...Біздің Сыр бойындағы Қармақшы аймағының "ІІІ-Интернационал” колхозында түріктің беделді, белгілі ақсақалы жасы ұлғайып, ауруы меңдеп, бақилық сапарға аттанар алдында ақтық демі бітуге таяу жатады. Қадым заманғы ата дәстүрі бойынша бақұлдаспақ парыз. Содан ауылының асылдары мен ардақтыларын, қадірлілері мен қастерлілерін жинап араздасады, қоштасады:
– Мен енді о дүниелікпін. Өз өміріме, халқыма, еліме, заманыма, замандастарыма, сендердің бәріңе ризамын, өздерің де маған риза болыңдар. Сіздермен бірге кешкен ұзақ ғұмырда азды-көпті қатем болса, ағаттығым болса, мені кешіріңдер, мен сендерді кешірдім. Менің бұ жалғаннан мәңгілікке кетер мезеттегі өздеріңе айтар ақылым, өсиетім, соңғы сөзім мынау:
– Кешегі аласапыран, қиын-қыстау заманда, ашаршылық, нәубет, соғыс жылдарында Цай Ден Хак өз жанын шүберекке түйіп жүріп, біздің әрқайсысымызды ажал аузынан, алапат апаттың аранынан аман алып қалды. Аз да болсақ өз халқымызды, өз ұлтымызды сақтап қалдық. Бұған да шүкіршілік қылайық. Сондықтан біздің ұрпақтарымыз қазақ халқының, Цай Ден Хактың алдында мәңгілік борыштар екенімізді ешуақытта естен шығармаңдар, қарақтарым. Ақырғы аманатым: "осы елден, осы жерден ешқайда көшпеңдер, осы кәрістің қасында, төңірегінде болыңдар, айтқанына көніп, айдағанына жүріңдер, сыйлаңдар, тыңдаңдар, сақтаңдар, өсіңдер, өніңдер, өркендеңдер”, - деп көзін жұмады.
Міне, қазіргі күнге дейін "ІІІ- Интернационалда” түрік ағайындар өсіп-өркендеп, бейбіт, берекелі өмір сүріп жатыр. Бұл ардақты ақсақалдың аманатының орындалғанының кепілі. Сүттей ұйыған ауылда ондаған ұлттың өкілдері тату-тәтті, жарасымды тіршілік етіп, өмір сүруде. Негізін қазақ, түрік, кәріс ағайындар құрайды. Олар туысып, жуысып, достасып, құдандалы-жекжат болып қаны да, жаны да араласып кеткелі қашан.
Интернационализм, халықтар достығы деген екінің бірінің, егіздің сыңарының уысында ұйып, құшағына сыйып, ойына оңайлықпен орныға қоймайтын ірі құбылыс. Улыған-шулыған ұрандардың, ұғымдардың қарапайым өмірдегі шын, шынайы көрінісі осындай. "ІІІ-Интернационал” бұрын да, қазір де облыстағы саусаққа сиятын іргетасы берік, қабырғасы қалың, омыртқасы орнында, еңсесі биік, санаулы шаруашылықтардың қатарында.
Осының бәрін өзінің ерекше еңселі ақыл-ойымен, ұзақ жылдар төккен терімен, адал еңбегімен, жүрегінің жылуымен жасаған, елеулі дәрежеге жеткізген, қалыптастырған – Цай Ден Хак. Ол шаруашылықты 50 жылға жуық басқарды. Ал, елу жыл бір адамның саналы өмірі емес пе?
Елу жылда ел жаңа демекші, сол жарты ғасырда не болмады десеңші, бәрі де болды, бәрін де көрді, бәріне де көнді, бәріне де сенді, бәріне де бейімделді, бәріне де шыдады, бәрінен де аман, абыроймен тері теспей, қан шығармай, өгіз өлтірмей, арба сындырмай шықты. Мұндай басшы облыс, Республика түгілі бұрынғы Одақта да кемде-кем шығар.
Елдің, халықтың бақыты үшін, болашағы үшін, ырыс-берекесі үшін жерге жаратқанның жарлығымен төбеден төтенше жіберілген қолбасшы, елбасшы сияқты азамат еді.
Ол өз атын адал еңбекпен еліміздің тарихына мәңгілік жазып кеткен ірі тұлғалардың бірі, шебер ұйымдастырушы, білікті маман, өз дәуірінің ауыл шаруашылығының маңдай алды майталманы. Ай мүйізді ақсеркесі.
Цай Ден Хак Қиыр Шығыста 1913 жылы туылып, 16 жасында күріш кеңшарында бригадир болып, 24 жасында "Кедровая Звезда” колхозының төрағалығына сайланды. Ерттеулі атқа ерте мінді, ерте есейді, елдің қамын ерте жеді.
1937 жылы Қиыр Шығыстан бүкіл кәрістер күштеп, еріксіз Қазақстанға жер аударылады. "Кедровая Звезда” колхозының адамдары түгелдей Қармақшы ауданына келіп орналасады. Қиыр Шығыста да, жолда да, Қармақшыға келгесін де Цай Ден Хак тұрақты төраға болып қала береді. Алла тағала тура тек төрағалыққа жаратқандай. Басқа ой, басқа шешім ешкімнің де басына келмейді.
Осындай халқының басына қалың қайғы түскен қаралы күндері, қиын кезде, сын сағатында Цай Ден Хак өзіне ерген, өзіне тағдырын сенген қандастарын аман алып қалды. Азаматтық ерлік жасады.
Оның ақылы, парасаты, іскерлік "қулығы”, сабырлылығы, көргенділігі, имандылығы, мейірімділігі тағдыры тәлкекке түскен өз халқына, қазаққа, түрікке, орысқа – бәріне, бәріне бақ-дәулет, құт-береке болды.
Қулық демекші, "қулық – еркектің екінші ақылы” деген де бар. Біз айтып отырған "қулық” бүлдіретін емес – бүтіндейтін, ажырататын емес – қосатын, жылататын емес – күлдіретін, ірітетін емес – ұйытатын, болдырмайтынды болдыратын, оңдырмайтынды оңдыратын, толмайтынды толтыратын, жетпегенді жеткізетін, үзілгенді жалғайтын, сүрінгенді сүйейтін, жығылғанды демейтін, ашыққанның аузына ас салатын, шөлдегеннің таңдайына су тамызатын, жоқтан бар жасайтын, игілікке, ізгілікке, жақсылыққа бағышталған, бағытталған "қулық”. Міне, Цай Ден Хактың "қулығы” осындай қулық. Құдай адамды, адамзатты ақымақтықтан сақтасын. "Кедровая Звезда” колхозы Қазақстандағы өзінің жаңа, екінші өмірін ештеңе жоқ, тақыр жерден бастады. Бір жылдан кейін аты "ІІІ-Интернационал” болып өзгертілді. Екі-үш жылда колхоздың ісі оңға басып, береке кіре бастады. Олардың ынтасына, ықыласына, ниетіне, пиғылына, жанқиярлық еңбегіне, ауызбіршілігіне, тіршілігіне бақ қарап, қыдыр дарыды.
Колхозшылар үйлі, малды болып, халық тойына бастады. Жығылғанға жұдырық демекші, жұрт енді есін жия бастағанда соғыс өрті бұрқ етті. Жұт жеті ағайынды деген осы да. Бұл соғыс ешкімге де – ел ауған, жер ауғандарға да, жергілікті халыққа да жеңіл тиген жоқ. Амал қанша, барша адамдарға белді бұрынғыдан да бекем бууға тура келді. Басқа түссе баспақшыл деген, басқа не амал бар?
Адам тозаққа да үйренеді демей ме.
Халық өздері жарты құрсақ аш отырып, бар тапқан-таянғанын майданға жөнелтті. Азаматын да берді, азығын да берді. Ауылда кемпір-шал, жесір ана бұғанасы қатпаған, тірі жетім балалар ғана қалды.
Осы тағдырлы күндері Цай Ден Хак әр отбасында неше жан барын, неше бала барын, олар аштан өлмеу үшін қанша жанбағыс, қорек керегін, әрқайсысының жағдайын өзі ғана білді. Бір тақия бидай үшін адам сотталып жатқан қатал кез, біреуге сеніп, тапсырма беру өз басыңа қауіпті. Сондықтан таң алдында өзі ғана жүріп, әр үйдің терезесін тықылдатып, уыстап бидай таратты, басын бәйгеге тікті. Бірде-бір адамды соттатпады. Бірде-бір адамды аштан өлтірмеді. Бүкіл көп ұлтты ауылды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай аман алып шықты. Бұл үлкен ауылда әрбір адамның тағдырында Цай Ден Хак жүрегінің бір сәулесі, бір ұшқыны бар, кеудесінде көлеңкесі, төбесінде шуағы бар.
Бәрінің де жанына жалау болған Цай Ден Хак.
Цай Ден Хак: "Бүкіл өмірімде, колхозда бірде-бір адамға жамандық жасағаным жоқ, жақсылық жасамаған бірде-бір адамым жоқ”, - дейтін. Осы сөздің өзі Цай Ден Хактың кім екенін көрсетіп тұрған жоқ па? Жатқан жерің жайлы болсын, жарықтық. Әр ұлттың өзінің жарықтығы, асылы, аяулысы, ардақтысы болады. Олар өз халқының ұлттаңбасы, төлқұжаты болып есептеледі. Цай Ден Хак – кәріс халқының осындай ұлы перзенті. Сондықтан да болар жоғарыда баяндағанымыздай, түріктің қадірлі қариясы ұрпақтарына осы кәрістің төңірегінде болыңдар деп өлерінде өсиет айтқаны, өздерін, өмірін, болашағын Цай Ден Хактың мойнына аманат етіп артқаны.
Соғыстан кейін "ІІІ-Интернационалға” екі колхоз "Червоная земля” және "Утренняя Заря” қосылып, облыстағы іргелі, көпсалалы шаруашылықтардың біріне айналды. Шаруашылық осы жылдары шын мәнінде тұрақты өсу-өркендеу, өрлеу жолына түсті. Күріштен облыста ең жоғары өнім ала бастады. Басқа салалар да еселі қарқынмен дамыды. Шаруашылық төрт аяғын тең басты.
Колхозшылардың тұрмыс дәрежесі жақсарып, барлығы да малды, үйлі, күйлі болды. Цай Ден Хак: "Колхозшылар бай болмай, колхоз бай болмайды” дейтін.
Ол бірінші кезекте күрделі құрылысқа, өндірістік базаға, мәдени ошақтар мен әлеуметтік нысандар салуға мән берді. Шаруашылықта облыста жоқ зәулім мектеп, мәдениет үйі, кеңсе, монша, денсаулық, сауда орындары бой көтерді. Өндірістік ғимараттар салу толығынан шешімін тапты. Көшелер асфальтталып, көгалдандырылды, су құбырлары тартылды.
"ІІІ-Интернационал” архитектуралық сәнділігі, көркемдігі, көгалдандырылуы, мәдениеті, тазалығы жағынан облыстағы өнегелі ауылдың біріне айналды.
Осының бәрін Цай Д. Х. өзінің күш-жігерімен, колхозшылардың белсенді еңбегімен, ынта-ықыласымен, іргедегі Байқоңыр космодромының елеулі көмегінің арқасында іске асырды.
Ол космодром басшылары – генералдармен жолдастық, іскерлік, түсіністік, сыйластық қарым-қатынаста болды. Адамның жұмысы адаммен бітеді емес пе? Оларға жағдай жасап, тіл табыса білді. Космодром ұжымын көкөніс-бақша, жеміс-жидек, ет, сүт өнімдерімен қамтамасыз етті. Әскери ғарышкерлер де өз кезегінде аянып қалған жоқ. Ол кезде ғарыш айлағының мүмкіншіліктері өте жоғары-тын. Қайран Кеңес өкіметінің байлығының шеті де, шегі де жоқ еді ғой.
Цай Ден Хактың ақылдылығы – космодромның жетістігін де, кемшілігін де өз шаруашылығының пайдасына ұтымды, тиімді, шебер пайдалана білді. Міне, іскерлік қатынас деген осы да. Іскерліктің аты қай заманда да іскерлік!
Цай Ден Хак адамды алғашқы кезекке, бірінші орынға қойды, оның өмірі, тағдыры, тұрмысы, жағдайы, көңіл-күйі, ынта-ықыласы шешуші мәселе деп түсінді, бәрін соған бағындырды, соған бағыттады. Цай Ден Хактың адамсүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттері оның барлық табыстары мен жеңістерінің құпиясы еді.
Бұл қай заманда болсын, қай қоғамда болсын, қатесіз қағида. Колхоздағы мыңдаған адамды өзі жете таныды, мінез-құлқын, қадір-қасиетін, қауқар-қабілетін, кімнің кім екенін білетін еді. Өзінің қарауындағы, қамқорлығындағы халықпен бірге болды, бүтін болды, бірге күлді, бірге жылады, бірге қуанып, бірге қайғырды. Қаны да, жаны да халқымен бірге болды. Халықтың да Цай Ден Хактың да бақыты келешек бас маман, колхоздың сала басшылары болатын кадрларды мектепте оқушы кезінен бастап танитын еді, табатын еді, жеке қамқорлыққа алып, оқытып, тәрбиелеп, түпкі мақсатына нәтижелі жетіп отыратындығында еді. Не деген көрегендік. Осылайша қаншама кадр тәрбиеледі десеңізші, олар бүгінгі күнге дейін жемісті еңбек етуде. Олар: бүкіл облысқа белгілі Дямуршаев Тельман, «Даңқ» орденінің үш дәрежесін алған Ким Николай Иванович, 40 жыл бірге жұмыс істеген Әбсейітов Әбдісәлім, Сталиннен мадақтау алған, Ұлы Отан соғысының ардагері Бижанов Мұзаппар, үздіксіз бас су маманы Гайдаров Баттал, 25 жыл машина жүргізушісі Мардиев Фриддин, сол кезде партия ұйымын басқарған, кейін колхоз басқармасының төрағасы болған Ким Петр Ивановичтер еді. Кім қайда, қашан болмасын кез келген істің тағдырын шешетін өміршең, өзекті кадр мәселесіне осындай сергектікпен, жауапкершілікпен, жанашырлықпен, көрегендікпен қарайды? Ой таразысынан өткізіңіздерші. Барлық дәрежеде басшыларды ойландыратын мәселе емес пе бұл?
Көрегендік демекші, Цай Ден Хак ауылда электр жарығы мәселесін түпкілікті шешу үшін екі үлкен дизель моторларын сатып алып, орнатып, енді іске қосуға оқталып жатқанда, колхозға жарықтың мемлекеттік жүйесі де келіп жетеді. Сонда Цай Ден Хак от алуға дайын тұрған екі дизель моторын сыртынан салынған әдемі, берік ғимаратты болашаққа сол күйінде сақтау керек, алда қандай заманның күтіп тұрғанын кім біледі, уақыт шіркін қашан тұрақты еді деп, ғимараттың есік-терезесін қышпен өргізіп, келешекке аманат етіп қалдырады.
Колхоз орталығында сол ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау кешегі күнге дейін тұра береді. Дуалы ауыз айтқандай-ақ, заман өзгерді, жарықтың жоғалатын кезі туды, ауыл тағы да қараңғылық жамылды. ІІІ-Интернационалдықтар ақ отаудың есік-терезесін ашып, дайын дизельді қоттап, жарыққа қарық болды. "Жақсы әке балаға қырық жыл азық” дегендей-ақ білікті басшы елге, халыққа 40 жыл несібе, бақыт екен ғой деп, халық Цай Ден Хак аруағы алдында басын иіп, көрегендігіне тағы да бір тәнті болды.
Қазақ "үш күндігін ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без”, - дейді. Ал өз елінің, халқының елу, жүз, мыңжылдық мәңгілік келешегін, болашағын ойлаған, армандаған, болжаған, қамдаған басшыдан халық айналады. Басқалары осындай басшылардың садақасы болып кетсін.
Цай Ден Хак ауыл шаруашылығының барлық саласының білікті маманы, шебер ұйымдастырушысы, тәрбиеші, саясаткер, сезімтал, халық дипломатиясын шебер меңгерген кісі еді. Ол өзінің болмысымен, сергек сезімімен, ісімен, жүріс-тұрысымен, жеке өнегесімен халықтар достығы, ұлтаралық қарым-қатынасты өмірде, іс жүзінде ұтымды, үйлесімді шешкен кісі. Оның елдің есінде қалған ерекше қасиеті: ол қарауындағылардың кемшілігінің, өтірігінің, кейде майда қылмысты әрекеттерінің үстінен шыққанда – сол кезде де, кейін де, бір ауыз сөз айтпайды, үндемейді екен. Адамдар оның тіс жарып, үндемегенін ең қатаң шара, ең ауыр жаза деп қабылдап, бір ауыз сөзіне зар болып, тиісті қорытынды шығаратын болған.
Цай Ден Хакта ашу жоқ, түгел ақыл. Ашуланғанда айтатын ең ауыр, ең ащы сөзі: "Елки зеленый” екен. Біздіңше, "көсегең көгерсін” дегені болу керек. Не деген керемет қасиет!
Ол тілге бай еді, қазақ, орыс, кәріс тілдерін жете меңгерген. Колхозда барлық ұлттың өкілдерімен өз тілінде сөйлеседі, сенеді, сыйлайды, құрметтейді, қамқорлық жасайды, арасында жарасымды, жанға жайлы, құлаққа жағымды әзіл де айтып қояды. Қазақ ағайындармен әзілдескенде: "Біліп қойыңдар, мен қалың Шөмекейдің, Қаратамыр руынанмын”, дейді екен.
Мамандар мен өндіріс басшыларына: "Мен бастық болғанмен ел, халықтың, жанның, малдың, егіннің, барлық атқарылар істің тағдыры сендердің қолдарыңда, мен сендерге сүйенемін, сендерге сенемін” дейді екен. Барлық бірліктің де, тірліктің де, достықтың авторы да, басты рольде ойнайтын актеры да – Цай Ден Хак. Ерекше қасиеті – оның қайырымдылығы. Жетім-жесірдің, жоқ-жұқаның, ауру-сырқаудың, жалғызілікті қариялардың жанашыры да, қамқоршысы да, әкесі де, шешесі де – Цай Ден Хак. Ол кісі үшін өгей бала жоқ, бәрі де өз баласы, бел баласы. Ауданға алыстан, жақыннан келетін қадірменді қонақтардың да, барлық дәрежедегі басшылардың, уәкілдердің, бәрі-бәрінің есебін табатын ол. Нардың жүгін көтеруге жаралған азамат еді. Мұндай адамды Құдай да қолдайды, халық та қолдайды, тарих та қолдайды, оның бақытты болмауы мүмкін емес. Цай Ден Хак сол кездегі сайланатын органдардың бәріне сайланды, алатын атақ-абыройдың барлығын да алды. Социалистік Еңбек Ері атағын иеленді, екі рет Ленин, Октябрь революциясы, Халықтар достығы, екі рет Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, бірнеше медальдармен, КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестерінің құрмет грамоталарымен марапатталды. Әлденеше рет аудандық, облыстық партия комитеттеріне мүше, аудандық, облыстық және үш рет қатарынан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Осының бәрі Цай Ден Хакты бұза алмады, аспады да, таспады да: ол ештеңе болмағандай, қарапайым, сыпайы, мәдениетті, мейірімді қасиеттерін өмірінің соңғы күніне дейін сары майдай сақтап өтті.
Ол кісі аса жаңашыл, жаңалыққа жаны құмар жан еді. Өзім осы орайда куә болған бір жайтты айтайын. Сонау 1977 жылы бүкіл Қазақстанда қуаңшылық болып, жемшөп жетіспей, малды аман сақтап қалу міндеті өткір тұрды. Талдықорғанда арнайы семинар өтіп, озат тәжірибе үйрендік. Елге келе әлгі үздік технология бойынша "Аққұм” кеңшарында күріштің сабанын булап, химиялық элементтер қосып байытып, жоңышқаның құнарлылығының дәрежесіне жеткізе өңдеуді қауырт қолға алдық. Жалағаш аупарткомының екінші хатшысы ретінде бұл жауапты жұмысқа мен бас-көз болдым. Сонда Қармақшыдан жетпіс жастағы Ц.Д.Хак тәжірибе алмасуға ешкімнен тапсырма алмай-ақ әріптестерінен бұрын жедел жетіп еді...
Қазір оның жұбайы Ольга Даниловна Москвада, баласы Борис Данилович, қыздары Зина Даниловна, Женя Даниловна, Таня Даниловна Бішкекте, Қарағандыда, Шымкентте өз мамандықтары бойынша нәтижелі еңбек етуде.
Көшербаев Елеу Қармақшыға аутпарткомның бірінші хатшысы болып келгенде Цай 63 жасқа толады. Қазақтар 63-ті пайғамбар жасы десе, кәрістер де өте қанағатшыл, иманды халық қой, олар 61-дің үстіндегі жасты біреудің есебінен жасап жүрмін деп есептейді екен. Өзі Е.Көшербаевқа келіп:
– Елеке, едәуір жұмыс істедім ғой, жасым да біразға барды, еңбек демалысына шықсам қайтеді? – дейді. Елекең:
– Ауылдастарыңызбен, колхозшылармен ақылдасайық, - деп, колхозға келіп, халықты жинайды.
Колхозшылар: "Алтынмен аптап, күміспен қаптап алып келсеңдер де, бізге Цай Ден Хактан басқа адамның керегі жоқ”, - деп бірауыздан жауап береді. Ел азаматтарының мұндай қолдауы халық қадірін, ел қадірін, сөз қадірін білетін үлкен жүректі ақсақалдың жігеріне жігер қосып, жұмысқа жаңа кіріскендей күй кешіп, тағы жеті жыл нәтижелі, жемісті еңбек етті. Міне халықтың, елдің сенімі осындай құдіретті күш. Осы 50 жылға жуық уақытта адамдардың санасында бұл колхозда Цай Ден Хактан басқа біреу төраға болады деген ойдың өзі жаудың жат пиғылындай көрінетін еді, ақылға, қиялға да сыймайтын еді. Бәрі де Цай Д.Х. мәңгілік төраға деп ойлайды, басқа ойға орын да жоқ, құлық та жоқ. Елі азаматтың атын шығарады, ал азаматы халықтың атын шығарады. Цай Ден Хак өз жұртының атын әуелетті абыройын асырды. Сондықтан мен оның беделін бетке ұстай отырып, оны дүниеге келтірген кәріс ұлты жөнінде, жалпы күштеп жер аударылғандар хақында аділеттілік үшін осы жылы лебізімді білдіруді жөн көрдім. Цай Ден Хак аруағы риза болсын. Жақсыдан шарапат деген осы да.
... 1937 жылы Қиыр Шығыстан Қазақстанға 100000 кәріс күштеп жер аударылды. Сондай-ақ, соғыстың алдында, соғыс жылдары Кеңес үкіметінің батыс шекараларынан Қазақстанға – 532500 орыс пен еврей, латыш, 102500 поляк, 361600 немістер, Солтүстік Кавказдан 507000 шешен, ингуш, балкар, қарашай, қалмақ, қырым татарлары, түрік, курд пен грек жер аударылды. Қаншама адам қайғы-қасірет шекті, қаншама жанның жаны жараланды. Олардың барлығы да Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, экономикалық қуатының артуына өз үлестерін қосты. Қазақстан олардың екінші Отанына айналды. Қазақ халқы олардың бәрін де өгейсінбей, өз бауырындай қабылдады. Жүрегінің жылуы мен шуағын аямады, соңғы бір турам нанын бөлісті, өзінің қазақ даласындай кең пейілін, қонақжайлығын, мейірімділігін, имандылығын бәріне де танытты. Олардың барлығы да қазақ халқының алдында бастарын иеді, өздерінің өлмей аман қалғанын бірінші Құдайдың құдіреті болса, екінші қазақ халқының арқасында деп біледі. Қазақ халқы қаншама достар, қаншама тілектестер, қаншама насихатшылар тапты. Соның ішінде кәрістер ерекше еңбекқор, қай іске болса да бейім, қабілетті, диқан халық. Сөзіне, уәдесіне, сертіне берік халық. Облыста күріш дақылын өсіруде, оны қалыптастыруда, күнкөріс, табыс көзіне айналдыруда, көкөніс дақылдарын игеруде кәріс ағайындардың еңбегі зор. Олар пияз өсіруді біздің облыс ғана емес, бүкіл одаққа үйретті. Олардың ғылымда, өнерде, спортта, қазір бизнесте де өз қолтаңбалары бар. Жағдайға, уақытына, қиындықтарға көнгіш, бейімделгіш халық.
Ел ауып жүрсе де өз халқының дәстүріне, салт-сана, әдет-ғұрпына, дініне берік, біз болсақ өз жерімізде, өз елімізде отырып, көп нәрседен айырылып қалдық. Олар үлкенді сыйлайды, отбасы да берік, тұрақты, жетімханада балалары, қарттар үйінде қариялары сирек кездеседі, ауруханада, тазханада, қайыршылар, кедейлер қатарынан табыла бермейді. Аузы берік, сенімді, "көрдім деген көп сөз, көрмедім деген бір сөз” қағидасын қатты ұстанады. "Не знаю, не видел” дегеннен басқа сөз шығармайды. Егер бастығымен ұрысып қалса, күшінің жетпесін сезсе, айқай-шу жасап, айтысып, арыз жазып жүрмейді, бір түнде белгісіз бағытқа көшеді де кетеді. Адами қасиеттері көп халық.
Облысымызда күріштен Социалистік Еңбек Ері атағын алғандардың үштен бірі осы ағайындардан. Цай Ден Хак сияқты ірі тұлғалар аз болған жоқ. Олар Ким Ман Сам, Хан Леонтий, Ким Яков Яковлевич. Жалпы кәрістерден басқа қай халықтан болмасын, алатын өнегеміз баршылық. Жақсысынан үйреніп, жаманнан жиренуіміз керек.
Өз ұлтымыздың жақсы жақтарын жетілдіріп, жаман жақтарынан арылтып, басқа халықтардың жақсы қасиеттерімен суарып отырсақ, бүкіл адамзаттық өркениеттен сусындатып отырсақ, қандай ғанибет болар еді!
Сейілбек ШАУХАМАНҰЛЫ,
қоғам және мемлекет қайраткері.