ҰЛЫ ДАЛА БИЛЕУШІЛЕРІ

Ерте түрік елінің тарихы туралы деректер Қытайдың кітаптарында IV-V ғасырларда жазылған. Оларда Қытайдың солтүстік шығыс бөлігін жаулаған көшпелі тайпалар хун, санбилер қатарында Ашин руы болғаны баяндалады. Ашин әулетінен шыққан әскери қолбасшылар алғашқы күннен сыртқы саясатта жүргізген басқыншылық ықпалын барған сайын күшейтіп, Сары теңізден бастап (Корея) Еділге дейінгі аралықтағы тайпаларды өздеріне қаратқан. Сөйтіп, VІ ғасырда Түрік немесе ерте Түрік деген этникалық атпен тарихта белгілі болған. Арада жүз жыл өткеннен кейін Түріктер орта Азияның ұлы даласын бағындырып, ұлан-байтақ жерді қытайлықтар «Түріктердің ұлы даласы» немесе «Түріктердің құдіретті шөл даласы» деп атаған. Азияның ұлы даласын қамтыған, жаңадан пайда болған көшпелілер мемлекетіне қытайлықтар өздеріне төнген қауіп-қатер ретінде қарады. Сондықтан, қытайлықтар алғашқы күннен түрік билеушілеріне лайықты тұлғалар деп сырттай жоғарғы әскери атақтарды беріп отырған. Ерте Түрік билеушілері Қытай ықпалында болмау үшін лауазымдануды белгілі бір кезеңдерде өзгертіп, тәуелсіз болу саясатын басшылыққа алып отырған. Ұлы дала билеушілері мемлекет басқаруда қолданған «жабғу», «жабғу-қаған», «қаған» және «хан» лауазымдарын төрт кезеңге бөліп қарау арқылы олардың әрбір кезеңдерде тәуелсіздік жолындағы күресте саяси және тарихи оқиғалардың ерекшеліктерін көрсеткен жөн.

Бірінші кезеңде, 560 жылдан VІ ғасырдың соңғы ширегіне дейін Батыс Түрік қағанатының территориясы біртұтас түрік қағанатының құрамдас бөлігі Батыс қағанаты ретінде болды. Бұл кезең Ерте түрік билеушілерінің сыртқы саясатта ерекше белсенді болғандығымен сипатталады. Ұлы дала билеушісі Бумынның екінші ұлы – Муған хан лауазымын алған Кушудің басшылығымен Алтай өңіріндегі тайпаларды түгелдей өзіне қаратқан. Алтайдың шығыс бөлігіндегі қайларды, татарларды, кизандарды және солтүстік Енисей қырғыздарын, Батыс Алтай бөлігінде мекендеген ең қуатты эфталиттермен ұзақ уақыт бойы күресін өз ықпалына қаратты. Ашин әулетінен шыққан Бумынның інісі Иштимидің 552-558 жылдары Батысқа жорықтар барысында батылдығы мен белсенділігі арқылы ерекше көзге түсті. Нәтижесінде көшпелі түріктердің территориясы «Батыс теңізіне дейін, яғни, «Шыннан (Қытай) Жойқынның (Амудария) жағасынан және Шаштың (Ташкент) ар жағынан Гүлзаруға (Сырдария) дейінгі жерді қамтыған. Тек, 528 жылы Арал теңізінің теріскей бетінде Хуни (хиониттер) уар мен огорлар тайпаларын жаулап Еділ мен Жайық өңіріндегі тұрғындарды бағындыру мен Иштимидің Батыс жорығы аяқталған.

Бұндай жоғарғы лауазымды көшпелілердің ұлы билеушілеріне беру Қытай саясатының сыртқы бір көрінісі еді. Себебі, көшпелілерді келешекте Қытайға үлкен қауіп төндіретін зор күш деп таныған еді. Ерте Түрік билеушілерінің жетістіктері мен саяси қызметтерін үнемі сырттай мадақтап әртүрлі атақтар беріп отырған. Тіпті, кейбір түрік билеушілері екі-үш атақтарымен тарихта белгілі болған. Мысалы, Түрік билеушісінің өз аты Нету деп аталса, Ерфухан – бұл оның мемлекеттің шығысында, аймақ бегі болып тұрғандығы лауазымы, қаған болғасын ол Елкүйлі ше Мохе Шаболохан лауазымын алған. Ал, қытайлықтар берген атақ – Шаболио-тонаушы деген мағына білдірген. Бұл кезеңде Ерте түрік мемлекетінің Шығыс пен Батыс бөлігі біртұтас саяси-экономикалық қатынастары сақталып қытайлықтармен жібек тауарлар арқылы жүргізілген сауда қатынастары мол табыс табудың қайнар көзіне айналған болатын.

Екінші кезең – VІ ғасырдың соңғы ширегінен VІІ ғасырдың екінші ширегінде түркі мемлекетінің Батыс қанаты Батыс қағанатқа айналып, нақты Шығысқа (орталыққа) тәуелді болып, оның жоғарғы билеушісі жабғу-қаған лауазымын алды. Қытайдың арандату саясатының негізінде біртұтас Түрік мемлекетінің Шығысы мен Батысы екіге бөлінуімен сипатталады. Бұл саясатты іске асыруда Қытайда теңдесі жоқ тыңшы Чжан-Сунь-Шэннің «Түріктер қарапайым да аңқау келеді, сол себепті олардың арасында араздық тудыру оңай» деген ұстанымы негізінде Түрік елінің Шығыс пен Батыс бөлігіндегі билеушілер арасында наразылық отын туғызудан басталды. Әсіресе, қытайдың әрбір әулет үкіметі Түркі мемлекетінің Шығыс пен Батысындағы хандардың өзара ынтымақтасып бірлесуіне жол бермеуді көздеді. Төрт ханның өздеріне тиісті еншілік аймақтары орналасқан болатын. Бірінші хан Шебу-Иль-Кулуг-Шад Баға Ышбара хан лауазымын қабылдаған, қытайлықтар оның атын өзгертіп «Шаболио» деп атаған еді. Екінші хан – Мұған ханның баласы Төремен, мемлекеттің теріскейіндегі шет аймағынан еншілік және Абахан (Ағахан) лауазымын алып тұрған. Үшінші хан – Иштимидің баласы Қара-Сор Түркіт, оны қытайлықтар Даньгу деп атаған. Төртінші хан – Әміріақ хан болып есептелген. Осынау ірі-ірі төрт ханнан басқа, тағы да уағырақ төрт хан болған. 583 жылы Қытай тыңшысы Чжан-Сунь Шэн-Шаболия мен Төремен екеуінің арасына өшпенділік отын туғызу арқылы бір-біріне қарсы соғыс басталып кеткен болатын. Бұл соғыстың себебін қытайлықтардың түрткілеуімен болғанын түркі елінің қарапайым халықтарына да белгілі болған еді. Екі ханның арасындағы соғысқа уағырақ хандар да қосылып ел ішіндегі әлеуметтік-экономикалық қатынастарды бұрынғыдан да бетер айтарлықтай нашарлатты. Соғысқа қатысушылар бұл соғыста жеңіске жете алмайтындығы мен одан әрі соғысты жалғастырудың нәтижесіз болатындығын түсіне бастады. Алғашқы болып Шаболио Қытаймен одақтасуға ұсыныс жасайды. Көп ұзамай, осындай ұсыныспен Тардушхан өз елшісін Қытайға жіберген болатын. Мұндай ұсыныстардың нәтижесінде Қытай императоры Түрік хандар соғысының жеңімпаз иесі болып шыға келген-ді. Бірақ ақылды саясаткер императоры Ян-Цин бұл жеңісті сыйлаған түріктердің өзара қырылысу екенін көріп, біліп отырған болатын. Кейін Шаболиоға жіберілген Қытай елшісі бір-ақ нәрсені талап еткен, өзін вассалымын деп, императордың грамотасын тізесін бүгіп алуы керектігін айтқан еді. Түрік елінің бірінші ханы біраз қасарысса да келісім берген. Шаболионың үлгісін Қара-Сор түркіт қолдап 584 жылы өзін Суй империясының вассалымын деп мойындады. Бұл кезеңдегі саяси оқиғалар Түрік мемлекетінің Шығысында Қытайдың билігі біржолата бекігендігін көрсетеді.

Үшінші кезең – VII ғасырдың екінші ширегінен және VIII ғасырдың екінші ширегіне дейін. Бұл кезеңде Тан қытайының Шығыс (Орталық) қағанатын таратуына байланысты түріктерден нақты тәуелсіздікті мойындатудың қажеттігі болмады. Ендігі жерде Шығыс пен Батыс Түрік билеушілері Тан империясына қарсы тәуелсіздік үшін күресті белсенді жалғастырып «жабғу» және «жабғу-қаған» лауазымын қолданудан бас тартып «қаған» атағын қолдана бастаған. Соған қарамастан кейбір шағын қағанаттар билеушілері қаған лауазымымен қатар бұрынғы дәстүр бойынша «жабғу-қаған» лауазымы қолданылды. Дегенмен, кейін бұл лауазым барған сайын өзінің бұрынғы маңыздылығын жойып, қаған лауазымы кеңінен қолданылатын болды. Әсіресе, Шығыс Түрік билеушілері 679-687 жылдары Қытаймен табанды күрестің негізінде өздерінің бұрынғы Шығыс Түрік мемлекетін қайта қалпына келтіріп, оның бірінші қағанаты Кутлуг Әльтерши қаған лауазымын қабылдады. Демек, осы кезден бастап қаған лауазымы үнемі түрік билеушілерінде тұрақты қолдануға енді. Кутлуг қағанның інісі Қапаған қағанның 691-716 жылдары кезінде Екінші Шығыс Түрік мемлекеті жоғарғы әскери-саяси шырқау кезеңде болды. Ал ұлы дала билеушілері Тоныкөк, Күлтегін, Білге қаған лауазымын қабылдағандар тәуелсіздік жолындағы күрестерде қол жеткізген табыстары зор болды. Білге қаған және оның ағасы Күлтегін 712-722 жылдары Қытаймен соғыста жеңіске жетті.

Төртінші кезең. ІХ-ХІІ ғасырларда тәуелсіз Оғыз мемлекетінің қалыптасуымен басталды. Бұл кезең Оғыз мемлекетінің әскери-саяси шырқау кезеңі болды. Сыр мен Арал өңірінде қалыптасқан Орта Азияның ұлы даласында билік құрған Байындыр (Оғыз хан) алғашқы күннен өркениетті елдермен экономикалық қатынастар арқылы ел ішінде кешенді дамыған егіншілік пен көпсалалы мал шаруашылығы және металлургияның негізінде қол өнері дамыған. Бұл өңірдегі қалаларда жасалған материалдық және рухани байлықтар оғыздарды Шығыс пен Батыс өркениетті елдер қатарына қосып, Стамбул және Рум (Рим) елдерімен тұрақты сауда қатынастары жасалған. Дамыған сауда қатынастары негізінде оғыздар өз теңгелерін шығарып, ақша жүйесін қалыптастырған. Оғыз елінде өзге этнос өкілдері оғыздармен бірігіп, материалдық және рухани байлық жасаған. Оғыз қоғамында астар, аландар, қыпшақтар, қимақтар және қарлұқтар шаруашылықтың бар саласында жұмыс істеп тұрақты өмір сүруге келген арабтар, парсылар, ирандықтар, хорезмдіктер және византиялықтар болған. Демек, оғыз мемлекеті ежелден достықты, ынтымақтастықты сақтаған халықтар мекені болған. Сондықтан, Байындыр (Оғыз хан) ел көлемін кеңейтуді көздеп шекараға байланысты мәселелерді мемлекеттің жоғарғы органы ұлы және кіші құрылтай жиналысында және бектердің мәжілісінде үнемі қарап отырған.

Ұлы жүздің мемлекеттілікті қалыптастырудағы ұлы бастамасы Кіші жүз жерінде жалғасын тауып қазақ хандығының түп бабасы алғашқы ханы, тәуелсіз оғыз мемлекетін қалыптастырушы хандардың ханы Байындыр (Оғыз хан) болды. Оның кезіндегі Оғыз мемлекеті өркениеттің шырқау шыңын айғақтайтын жазу, кен өндіру саласы, мал шаруашылығы, отырықшылық қала мәдениеті барынша өркендеген. Ең бастысы, өркениетті қоғамда бастау бұлағы өмір сүруді ұлықтайтын әдет-ғұрып, құқықтық нормаларды тудырушы дін екендігі белгілі. Сондықтан, Оғыз елі ерте ру дәуіріндегі дүниетанымында ата-бабалар аруағына бас иуімен қатар темір және темірден жасалған темір қазықты қасиетті санаған. Осыған орай ішкі оғыздар пікірінше елін-жерін қорғаған ер жігіт темір қазықтай мықты, жауға қарсы соғыста ерлікпен қаза болған ішкі оғыздар рухы таза ақ деп сендірген. Сондықтан, темір қазақ атауынан қаз деген сөзді бөліп, оған ішкі оғыздар рухы ақ деп есептегендіктен екі атауды қосу арқылы «қазақ» яғни, елін қорғайтын жауынгер деген атақ берілген. Біртіндеп «қазақ» атауы ішкі оғыздардан жалпыға тарала бастаған, әсіресе, ислам дінінің қабылдануына байланысты атақ беріп ат қою дәстүрі жалғасып енді тек ішкі оғыздарда ғана емес түгел мұсылмандар мүддесі ескерілгендігі Қорқыт атаның батасынан байқалады. Дегенмен, ерте ру дәуірінде ішкі оғыздарда пайда болған «қазақ» атауы ел көлемінде таралуға жалғасын таппаған болатын. Біріншіден, оғыз еліндегі түркі тілдес этникалық бірлестіктер мен тыстан келген өзге этнос өкілдері жалпы атпен оғыз аталғанмен олар сандық тұрғыдан ішкі оғыздардан көп болған. Демек оғыз елі көлемінде «қазақ» атауы – тұрақты қалыптасып дамуына саяси-әлеуметтік алғы шарттар қалыптаспаған еді. Екіншіден, ХІІ ғасырдың ІІ жартысында елдегі ішкі  және тыс оғыздар арасында басталған саяси-экономикалық қайшылықтар қыпшақ ру билігінің орнауымен аяқталды. Ел ішіндегі саяси тұрақсыздық Сыр мен Арал өңіріндегі ішкі оғыздардың бір бөлігі елдің батысына ығысып, әртүрлі жат жұрттық рулармен араласып сіңісіп кеткен еді. Нәтижесінде Орта Азияда бірнеше ғасырлар тәуелсіз мемлекет құрған оғыз этнос атауы жойылды. Сондай-ақ, өркениет қоғамының ұйытқысы болған ішкі оғыздардың ежелден өзара ерлік көрсеткен азаматтарына дәстүр бойынша берілетін «қазақ» атағы да ұмытылды. Енді біртіндеп түркі тілдес тайпаларға ортақ Алаш атауы орнығып бұрынғыдан бетер жауынгерлік қасиеттері жалғасын тапты. Көп жағдайда Алаш аталған оғыздар қандай да бір ортада жүрмесін өздерінің тәуелсіздік жолындағы күресте үстемдік рөл атқарып анасы Сыр екендігіне сенген. Себебі, ежелден Сыр өңіріндегі Алаш аталған оғыздар тайпасы елге қорған, сырттан келген этностарға қамқоршы болған. Сондықтан да болар Елбасы Н.Назарбаевтың «Сыр – Алаштың анасы» деген тұжырымдамасымен үндесуі. Үшіншіден, Алаш аталып келген оғыздар ұрпақтары анасы Сыр деп білсе, әкесі хандардың ханы хан Байындыр түркі әлемінде алғашқы болып рулық қатынастың соңында ислам дінін енгізгеннен кейін мұсылмандарына «Әлемді жоқтан бар еткен Аллаға сыйындырған». Сонымен қатар, ол оғыз мемлекетін өркениеттік жолмен дамытып шырқау шыңына көтерген еді. Төртіншіден, орта ғасырдағы тәуелсіз оғыз мемлекетіндегі «қазақ» атауының тұрақты қалыптаса алмағандығы тарихи алғышарттардың болмауында еді. Тек Керей мен Жәнібектің тұсында ел ішіндегі саяси-әлеуметтік, экономикалық қайшылықтар негізінде Батыс Жетісу өңіріне қоныстануы «қазақ» атауын тарих сахнасына шығуының шешуші факторы болған еді. Қорқыт бабаның туған өңірінде «қазақ» атауы мен Қазақ хандығы қалыптасуының негізі қаланған қасиетті Сыр аймағы деп айтуға негіз бар. Демек, қазақ хандығының қалыптасуына 1500 жылдардан астам деп айтылса артық болмас еді.

Икрам ЖҰБАНИЯЗОВ, 

тарих ғылымдарының кандидаты.

ТАҒЫЛЫМ 11 желтоксан 2017 г. 802 0