ҰСТАЗЫҢДЫ АТАҢНАН ДА ӘЗІЗ ТҰТ

Шәкірт ұстаздан дәріс қана емес, өмірлік ұлағат, тәрбие алады. Ұстаз да диқан сияқты ғой. Әр баланың жанына білім дәнін себеді, қатайтып ұшырады. Бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.
Шолпан Жұбатқанова Қызылорда қаласындағы №2 мектепте көп жылдан бері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп келеді. Өз ісінде мол тәжірибе жинақтаған, оқыту әдістемесін терең меңгерген, үнемі ізденісте жүретін өзі үйренуден, өзгеге үйретуден жалықпайтын ұстаз әр сабағында шәкірттеріне сапалы білім  мен саналы тәрбие беретін бала жанының бағбаны. Сабақ барысында әр оқушының қабілет-қарымын ескере отырып, әр тақырыпты әдістемелік тұрғыдан терең ойлап, оқушыларға жеткізе біледі. Әр баланың жан-дүниесін түсініп, оларға ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіртуде. Ол – өз ісіне берілген, өз пәнін жетік меңгерген ұстаз.
Ұстаз еңбегінің жемісі шәкірттерінің жетістігінен көрінеді. Шолпан Қалдыбайқызының шәкірттері Наргиз Мададова, Алексей Шегай, Саида Назырова, Ольга Те, Элеонора Чагай  пәндік олимпиадаларда, үш тілде мәнерлеп оқу сайысында, түрлі оқуларда, жарыстарда жеңімпаз атанған. Жыл сайын мектеп бітірген түлектер ҰБТ-да қазақ тілінен жоғары балл алады.
Шолпан Қалдыбайқызы еңбегі еленген ұстаз. Шәкірттерінің саналы ұрпақ болып қалыптасуына төккен тері еш кетпеді. «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен марапатталып, «Алтын глобус» сайысының жеңімпазы болды. Білім министрлігінің, басқарманың алғыс хаттарына, дипломдарға, Құрмет грамоталарына ие болды. Қазақ тілі пәнінің үздік оқытушысы, үздік авторлық бағдарламаны жасағаны үшін де еңбегі бағаланған. 
Бүгінде шәкірттері құрмет тұтатын, әріптестері ақылшы санайтын Шолпан Қалдыбайқызы баршамыздың мақтанышымыз. 
Гүлбану ТЕБЕГЕНОВА,
№2 мектептің мұғалімі. 

ТАҒЫЛЫМ 01 наурыз 2014 г. 1 906 0