АЛҒАШҚЫ АҒАРТУШЫ-ҒАЛЫМ

Ілияс Қабылов – ұлт мақтанышы. Олай айтуымызға толық негіз бар. Алдымен І.Қабыловтың өмірбаянына, қызметтеріне, ғылыми еңбектеріне тоқталып өтсек.  
Сыр бойының тумасы Ілияс Қабылов небәрі 33 жыл өмір сүрген. Осы азғантай уақыт ішінде артына өлшеусіз мұра қалдырған ол 1904 жылы Жалағаш ауданының «Мәдениет» ауылында кедей отбасында дүниеге келген. Ілиястың балалық шағы жоқшылықпен, ауыр бейнетпен өтеді. Шешесі Қырмызы Ілиястың 6 жасында ауыр науқастан қайтыс болады. Шамалы уақыттан кейін  әкесі Жүсіп те оба ауруынан көз жұмады. Бұл аз дегендей, осы ауыр қазалардың үстіне ауыр бейнеттің салдарынан Ілияс аяғын сындырып алады. Ақырында бір аяғын кестіруге тура келеді. Осы кезде Ілияс он үш жаста болатын. Ауруынан айыққаннан кейін ағасы Ілиясты Ташкенттегі еңбек колониясына жұмысқа орналастырады. Мұнда 1922 жылға дейін тәрбиеленіп, орталау мектепті осында бітіреді.
1922 жылы ол Ілияс Мәскеуде Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде, Қызыл профессура институтында оқыған. Кейін осы университетте философиядан сабақ берген. Мәскеудегі оқуын бітіргесін Ташкенттегі В.Ленин атындағы Ортаазиялық коммунистік университетінде 1925-1928 жылдары маркстік-лениндік философиядан дәріс оқыған.
1928 жылы ол Қазақ¬станға шақ¬рылып, өлке¬лік партия комитетінің баспасөз секторының меңгерушісі қызметін атқарады. Біршама уа¬қыттан кейін Қазақ АССР халық ағарту комиссариатының ғылыми-методикалық кеңесінің төрағасы болды. Ал 1929 жылы жаңа әліпбиге көшу кезінде қазақ¬тың ірі-ірі оқы¬мыстыларының басын қосып, оның жетекшілерінің бірі болған. 1930-1931 жылдары І.Қабылов Мәскеудегі коммунистік университет пен архитектура институтының философия кафедрасын басқарып, философиядан дәріс оқыған. 1933-1937 жылдар аралығында партиялық «Большевик Қазақстан» журналының редколлегия мүшесі, редакторы қызметтерін де атқарған.
Қоғам және мемлекет қайраткері көбіне тіл, діл, дін, әдебиет, кино өнері, оқу-ағарту саласы, мектептер мен жоғары және орта арнаулы оқу орындары жайлы ғылыми мақалалар жазған, сыни мақалаларын 1924-1925 жылдары «Большевик Қазақстан» газетіне жариялап отырған. Әсіресе, Абайдың шығармаларына қатты мән берген. Алғашқылардың бірі болып Абай шығармалары туралы «Абайдың әдеби мұрасы», «Абай және оның дәуірі», «Абайдың философиясы», «Абайдың әдісі», «Абайдың қоғам туралы ілімі» еңбектері жарық көрген.
Осындай аз уақыттың ішінде көп жұмыс жасап үлгерген ол тек қоғам және мемлекет қайраткері емес, сонымен бірге ұстаз, әдебиет сыншысы, публицист, әрі қазақтан шыққан алғашқы философ ғалым деп айтуға толық негіз бар.
І.Қабылов қазақтың зиялылары Б.Майлин және С.Сейфуллинмен қатарласа жүріп, сол кездегі қазақ еліндегі іргелі оқиғалар мен мәдени, әдеби өмірге белсене араласқан, Темірбек Жүргеновпен бірлесіп, қазақ еліндегі мектеп ашу ісіне барынша атсалысқанын барша жұрт біле бермейді. 1964 жылы орыс тарихшысы П.Тибекин «Сәулетті болашақ үшін күрескендер» атты сериямен «Ильяс Кабулов» деген атпен І.Қабыловқа арнап ең алғаш рет кітап шығарған. Сонда оның тұлғалық келбетін нақты деректерге сүйене отырып  ашып айтқан.
Т.Жүргенов пен І.Қабылов – Сыр елінің тумалары. Қазақ мемлекетінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан қоғам қайраткерлері. Қос алып тұлғаның өмір жолдары да ұқсас. Екеуі де – бір жердің тумалары, туған жерлері – Т.Жүргенов  Жалағаштың «Жаңаталап» кеңшарынан болса, І.Қабылов «Мәдениет» кеңшарынан.
Екі алып арасында қандай ұқсастық бар десеңізші... Меніңше үлкен ұқсастық екеуінің арасында ағаның ініге деген қамқорлығы, інінің ағаға деген ізеттілігі, сыйластығы жатқан сияқты. Сонымен бірге қызмет жасаған орталары, рухани жағынан екеуінің тең түсіп жатуы, әдебиет пен өнерге деген көзқарастары, Қазақстанда мектеп ашу ісіне де ең алғашқылардың бірі болып атсалысуы,  қазақ ұлтына деген сүйіспеншілігі, осындай өздерін аямай жанқиярлықпен жұмысқа шын берілуі, т.б. атар едім.
Қазақтың біртуар азаматы Т.Жүргеновке деген құрмет толассыз. Оның бірден-бір айғағы – Алматы қаласында Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының  ашылуы. І.Қабыловтың ұлт үшін жасаған еңбегі елеусіз қалған жоқ. Қызылорда қаласындағы №12 орта мектепке 1983 жылы І.Қабыловтың есімі берілді.  
1985 жылы өзінің туып-өскен жері Жалағаш ауданындағы №32 мектепте қайраткердің есімі берілді. Қазір бұл екі мектепте білім көрсеткіші, қоғамдық өмірге белсене араласулары жағынан көш басында келе жатыр деп айтуға толық негіз бар. Қорыта айтқанда, І.Қабыловтың қазақ руханиятына жасаған еңбектері ұшан-теңіз.

Күнімжан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА,
ҚМУ-дың ғылыми қызметкері.
ТАҒЫЛЫМ 28 қараша 2017 г. 1 038 0