ЖАНЫ ЖАЙСАҢ АҒА ЕДІ

Жуырда Қызылордада тұратын Мейрамбек інім хабарласып, келесі жылы әкесі Шамаудың 90 жылдығы екенін, соған арнап балалары кітап құрастырып, ас бергісі келетінін айтты. Осыдан кейін 1955 жылдан бергі 60 жылдан астам уақытты еске түсіріп, Шамау аға Ибрашев жайында жазуға отырдым.

Біріншіден, Арал балық шаруашылығында 1955-58 жылдары бұл саланың оқуын бітірген мамандар жоқтың қасы еді. 1955 жылы төртжылдық Гурьев балық шаруашылығы техникумын Аралдан төрт бала бітіріп келдік. Олар – Аймағанбетов Дәуқара, Әлімбетов Жаналы, Ұялыдан – Медетбаев Сырғаш және жетінші сыныпты бітіріп барған мен. Кейінгі жылы Краснодар өлкесінің Анапа қаласындағы үшжылдық балық шаруашылығы өндірісімен айналысатын ұжым төрағаларын дайындайтын мектепті Аралдан екеу – Орынбаев Төлебай, Ибрашев Шамау ағаларымыз бітіріп келді. Шамау ағамыз – 30-да, менің жасым – 18-де.

Шәкеңді оқу бітірісімен Арал балық тресі жанындағы «Қарашалаң» балық колхозына қарасты басқарманың орынбасары етіп тағайындады. 1959-60 жылдары Қасқақұлан, Көзжетпес, Шөмішкөл балық колхоздары біріктіріп, орталығы Қасқақұлан елді мекенінде Қуаңдария мемлекеттік балық аулау базасын құрды. Осы мекемеде Шәкең 1,5 жылдай балық аулау инженері болып жұмыс істеді. 1961-62 жылдары Шәкең «Ұялы» балық зауытының бас инженері болып қызмет етті. 1961 жылы мен Арал балық тресінің балық аулау бөлімінде бас инженермін. Ол уақытта Ұялы елді мекеніне «Биіктау» арқылы Аралдан қайық немесе ұшақ қана қатынайтын.

Күзде «Ұялы» балық зауытына «Биіктау» арқылы ұшақпен жеттім. Мені зауыттың бас инженері Шәкең күтіп алды. Ол жерде 3-4 күн болдым. Осы уақыт ішінде Шәкеңнің үйіне қондым. Айғанша жеңгеміздің тәттілеп қуырған балығын қызығып жеп, ақ көңілімен берген шәйін іштім. Айғанша қара торының әдемісі, ұзын бойлы, сұлу келіншек екен. Міне, содан бастап жас алшақтығына қарамастан сәлемдесуімізді үзбей жүрдік.

1963 жылдың басында мен «Ауан» балық зауытына бас инженер боп тағайындалдым. Ал наурызда «Қуаңдария» мемлекеттік балық аулау базасының басшысы етіп қойды. Бұл Шәкең туып-өскен, ағайын-жекжаты тұратын жер екен. Ауызбірлігі жоғары, еңбекқор халық. Әсіресе, балықшылары 3-4 колхоздан құралған. Су айдындарын, өзен-көлдерін, Қасқақұлан, Ұзынқайыр, Көзжетпес, Көзкөрмес, Жыңғылтүп, басқа да жерлерін бес саусақтай біледі. Сондықтан болар, Арал тресі бойынша екі жыл қатарынан жоспарды артығымен орындап, ауданда абырой биігінен көрініп жүрдім.

1965 жылы ақпан айында Арал аудандық партия комитетінің қайтадан құрылуына байланысты I партконференция өтті. Суретте – сол жиынға қатысқан азаматтар. Отырғандар, солдан оңға қарай: Әлімжан Жүгінісов – Қасқақұлан мемлекеттік балық аулау базасы партия комитетінің хатшысы, Өтенәли Алпысов – Қасқақұлан ауылдық кеңесінің төрағасы, Құдайберген Саржанов – Қуаңдария мемлекеттік балық аулау базасының диреторы, Жұмағали Құрманбаев – Ауан зауытының директоры, Тілеген Қалиев – Ұзынқайыр зауытының директоры; түрегеліп тұрғандар, солдан оңға қарай: Сабырәлиев – Арал аудандық тұтынушылар коперациясының басшысы, Жанділда Нұржанов – қалалық тұтынушылар коперациясының басшысы, Нәжімәдин Байділдаев – партия комитетінің жауапты қызметкері, Смағұл Қосыбаев – Қасқақұлан базасының балықшысы, Сағитжан Сермағанбетов – Қазалы зауытының директоры, Әмзе Жайсаңбаев – партия комитетінің жауапты қызметкері, Ибрашев Шамау – Қазалы зауытының бас инженері, Қуанғали Өтембетов – Бөген базасының бас инженері, Әнес Өтегенов – партия комитетінің жауапты қызметкері, Махмұт Смағұлов – Қасқақұлан тұтынушылар коперациясының төрағасы.

Жоғарыда Шамаудың туған жерінде қызмет істегенімді айттым. Осы жерде Шәкеңнің ағалары Санияз, Санай тұратын. Бір күні кабинетіме Санай ағай келіп: «Қарағым Құдайберген, сені сыртыңнан жақсы білем, Аралдағы жас басшылардың бірісің. Қасқақұлан халқының көбі – біздің ағайынымыз. Саған болмасын деп ойламайды. Алдындағы басшыларды білеміз ғой, халықтың жағдайына азын-аулақ қолдары батты. Өзің білесің, колхозшылардың көбі сауатсыз, белгісіз жағдайлармен олардың ау-құралдарының «износы» көбейіп, барлығы бірдей мекемеге қарыздар. Көбінің жасы зейнеткерлікке жақындап қалды. Мекемеге қарыз бола тұрып қалайша зейнеткерлікке шығады? Қарағым, балықшыларға көмектесудің жолын ізде. Керек десең, менің інім Шамауды қасыңа ал, бұл жердің жғдайын жақсы біледі ғой», – деді.

Әсіресе, алдыңғы қатарлы балықшылардың сөзіне құлақ асу керектігін ескертті. Кейін бір кездескенде Шәкеңе Санай ағасының өтінішін айттым. Жасы үлкен болса да сыпайлығына салып, атымды атамай: «Құдеке, қамқорлығыңызға рахмет. Аралдың бірталай жерін араладық қой, мүмкіншілігі болса, қалаға жақындағанды дұрыс көріп жүрмін. Балаларымның дұрыс оқуына назар аударуға тиіспін», – деді. Сонымен, үлкендердің пікірімен санасып, Қосыбаев Смағұл, Бейсенова Күлпаш, Темірбек, Нағашыбай, Қосбармақов Иса, Қабыл сияқты белсенді азаматтармен бірге жұмыс істедім. Кенжебаева Күләй апаның орнына Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің депутаттығына балықшы Бейсенова Күлпашты ұсындық. Бұл да болса, Қасқақұлан елді мекенінің абыройы еді.

Екі жылда колхоздан келген бұрынғы балықшыларды заңға сәйкес мемлекеттік балық аулау стажына енгізіп, алды 100-120 сомға дейін жасына қарай зейнетақы дайындатып, бұрынғы қарыздарын жойғызып, қамқорлық жасадым. Осыдан кейін Санай ағай арнайы келіп: «Құдайберген қалқам, халық риза болып, батасын беріп жатыр», – деді. Сәкеңнің осы сөзі әлі есімде. Бір кездескенімде Шәкең: «Құдеке, еш жерде болмаған, балықшылардың түсіне де кірмеген зейнетақыны алдыртып беріп жатыр екенсіз. Халық риза!» – деп қуантып тастады.

1963-64 жылдар ішінде Санияз, Санай, Жанай, Шамау, Айғанша секілді жандардың туған жеріне елдің көркеюіне, балаларының болашағын жақсартуына үлесімді қостым деп ойлаймын. Қанша басшылық қызмет атқарсам да ең алғаш басшылыққа кіріскен Қасқақұланды ешуақытта ұмытқан емеспін. 1974 жылы аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып жүрген кезім. Арал аудандық партия комитеті бюросының келешегі жоқ шағын елді мекендерді жабу туралы шешіміне сәйкес оқу бөлімінің бастығы Исаев Ебейсінді, сауда басшысы Боқаев Тілесті ертіп, елдің, жердің жағдайын түсіндіріп, халықты риза қылып қайтқанымыз бар.

Санияз, Санай, Жанай, Шамау сияқты ел ағаларының аруақтары риза шығар. Себебі, туған жері Қасқұланның аты әлі өшкен жоқ. Қазіргі кезде ол жерде қолдан егілген сексеуіл ну орманға айналып, «Барсакелмес» қорығының қарамағына берілді. Ол жерде құлан, қарақұйрық, қоян секілді әртүрлі аңдар бар. Елді мекен ортасындағы скаважина суына үлкен бекет салынды. 2006 жылы елді сағынып, Қасқақұланға барып қайттым.

1974-83 жылдары Арал балық бірлестігінің бас директоры болып жүргенімде де, 1983 жылдан бастап он жыл бойы балық шаруашылығының министрі болып жүргенімде де Шәкеңмен сәлеміміз үзілген жоқ. Бірнеше рет Ақтөбе, Торғай зауыттарының басшылығына ұсынғанымда сыпайылығына салынып, ризашылығын білдіріп, отбасылық жағдайына байланысы бас тартты.

Шәкең –тазалығына, салмақтылығы мен сыпайылығына ешуақытта кір келтірмеген жан. Қанша жылдан бергі таныстығымызға қарамастан бірде-бір рет қарақан басының өтінішін айтып келмепті. Мен жас та болсам, басшы ретінде партия, кеңес мектептерінен өткенмін. Оның бер жағында Алматы жоғарғы партия мектебін бітіріп, талай қайраткермен дәм-тұздас болдым. Бүгінде өзім – мемлекет және қоғам қайраткерімін.

Шамау секілді азаматтармен адал еңбек еттік. Оған біздің ісіміз куә. Арал балықшыларының әруағы риза болсын деп аудан орталығында арнайы мұражай салдырттым. Бұл жұмыс оңайлықпен біткен жоқ. 2003 жылдан бастап он жылдай ізінде жүрдім, әйтеуір, бітірдім. Бұл жұмысымды, әсіресе, Ибрашев Шамау, Өтембетов Қуанғали, Аймағанбетов Дәуқара, Әлімбетов Жаналы, Сермағанбетов Сағитжан, Әлімбетов Төлеген, Демеуов Нарғали, Бейсенова Күлпаш, басқа да аға-апа, дос-жарандарға арнадым.

Аралға келген қонақтар балықшылар мұражайын тамашалайды. Осының өзі балықшылардың рухын көтереді деп есептеймін. Ендігі мақсатым – сол мұражайдың қасынан аллея-арка жасатып, балық мекемелерін басқарған азаматтардың суреттерін ілдіру. Олардың ішінде Ибрашев Шамау да бар. Ұрпақ ел ағаларының еңбегін біліп, тәлім алуы тиіс.

Құдайберген САРЖАНҰЛЫ,

мемлекет және қоғам қайраткері, 

ҚР өндірісіне еңбегі сіңген қайраткер.

ТАҒЫЛЫМ 12 желтоксан 2017 г. 926 0