақстан тарихшылар және қоғамдық ғылымдар академиясының мүшесі.

ТАҒЫЛЫМ 01 наурыз 2014 г. 1 168 0