« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Асылы, әдебиетті жақсы білу үшін, нақтырақ айтсақ, әдебиет теориясы туралы толғаулы һәм тұрлаулы пікір айта алу үшін ақын не жазушы болып яғни суреткер болмыспен дүниеге келу керек сияқты көрінеді. Ұлы Зекең, академик З.Қабдолов дәл осындай жан, суреткер ғалым болатын. Зекеңнің ғылыми еңбектерінің өзі өлеңдей өріліп, оқыған сайын тереңіне тартып, төгіліп тұратын. Әдебиет пен өнер теориясы, шығармашылық психологиясы, суреткер тұлғасы мен бітім болмысы, т.б. туралы Зекең айтқан ой-пікірлер өзінің сыршыл да шыншылдығымен, тамыршыдай тап басып, тауып айтқан дәлдігімен, өлеңдей оқылатын нәзік дірілімен адамды терең баурайтын.
Қайран Зекең әдебиет теориясының толғақты тұстарын тілге тиек етер алдында әулие Аристотельден бастап, оның еңбектеріне жасаған әл-Фарабидің түсіндірмелерін бір көш әңгімелегеннен кейін, әл-Фарабидің әдебиет теориясына арналған еңбектеріне кеңірек тоқталатын. Зекең бұл тұстарда Шығыс халықтары әдебиетінің түп-тамырын, тарихи дәстүрлерін терең білетіндігімен таңғалдыратын. Ол тіпті әл-Фарабимен ой таластыра отырып, Шығыс халықтары әдебиетінен қазақ әдебиетінің тарихи, теориялық мәселелерінің бәрібір бөлек, ерекше екенін айтып, қазақ әдебиетінің түп негізінің түрік тұқымдас халықтар әдебиетімен тамырлас екеніне ерекше мән беретін, осы бағытта теориялық тұрғыдан бұл тамырластық, туыстықтың сыр-сипатына қатысты орамды ойларын көсіліп айтатын.
Аристотель мен Фарабиден кейін ұлы ұстаз Гегель философиясына, оның әдебиетке қатысты еңбектеріне талдау жасайтын. Әсіресе, «Эстетикасына» тереңірек тоқталып, оны әдебиет теориясының тарихындағы ұлы еңбек деп ерекше бағалайтын. Академик З.Қабдолов орыстың ұлы сыншысы В.Г.Белинский еңбектеріне тоқталғанда, құдды құрдасымен әңгімелесіп отырғандай, «осы орысың көп нәрсе біледі, әй» деп қойып, әдебиеттің тегі мен түрі туралы толғақты ойларын ағыза жөнелетін. Әдебиет теориясы мен эстетиканың тарихындағы ұлы аруақтарды осылай түгендеп алған ұлы ұстаз лекция тақырыбына байланысты өз толғамдарын айтуға ауысқан тұста ауыздығымен алысқан арғымақтай ой ағындарын бірінен соң бірін төгіп-төгіп жіберіп, кең көсілетін. Тыңдаушыларды байлап-матап тастайтын бұндай терең ойлар әдебиет туралы ұғым-түсініктерімізді байытып, тереңдетіп жіберетін. Өзінің байсалды, әсем қоңыр даусымен, анда-санда бір жөткірініп алып оқитын Зекеңнің лекцияларын тыңдап отырып Тәттімбеттің шертпе күйлерін тыңдап отырғандай тәп-тәтті күй кешетін едік.
Біздіңше, Зекең айтқан әдебиет пен өнер һақындағы ой-пікірлер теориялық тұрғыдағы толғаулылығымен қатар практикалық жағынан өте тұрлаулы болды, өзі айтқандай, нақты әрі затты еді. Зекең қазақ әдебиетін, оның эпос, лирика, драма секілді жанрларын жан-жақты меңгерген нағыз әдебиетші ғалым болғандықтан, айтқан ой-пікірлерінде өзінің оқумен, ізденумен келген білімін көп жылғы тәжірибемен шебер ұштастырып, өзі жатқа білетін поэзияның жарқын үлгілерімен, прозалық, драмалық шығармалардағы нақты мысалдармен әдемі әдіптеп отыратын. Айтылған теориялық ойлардың практикалық тұрғыдан нық, нақты әрі затты түрде бекітіліп отыруы Зекеңді әдебиет теориясынан оқулық, ғылыми еңбектер жазған басқа ғалымдардан ерекшелеп тұратыны шындық. Әдебиет теориясының кез келген мәселесі туралы Зекең ереже айтудан гөрі, көбінесе ізденушінің, оқырманның өз пайымына, тұжырымдауына мүмкіншілік тудыратын, жүк артатын.
Орыстың ұлы сыншысы В.Г.Белинский лирикалық поэзияның классикалық анықтамасын жасады, оның таза субъективтілік сипатына баса назар аударды. Оның анықтауынша, қысқа көлемді лирикалық туындыда сюжет болмайды. Әрине, негізінен дұрыс айтылған бұл анықтамаға уақыттың озуымен, әдебиеттің дамуымен байланысты қосымша ойлар мен тұжырымдардың
қосылып, айтылып отыруы заңдылық. Мәселен, қазақ әдебиеттануында оқиғалы өлең термині ХХ ғасырдың бас кезінен бастап қолданыла бастаса, орыс әдебиетіндегі «сюжетті» өлеңдердің жазылу тарихы бұдан да ертерек. Сондықтан болар академик З.Қабдолов лирикалық поэзияда сюжет жоқ демейді, «лириканың сюжетке көп бара бермейтінін» ғана айтады.
«Қазақ Кеңес дәуіріндегі лирикалық поэзияның жанрлық спецификасы» деп аталатын кандидаттық диссертациямызды (Алматы, 1988) академик З.Қабдоловтың ғылыми жетекшілігімен қорғағанда, міне, біз осы оқиғалы өлеңдердің қазіргі қазақ әдебиетіндегі жағдайына, жанрлық сипатына, оның тарихи жолы мен теориялық ерекшеліктеріне әдеби-эстетикалық, ғылыми тұрғыдан біршама талдаулар жасадық, зерттеу жүргіздік. «Оқиғалы» өлеңдердің тарихын жазба кәсіби әдебиет тұрғысынан алып қарастырсақ, ол өзінің бастауын ұлы Абайдың екі өлеңінен алады. Олар: «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» мен «Асқа, тойға баратұғын» өлеңдері. «Оқиғалы» өлеңдердің бұдан кейінгі тарихы ХХ ғ. бас кезіндегі әдебиет, Кеңес дәуіріндегі әдебиет, қазіргі әдебиет болып жалғаса береді.
Оқиғалы өлеңдерге тән жанрлық сипат жөнінде айтар болсақ, біріншіден бұндай өлеңдердегі оқиға – оқиғаның өзі емес, ізі, сілемі, ойға от тастау үшін алынғандай оқиғаның элементі. Мысалға, қазіргі қазақ поэзиясынан М.Шахановтың «Ғайша», «Құз басындағы оқиғасы» сияқты өлеңдерін алуға болады және бұндай шығармалар әдебиетімізде аз емес. Бұларда оқиғаның ізі, сілемі болатындықтан оған араласатын объективті, ақыннан тыс, өмірде бар не болған кейіпкерлер болады. Бұндай кейіпкерлердің бітім-болмысында субъективтілік сипатпен бірге объективтілік сипаттың да болатыны түсінікті. «Оқиғалы» өлеңдердің айталық, шағын көлемді поэмалардан ерекшелігі бұндай өлеңдердің жанрлық сипатын өлең ішіндегі оқиға не оның нәтижесі емес, оқиға элементтерінен туындайтын сезім, лирикалық түйсік белгілейді. Қазіргі поэзиямызда саны жағынан өте көп, сапасы, идеялық мазмұны, көркемдігі жағынан да қамшы салдырмайтындай үлгілері бар бұндай өлеңдер арқылы лирикалық поэзияда сюжет болмайды деген ұғымның уақыттың ілгерілеуімен бірге өзіне жаңа, қосымша, үстеме ойлар қажетсінетіні біздің диссертациямызда біршама дәлелденген еді.
Жоғарыдағы айтылған тақырыппен диссертация жазуды бастағанымызда академик З.Қабдолов Г.Н.Поспеловтің «Лирикасын» басшылыққа алып отыр деген болатын. Өткен ғасырдың 70-жылдарының аяғына таман әдебиеттану мен өнертануда нәтижелі қолданыла бастаған салыстырмалы - тарихи типологиялық әдістің негізінде, бүкіл әлемдік әдебиеттанудың озық тәжірибелеріне сүйене отырып, профессор Г.Н.Поспелов өзінің «Лирикасында» қазіргі орыс лирикалық поэзиясын бес түрге бөліп қарастырады.
Олар: 1) описательная
2) описательно-изобразительная
3) медитативная
4) персонажная
5) повествовательная
Көріп отырғанымыздай, Г.Н.Поспелов те повествовательная деп, қазіргі поэзиядағы оқиғалы өлеңдерді атап отыр.
Біздің де осы ізбен қазақ лирикалық поэзиясын арнау, толғау, баяндау деп үш топқа бөліп қарастырған талабымызға ұлы ұстаз аз-кем өз пікірлерін айтып қосқанымен, негізінен қарсы болмаған еді, қазақ өлеңінің жанрлық сипатын салыстырмалы-тарихи типологиялық әдістің негізінде профессор Г.Н.Поспеловтің ізімен қорғамақ ниетімізге оң қабақ танытқан. Жалпы Зекең ғылыми-зерттеушілік, жетекшілік жұмыста да өзінің даладай дархан табиғатынан алыстамай, тәптіштемейтін, шұқыламайтын, ұсақтамайтын, керісінше ізденушіні қанаттандырып, дәл осы тақырыпты өзіңнен артық кім біледі дейсің, қамшыны баса бер дегендей, көңіліңді көтеріп тастайтын, зерттеуге ынталандыра түсетін, шабыттандыратын.
Бұдан шығатын қорытынды әдебиеттің ең бір нәзік тұсын, құпиясын Зекеңдей білетін адамның сирек екені және оның емеурінмен, елеусіз ғана айтқан әдебиет туралы аз сөзінің астарында үлкен ғылыми зерттеу еңбектер жазатындай сыр мен сипаттың болатыны. Бұған дәлел – менің зерттеулерім. Ұлы ұстазбен реті келіп тақырып төңірегінде әңгімелесе қалғанда ойланып-толғанып жүрген тұсыңды дөп басып, сол бір мәселені былай бағыттаған дұрыс болар деп, сенің қай шамада жүргеніңді білгісі келгендей жүзіңе ойлана қарап қалатын. Сұңғыла психолог ұстаз сенің жүзіңнің құбылыстарынан не айтқан сөзіңнен көп нәрсені аңғарар еді.
Бірде Зекең Қ.Аманжоловтың «Өлеңім өзіме тартқан» деген сөзінен тудырып, лирикалық поэзияның теориясындағы лирикалық кейіпкер ұғымының жай-жапсары жөнінде ұзағырақ әңгімелеп кетті. Лирикалық кейіпкер, лирикалық қаһарман, лирикалық бейне ұғымдарын ақын тұлғасымен байланыстырып, «ақынның өзі деуге» бола қояр ма екен деп ойланып жүргенімізде Зекеңнің осы айтқандарынан өзімізге керекті көп жайттарды біліп, санамызға сіңіріп алғанымызды қалай ұмытайық. Көп ұзатпай оқыған грузин зерттеушісі Беселияның «Кто ты, лирический герой» (Сухуми,1979) деген еңбегінде лирикалық кейіпкердің табиғатына бойлау үшін оның автобиографиялық және автопсихологиялық сипаттарын білу, меңгеру қажеттілігі айтылған екен. Кеңестік дәуірдегі одақтас республикалардың әдебиетін тұтастай алып, лирикалық кейіпкер ұғымын арнайы зерттеген Беселияның ойлары, пікірлері академик З.Қабдоловтың айтқандарымен тұп-тура дәл келіп, қабыса қалғанына қайран қалғаным күні кешегідей есімде. Бұл деректің өзі ұлы ұстаздың әдебиет теориясын терең білетінінің тағы бір дәлелі емес пе?
Әрине, ақын өмірбаяны лирикалық кейіпкер ұғымын айқындауда ерекше маңызға ие, бірақ өлеңде жазылған нәрсенің бәрін ақынның өмірбаянынан іздей алмайтынымыз да ақиқат қой. Өлеңде ақын өз өмірбаянын типтендіріп, өнерлік тұлғаға айналдырып жіберетіндіктен ендігі жерде лирикалық кейіпкер туралы әңгіме айтқанда өмірдің емес, өнердің заңдылықтарына сүйенуге тиіспіз.
