« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жуырда КГБ-ҰҚК органдарында қызмет еткен ардагерлер туралы «Ұлттық қауіпсіздік күзетінде» атты кітап жарыққа шықты. Расын айтқанда, қауіпсіздік органдарының өткен тарихын әркім әртүрлі бағалайды.
Кеңес өкіметі тұсында ВЧК-ОГПУ-НКВД-КГБ органдарының қызметінде асырасілтеушілік болғаны рас. Әсіресе, 30-жылдары қазақтың зиялы азаматтары мен мыңдаған қарапайым шаруа адамдары жазықсыз жазаланды.
Бұл зұлматты халық еш уақытта кешірмейді. Дегенмен, қауіпсіздік органдарының тарихындағы кейбір қайғылы беттерімен қатар, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі игілікті істерінің болғанын да жоққа шығаруға болмайды. Өйткені, бұл қаһарлы органдарда «шаш ал десе, бас алатын» соқыр орындаушылар да, антына берік, ісіне адал қызметкерлер де жұмыс істеді. КГБ-ның жақсы жағы – қызметкерлері сыбайлас жемқорлықтан өздерін аулақ ұстады. Атышулы академик А.Сахаровтың КГБ-ның қыспағында болғаны белгілі. Соған қарамастан, ол «КГБ – единственный некоррумпированный орган» деп кезінде баға берген болатын.
Қауіпсіздік органдарында осындай мінсіз қызмет еткен қызметкерлердің бірі – отставкадағы майор -Алмас Жаманбаев. Ол 1938 жылы 21 қаңтарда Қазалы ауданы, Көларық елді мекенінде дүниеге келген. Орта мектепті күміс медальмен бітіріп, 1956 жылы С.Киров атындағы мемлекеттік университеттің филология факультетіне оқуға түседі. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтен дәріс алады. 1961 жылы қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін үздік бітіреді. Сөйтіп, бір-екі жыл Талдықорған облысына қарасты Айнабұлақ бекетіндегі №28 мектепте ұстаздық етіп, қазақ әдебиетінен сабақ берген. 1962-1968 жылдар аралығында Қазалы ауданының Амангелді атындағы орта мектептің директоры және қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Осы қызметте жүріп 1968 жылы Қазақ ССР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облыстық басқармасына қызметке ауысады. Ұзақ жыл Арал және Қазалы аудандарындағы басқарма бөлімшесінде аға оперативті өкіл болып жұмыс істейді. Ол кезде бұл екі аудандық бөлімшеге айрықша міндет жүктелген болатын. Себебі, Арал теңізіндегі «Возрождение» аралында биологиялық қару сынақтан өтіп жатқан еді. Сонымен қатар, Ауғанстанда пайдаланған соңғы үлгідегі қару-жарақтар алдымен осындағы әскери полигонда сынақтан өткізілетін. Ресейдің ядролық қаруын полигоннан тыс Арал теңізінің үстінде, әртүрлі биіктікте бірнеше рет жарып, сынақтар жасалғанын қазір жасырмай айтуға болады. Сондай-ақ, Байқоңырдағы ғарыш айлағы мен оның айналасындағы аса маңызды стратегиялық нысандарға шетелдің барлау органдары қызығушылық танытып отырды. Сондықтан да Кеңес өкіметінің бұл іс-әрекеттері қауіпсіздік органдарының бақылауында болған еді. Есімде, шетелдік азаматтың бірі Байқоңыр және Арал теңізі маңайындағы шағын станцияларға тоқтаған жолаушылар пойызынан түсіп, ауа жинастырып және жер қыртыстарынан топырақ алып (пробы воздуха и почвы), шыны сауытына салып жатқаны. Әрине, бұл жайында дереу Мәскеуге хабар беріліп, сезікті кісіге байланысты тиісті жұмыстар атқарылды. Сол кездері Ресейдің ядролық қаруы, яғни қай жерден болса да атып жіберуге дайын зымырандары теміржол вагондарына тиеліп, Кеңес Одағы бойынша әрі-бері теңселіп жүретін еді. Бұл пойыздарды «литерный» деп сүйемелдеп, аман-есен облыс аумағынан шығарып салатын едік. Міне, осындай бағытта жүргізіліп жатқан құпия жұмыстардың басы-қасында А.Жаманбаев та болды. Ол ісіне өте жауапты, тәртіпті болды. Қауіпсіздік органдарында 25 жыл жұмыс істеп, бірде-бір сөгіс алған емес. Аудандық бөлімше бастығы бірде жұмысқа кеш келгені үшін оған ауызша ескерту беріпті. Оның қызмет бабымен кешігіп келгенін назарға алмаған көрінеді. Осыған байланысты басқарма бастығына шығып, қызметтік тексеру жүргізуді өтінеді. Ақырында ақталып, ауызша берілген ескерту алынып тасталыпты. Бұл жайында Әлекеңнің жеке ісінде тиісті құжаттар сақтаулы.
