« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Бұл естелік еліміздің құрылыс ісінің аса көрнекті майталман қайраткері, халық құрметіне бөленген азаматтарымыздың бірі, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Премьер-Министрі болып қызмет атқарған Ұзақбай Қараманұлы туралы болмақ.
Құрылыс деген өзі күрмеуі қиын орта. Оны бастау да, аяқтау да қиын. Басын бастап, аяғына дейін жеткізген жанды үлкен маман деп атауға болады. Өйткені, мұндай күрделі істе бастан-аяқ бақылау жасалып, жанашырлық болмаса, оның қиюы кетеді. Мысалы, аты әлемге әйгілі Антонио Гаудидің атақты жұмысы Саграда-Фамилиа (Temple Expiatori de la Sagrada Família) кешірім шіркеуінің құрылысы ХІХ ғасырдың соңынан бастап әлі күнге дейін жалғасып келеді. Ұлы сәулетшінің қиялы мен ойынан шыққан бұл тарихи ескерткіш қаншама өзгерістерге ұшырады. Бүгінгі күні тіпті оны тоқтату туралы да ұсыныстар түсуде, өйткені автордың бастапқы ойының өрнегі жойылған. Міне, бұл ғаламдық ауқымдағы бір мысал.
Ал күнделікті өмірімізде басы қызу басталып, аяғы сиырқұйымшақтанып кететін қаншама жобалар бар. Осындай мүшкіл халге жеткізбей, қолына алған жұмысты аяғына жеткізу кез келген маманның қолынан келе бермейді. Осы тұрғыда Ұзекеңді өз саласы бойынша білімділік деңгейі мол, түсінік дәрежесі биік тұлға деп білемін.
Ол құрылыс мамандарының ішінен өзінің еңбекқорлығымен, басқару шеберлігімен бәрінен оқ бойы озық шығып, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Премьер-Министрі болды. Премьер-Министр – ағылшын тілінен аударғанда «бірінші министр» деген сөз, біздіңше Үкімет басшысы.
Қазақстанның бергі тарихындағы Үкімет басқарушы органдары әртүрлі аталды: Алаш үкіметі, Революциялық комитет (ревком), Халық комиссарлары кеңесі (Совнарком), Министрлер кеңесі. Бүгінгі Үкімет басшысы лауазымында болған азаматтарымыздың тізімі отызға жетіпті, олардың ішінде Алаш үкіметін басқарған Әлихан Бөкейхановтан бастап Сәкен Сейфуллин, Нұртас Оңдасынов, Жұмабек Тәшенов, Дінмұхамед Қонаев, Бәйкен Әшімов, Нұрсұлтан Назарбаев сияқты қазақтың марқасқа азаматтары бар.
Елбасы Жоғарғы Кеңеспен ақылдаса отырып, Кеңес өкіметі мен тәуелсіздігіміздің тоғысында осы лауазымды талай күрделі істің ыстығы мен суығына шыңдалған, өндіріс пен ел шаруашылығының қыр-сырын білетін Ұзақбай Қарамановқа міндеттеп, сенім артты. Ұзекеңнің ұстамдылығын ерекше атап өткім келеді. Кез келген даулы мәселені айқай-шыңсыз, құрылыс пен жобалау салаларын үйлесімді түйістіретін шешімдер тауып отыратын. Құрылыстың бүге-шігесіне дейін білетін сауаттылығының арқасында ешбір мәселені уысынан шығармай, оң шешімін айтатын. Соның арқасында ол басқарған өндіріс орындары көптеген жақсы жетістіктерге жетіп отырды.
Ұзекеңмен қызметтес болғандар да, ол кісінің алдына барып, қандай да бір істің күрмеуіне шешім алғандар да оның терең білімін, ашық көзқарасын мойындап айтып жүретін. Білімді құрылыс мамандарының аздығынан өткен ғасырдың 60-70-жылдарына дейін Үкімет басшылығында құрылыс кураторлары болып басқа өндіріс өкілдері қызмет атқарды. Осы жылдары елімізде құрылыс ісі қарқынды бастау алған еді. Ірі панельді үй құрылысы зауыттары салынып, олар дами бастады, соның нәтижесінде еліміздің барлық қалалары мен елді мекендерінде шағын аудандар бой түзеді. Жаңатас, Қаратау, Рудный, Арқалық, Хромтау, Лениногор (Риддер) сынды өндірістік қалалар да жаңара түсті.
