« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
1690-1760 жылдар аралығында өмір сүріп ұранға айналған ұлы батыр, ел бірлігін сақтаған би, қазақ халқына қорған болған күрескер Баймұрат Байбөріұлының дәуірі мен батырлық жорықтары жайында ғалымдар аузынан тарихи деректер айтылғанмен, оның көркем әдебиет пен кинодағы тұлғасын бейнелеу алдағы күндердің еншісі.
Бүгінгі ұрпақ пен ертеңгі зәузаттардың батыр бабамыз кім еді деген сұрағына жауап беретін сондай дүниелердің алғашқы қадамдарын жасап көруге тырыстық.
Ұранға шыққан
Ұран – рух беретін, бір мақсатқа жұмылдыратын дабыл сөз. Бір сөз бірнеше жүз адамның аузынан күңіреніп, жаңғырып естілгенде жауынгердің делебесі қозып, қорқу сезімін ұмытып, тек алға ұмтылған. Егер ұран өздерінен бұрын өткен аталарының аты болса, қазақ оны кейде «аруақ шақыру» деп атайды. Адамдар аруақ шақырғанда арқаланып кетеді, бойында ерекше қуат пайда болады. Мұндай ұрандарда әйгілі тұлғалық дәрежедегі адамдардың, кейде атамекендердің аты шақырылған.
Қазіргі кейбір діншілдер айтып жүргендей, ұрандау, аруақ шақыру Жаратушыға серік қосу емес. Мұндай ұрандардың астарында «Е-е, Алла, дүниеден өткен бабамыз секілді біздің де мерейімізді үстем ет» деген тілеу бар.
Кейде ұранға тірі адамдардың да аты шақырыла береді. Бұл сол адамның мерейі үстем екенін, оның қол бастай білген серкелігін, ешкімді де жау қолына қалдырмайтын жаужүректілігін танытады.
Дәл осындай батырлығымен бағаланған Кіші жүздің Жаппас руынан шыққан Баймұрат батыр да екі руға бірдей ұран болған тұлға.
Есімнің ұранға айналуы үшін сол адамның батырлық, билік дәрежесімен бірге кие қонған қасиеті де болуы міндетті. Кие деген не? «Адамда аруақ, малда кие, аста кепиет» дейтін сөзіміз бар. Кей оқымыстылар киені тиюге, бүлдіруге болмайтын аң не өсімдікке тели айтады. Мұның екеуі де толыққанды жауап емес. Киенің не екенін білу үшін, бәлкім, ол адамның батин көзі болуы керек шығар. Батин көз дегеніміз жердің астын, аспанның үстін көре алатын көз. Мұндай көз Мұхаммед Пайғамбарымызда және ерекше әулие кісілерде болған.
Бір мысал: Хазіреті қожа Бахауаддин Нақшбандидің қолына Қыдыр әлейкі салам су құйып тұрады. Бірақ өзінің Қыдыр екенін біле қояды деп ойламайды. Сынағысы келеді. «Бұрынғы пайғамбарлар абзал ма, Мұхаммед пайғамбардың үмбеттері абзал ма?» – деп сұрақ қояды ол. «Әрине, Мұхаммед пайғамбардың үмбеттері абзал. Бұрынғының пайғамбары Мұхаммедтің үмбетіне су құйып тұрған жоқ па?» – депті сонда Нақшбанди бабамыз. Бұл жерде су құюшының жай адам емес, Қыдыр екенін Бахауаддин бабамыз батин көзі арқылы білген.
Әңгіме киеден шықты ғой. Кие адамның бойында болатын Алланың берген ерекше бір сипаты. Киесі бар адамның көзіне тура қарау қиын. Оны үнемі киесі қорғап жүреді, дәлірек айтсақ, қорғаушы періштелері көп.
Кие киесі бар адамға ерекше ықыласы ауғандарға да көрініп тұрады. Киелі батырлар жекпе-жекке шыққанда оған жауының ықыласы ерекше ауады, оған бүкіл болмысын, назарын салады. Сол кезде батырлардың киесі жауының көзіне көрінеді. Мүмкін ол жолбарыс, мүмкін бүркіт, мүмкін бөрі, әртүрлі бейнеде болуы мүмкін. Жауының жарылып жол беретіні, жеңіліс табатыны осыған байланысты.
Кейде кие көрінбесе де, адамның сұсын ерекше қылып көрсетеді. Баймұрат батырдың атын естігеннен жауының зәре-құты қашса, оның сыры осы киелілікте жатыр.
...Құба қалмақтар Еділ бойынан бері біртіндеп қазақтарды жаулап, Сыр өңіріне де жеткен. Олардың қолы қазіргіше айтсақ, Қызылорда облысының Қараөзек аумағындағы «Ауызкөл», «Қарарын», «Кілем жайғанға» дейін келген. Жүрген жерін жүндей түтіп, өңгеріп-төңкеріп өктемдік жүргізген жау жаппастардың ішіндегі Өтек аталығының малын тартып алып, алдарына салған. Қазақтың малы – қазақтың экономикалық қуаты. Бүгінгі өлшеммен білдірсек, бұл әрекет бір елдің күн сайынғы өнім шығарып тұрған зауыт, фабрикасын басып алғанмен барабар.
Каспийге келіп құятын Еділдің етегінде жайлаған жұрттың мазасын алып, Жайықты жағалап Сырға құлаған қалмақтар қазақ елінің жұмылса жұдырықтан қатты болатынын білмегендей екен. «Біз қой баққан елміз, ешкімге тимей жай жатқан елміз» дегенді, сірә, басқаша ұқса керек.
«Еділ бол да, Жайық бол,
Ешкімменен ұрыспа.
Жолдасыңа жау тисе,
Жаныңды аяп тұрыспа» – деген қазақтың болмысын жорық үстінде түсінген қалмақтардың сол кезде атағы алысқа кетіп, батырлығы аңыз болған Баймұраттың Ақтөбе атырабынан бері шыққаны туралы хабар алғанда өң-құты қаша бастайды. «Електің басы Есенбай» деп халық айтпақшы, бұл кезде Баймұраттың қонысы Мұғалжар тауының батысында болатын. Есенбай Баймұраттың әкесі.
Баймұрат батырлығымен бірге би де, бай да болған. Көп мал жаулап алған жерінен қосылған, азат еткен ел-жұрт алдына салған, құдай байлықты өзінен де аямаған.
Біз батырдың тек жаугершілікте өткен өмірін әңгіме қыламыз. Бұған қарап батырлар соғыстан көз ашпаған екен деуге болмайды. «Руымен у ішкен» олардың да мыңғыртып мал бағып, ойын-тоймен өткізген өмірі бар.
Баймұрат батырдың малы өте көп болғандықтан, батыр аулы мал жайымен қысты Сырдың бойында өткерген. Себебі, Сырдың бойы ыстық әрі шыбынды болып келген. Ал, жазда Мұғалжар, Ырғыз, Қостанай жақты жайлаған.
Сырдың бойына жау тиген бұл кезде Баймұрат жайлауда еді. Бізге жеткен деректерге зер салсақ, сондағы қалмақ әскерінің саны бес жүздің үстінде болған сияқты.
Жаумен Байқоңыр, Қаракөл өзендерінің алқаптарында кездесіп айқаса кеткен Баймұрат қолы екі жүз шамасында ғана болыпты. Оған жан-жақтан осы өңірдің атқа аяқ артуға жарайтын жігіттері түгел қосылып, күн сайын Баймұрат жасағы көбейе түседі. Осы ұрыстарда Баймұрат өзінің көзсіз батырлығымен соңына ергендерді жігерлендіріп, өздерінің ісі әділетті екенін, бұл үшін шейіт болудың өзі екі дүние бақыты екенін ұғындыра білген парасаттылығын да паш етеді.
Баймұраттың күн сайын жасағына жаңадан қосылғандарды ұрыс үстінде жаумен шатастырып алмау үшін сарбаздар өзара «Баймұрат!» деп ұрандайық деп келісіпті. Осы күннен бастап қазақтар жауына қарсы шапса Баймұрат атын шақыратын болған. Екі жақтың жасағы бетпе- бет келіп қалғанда «Баймұрат, Баймұрат!» деп ұрандатқан жаппас қосындарының жаңғырыққан дауыстары жауларына кеудеге найза сұққандай болып естілгені ақиқат.
Міне, дәл осы жорықта Баймұрат бастаған қалың жасақ жұлысқан жауын жауынқұртша таптап, қашқан жауын Маңғыстау түбегіне дейін түре қуады.
Бұл – тарихи шындық. Байқап отырғанымыздай, жеңіске жетудің бір сыры – ұрандауда жатыр.