Қазіргі әдебиет шындығы лирикалық кейіпкер ақынның өзі ғана болады дегенді кесіп-пішіп айтуға ойлануға тиістілігімізді ескертетіндей. Мәселен, Г.Н.Поспелов персонажная лирика тобында жеке адамдарға арналған өлеңдерді береді және бұндай өлеңдер орыс әдебиетінде ғана емес, барлық ұлттар әдебиетінде бар. Осы «персонаждар», яки өлеңдегі ақыннан тыс, өмірде бар, болған басқа адамдардың негізінде жасалған кейіпкерлер, бейнелер қалай ақынның өзі болады, бұндай кейіпкерлердің бойында таза
субъективтілік сипаттан гөрі, объективтілік сипат басымдау емес пе?! Мәселен, Ғ.Орманов «Бауыржанға» деген өлеңінде Б.Момышұлына мінездеме, сипаттама жасайды. Лирикалық поэзияның мүмкіншілігі аясында «бірде қатты, бірде жұмсақ» деген сияқты жолдармен батырдың бейнесін жасауға талпынады. Осы өлеңде Ғ.Орманов өзі туралы ештеңе айтпаса, сипаттама, мінездеме бәрі де тек Б.Момышұлы жайында болса және Б.Момышұлы өмірде бар, болған адам болса, оны қалай ақынның өзі деп қабылдаймыз. Сондай-ақ символдық бейнелер қатарында саналатын Қ.Мырзалиевтің шығармашылығындағы – дала, М.Мақатаев поэзиясындағы – тау, Т.Айбергенов шығармаларындағы теңізді қайда қоямыз. Лирикалық поэзияда ақыннан басқа да кейіпкерлердің, бейнелердің болатынын зерттеп-зерделеп дәлелдегенімізде Зекең берген бағыт-бағдармен жүрдік, өте бір нәзік сұңғылалықпен, байыпты білгірлікпен айтқан оның ақыл-кеңестері әрдайым алдымыздан шығып отырғанын қалай айтпайық.
Адамдық, ғалымдық тұлғасына таң қалумен ғана жүрген біз ұлы ұстаздың бітім-болмысында басқа пенделерде жоқ не сирек ұшырасатын қасиеттердің молдығына талай көзіміз жеткен. «Шәкіртім деп иелену үшін, алдымен олар сені ұстазым деп құрметтесін», - дейтін Зекең. Зекеңді бір көрген, одан жасы кіші жандардың барлығы оны ұстаз санап үлгеретіні қандай керемет. Ол шын мәнісінде көзінің тірісінде-ақ ұлт ұстазына айналып кеткен еді.
Пендешілік біткеннің бәрінен ада, сұлу жаратылыс иесі, тәні де жаны сұлу Зекеңнің сұлулық үшін, сұлулықты жырлау үшін туғандай көрінетіні күні кешегі көз алдымыздағы шындық болатын. Ұстаз ұлағаты бойынша «адамдардың бойынан жамандық іздеме, жылт еткен жақсылықты байқасаң, оны дамыт, оят, сонда өзің де, ол да үнемі жандарыңнан жақсылық жаратып жүруге тырысасыңдар» делінетін қанатты ойларды қағидаға айналдырып алып, Зекеңше жүріп-тұруға тырысу – ұлы ұстаздың шәкірттерінің бәрінің бойына өсиет болып еніп, қасиет болып қонған. Бір көргенде паң, тәкаппар кісі көрінетін қайран Зекеңнің ұлы гуманист, адамдарды мейлінше терең сүйетін үлкен жүректі адам болғанын шәкірттері біздер зор мақтаныш тұтамыз.
Жаратылысында нұрлы адамдар сирек те болса болады. Зекең нұрға малынып жүрсе, оның шәкірттері Зекеңнен шашылған шуаққа шомылып жүретін. Сыр елінің даңқты шайыры Тұрмағамбет «адамдық иісіңді жұрт аңсап тұрсын» деп жырлаған. Осы айтқандай, адамдық исін жұртқа аңсатып жүретін қазақтың Қабдоловы, менің ұлы ұстазым Зекеңнің өмірі мәңгілік екеніне әлдеқашан көзіміз жеткен.
Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ,
шәкірті,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
филология ғылымдарының докторы, профессор.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |