« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Арал маңайының тағдыры үшін алғашқы күресті Ұзақбай Қараманов сонау 1961 жылы, өзінің 24 жасында «Кзылордастрой» тресінің Аралдағы құрылыс басқармасын басқарған кезде бастады. Басқарманың бүкіл коллективі жарты мың адамға жуықтайды, оның көпшілігі – жер аударылғандар. Ендеше, Куйбышев қаласындағы елге атағы мәлім Микоян атындағы инженерлік-құрылыс институтын бітіргенімен, Ақтөбенің «Шұбарқұдық» ауылында прораб, «Кзылордастрой» тресінде аға инженер болып істегенімен, тіпті, Аралға келер алдында Мәскеудегі СССР Архитектура-құрылыс академиясы жанындағы жоғары инженерлік курсты бітіріп қайтқанымен, 500 адамды басқару 24 жастағы жігітке оңай болмады.
Аралда екі қабатты тұрғын үйлерді салу осы Ұ.Қарамановтың кезінде басталды. Жүз шақырымдық «Арал-Аманөткел» су құбыры тартылды. Осы бастамалардан кейін-ақ, Ұзақбай Қараманов өрлеу жолына түсті. Келе-келе «Главалмаатастрой» бас басқармасының бастығы болып тағайындалды. Алматыны Қазақстанның 60 жылдығына дайындау міндеті қойылған. Әрине, соншалық үлкен мереке қажет пе, қажет емес пе еді? Оны халық таразылайды. Бірақ соның арқасында астана келбетінің көп жақсарғаны айдан анық. М.Әуезов атындағы Қазақ драма театры, Ә.Қастеев атындағы көркемөнер музейі, Саяси оқу үйінің ғимараттары, Ленин, Фурманов көшелерінің бойындағы тұрғын үйлер тұрғызылды. Жаңа алаң қалыптасты. Күндіз-түні іс басында болды.
Зайыбы Ұлдай отағасының жұмысы өсіп, міндеті молайған сайын үй ішіне уақыты қалмасын түсінген. Сонау жетіжылдық мектепті бірге оқыған Ұлдай емес пе?! Бұл Куйбышевте жоғары білім алған жылдары ол медучилищені тауысты. Алматыда ұзақ жыл ауруханаларда медсестра болды. Шаруа түзелген шақта, 1975 жылы ол университетте сырттай оқуды бітірген. Жасынан тілге, тарихқа жетік жан сонда барып өз саласын тапқан. Бәрі Ұзекеңе жұмыс істеуге мүмкіндік берудің қамынан еді. Ал, Ұзекең «Ұялыдан» қол ұстасып бірге аттанған Ұлдайдың осы мархабатының арқасында тау төңкермегенімен, қала тұрғызып жатты.
Айтпақшы, тау төңкеруге де тура келген. Алматыға сел қаупі төнген жылдар жұрт есінде. Сондай «Ау, бізде бұл селді тоқтата алар кім бар?» деген қысталаң шақта Қарамановтың аты ауызға алынып, бұл табан астында «Селден қорғау ғимараттарын салу және пайдалану жөніндегі бас басқармаға» бастық болып тағайындалды. Қала селден аман қалды.
1984 жылы Ұзақбай Қараманов Қазақ ССР Ауыр индустрия кәсіпорындары құрылысы министрлігіне министрдің бірінші орынбасары болып барды. Енді түсті және қара металлургия, машина жасау, химия және минералды тыңайтқыштар кәсіпорындарын салу мен кеңейту жүгін арқаға артты. Бұл – елімізде жаңа экономикалық тетіктер енгізіле бастаған уақыт. Ұзақбай Қараманұлы келгенде министрлік тікелей жұмыс істейтін трестер арасында бақандай үш баспалдақ бар екен. Трестер облыстық ұйымға шығады. Олар «Главвостокстрой» немесе «Главцентрстрой» деген сияқты бас басқармаларды жағалайды. Бас басқармалар министрлікке шығады. Әкімшілдік-әміршілдік машинаның ұзақ жылдан бері сіресіп тұрған бұл механизмін бұзу, жаңа тетіктерді қалыптастыру қайдан оңай болсын. Бәрібір министрдің бірінші орынбасары облыстағы артық буынды және бас басқармаларды толық қысқартқан. Енді трестер тікелей министрлікке шығатын болды. Әрі уақыт үнемделеді, әрі жұмыс жеңілдейді, әрі қаншама қаржы қалтада қалады. Басқару аппараты ретке келген соң, бұл министрлікке қарасты құрылыс ұйымдарындағы еңбекті жаңаша ұйымдастырумен айналысқан. Оларда бригадалық және коллективтік мердігерлік енгізілді. Жаңа құрылыс базалары жасалды.
Хош, мемлекеттік комитеттің жүгі түзелген шақта, 1989 жылдың жазында Қазақстанды басқару үшін шеттен басшы шақырудың қажетсіздігіне білімімен де, біліктілігімен де, қабілетімен де, қасиетімен де орталықтың көзін жеткізген, республикамыздағы ахуалды орнықтыруда партиялық парасат пен азаматтық ар-ождан танытқан Нұрсұлтан Назарбаев республика компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары болып сайланғанда, оның Министрлер Советіндегі орнын жоқтатпайтын, жүкті қатарласа тартатын адам қажет болды. Таңдаудың Ұзақбай Қарамановқа тегіннен-тегін түспегеніне оқырмандар көзі жеткен болар.
«Сұңқардың самғауын сұңқар ғана көре алады» дегендей, Елбасы Ұ.Қарамановтың өз ісіне бекем, жауапкершіліктің жүгін көтере алатын нар жігіт екенін таныды. Ұзекең Елбасының да, Елдің де сенімін ақтады. Мен Ұзекеңді 1961 жылдан білетін адаммын. Ол Мәжіліс сайлауына түскенде бірнеше жыл сенімді өкілі болдым.
Мәңгілік ел боламыз деп жатырмыз. Ұзекеңнің есімі тәуелсіз елдің тұңғыш Премьер-Министрі болып ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, сақтала бермек.
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
«Арал ауданының құрметті
азаматы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |