Әлем өркениетінің өткен мыңжылдықтар бойы қалыптасу, даму кезеңдеріндегі материалдық және рухани мәдениет салалары жетістіктері – жас ұрпақтың білім негіздерін игерген дүниетанымының нәтижелері. Өркениет кеңістігіндегі адамзат ұрпақтарының білім алуы мен ғылыми ізденістер жасауындағы ой еңбегімен жүйелі шұғылдану дағдыларының қалыптасуындағы ықпалды қызмет атқаратын басты тұлғалар – ұстаздар-оқытушылар. Бастауыш, орталау, орта, арнаулы орта, жоғары білім негіздерімен қаруландыратын кәсіби мамандардың-ұстаздардың негізгі шешуші қызметі – ғасырлар бойы қалыптасқан жалпы өркениеттік дәстүр. Ата-бабаларымыздың даналық ақыл-ой қорытпалары мақал-мәтелдерде де ұстаздың-оқытушының білімділігіне, біліктілігіне, тәрбиешілік-тәлімгерлік қызметіне байланысты бағалаулар да ұрпақтардың жадында мәңгілік сақталып, рухани құбыланамалық ықпалды қызмет атқарып келеді: «Білімдіден ақыл шығар, ақылдыдан нақыл шығар», «Ата-ананың ақылы сайрап жатқан жолмен тең. Ақылдының ақылы сарқылмайтын көлмен тең», «Надан күзетеді, дана түзетеді», «Ақылдының соңына ер, жолың болар, тиянақтының ісін көр, көңілің толар», «Дананың ойы – ортақ», «Қуатты қол – құрыш, даналық ой – ырыс» деген нақылдар осының дәлелі.
Ұстаз – адамзат өркениетіндегі аса ұлағатты тұлға. Дүниежүзілік тарихтағы аса көрнекті ойшылдардың (Сократ, Платон, Аристотель, Әбу Насыр әл-Фараби, хакім Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, т.б.) және олардың дәстүрін ұстанған ұстаздардың ұлағатын ұлықтау қазіргі жаңа дәуірімізде де жалғасып отыр. Бұл орайда, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрылғанына 80 жыл толуына орай осы жоғары білім берудің бірегей ордасының тарихындағы әр жылдары абыройлы еңбек еткен, фәни дүниеден озса да, қазіргі және болашақ ұрпақтардың жадында ұлағаты ұмытылмайтын ұрпақтар туралы «Қалдырған ізің мәңгілік...» атты тарихнамалық-дерекнамалық кітаптың адамгершілік-имандылық рухындағы тағылымының маңыздылығын айрықша бағалаймыз. Болашақ мамандардың кәсіби білімділік-біліктілік деңгейінде болуы жолында университеттің өткен тарихында еңбек еткен ұстаздарды бүгінгі ұрпақтың ұлықтау құрметін университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қылышбай Алдабергенұлы Бисеновтің кітаптағы «Алғы сөзінен» айқын сезінеміз: «Биыл 80 жыл толып отырған оқу ордасының шежіресіне көз жіберер болсақ, небір зиялы азаматтардың қызмет атқарғанын көреміз. Университеттің бүгінгі кемелденуінде мол үлестері бар кешегі өмірден өткен ағаларымыз бен апаларымыздың ізін аға буын ұстаздар жалғастырса, біздер олардың ісін жалғастырып келеміз.
Университеттің ХХ ғасырдың 90-жылдары мен ХХІ ғасырдың басындағы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының жаңа тарихының жетістіктері құрамында бағаланатын кезеңінде еңбек еткен ғалым-ұстаздар да кітаптың тарихи-тағылымды мазмұнын айқындай түседі. Әлем өркениеті кеңістігіндегі мемлекетіміздің материалдық және рухани мәдениеті салаларында бәсекеге қабілетті жоғары білімді-білікті мамандар даярлаудың озық инновациялық технологияларды жетік меңгерген іскерлік-жаңашылдық қабілеттерімен ұлттық және жалпыадамзаттық жетістіктерді жүзеге асыратын жоғары деңгейдегі кәсіби мамандардың Тәуелсіз Қазақ Елінің мәртебесін таныту, нығайту жолындағы әлеуетті мамандарды оқыту, ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулу, адамгершілік-гуманистік тұрғыда тәрбиелеу мұраттарын жаңаша меңгерту талаптары жүзеге асырылды. Бұл орайда, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихындағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру аясында еңбек еткен университет оқытушы-ұстаздарының ғұмырнамасындағы ғылыми-педагогикалық еңбек көрсеткіштері аталған кітаптың тарихи тағылымын таныта түскен.
Университеттегі оқу үдерісінің, ғылыми-зерттеу және тәлім-тәрбие жұмыстарының өркениет талаптарына сай жүргізілуінде материалдық-техникалық базасы жоғары деңгейде болуында оқу ордасының тарихындағы ректорлардың басқару істерінің аса маңызды, шешуші ықпалды орны – тарихи ақиқат. Кітапта университеттің тарихында өздері басқарған жылдары жоғары білім беру жүйесінде талаптарды мүлтіксіз орындап, біліктілікпен басқарған ғалым-ұстаз ректорлар (Әділ Ермеков, Базарбек Өсербаев, Оралхан Камардинов, Байзақ Момынбаев) ғұмырнамалық деректері де кітаптың тағылымды мазмұнды беттері болып саналады.
Университет тарихында қысқа ғұмырының жарқын іздерін қалдырған, дүниеден тым ерте озған талантты жас ғалым-ұстаздарға арналған ғұмырнамалық деректер – жас ұрпаққа өнегелі өмір сүрудің ұлағатын даралай таныта түседі.
Кітаптың тарихнамалық-дерекнамалық құрылысындағы «1937-1957 жылдар аралығында өмірден озған университет ұжымы мүшелері» атты анықтамалық бөлімінде аталған кезеңде дүниеден озған ұстаздардың аты-жөндері, оқытқан пәндері, кафедралары туралы мәліметтер көрсеткіштері 3 бөліммен жүйелене беріліп, «1937-1957 жылдар аралығында, барлығы – 157 оқытушы» деген деректі қорытынды жазылған. Соңындағы «Мақалалардың алфавиттік көрсеткіші» де кітаптың ғылыми-танымдық сипатын таныта түседі.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті – Тәуелсіз Қазақстан Республикасының жаңа тарихындағы әлемдегі бәсекеге қабілетті жоғары білім беретін кемел деңгейдегі жоғары оқу орны. Себебі, бұл университет 1998 жылдан басталған жаңа тарихында жаратылыстану, техникалық, қоғамдық-гуманитарлық мамандықтарды оқыту, ғылыми-зерттеу және тәлім-тәрбие жұмыстарын әлем өркениеті кеңістігіндегі ең озық инновациялық технологиялармен меңгерту талаптарын толық игеруі жетістіктерімен халықаралық деңгейде бағаланып отырған санаулы жоғары оқу ордаларының бірі. Университеттегі педагогикалық және техникалық мамандықтар бөлімдерінің біртұтас өркениеттік талаптар аясында ғылыми-теориялық, оқу-әдістемелік шығармашылық жетістіктерге жетуі – бірегей оқу ордасының айрықша ерекшелігі. Алыс-жақын шетелдердегі жоғары оқу орындарымен, ғылыми-зерттеу орталықтарымен оқу-әдістемелік ынтымақтастық байланыстары арасында қазіргі заманғы жаңашыл жетістіктерімен танылып отырған университеттің 80 жылдық тарихын құрайтын өмірден озған білікті де білімді ұстаздар ұлағатын айғақтайтын аталған тарихнамалық-дерекнамалық мазмұнды кітапты жарыққа шығаруы да қазіргі рухани жаңғырудағы дәуірнамалық-мемлекеттік идеологиямыздың көрнекті жетістіктерінің бірі. Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» бөлімінде қазіргі және болашақ ұрпақтың басты ұстанымы атап көрсетілген: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды». Бұл – сөз арқауында «Қалдырған ізің мәңгілік...» атты тарихнамалық – энциклопедиялық кітап ауқымында 80 жылдық тарихы бар жоғары білім берудің бірегей ордасында абыройлы еңбек еткен, өздері өмірден озса да, жемісті қызметтері қазіргі және болашақ ұрпақтарға мәңгілік ұлағат өнегесі болған ғалым-ұстаздар тағылымын ұлықтау ұстанымының берік-жаңашыл тарихи негізі.
Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
филология ғылымдарының
докторы, профессор.