ҰШҚАН ҰЯДАҒЫ КЕЗДЕСУ

Қызылордадағы М.Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейде Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Бақытбек Алпысбаевтың оқушылармен кездесуі өтті.
Б.Алпысбаев қазіргі №15 мектеп-лицейдің түп негізі – Гагарин атындағы №1 мектеп-интернатының түлегі. Мектеп бітірген соң Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының студиясын бітірген. Сол жылдан бастап Қызылорда театрында артист қызметін атқарып келеді. Театр сахнасында «Шие бағындағы» – Лопахин, «Қозы Көрпеш Баян сұлуындағы» – Қарабай, «Исатайдың барындадағы» Шадыр сияқты жүздеген рөлдері көрермен көңіліне қонған. «Үздік актер», республикалық театр фестивальдарының жүлдегері, облыс әкімінің стипендиаты болды.
Актер осы мектепке өткен балалық шағы туралы естеліктер айтты.
– 8-сыныпқа өткенімізде Қырғызбай ұстазымыз өзі режиссер болып, оқушыларды тартып, авторлық пьесалар қоюға көшті. Интернатта өте белсенді едім. Концерт, кештерді жүргіземін. Өлең де оқимын. Қабілетім мен икемім барын байқап, ағай пьесаларды сахналау үшін мені де таңдап алды. Міне, сөйтіп, мамандығымды 8 сыныпта-ақ анықтап қойдым, – деді.
Кездесуде өнер әлемінің қыр-сырына қаныққысы келген өскелең ұрпақтың қызығушылығынан туындаған сауалдар көп болды. Кездесу қонағы сахналық қойылымдардың өміршеңдігі, кейіпкердің мінезін ашудағы шеберлік туралы ойларымен бөлісті. Оқушылардың «Жаныңызға жақын роліңіз қайсы?» деген сауалына:
– Актер үшін барлық рольдері туған баласы сияқты аяулы. Әйтсе де «Еңлік-Кебектегі» – Жапал, «Біз үшеу едіктегі» – Мұрат, «Күшігінен таланғандағы» – Ақсақ Темір, «Жан пидадағы» – Авдий Калистратовтың рольдері етене жақын, – деп жауап берді.
Актердің өмірлік жары Кәмила да осы театрдың актрисасы. Сахналық қойылымдарда бірге ойнап, өмір өткелектерінен қол ұстасып бірге өтіп келеді. Бүгінгі кездесуге жарымен бірге келген Кәмила Әбжанова өнер жолының бұралаңы мен соқпағы, қызығы мен қиындығы туралы жас шәкірттерге айтып берді.
Кеш соңында мектеп-лицей директоры К.Серекеева құрметті қонақтарға сый-сияпат ұсынып, тағылымы мол кездесу үшін алғысын жеткізді.

М.МЕРЕЙ.
ТАҒЫЛЫМ 23 қараша 2017 г. 657 0