Осы кезеңде құрылыс саласына ҚазКСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Социалистік Еңбек Ері, білікті металлург, өз саласындағы тәжірибелі басшы Артем Мисакович Вартанян жетекшілік етті. Мен сол жылдары Тұрғын үй-азаматтық құрылыс басшысы, ҚазКСР Мемқұрылысы төралқасының мүшесі болған уақытымда Артем Мисаковичтің біздің салаға байланысты өткізген жиналыстарына жиі қатысып тұратынмын. Тұрғын үйлер серияларын таңдау, ірі панельді үй құрылысы зауыттарын салу және дамыту, ірі панельді үйлерді қайта өңдеу сияқты мәселелер қарастырылатын. А.Вартанян – өз саласының асқан білгірі еді, батыл шешімдерді қабылдауымен ерекшеленіп тұратын. Алайда, негізінде өзі құрылысшы болмағасын, бұл саланың мамандары басшылыққа өз пікірін толығымен жеткізе алмай жататын уақыттар да болатын. Сондықтан да сол кезеңде жобалаушылар мен құрылысшылар қауымы оның іскерлігі мен білімін қанша мойындаса да, іштей құрылыс маманының жетекшілік етуін қалайтын.
Әрине, Вартанян басшылыққа кездейсоқ келе қалған адам емес, құрылыс индустриясына жетекшілік еткен жылдары көптеген келелі істерді атқарып кетті. Дегенмен, сол кездері Үкімет басына құрылысшы, сәулетшілікті түсінетін маман келеді деген ой басымызға келмейтін. Келді. Келгенде де еліміз тәуелсіздікке енді қол жеткізіп, билікті өз қолына ала бастаған күрделі жылдары өзінің орнын тап басып дәл келді. Бұл құрылыс инженері Ұзақбай Қараманов еді.
Көптеген жылдар құрылыс мамандары тіпті төраға орынбасарлығына да тағайындалмаған болса, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1990 жылдың 17 мамырында қабылдаған қаулысы бойынша бекітілген Министрлер Кеңесінің құрамында төраға Ұзекеңмен бірге оның жетті орынбасарының үшеуі құрылыс мамандарынан тағайындалғаны біз үшін аса жағымды жаңалық болды. Құрылыс саласының өкілдері Эрик Гукасов, Октябрь Желтиков, Николай Макиевский және Ұзекең егемен елдің алғашқы қадамының нық болуына бірлесе тер төкті. Талай реформалық жобалардың негізі осы кезеңде бастау алды. Тарихымызда қарапайым құрылыс жетекшісінен министрге жеткен талай майталман азаматтар болған. Мастер, прораб кезінде құрылыс алаңдарында нивелирі мен теодолитін арқалап, күн сайын бір қабаттан екінші қабатқа көтерілуді ауырсынбай шыңдалған жас инженер министр болғанда да министрдің портфелі мен креслосын ауырсынбайды. Сол себепті де Ұзекеңнің аумалы-төкпелі заманда Премьер-Министр болып тағайындалуы кездейсоқ емес. Осындай деңгейге жеткен азаматтардың ішінде құрылыс ісінің ірі мамандары Асқар Құлыбаев, Евгений Ёжиков-Бабаханов, Амалбек Тшанов, Тайыр Мансұров қиын-қыстау замандарда облыс басшылықтарында, іргелі істердің басы-қасында болды.
Ұзекең салған премьер-министрліктің сара жолын жалғастырушылардың бірі – құрылыс инженері маманы Павлодар үй құрылысы комбинатының мастерлігінен еліміздің Премьер-Министрлігіне (2003-2007 жылдар) дейінгі жолды жүріп өткен, қазіргі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов. Өзі құрылысшы болғасын ба, әлде еліміздің құрылыс индустриясын дамытудағы еңбегімізді елегені ме, Ұзекең жобалаушыларға да ерекше жанашырлық танытып жүретін. Кеңес өкіметі жылдарындағы жоспарлы шаруашылық тәртібі кезінде кәсіпорындардың қызметкерлеріне автобустар мен жүк көліктері, жеңіл көліктер ғана бөлініп отыратын. Мен білетін Ұзекеңнің адамгершілік ұстанымында досқа адалдық, жолдасқа деген сенімділік қашанда биік дәрежесінен түскен емес.
Ұзекеңнің жастық шағындағы тай жарысы кезінен бастап елағасы жасына келгенше жақын араласқан, бүгінде марқұм болған Асқар Әлмұхамбетов деген азамат болды. Ол ертеректе Мәскеудің Одақ бойынша өте белгілі, беделді «Тяжэлектропромпроект» жобалау институтының Алматы қаласындағы филиалында көп жылдар бойы директор болып қызмет атқарған. Өзі бір сымбатты, ақкөңіл, мінезге бай, адамгершілігі мол, білімді азамат еді. Қайта құру, нарық экономикасына көшуге бет алған тұста, еш дайындықсыз ұжым басшыларын сайлау науқаны басталған. Сол науқан Асқар үшін сәтті болмай, ол филиал директорлығына өтпей қалды. Ұзекең маған Асқарды жұмысқа алу жөнінде ұсыныс жасап, ол «Казгорстройпроект» бас жобалау институтына жұмысқа келіп, менің орынбасарым ретінде бірнеше жыл қызметтес болдық. Мен Ұзекеңнің жұмысқа, қызметтес ортаға адалдығын білетінмін, онымен бірге жолдастыққа деген азаматтығының биіктігін де байқадым.
Ұзекең Үкімет басшысы болар алдында оның Абай даңғылы мен Байсейітова көшелерінің маңайындағы құрылыс басшылары тұратын үйлерден төрт бөлмелі сайлы пәтері болатын. Премьер-Министр қызметіне ауысқан кезде лауазымына сай басқа жерден үй берілді. Сол себепті тұрып жатқан үйін көптен бері аралас-құралас келе жатқан жолдасы Асқар Әлмұхамбетовке заңдастырып қалдыру жолын қарастырды. Ол кісі, әрине, үйсіз болған жоқ, шағын ауданда ірі панельді үйлердің бірінде тұратын. Бұл өткен ғасырдың 50-жылдары жобаланып-салынған үйлердің бірі болатын. Ол үйлердің сипатын қара сөзбен керегінде қан шығармай-ақ жан шығаратын майталман классик жазушымыз Әбіш Кекілбаев керемет айтып кетіп еді. 90-жылдардың бас жағында болған Қазақстан сәулетшілерінің кезекті бір съезінде сол кездегі Мәдениет министрінің орынбасары болып қызмет ететін жазушы Әбекең Горбачевтің жариялылық бағытының сәулетшілердің қызметіндегі көрінісін дәл тапқан болатын. Жалпылай айтқанда, ол кісі жариялылық дегенді біреулер енді түсініп жатса, сәулетшілер көршілердің түнгі тірліктерін бір-біріне жариялауға кедергі келтірмейтіндей етіп, араларына жұқа қабырға салып, баяғыда-ақ жүзеге асырып қойған, деп съездің делегаттарына Мәдениет министрлігінің атынан жол болсын құттықтауын айта отырып, бізге сынын да жеріне жеткізіп айта білді. Ондай үйді кеңейту мүмкіндігі жоғын біле отырып, Ұзекең өз пәтерін Асқарға заңдастырып беру үшін біраз көңілін бөлді. Ұзекең бас директор ретінде мені де шақырып, осы істі заңды түрде аяғына дейін жеткізуге септік етуімді сұрады. Көптеп-көмектеп жүріп, бәрі сәтті шешілді. Асекеңнің қоныстойында болдық. Сол күні қолға алған істің ризашылықпен біткеніне Ұзекең мен Ұлдай жеңгеміздің келісті-келісті айтылған ниеттерінен білініп отырды. Баласына, туысына емес, жолдасына бергізгені де үлкен адамшылық қасиет.
Ұзекеңнің халықпен араласуда суықтығынан гөрі жылуы көп. Үлкен креслоға ие болып, оның буына уланып, кеудесіне нан пісетін басшылар да жиі кездесіп жатады. Францияның атақты философы Монтескье: «Көптеген ғасырлар тәжірибесі көрсеткендей, қолында билігі бар адам қылмыс жасауға бейім тұрады...» деген сөзі бар. Бұл билік етуді билеп-төстеу деп түсінетін кейбір азаматтарға тән болар. Ұзекең өз бойындағы ата-анасынан дарыған асыл қасиеттерімен осындай басшылардан айырмашылығы жер мен көктей. Ол жан-жағына жылу дарытып, айналасына игі жақсыларды топтастыра білді. Бұл оның отбасының да жылуы мен ауызбіршілігін арттырып келеді. Білімді, парасатты Ұлдай жеңгеміз де азаматын ардақтап, отбасына ұйытқы болатын асыл жан.
Ертеректе ата-бабаларымыз қасиетті қазақ жерін, киелі елін қорғау үшін шаңырақ иесі, атұстар ұрпақтың келуін бір жаратушыға сыйынып, тілеумен болған. Тарихымыздан белгілі желкілдеген қол бастаған Жанқожа батырдың ұрпағы болып келетін Ыңғай атасы дүниеге төртінші болып қыз немересі келгенде, баласы Қараман мен келіні Айсұлуға іштей өкпелеп, атына мініп алыс жолға аттанып кетіпті. Алла тағаланың жазуы шығар, әлде Ыңғай ақсақалдың тілегі қабыл болды ма, бесінші немересі болып керегінде еліне бел болар, ерліктерге дайын, шекесі торсықтай атұстар ер бала дүниеге келеді. Бұл – атасын ұзақ күттіріп, отбасында тұңғыш ұл болып үлкен қуаныш алып келген, кейін бүтін қазақ халқы ұзақ күткен тәуелсіз еліміздің тұңғыш Премьер-Министрі Ұзақбай Қараманұлы еді. Біріншілік жай ғана реттілікті білдіріп қоймайды, ол зор жауапкершілікті, ерен еңбекті жүктейтін озат жұмысты да білдіреді. Бұл тұрғыдан Ұзақбай Қарамановты нағыз Бірінші министр деп айта аламыз, оған елдің құрметі де куә бола алады.
Әбдісағит ТӘТІҒҰЛОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың
лауреаты, академик.
«Егемен Қазақстан» газеті.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |