Бұл күндері Ботабай аталатын ауыл кезінде Тартоғай совхозының №3 мал фермасының орталығы еді. Ілгергілер «Ақын аулы» деп айдар таққан ауыл бертінде 18 ғасырда өмір сүрген осы топырақтың әрі батыр, әрі мұрап болған тарихи тұлғасы Ботабай бабасының атын иемденіп, жиырма бірінші ғасырдың табалдырығын аттады. Екі жүзге тарта түтіні бар елді мекеннің шежіресі дерекке толы. Айтылған сайын ажарлана түседі. Осыдан жүз жылғы оқиғаларды ауыл балаларының дәл өзі көргендей әңгімелеп отыруында не сыр бар? Кешегі жағдай бүгін көмескіленетін мына компьютер заманында Ботабай балаларының құйма құлақтығына еріксіз тәнті боласың. Бұл, біздіңше, арғы заманнан тартылған желінің үзілмегендігі, көнерсе де, жіңішкерсе де жалғасып келе жатқандығының әсері. Әрине, оны ілмелеп келе жатқандар ата-баба дәстүрін құрмет тұтып, тәрбие тініне айналдырған арқалы азаматтардың арқасы.
Осы өңірде өмір сүріп, аты алысқа танылған Әйімбет ахун, Махамбет молда, Тұрсынбай датқа, кешегі даңқты ғалым Шахмардан Есенов, бүгінгі белгілі сахнагер Ғазиза Әбдінәбиева секілді ботабайлықтардың берекеден ажырамай, ынтымақты өмір кешуіне ұйтқы бола білгеннің бірі Әбілда Мәмбетов деген азамат болатын. Ұзақ жылдар бойы сауда саласында қызмет жасап, жақсыны да, жаманды да ертерек ажыратқан, ауыл ұзап, жақсылармен жанасқан, толымдылармен табысқан сананың сағасы, елдің ағасы болған арда кісі еді. Қолынан келер жақсылығын жерлестерінен аямағандығымен, қысылғанға қол созар жомарттығымен де елдің есінен шығар емес. Бұл күндері жетпістің бесеуіне келер ақсақалға арнап ұрпақтары, жақын-туыстары өткен аптаның жексенбісінде ас берді, соңы мәдени-спорттық шараға ұласты. Есте жүрер естіні ботабайлықтар осылай құрмет тұтты.
Ас барысында Әбекеңнің тұстастары тартоғайлық Алтынбай Әлсейітов, айдарлылық Бегалы ақсақал, шиеліден Аманжол Сейілбеков, інілері Ахметжан ақсақал мен Қожахмет естеліктер айтты. Дұға бағышталып, құран оқылған соң ақындар айтысы басталды. Бәйге емес, бата алуға жиналған дүлдүлдер имандылықты, ел бірлігін, ауыл келбетін сөз етті. Ас беріліп жатқан Әбілда Асанұлының шарапатты образын көзге елестетті. Көпшіліктің ықыласымен қазылар алқасы бас жүлде – 200 000 теңгені айтыс тарланы Серік Ыдырысовқа ұстатса, бірінші жүлде – 100 000 теңгені Нұрмат Мансұров иемденді. Жұмабай Шерниязов пен Мөлдір Айтбаева келесі орындарға тұрақтаса, осы айтысқа қатысқан басқа төрт ақын да сый-сияпаттан құр қалмады. Асқа келгендерге жазушы Дүйсенбек Аяшұлының қаламынан туған «Байсал баудың саясы» атты деректі хикаят кітабы таратылды.
Түстен кейін басталған көкпар салымы тіптен қызықты өтіп, дәстүр жалғасын тапты. Ас және мәдени-спорттық шараның жоғары деңгейде өткізілуіне асыл ағаның балалары мен туыстары атсалысты.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы,
Ботабай аулы.