ТҰЛҒАЛЫ ҒАЛЫМ, ТҰҒЫРЛЫ ЕҢБЕК

Қазақ жерінде, оның ішінде Сыр бойында математика ғылымына өзіндік сүбелі үлесін қосып келе жатқан ғалымдарымыз баршылық. Солардың бірі – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Ғалитдин Баканов.

1970 жылы Шиелідегі №45 қазақ орта мектебінде 6-класс оқитын бала Ғалитдин аудандық және облыстық математикалық олимпиадалардың жүлдегері ретінде Алматыдағы физика-математика мектебінің базасында өткізілген республикалық конкурста алғырлығымен танылып, осы мектепке қабылданады. 1975 жылы ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің математика факультетіне түсіп, үздік бітіріп шығады.

Оқуын аяқтасымен «Математика нольден басталып шексіздікпен аяқталады, сондықтан оны шын ниетпен оқып-үйрену керек, оның бергенінен бермегені көп, соны табу жастарға жүктелген» деген қағидамен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне қызметке келеді. Оқытушылық жолын «Алгебра, геометрия және математиканы оқыту әдістемесі» кафедрасының оқытушысы қызметінен бастайды. Одан соң «Жоғары математика» кафедрасының аға оқытушысы және доценті қызметіне ауысады. Сондай-ақ, ол «Қолданбалы математика және ақпараттық технологиялар»  кафедрасының профессоры  қызметін атқарып, ғылымдағы табыстарын, математика жаңалықтарын шәкірттеріне сіңіре жүріп, болашақ мамандарды дайындауға атсалысты. «Информатика» кафедрасының меңгерушісі болып, ұжымды басқарып, оқу үдерісіне араласады.

Ғалитдин Баканұлы 2003-2005 жылдары университеттің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры қызметіне келеді. Бұл жылдары «Ғылым іздеуде болдым деме, жаңа бастадым де, сонда шаршап-шалдығуды ұмытасың» деген қанатты сөзді басшылыққа ала отырып, университеттің оқытушы-профессорларының ғылыммен айналысуына жігер беріп, ұйымдастыра білді. 2008-2012 жылдары «Математика және математиканы оқыту әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі  қызметтерін ойдағыдай атқарды. Осы жылдардағы жемісті еңбегі үшін облыс әкімінің алғыс хатымен, Қызылорда мемлекеттік университетінің «Қорқыт Ата» алтын медалімен, «Қазақстан Республикасының жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» және «Қызылорда мемлекеттік университетінің үздік оқытушысы»  төсбелгілерімен марапатталды. 

Ғылым үздіксіз дамиды, ендеше оны меңгеру де үздіксіз болуы шарт дейтін болсақ, Ғалитдин Баканұлы да ғылымды меңгеруде өз ізденістерін 1982-1985 жылдары сонау Новосібір мемлекеттік университетінің аспирантурасынан бастап, әрі қарай сол университеттің докторантурасымен жалғастырады. Осы университетте «Интегралдық геометрия есептерінің дифференциалды-айырымдық аналогтарын зерттеу» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғайды. 2002 жылы «Толқындардың таралу теориясының кері есептерін шешудің шектеулі-айырымдық әдістері» тақырыбындағы диссертациясын сәтті қорғап, ғылым докторы атанады. Бұл диссертацияларда алғаш рет екі және үш өлшемді интегралдық геометрия есептерінің шектеулі-айырымдық аналогтарының шартты орнықтылығы, гиперболалық теңдеулер үшін қойылған шектеулі-айырымдық кері есептерді шешудің Гельфанд-Левитан әдісінің дискретті аналогы және оптимизациялау әдісі көрсетілді. Бұл жұмыс Қазақстанда 01.01.07-есептеу математикасы мамандығы бойынша қорғалған алғашқы докторлық диссертациялардың бірі болып есептеледі.

Профессор Ғ.Б.Баканов 2003-2010 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы 01.01.07-есептеу математикасы және 05.03.18-математикалық модельдеу мамандықтары бойынша докторлық диссертациялық кеңестің мүшесі, ал 2016 жылдан бастап осы университетте математика, математикалық модельдеу, космостық технология және механика мамандықтары бойынша PhD докторлық диссертациялық кеңестің мүшесі ретінде тәуелсіз еліміздің болашағы үшін жұмыс істейтін ғылыми-педагогикалық кадрлар дайындау бағытында елеулі жұмыс атқарып келеді.

Профессордың ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері АҚШ, Жапония, Голландия, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттерінің математикалық журналдарында, сонымен қатар Web of Science және Scopus деректер базасында импакт-факторы бар шетелдік ғылыми басылымдарда жарияланған. Ол көптеген халықаралық математикалық форумдарға, конгрестер мен конференцияларға өз баяндамаларымен белсенді түрде қатысып келеді.

2015 жылдан бастап профессор Ғ.Б.Баканов Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің жаратылыстану ғылыми-зерттеу институтының директоры болды. Қазіргі таңда осы университеттің «Жаратылыстану» факультетінің деканы қызметін атқаруда.

Математиктер аз сөйлеп, көп ойлайтын адамдар, сөзге сараң болғанмен, ойға жомарт болады дегенді ескерсек, Ғалитдин Баканұлы – өз ісінде бірізділікті, тиянақтылықты, логикалықты қатаң сақтайтын нағыз ғалым. Ол атқарған жұмыстар өзінің дәлдігімен, мақсаткерлігімен және тапқырлығымен ерекшеленеді.

Бүгінде профессор Ғ.Б.Баканов өзінің шығармашылық шыңына шығу жолында. Оның еліміздегі математика ғылымын дамытуға, жоғары кәсіпті ғылыми-педагогикалық кадрлар дайындауға қажетті ынта-жігері мен ғылыми идеялары ұшан-теңіз, ол – ғылыми қарым-қабілетке де, адами құндылықтарға да бай тұлға. Сондықтан 60 жастың асқарынан асқалы тұрған тұлғалы ғалымды даналықтың ауылына беттеген, айналасына айтары мен берері көп, іздеулі жандар шоғырына қосуға әбден болады.

Аман АБАСИЛОВ, 

филология ғылымдарының кандидаты.  

Ералы ӘБЖАНОВ,

физика-математика ғылымдарының кандидаты.

ТАҒЫЛЫМ 30 қаңтар 2018 г. 957 0