ҮЛГІ-ӨНЕГЕ ТОҚЫЛҒАН ҮЛКЕН КЕУДЕ

Көңілі кезіндегі Арал теңізіндей шалқыған, жүрегі оның толқындарындай тулаған ел ағасы, Қызылорда облысына еңбегі сіңген, оның әлеуметтік, экономикалық саласының дамуына айтарлықтай үлес қосқан, білікті басшы, парасатты азамат, көп жылдар облыстық партия комитетінің мүшесі, облыстық кеңестің депутаты болған, биыл 80 жасқа келіп отырған Әбдіхан Көбеев ағамыздың есімін ел жақсы біледі.
«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан» деп ұлы Абай айтқандай, Әбекең шын мәнісінде дүниеден өз орнын тауып, кірпіштей қалана білген азамат.
Ағаның азаматтық өмір жолы 1960 жылы Ташкент қаласындағы Орта Азия электротехникалық байланыс институтын бітіріп, Қызылорда облыстық байланыс басқармасында байланыс инженері болудан басталады. Сол кезде Әбекең облыс бойынша жұмыс істеген байланыс қызметкерлерінің арасында электро-техникалық инженер мамандығы бар жалғыз-ақ адам болыпты.
1961 жылы Қызылорда облыстық байланыс басқармасының бастығы Мұстафин Ахмедиа Әбекеңе: «Көбеев жолдас, сіз өзіңіздің туған жеріңіз, байланыс саласы ақсаңқырап тұрған, облыстағы ең үлкен өндіріс орындары бар Арал ауданының байланыс торабына бастық болып барып, оның жұмысын жандандырыңыз. Ол ауданда көптеген шешімін таппаған байланыс саласының шаруалары бар, соны алдыңғы  шепке шығаруға бар күш-жігеріңізді жұмсаңыз» деп тілек білдіріп, өзі Арал ауданына әкеліп Әбекеңді қызметіне отырғызған.
Содан Әбекең байланыс саласындағы білімділігімен, ойының ұтқырлығымен, өзі қызмет еткен саласына байланысты ұсыныстарын аудан, облыс көлемінде көтеріп аудандағы байланыс саласын бір жобаға келтіріп алғаннан кейін АТС-тың (автоматты телефон стансасы) Қызылорда облысында бірінші кезекте салынатындығынан хабар алып, 1965 жылы Алматы қаласына барып, сол кездегі Қазақ ССР-ның байланыс министрі Елебаев Әбдіразақ Алпысұлының қабылдауында болды. Сөйтіп министрге Қызылорда облысында Арал ауданының, соның ішінде аудан орталығы Арал қаласында елу мыңға жуық халық тұратынын, Арал балық комбинаты, Арал кеме жөндеу зауыты, «Аралтұз» комбинаты секілді бүкіл республикаға белгілі кәсіпорындардың барын, ауданның ауыл шаруашылығы саласының да қарқындап өркендеп келе жатқанын, ал ауданның байланыс саласы сапасының өз дәрежесінде емес екендігін цифрлармен нақтылай отырып, облыста бірінші кезекте АТС-ты Арал қаласында салу қажет екендігін дәлелдеп ұсыныс жасаған. Министр Ә.Елебаев осы ұсынысқа байланысты сол жылы қасына Оңтүстік Қазақстан өлкесі, Қызылорда облысы байланыс басқармаларының басшыларын Арал ауданына ертіп келіп, өндірістік кеңес жасап, оған қала басшыларын қатыстырған. Ол кезде Арал өндірістік қала ретінде Оңтүстік Қазақстан өлкесіне тікелей бағынатын. Сол жиында сөз алып сөйлеген Арал қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Досжанов Қуатжан және қалалық кеңестің төрағасы Жабақ Берденов АТС-тың өте қажеттілігіне көптеген дәлелдер келтіреді. Сөйтіп, министр облыс көлеміндегі бірінші АТС-ты Арал қаласында салу жөнінде шешім қабылдап, сол жылы оның құрылысы басталып, 1966 жылы жаңа станса іске қосылған.
Сол сияқты Әбекеңнің бастамашылығымен, Қазақ ССР-ның Байланыс министрі Ә.Елебаевтың қолдауымен 1968-1969 жылдары Арал қаласында облыс аудандарының ішінде бірінші болып телевизиялық орталық салынып, ол 1970 жылдың басында іске қосылады.
Әбекеңнің Арал ауданында тындырған істерін, оның іскерлігін, жоғары ұйымдастырушылық қабілетін ескеріп, жоғарғы басшы органдар оны әуелі облыс көлемінде байланыс саласы нашарлаңқырап қалған облыс орталығындағы Қызылорда қалалық байланыс торабына басшылық қызметке отырғызады. Кейін облыстың байланыс басқармасының басшылығына ұсынып сол қызметті өзіне тән терең білімділікпен, үздіксіз ізденіспен, адамдарға деген ізгілігімен, оларға деген қамқоршылықпен қарау сияқты бірегей абзал қасиеттерінің арқасында республикалық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шыққанша атқарды.
Әбекең аудан, қала, облыс көлемінде байланыс саласында басшылық қызметтер атқарған кездерінде әрқашан қарамағындағы қызметкерлердің хал-жағдайын естен шығармай өмірдегі небір қиыншылықтарға, әділетсіздіктерге қарсы қасқайып тойтарыс беріп келеді. Сондықтан да халық Әбекеңді жаны жайсаң, жүрегі жомарт, көңілі дархан, туып өскен аймағын шексіз сүйетін ел перзенті, өз мамандығын халық игілігіне арнаған бірден-бір азамат деп білді.
Әбекең көптеген шәкірт даярлаған ұстаз да. Оның «шекпенінен» шыққан Қаршыға Егіншібаев, марқұм Лепес Қалиев, Жакебай Бекжанов, Темірбек Балымбетов және тағы басқа шәкірттері мен інілерін қашанда адалдыққа, әділдікке баулып, шынайы бағыт беріп тәрбиелеген. Олардың бәрі қазір облыстың байланыс саласында үлкен басшылық қызметте жүрген елге белгілі азаматтар.
Қарапайым да кішіпейіл ағамыздың ел алдындағы еңбегі ескерусіз қалған емес. Оның өр кеудесінен «Халықтар достығы» ордені, көптеген мемлекеттік медальдар мен «Қазақ ССР-нің құрметті байланысшысы» белгісі орнықты орын алса, Қазақ ССР-ы Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет грамотасы» да табысталған.
Өткенге көз жүгіртсек, Әбдіхан ағамызбен менің танысуым қызметтік сапарға баруға байланысты болды. Бұл 1968 жылдың жаз айлары болатын. Ол кезде мен Арал аудандық қаржы бөлімінде қызмет істейтін едім. Ал, Әбдіхан ағамыз осы аудандағы байланыс торабына басшылық жасайтын. Сол жылы маған ауданның Қаратерең ауылына ауылдық кеңестің іс қағаздары мен қаржысын тексеруге іссапармен баруға тура келді. Мен мінген самолетпен өзім ол кезде сыртынан ғана танитын Әбекең де Қаратерең ауылына іссапармен барды. Әбекеңді сол ауылдағы поштаның меңгерушісі Панаш Байұзақов деген азамат күтіп алды. Ол кісі менің туған жездем Дәрменқұлдың туған жиені есебінде біздің отбасымызбен араласатын. Самолет қонғаннан кейін сол жердегі аэропорт алаңында Панаш ағай маған: «Бүгін бастығым келіп жатыр, соған даярланып отырмын. Кешкісін ол кісіге қонақасы беремін. Ауылдың барлық активтері қатынасады, Тілектес сен де себеппен іссапармен келген екенсің, сол шараға қатыс» деді. Сөйтіп күндіз ауылдық кеңестегі жұмыстарыммен айналысып, кешкісін сол кеңестің төрағасы Өтенәли Алпысбаев ағамызбен бірге Панаштыкіне бардық. Кеште жақсы отырыс болып, Әбдіхан ағамызбен таныс болдық. Сол отырыста Әбекеңнің керемет әңгімешіл, сыршыл, артық кемді тез біле қоятын сезімтал, әдет-ғұрыптың үйлесімділігін бақылап отыратын, жөн білетін үлкен ойлы азамат екенін аңғардым. Кейін аудан орталығына келгеннен кейін де кездескен жерде сәлемімді беріп өзін үлкен аға тұтынып жүрдім. Осы сәлем, осы сыйластық күні бүгінге дейін жалғасып келе жатыр.
Менің Әбдіхан ағамен тығыз байланыс жасаған кезім 1995 жылы Қызылорда қаласына қызмет бабымен ауысып келген кезімнен басталды. Қалада, облыс халқына белгілі азамат Әнес Өтегенов ағамыз облыстың статистика басқармасында басшы болып қызмет атқаратын. Ол кісі маған әрі ағайын, әрі жақын жиын болып келетін. Оның жолдасы Тұрсын атты жеңгеміз өте қонақжай кісі, осы кезге дейін мені қайным деп қазақы сәлемін беруден бірде-бір жаңылған емес. Мен келгеннен кейін Әнес ағамыз үйіне достарын жинап шай берді. Оған өзінің жас кездерінен достары, Сыр еліне белгілі, ауызы дуалы азаматтар Әбдіхан ағаны, туған құдасы Құдайберген Саржанов ағаны, Табынбаев Қаһарман ағаны, Сапа Исмаилов ағаны, Сағитжан Сермағанбетов ағаны қатыстырды. Осы аты аталған азаматтармен бұрыннан да орталарында дастарқандас болып жүргенбіз. Кейін Әнес ағамыз марқұм болды. Топырағы торқа, алды жарық, иманы жолдас болғай. Ал Әбдіхан ағамыздың да үйінде талай болып, марқұм жеңгеміз, топырағы торқа, жаны жаннатта болғай Зәуреш Қайрадинқызың қолынан да талай шай ішіп думандатқанымыз әлі күнге дейін есімізден кептейді. Қазір Әбекең ұл мен қыз өсіріп, олардан көптеген немере сүйіп отырған абзал жан.
Сондай-ақ, Әбекеңнің басына қонған бір бақыт құсы бар, ол оған деген Сыр бойы халқының суымаған ыстық ықыласы. Өйткені, Әбекең бұл өмірде ақ жолдан адаспай, жүрегі «елім, халқым» деп соғумен келеді.
Иә, халықтық мінезге бай Әбдіхан Көбеев ағамыз өзінің іскерлігімен де, ұшан-теңіз электротехникалық білімімен де Сыр еліне танылып қана қоймай, соны жұрт игілігіне жаратқан абзал азамат ретінде көпшілігімізге үлгі бола білді.
Тілектес СЕЙІТОВ,
ҚР Жоғарғы Сотының құрметті ардагері.

ТАҒЫЛЫМ 01 наурыз 2014 г. 1 682 0