Білімді ұстаз, білікті маман

Еліміздің алдыңғы қатарлы білім ордасы, жетекші жоғарғы оқу орны, қарашаңырағымыз әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетімізден бүгінгі таңда еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жүрген ұстаздар, профессорлар, ғалымдар, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткерлері түлеп ұшты. Олар өз еңбектерімен қатарластарынан басым озып, қазіргі таңда үлкен жетістіктерге жетіп отыр.

Сондай түлектердің бірі - Қараманова Минсара Сәдуақасқызы, 80 жылдық тарихы бар Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік Университетінің доценті,тарих ғылымдарының кандидаты, «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі. Қазіргі таңда Қызылорда қаласында жоғарғы білім саласының қалыптасып, дамуына үлкен еңбек сіңіріп келеді. Болашақ ұстаз 1956 жылы тамыз айының 24 жұлдызында Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1973 жылы Қызылорда қаласындағы №198 орта мектепті тәмамдаған соң, арман қуып Алматы қаласына келеді. Мұнда 1973-1979 жылдар аралығында сол кезде С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің тарих факультетінде білім алған. 1980 жылдан бастап жоғары білім саласында қызмет атқарып келеді. 1986-1992 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінде тарих мамандығы негізінде аспирантураның күндізгі бөлімінде білімін жалғастырған. Ал 1992 жылы «Қазақстан әйелдерінің өндірістік және қоғамдық қызметі» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын қорғайды. Асисстенттен бастап аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі дәрежесіне дейін  көтерілген.

Минсара Сәдуақасқызының басшылығымен  тарих мамандығының оқу жоспарлары, оқу методикалық құралдары басылып шығарылды.Оқу процесінде жаңа инновациялық әдістер, методикалар қолданылуымен қатар тәрбиелік мәні жоғары іс-шаралар ұйымдастырылып, студенттердің бойына мемлекетшілдік, отан сүйгіштік, патриоттық, ұлттық тәрбие сіңіріп келеді. «Ы.Алтынсарин» атындағы және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» сынды төс белгілермен марапатталған. Еліміздің тарихындағы алатын орны ерекше, Сыр бойындағы Жанкент қаласына жүргізілген археологиялық зерттеулердің дайындалуына үлкен еңбек сіңірген. Осы зерттеулер негізінде дүниеге келген «Ежелгі қала – Жанкент» монографиясы да Қараманова Минсараның басшылығымен дайындалған болатын. Сонымен бірге «Сыр өңірі тарихы» монографиясының авторларының бірі болып табылады. Осы кезеңге дейін 50-ден астам ғылыми мақалалар мен оқу методикалық құралдары дайындалып, әртүрлі басылымдарда жарияланды және студенттер және магистранттардың күнделікті қолданылатын дереккөздеріне айналып келеді. Ол түрлі деңгейдегі ғылыми конференцияларға қатысып, тарих, қоғам туралы өзекті мәселелерді әрдайым көтеріп белсенділік танытып келеді. Студент жастарды оқыту мен тәрбиелеудегі табысты және белсенді жұмыстары үшін Қараманова Минсара Сәдуақасқызы университет  ректорының,  облыстық білім беру басқармасы басшысының грамоталарымен, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20-жылдығы мерейтойлық медалдарымен марапатталған.

Мінекей, киелі қарашаңырақ ҚазҰУ-дың осы іспеттес түлектері қаншама. «Әркімнің өзі шығар биігі бар» демекші әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің әрбір түлегі үлкен өмірде өз орындарын тауып, тек биіктерден көрінуде. Себебі, сапалы білім мен ұлттық тәрбие беруді көздеген білім ордасы үшін әрбір түлектің жарқын болашағы маңызды.

                            Мейрманова Г.А.т.ғ.к., доцент

                                                    Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың,

                                                    Тарих, археология және этнология

                                                    Факультетінің «Археология, этнология және музеология» кафедрасы меңгерушісінің

 ҒИ және ХБ жөніндегі орынбасары

ТАҒЫЛЫМ 28 қараша 2017 г. 1 332 0