Бірақ сарбаздар өздеріне жаңа қосылғандарды «Баймұрат» деген айқайынан айырып білу үшін ғана батыр атын ұранға шығарған жоқ. Ұранға айналу үшін адам бойына керекті – батырлық, билік, киелілік секілді үш қасиет болса, соның үшеуі де Баймұраттың бойынан біртұтас көрінетін.
Баймұрат атының ұранға шығуы жөнінде тағы бір мысал бар.
1729 жылы Аңырақай шайқасында Алтын-Жаппас жасақтарына қолбасылық еткен Баймұратпен бірге баласы Байтүгел де соғысқан. Тарихтан білетініміздей, шайқастардың ішіндегі ең ауыры да осы шайқас секілді. Себебі, бұл бетбұрысты, шешуші шайқас болған. Бір жеті бойы тынбай найза салысып, қылыш шабысу екі жаққа көп шығын әкеледі. Арасында сарбаздар жаралыларды таңып, өлгендерді жерлеп тынығып та алады. Сондай бір сәтте Байтүгел әкесінен рұқсат сұрап, жауға өз жасағымен шабады. Баймұрат батасын береді. Осы шабуыл алдында Байтүгел өз сарбаздарына: «Әкелеріміз, бауырларымыз қаза тауып жатыр. Кек аламыз, не өлеміз! Жауға қарсы шапқанда әрқайсың өз әкелеріңнің атын айтып ұрандаңдар!» деп үндеу тастайды. Сөйтіп, өзі бастап «Баймұрат! Баймұрат!» деп шаба жөнеледі. Соңынан ергендердің әр қайсысы әуелде өз әкесінің атын айтса да, жауға жақындағанда бәрі бірдей Байтүгелге қосылып «Баймұрат!» деп ұрандайды. Үш жүз шамалы сарбаздың «Баймұраттаған» ұранынан дала күңіренгендей болады. Барлық ауыздан шыққан бір сөз біріншіден ауызбірлікті білдірсе, екіншіден олардың өлімнен тайсалмайтын жанпидалығын сездіретін. Сондықтан жау дәл осы жолы жағаға соққан толқындай кері серпілді. «Баймұрат» ұраны жау бетін қайтарған ұран болды.
Осы екінші нұсқадағы әңгіме шындыққа сай сияқты. Халық аузындағы әңгіменің бәрі де шын, әрине, бірақ олардың айтушылары әр басқа.
Біз бұл оқиғадан аруақты батырдың баласы Байтүгелдің де батыр болғанын білеміз. Осы Байтүгел атамыздың белінен тараған ұрпақтары бабаларының өмірден өткеніне 220 жыл уақыт болса да ата-тектерінен Байтүгел есімін тастаған емес. Сол ұрпақтың бірі – Пірәлі Байтүгелов біздің заманымызда өмір сүріп отыр.
Енді ұранға шығу туралы сөзді жалғайық.
Ел аузында мынандай бір қызық әңгіме бар. Ресей бодандығы туралы айтылғанда аты Баймұратпен қатар аталатын Бақтыбай батыр да тарихи тұлға. Бұл да ұранға шыққан батыр.
Бақтыбай он бес жасында қазақ сарбаздарына еріп атқа мініп, қару асынып, жауға қарсы шауыпты. Жас та болса ұрыс үстінде ептілігімен, жүректілігімен ерлік көрсете білген сарбаз болған. Бір ұрыстың алдында сарбаздар біраз тынығып, өзара ақылдасыпты. «Жауды ұрандап шауып, рух шақырсақ қана жеңеміз» десіпті. Ал, не деп, кім деп ұрандаймыз дегенде біреуі «Менің атамның атын атап ұрандайық» десе, екіншісі «менің атамның атын айтайық» дейді. Осылай қол бастаушы төрт жігіт төрт түрлі сөйлеп, ұранға өз аталарының атын шақыруды қалайды.
– Ендеше, асықпен бәс тігейік, – деседі олар.
– Егер алшы түссе менің атамды айтып ұрандайық. Тәйке түссе сенің атаңның атын шақырамыз. Бүк түссе сенің, ал, шік түссе оның атасын ұрандаймыз, – дейді бірінші сөз бастаған сарбаз.
– Егер омпа түссе менің атымды айтып ұрандайық, – дейді он бес жасар Бақтыбай.
– Тақыр жерге домаланған асық омпа түсуші ме еді. Бұған да мақұл, – деп шиіріп жіберген асық омпа түсіпті.
Сол күннен бастап Бақтыбай аты ұранға шығыпты.
Осы оқиғадан соң ол Есет батырдың қолдауымен шекті жасақтарының қолбасшысы болып сайланады.
Елші М.Тевкелевтің Ресей сыртқы істер министрлігіне 1732 жылдың 20 маусымында жазған құпия хатында полковник Гарбердің басшылығымен Ресейден Бұқара мен Хиуаға бет алған 500 түйелі керуенін басып алып, жергілікті жұртқа таратып берген адамның Бақтыбай батыр екені айтылған.
Біз жоғарыда ұранға айналу үшін батырлық, билік және кие қонған қасиеттердің болуы керек дедік. Ендеше, он бес жасар Бақтыбай қалай ұранға айналған? Бірінші керек қасиет – батырлық Бақтыбайда бар еді. Ол қалың қолға өзінің тобынан оқ бойы озып барып кіретін болған. Екіншіден, ол асықпен бәстескен сарбаздарға билік айтты. Яғни, жас та болса билік айтуға өрелі екен. Үшіншіден, асықтың омпа тұратынын болжап, айтқанының келуі, бойында киелілік қасиет барын танытады. Сондай-ақ ол сарбаздарға ойын балаларынан бөлініп қосыла салған жоқ.
Шектінің алғашқы ұраны болған Құл батыр Бақтыбайдың ұстазы еді. Ол Еділ қалмақтарының ханы Аюкенің жиені Сенкудің басын алған, ту ұстаған әйгілі батыр. Батырлығымен бірге көріпкел әулие де болған.
Құл батырдың кесенесі қазіргі Құландыдан 18 шақырымдай жерде. Міне, осындай кісінің атқосшысы болып өскен Бақтыбайдың шектінің ұранына айналуы заңды.
Салыстырмалы түрде айтсақ Бақтыбай Баймұрат батыр секілді жер-су атауларын иеленген дәрежеге жетпесе де, халық жадына орныққан атақты тұлға.
Батырлардың ұранға шығуы ел басына күн туған қиын кездерге тікелей қатысты екені ақиқат. Шығыстан жоңғарлар, батыстан қалмақтар қара бұлттай қауіп төндіріп тұрған осы он сегізінші ғасырдың бірінші жартысында Баймұрат пен Бақтыбай секілді Байбақтыдан Дәуқара батыр, Алашадан Байбарақ батыр, Ысықтан Бәйтерек батыр аты ұранға айналған. Қазақты жауынгер халық деп дәріптеудің астарында осындай тарихи шындық жатыр.
Кейде бізге сол бір заманда күллі қазақ даласы ұрандап ат үстінде кетіп бара жатқандай елестейді. Алайда, кешегі кеңестік идеология олай елестеткен жоқ. Сол бір солақай саясат қазақ батырларын тіпті де еске алмады. Олардың атын айтып дәріптетпеді. Сондықтан талай батырларымыз туралы шайырлардың небір ерлік дастандары ұмытылып, көміліп қалды. Өйткені батырлар тарихын зерттеу, насихаттау халқымыздың өр рухын оятып, елдің көкірегіне тәуелсіздік туралы ой салар еді. Кеңес өкіметінің күдігі тегін емес болатын. Мысалы, 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан көтерілісі елдің ұйықтап жатқан ерлік рухын оятып, барлық халыққа егемендік алудың жолын нұсқады.
Аңызға айналған Айдаркөл
Баймұрат батыр Сырдың бойынан түре қуған жауын өзбек жерінен әрі асырады. Сол жорықтардың бірінде қазіргі Науаи облысындағы Айдаркөл деген жерге барып тұрақтайды. Өйткені жаудың қайта шабатыны белгілі болады.
Жанына ерген әйел-баласы жоқ демесең батырдың қолы бір ауылдың адамындай, мүмкін екі жүз, мүмкін үш жүз болар. Сондықтан оларға күтім, ат көлігіне жем-шөп керек. Айдаркөлдің өзбектері батырдың сарбаздарына осындай қызметтерін көрсетіп, екі-үш апта уақыт өтеді. Батыр кейбір түнде жорықта жан серігі болған күрең қасқа атының қасына барып, ер-тоқымға бас қойып ұйықтайды екен. Мұны сол елдің жұрты жақсы біледі. Олардың ішінде «Осы қазақтарға «ләппайлап» жүре береміз бе, батырын өлтірсек, қалғандары елдеріне кетер» деген бір арамзалық та бар еді. Сөйтіп олар аспен атқанды таспен атқысы келеді. Бұл пиғылды сезген батырдың атқосшысы Баймұратты түнде тұрғызып жіберіп, орнына шөп үйіп, тоқым жастанған адамның сұлбасын жасап қояды. Түн ауған шақта төрт өзбек мысықтабандап келіп, жасанды адамға найза сұққылап, осы әрекеттері үстінде әшкере болады. «Мұндай сатқындар ертең өз еліне де опасыздық жасайды. Сатқындар жаудан да қауіпті» деп батыр ел көзінше төрт мұндарды құдыққа тастатады. Күткендей қарақалпақ жеріне қарай қиялай қашқан жау қол жиып қайта шабады. Екі жақтың да бес қаруы сай сарбаздары бетпе-бет келіп сап түзегенде олардың осы тұрысының өзін көруге көз қорқатын. Ал, жүздеген сүңгі бір-бірін сұққылап, жарқылдаған қылыштар бір-бірін кескілегенде мына өзбек ауылы әп-сәтте тозаққа айналар еді.
Баймұрат батыр қалмақтарға бұл шайқас тағдырын жекпе-жек шешсін деп шарт қояды. Батырлар заманында жауласушы екі жақтың осындай берік дәстүрі болған. Қолы басым жақ кейде бұл дәстүрді бұзып, батыры жеңілсе де бастырмалатып, соғыс әрекетін бастаған.
Дәл осы жағдайды «Қыз Жібек» фильмінен бәріміз де көрген шығармыз. «Жекпе-жек» деп суырылып шыққан Бекежанға шақ келмейтінін сезген қалмақтардың батырлар дәстүрін бұзатыны осы фильм арқылы берілген. Соғыстың аты соғыс, «неге дәстүрді бұзасың» дейтін ешкім жоқ, ел үшін, жер үшін жан пида!
Сөйтіп, батыр қос аяғымен жер тарпыған күрең қасқасын ойнақтатып ортаға шығады. Қалмақ батыры да ақырған арыстандай біреу болса керек. «Қуғанға да, қашқанға да бір Алла» дегендей, екі батырдың артында да қалың сарбаз, қоштаған жұрт бар. Сондағы қос батырдың бір-біріне қарсы шапқан сәтін көріп тұрғандай болсаңыз, көзіне қан қаптаған қыран мен аузына у толған арланның бейнесін елестетер едіңіз!
Осы жекпе-жекте Баймұрат батырдың екпінінен қалмақ батыры езілген кесектей үгіліп жер құшады. Жеңілген жау қолбасы уәжінде тұрып, әскерін кері бұрады.
Баймұраттың қас батырлығына қол қусырып, бас шұлғыған өзбек ауылы той жасап, батырға өздерінің жас қызын некелеп қосады.
Осы некеден Болат, Малбасар деген екі ұл өмірге келген. Бұл екі аталық қазір жүздеген отбасы болды. Қызылорда қаласындағы үлкен бір баспа үйінің директоры Ермек Аяпов осы Болат бабамыздың тікелей ұрпағы.
Баяғы өзбек аулының төрт сатқыны тасталған құдықты сол ел «Баймұрат құдығы» деп атапты. Бірақ ол құдық бүгінде Айдаркөл су қоймасының астында қалған. Құдық құрып кетсе де бұл жердің жұрты осы елді мекенді Баймұрат ауылы деп атап кеткен. Тарихи оқиға ауыздан-ауызға көшіп аңыз сипатты әңгімеге айналған. Әйтсе де Айдаркөлдегі жас ұрпақ Баймұрат батырды тек сөз жүзінен біліп, ол туралы тарихи деректерді жоқ деп есептейді екен. Осыған орай бұл елді мекеннен Баймұрат атын алып тастауға да әрекет етіп жатқандары естіліп қалады. Бірақ халықтың ауызша тарихын өшіру қиын һәм қиянат. Сондықтан жергілікті жұрт ол ауылды Баймұрат батыр мекені деп атауды тоқтатқан емес.
Осы деректер бізге Ұзынағашта тұратын Абай деген азаматтың айтуымен жетіп отыр. Көкірегі ескі сөздердің сандығындай болған Абай Қияқы жаппас аталығынан шыққан. Бала кезінен үлкендердің айтқанын ойға түйіп өскен екен. Бабалар тарихын ұрпақтан ұрпаққа аманаттап келе жатқан елдігіміз осындай ұлтжанды бауырлардың арқасы екені анық.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |