ҚАЙРАН, РЫСБЕК

ҚАЙРАН, РЫСБЕКОсыдан төрт-бес жыл бұрын жұмыс орныма Рысбек Әшімов кіріп келді. Амандық-саулық сұрасып жатырмыз. Сәлден соң Рысбек: – Төлеп, Аралдан әдейі сені іздеп келе жатырмын, бір шаруам бар еді, – деді.
– Иә, аға, құлағым сенде.
– Бір-екі жылдың көлемі болды, – деп бастады әңгімесін Рысбек, – қант диабеті дегенге шалдықтым. Бұл бәлеге диета, күтім қажет екен, ауылда қандай диета, қандай күтім болмақ. Ай санап әлсіреп бара жатқанымды өзім ғана сеземін, қанша уақытым қалды дейсің? – деп бір тоқтады.
– Оу, аға не болды? Көзіңе әзірейіл көрінді ме? Әлде құлағыңа сыбырлап жүр ме? Жұрт осы «сахармен» де жетпістен асып, сексенге жығылып жүр ғой. Ердің жасы елуден енді ғана асқан жоқсың ба? – деп әңгімені әзілге бұрғым келді.
– Тоқтай тұр, Төлеп. Мынау менің көрген бір «қызығым» еді деп қалтасынан 1999 жылы шыққан «Кәнеки, тілім, сөйлеші» үнтаспасын шығарды. – Сыр бойының ән-күйін, мақам-сазын нотаға түсіріп жүрген сен ғана ғой. Көзім тіріде көріп кетейін, маған осыны нота жазбасына  түсіріп берші, ақыңды жемеспін, – деді.
– Түу, аға-ай, қайдағы-жайдағыны айтатының не? «Көзімнің тірісінде», «Ақыңды жемеспін» деген не әңгіме? Бір ай уақыт бер, құдай қаласа нотаға түсіріп  дайындап қоямын, – дедім.
Екі айдан кейін Қызылордаға концертпен келген Рысбек маған соғып, дайын болған нотаны алды.
– Аға, бұны не істемексің?
– Демеуші табылса кітап етіп шығарсам деймін, тым болмаса балаларыма естелік болып қалар.
– Жарайды, аға, Алла тілеуіңді берсін. Біз осылай деп қоштастық.
Араға бір жарым жыл салып Аралда қайта кездестік. Жаңақорғаннан Аралға дейін халық музыкасын жинауға ҚР еңбегі сіңген қайраткерлері Рамазан Тайманов, Ерболат Мұстафаев және осы жолдардың авторы бар, үшеуміз Рысбек Әшімовтің үйіне түстік. Рамазанмен баяғыдан сыйластығы бар Рысбек бір-бірін әзілмен түйреп жатыр. Қазан көтергелі жатқан Рысбектің әйелін тоқтатып Рамазан: «Айналайын, Жаңақорғаннан бері ет жеп келе жатырмыз, бізге бір әдемілеп балық қуырып берсең риза болар едік», – деді.
Қоңырқай ғана тіршілік кешіп жатқан Рысбектен кітабы туралы сұрағанымда ол демеуші табылмай жатқанын күрсіне жеткізген еді. Бұл біздің соңғы жүздесуіміз екен...
Желтоқсан айының соңғы күндерінің бірі еді. 
«Рысбек Әшімов қайтыс болды» деген суық хабар селт еткізді.
Әттеген-ай... 1986 жылы Токио университетінің профессоры, дүние жүзі өнерін зерттеуші ғалым Минору Марито КСРО халықтарының өнері және өнерпаздары атты алтын дискінің біреуіне Рысбектің дауысын жаздырған. Москва, Ленинград, Киевте халықаралық конференцияларда, 1993 жылы Санкт-Петербургте, 1994 жылы Якутияда, 1996 жылы Алматыда өткен халықаралық фестивальдарда жүлделі орын иеленген, 1997 жылы ЮНЕСКО-ның алтын медалімен марапатталған, 2002 жылы Вашингтонда өткен Смитсон халықаралық фольклорлық фестивальдарында жүлдегер атанып жүрген, ҚР еңбегі сіңген қайраткер Эльмира Жаңабергенова, Гүлнәр Суханберлиева сынды бірнеше шәкірт тәрбиелеген Рысбек Әшімов өз елінде, туған топырағында ешқандай марапатқа ие болмай-ақ өмірден озды. 
Ұзаған жылдың соңында А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйіне Арал ауданы өнерпаздарының концерті өтті. Концерт жақсы өтті, бірақ сенің орның ерекше үңірейіп тұрды, Рысбек...
Осы концертте Сырдың баспагер азаматы, өнер жанашырларының біріне кездесіп, сенің кітабың туралы айтып едім, «Ағамыздың аруағы риза болсын, кітабын мен шығарып берейін» деп уәде етті. Амандық болса, балаларыңа кітабыңды табыстармын. 

Төлепберген ТОҚЖАНОВ,
өнертанушы.
ТАҒЫЛЫМ 15 ақпан 2014 г. 1 610 0