« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
«А» десе, аузынан алтын түсетін Сыр сүлейлерінің қатарындағы сүбелі сөз иесі Рахмет Мәзқожаев – қазақтың рухани қорына мол олжа салған есім.
Соғыс кезінде қызыл отау меңгерушісі болып, кейін Нартай бригадасының құрамында ел ішін аралап, сол кездегі жаны жүдеген ауылдастарын еңбекке жігерлендірген жыршының еңбегі ерен. Ақын өз орындауындағы туындыларды тыңдаушысына өзгеше тәсілмен жеткізе білумен шектелмей, түркіге ортақ жырлармен қатар, қазақ ауыз әдебиетінің де насихатшысы болған. Бұрынғы заманда «ғылым докторы», «профессор» деген атақ болған жоқ, алайда халық сүлейлерге «сал», «дүр», «жырау» деген атақтар таңған. Бұл атақтар қазіргі ғылыми дәрежелерден бір мысқал да кем емес. Халық «Рахмет жырау» деп ат берген ақын таңды таңға ұратын жырларды жатқа айтып қана қоймай, оның тәлімдік қасиетін терең сезінген. Сол жырлардың туу тарихына қоса, өзіне дейінгі әрбір жеткізушінің мәнеріне салып, әр бөлек жырлай алған. Мысалы, ол «Көрғұлы» жырын 5 салаға бөліп, 14 түрлі мақаммен жырлаған. Бұл нағыз сөздің жүйрігі, жырдың Құлагері емес пе?!
Жыраудың осындай ерекшеліктеріне мән берген ұлы жазушы Мұхтар Әуезов 1958 жылы Алматыға арнайы шақыртып, оның орындауындағы «Көрғұлы», «Шахзада», «Шахнама», «Фархад-Шырын» сияқты бірнеше шығармаларды жазып алған.
«Қыз Жібек» жырын білмегенмен, оның кинотуындысын көрмеген қазақ жоқ шығар. Егер Рахмет жырау сияқты жады да, жаны да ұлтына қызмет еткен аталарымыз болмаса, біз ондай інжу-маржандарымызбен мақтана алмас едік. Бұл жырды 1880 жылдары Мұсабай жырау жырласа, бізге жеткізген Әбілқайыр Дәнекеров, Қуаныш Баймағанбетов, Рахмет Мәзқожаев сынды жыраулар болды. Ал, Мұсабайдың өзіне дейінгілерден үйренгені, олардың одан арғылардан алып келгені ақиқат.
Жыраулар синкреттік өнер өкілдері болған, яғни олар бірнеше өнерді қатар меңгере білген. Зерттеушілер Рахмет Мәзқожаевтың домбыра тарту шеберлігімен бірге, керемет айтыскер ақын екендігін және жағымды ашық үнді әншілік дарынын да айтады.
Айтса айтқандай, Рахмет Мәзқожаев өз заманында Есдәулет Қандеков, Әбілда Жүргенбаев, Өкім Жайлауов секілді сөз жүйріктерімен сайысқа түскен. Бұл айтыстардың біразы 1966 жылы басылған «Айтыс» жинағының 3-томына да енгізіліпті. Жыраудың ескі таспаларда өз даусы да бар екен. Бізді сол қызықтырып тұр. Жаңа айтқанымыздай, жыраудың әншілік дарыны бір төбе болған деседі.
Жақында ғана жолы түсіп Қызылордаға келген белгілі жазушы Смағұл Елубаев: «Бала күнімде Рахмет жырауды тыңдап едім, сол үн құлағымнан әлі күнге кетпейді. Сыр бойында Рахмет жыраудың мақамымен айта алатын кім бар?» – деп сұрапты. Осы сұраққа жауап есебінде мәдениет басшылары жазушыға қазір аты ақындық-жыршылығымен белгілі болып жүрген Айдос Рахметов пен Майра Сәрсенбаеваны апарып, жырлатады. Оларды ұйып тыңдаған Смағұл ағамыз «Рахмет жыраудың өзі болмаса да көзі бар екен» деп ризалығын білдіріпті. Шын мәнінде жыраудың өнері мен өнегесінің өмір сүре беретініне осы оқиғаны да дәлел қылуға болады.
Біздің зерттеушілеріміз халық жырларының тарихын отаршылдар мен миссионерлердің зерттеулері арқылы көрсетуге бейім. Егер Рахмет жырау «Көрғұлыны» 19-шы ғасырда өмір сүрген Барат жыраудан, Барат қарақалпақ Сейіл жыраудан үйренген десек, біз үшін құндырақ нұсқа осы емес пе? Ал, миссионерлердің негізгі мақсаты қазақ даласының топографиясын зерттеу болды, ұлттық құндылықтары мен ұлттың өзіне нәсілшілдік тұрғыдан қарады.
Сондықтан, зерделі жас буын жәдігерліктерімізге миссионерлер көзқарасынан бөлек қарап, олардың бізге дейін ауызша жеткен нұсқаларына ден қойса игі. Елбасының ұлттық код туралы айтқанын әрдайым есте ұстасақ, онда рухани жаңғырудың бір жолы жыраулық дәстүрімізде жатқанына анық көз жеткізе түсеміз.
Рахмет жырау туралы аз ғана сөз қозғағандағы тағы бір ойымызға ойысайық. Халық мұрасына жанашырлықпен қарап, әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорына 60 мың жолдан аса дастан, өлең-жырларды табыстаған жыраудың есімі қазақ халқы үшін қадірлі болса, туған топырағы үшін аса қымбат. Сондықтан Сырдария ауданы Амангелді елді мекені тұрғындарының ауылдық мәдениет үйіне Рахмет жыраудың аты берілсе деген тілегі бар екенін білдіргіміз келеді. Әрине, бұл құзырлы орындардың қолындағы жұмыс. Әйтсе де, халқының жан байлығын қызғыштай қорып, ұрпағына мол мирас сыйлаған жырау есімінің мәңгілік елдің есінде сақталып қалмағы бәріміз үшін де абырой.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |