КІСІЛІК КЕЛБЕТІ ЕРЕКШЕ ЕДІ

Кеше ғана ортамызды толтырып, жұбымызды жарастырып отыратын Райымбек досымыздың әлемдік медицинаның ырқына бағынбай дәуірлік тажалға айналып отырған дауасыз дерттің құрбаны болып, 60-тың асуына енді қадам басқанда өмірден озып, Жер-ананың қойнына кіргеніне жылдың жүзі болыпты. Иә, жыл өтті, тірі пендеге уақыттың соншалықты жылдам екенін білгенде өмір деген ұлы ұғымның қаншалықты құнды екенін сезінгендей боласың.
Ерте дәуірде ғұмыр кешкен жырау атамыз: «Болымды жерден шыққандар төменнен істі бастайды. Жоқтықтан қорқып саспайды, бар болса да аспайды» депті. Сол айтпақшы, Райымбек досымыздың өмірдегі болмысы тап осындай болды. «Бармын» деп тасымады, «жоқпын» деп жасымады.
Қиын, күрделі уақыттың тынысын дөп басып, ұдайы алға ұмтылумен өмірге деген құштар сезіммен тіршілік етті. Біз сол үшін Райымбекті құрметтедік, сол үшін оған деген достық, жолдастық сүйіспеншілігіміздің жылуын аямадық. Ал ол өз кезегінде достар арасындағы жылудың қадір-қасиетін бағалай білді.
Өткен ғасырдың 90-жылдары аумалы-төкпелі заманды бастан кешкен халық тым-тәуір абдырап қалғанда, олардың көпшілігіне бағыт-бағдар сілтеп, соңынан ерткізгендердің алғашқы қатарында Райымбек жүрді. Ертеден келе жатқан қазақи ұғым бойынша «адамды досына қарап таны» деген сөз бар. Бірақ адам­ның досына қарап ғана емес, жауына қарап та кім екенін тануға болады. Се­бебі, үлкен тіршілікте адамдар өзін сол іске лайықтап ұстауға тырысады, ал ұсақ істерде адамның шын бет пердесі ашы­лып қалады. Сол сияқты әріптестері Райым­бекті ұсақ болмағаны үшін сыйлады.
Ертеректе айтылған адамгершілік туралы қағидаларда былай делініпті.
Тоқтыққа үш жолмен жетуге болады: еңбекпен, тілемсектікпен және ұрлықпен. Соңғы екеуі кездейсоқ тоқтық. Кездейсоқ келген байлықты ұстап қалу қиын. Желмен келген несібе, желмен ұшып кетеді. Жазықта кетіп бара жатып тек көкжиекті ғана көресің, бизнесте ол жеткіліксіз, көңілің көкжиектен әріректі көріп тұруы керек.
Райымбек досымыз осы өмірлік қағиданы берік ұстанды. Ол ешкімнен ештеңені дәметпеді, біреудің барына сұқтанбады, барлығына өзінің таза бейнетімен жетті. Ал кешегі аумалы- төкпелі заманда, ел-жұрттың психологиясында ескі салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған дәуірде мал жинап, көзге түскендер жақсы әңгімеге ілікпегенін біз жақсы білеміз. Ол сол тұста жақын-жуығын маңына топтастыра білді, елдің жел сөздеріне қайсарлығын қарсы қоя білді. Сөзден істі қолайлы көрді, жабырқағанның қасынан табылды, қысылғанға қолдау болды.
Иә, ол пәни дүниенің қызық-рахатына мейірі қанып, шөлін басып үлгірмеген, ақылы толысып, ойы арманға айнала бастаған кемел шағында дүниеден озды. Бірімізге ардақты әке, асыл жар, бірімізге туысқан-бауыр, бірімізге адал дос болған Райымбек Жамалбекұлын ақтық сапарға шығарып салған ауыр қазалы күні Әріп досымыздың айтқан сөздері жүрегімізге орнығып қалыпты.
Қайғының қара аспанын жамылып тұрып, оның қарғаның қадамындай қысқа әрі мағыналы ғұмырында ел-халқына адал қызмет еткенін, атақ-мансап қуып, жалған абырой іздемей, қабілет-шарқына сай тағдыр талайына жазған қызметтің жүгін арқалап, ағаға ізетті, кішіге қамқор, балаларына мейлінше жүрегі жылы әке болғанын, досы жоқпен сырласып, досы көппен сыйласып, ешкімді жатырқамай бауырына тарта білетін жылы жүректі жан болғанын айтқан еді досы сол қаралы митингіде.
Райымбек өзінің қысқа ғұмырында өзінен бұрын өзгенің көңіліне қарап, сыйласқан азаматтардың жетістігіне, жақсылығына балаша қуанып, қайғысына қабырғасы қайысып қиналатын. Қинала тұрып қолынан келген көмегін жасауға тырысатын. Ол өскен ортасының ащылы-тұщылы тәлімін зеректікпен қабылдады, алдын, жолын, жөнін саралай білетін, өресі биік, білімді, пайымды қасиеті мол азамат ретінде осы төңіректес адамдармен сыйласқанды дұрыс деп санады.
Райымбек Жамалбекұлы 1955 жылы 24 наурызда Сырдария ауданының Тартоғай ауылында дүниеге келді. 1972 жылы Сұлутөбедегі орта мектепті бітірісімен Қызылорда политехникумына оқуға түсіп, механик мамандығын алды, Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын бітіріп инженер-механик мамандықтарын иеленді.
Өзінің еңбек жолын «Главриссовхозстрой» тресінде аға инженерліктен бастап, «Транссельхозхимия», «Агропромтехника» бірлестіктерінде автоколонна бастығы, бас инженер және Сырдария ауданына қарасты С.Сейфуллин кеңшарының басшысы қызметтерін абыроймен атқарды.
Көнелік – аталық дәстүр мен жаңалық – нарықтың ағымды ұштастыра отырып өзінің бабасы «Дүйсеман әжі» ЖШС құрып, өмірінің соңына дейін қаламыздағы белгілі кәсіпкерлердің санатында еңбек етті.
Райымбек қай қызметте болсын өзін білікті маман, шебер ұйымдастырушы, жаңашыл басшы ретінде танытты.
Әрбір адамның ғұмыры қоғамға араласуымен құнды болары хақ. Райымбек өмірінің әрбір сәттері қоғам өміріндегі оқиғаларға араласуымен сабақтасып жатыр. Осы тұста Райымбектің «Мұстафа Шоқай» қорының мүшесі ретінде Германияға М.Шоқай бабасының бейітінің басына барып, Франциядағы Мария Шоқай бейітіне зиярат етіп, осы шараның атқарылуына демеуші ретінде көптеп көмек көрсетті.
Ертеректе болымды бір кісі өмірден көргенін көңіліне түйіп: «Бір дос болады, қораңнан мал кеткенше, бір дос болады, кеудеңнен жан кеткенше» деген бейнелі сөз тіркесін қалдырған екен. Сол айтпақшы, Райымбек қасына кеудесінен жан кеткенше араласатын сенімді дос­тар жинады. Әсіресе, олар «Агропром» бірлестігіндегі қызметтес достары еді. Біз Бақытжан Әлжанов, Бәйімбетов Ерболат, Батырханов Ораз, Палымбетов Шәмен, Қалыбаев Мұхит, Садықов Ербай, Оспанов Қаныш бір-бірімізбен отбасымызбен араластық. Қуанышымыз бір болды, қарым-қатынасымыз бақай есепке құрылмады. Шынайы сыйластық, ұрпақ тәрбиеледік, ұл-қыздан немере сүйдік.
Қазақта тектіден текті туады деген қанатты сөз бар. Біз Райымбектің әкесін көрдік. Ұлағатты сөзін естідік. Ұзақ жыл Сырдария ауданының шаруа­шылықтарында ферма басқарушысы, бас зоотехник болып қызмет атқарған Жамалбек әкеміздің жанында елдің жақсы мен жайсаңдары жүретін, ортасында сыйлы әке аманатына Райымбек те адал болып өмірден озды.
Райымбек Жамалбекұлының соңында көзінің ағы мен қарасындай ұл-қыздары – Күләш, Ерлан, Назгүл, немерелері, қосағымен қоса ағаруды құдайдан тілеп арманын арқалаған сүйікті жары Гүлдарайхан қалды. Дана халқымыз «Орнында бар оңалар» дегенді бос сөз ретінде айтпаған ғой. Рекеңнің өзі болмаса да, көзі қалды, олардың қауымына қадірін арттырған әкесінің орнын жоқтатпай, шаңырақ түтінін қисық ұшырмасына, аруағына әрдайым бата оқып, мінәжат қылатынына сенімдіміз.

Ораз БАТЫРХАНОВ.
ТАҒЫЛЫМ 11 желтоксан 2017 г. 659 0