Жалпы, облыстық басқармада КСРО КГБ басшыларына белгілі екі қызметкер болды. Біріншісі – он баланың әкесі Жармахан Ахметов, екіншісі – ұзақ жыл бойы қауіпсіздік органдарында жұмыс істеп, тәртіптік жауапкершілікке мүлдем тартылмаған Алмас Жаманбаев. Бір қызығы, облыстық басқарма басшысы Әлекеңді мерзімінен бұрын отставкаға шығарамыз дегенде КСРО КГБ төрағасы Ю.Андроповтың кеңсесінен нұсқама
келіп, керісінше оны ауданнан басқармаға ауыстырып, қызметін ең ақырғы мерзімге дейін жалғастырған еді. Алмас Жаманбаев 1994 жылы отставкаға шықты. 1999-2004 жылдар аралығында Халықаралық Ресей-Қазақстан университетінің Қызылорда бөлімшесінің директоры болды. 2002 жылдың 17 мамырында оған қазақ әдебиеті мен тіл мамандығы бойынша профессор ғылыми атағы берілді. Кейінгі жылдары бөлімшенің жабылуына байланысты Қызылорда көпсалалы көлік және экономика колледжінің директоры қызметін атқарды. Осы оқу орындарын бітірген жүздеген мамандар қазір әртүрлі салада еңбек етіп жүр.
Ағамыз шығармашылығын ешуақытта тоқтатқан емес. Оның әдеби-тарихи танымдық зерттеулері мен мақалалары республикалық және облыстық басылымдарда тұрақты жарияланып келеді. Елбасының ата-анасы туралы жазушы Ж.Шайқақовтың «Алтын діңгек» деректі повесі хақында жазған «Қарашаңырақ», Қазақтың Әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің профессоры, тарихшы Т.Қаратаев туралы «Кең тынысты тарихшы», жазушы К.Тұманбайұлының «Аманатқа адалдық» кітабы турасында «Аманатқа адал азамат», ақын С.Құттыбаевтың поэтикалық шығармашылығына арналған «Айызыңды қандырған ақшағыл жырлар» атты мақалалары көпшілік көңілінен шықты. Сонымен қатар, оның Ж.Шайқақовпен бірге қазақ тарихы мәселелерін зерттеуге арналған жаңа кітап турасында жазған «Ғасырлар қойнауынан кешеге дейін» еңбегін айрықша атап өтуге болады. Әлекеңнің Жанқожа батыр туралы зерттеулері өз алдына бөлек дүние. Әйгілі батыр бұрын Жанқожа Нұрмұхамед болып келгені белгілі. Әлекең деректерге сүйеніп, әкесінің есімі Нұрымбет екенін дәлелдеп шықты. «Жанқожа – әулие батыр» атты мақаласында тың деректер келтіріп, кейбір тұжырымдамалары ғылыми айналымға енгізілгенін мақтанышпен айтуға болады. Ол «Шоқанды толық танып болдық па?» атты мақаласында қазақ халқының ұлы перзенті Ш.Уәлихановтың барлаушылық қызметіне тоқталып: «Барлаушы Шоқан сабақтары елімізде барлау және қарсы барлау кадрларын даярлаумен тікелей айналысатын республикалық ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнаулы оқу орны әлемдік барлау мен қарсы барлаудың бай әдіс-тәсілдерін оқып-үйретумен қатар, шәкірттеріне Шоқанның теңдесі жоқ барлау сапарының құпиялы сырларына баули білсе, нұр үстіне нұр болар еді. Асылымыздың біз сөз етіп отырған қауіп пен ерлікке толы, бұрын таныс емес жат өлкеге осынау барлау сапары мен күрделі тапсырманы ойдағыдай орындаған ұсынақтылығы, барлау іс-қимылдары, әдіс-тәсілдері арнаулы курс бойынша пән ретінде жүргізілсе, тіпті де жақсы болар еді», – дейді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагерлері бұл ұсыныспен толық келіседі. Бүгінгі күні ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері Алмас Жаманбаев 80 жасқа жетіп, жұбайы Күләш Мұхановамен бірге бақытты ғұмыр кешуде. Өсірген ұл-қыздары бүгінде әке тәлімі мен тәрбиесіне дақ түсірмей, әр салада қызмет атқаруда. Олардан тараған немерелері ата-анасын қуанышқа бөлеп, өсіп келеді.
ҚР ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің ардагерлері Әлекеңді шын жүректен мерейтойымен құттықтап, отбасына баянды бақыт тілейді.
Әмірхан БӘКІРҰЛЫ,
ҚР ҰҚК-ның отставкадағы полковнигі.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |