«Нұр Отан» партиясы Жалағаш аудандық филиалы және «Жас Отан» Жастар қанаты ұйымының аудандық бөлімшесінің ұйымдастыруымен «Тау тұлға Тұрмағамбет жыры – мәңгілік елдің төрінде!» тақырыбында аудандық көркем сөз оқу шеберлерінің сайысы өтті. Онда Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінің студенттері және аудан мектептерінің 8-11 сынып оқушылары Сыр сүлейі, шайыр Тұрмағанбет Ізтілеуұлының өлеңдерін мәнерлеп оқудан бақ сынады.
Жарысқа Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Т.Мәдиев, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Жалағаш аудандық филиалының төрайымы Д.Мирман, ҚР мәдениет қайраткері, белгілі жырау Б.Саймағанбетов, Ш.Ермағанбетова атындағы №246 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Г.Бекмолдаева, «Жалағаш жаршысы» газетінің жауапты хатшысы Қ.Ахетовтер қазылық жасады.
Шараны «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының орынбасары Қ.Мұстафаева ашып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» мақаласы аясын да өткізіліп отырған сайыстың мақсаты қазақ әдебиетіне жаңаша шығыстық леп алып келген ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлының тұлғасын, өнегелі өмірі мен шығармаларын ұрпаққа насихаттау арқылы көркем әдебиетті жандандыру, халық арасынан талапты, талантты жастарды іздеп тауып, олардың ұлттық рухын оятып, отансүйгіштікке тәрбиелеу екенін айтып өтті. Ережеге сәйкес бақ сынаған 24 талапкер бірінші ақын жырларын (2 өлеңнен) жатқа оқыды, екінші сол шығарманың мәнін ашып түсіндірді. Үшіншіден Тұрмағанбет Ізтілеуұлының өмірбаяны мен басынан өткен түрлі оқиғаларын айтты. Шара барысында Тұрмағамбет Ізтілеуұлының мұраларын насихаттап, жас жырауларға ұстаз болып жүрген, жеті атасынан жыраулық дәстүрді жалғаушы жыр дүлдүлі Бидас Рүстембекұлы Тұрмағанбет ақынның жауһар жырлары халқымыз үшін қымбат қазына екенін және ол кейінгі ұрпақ тәрбиесіне қалтқысыз қызмет жасай беретінін жеткізіп, ұлыларын ұлықтап жатқан Жалағаш жұртшылығына экран арқылы ыстық лебізін білдірді.
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, жырау Б.Саймағанбетов кешегі кеңестік дәуірдің қыспағын көп көріп, халық жауы деген жазықсыз жаланың құрбаны болған Тұрмағамбет Ізтілеуұлының артында қалған мол мұрасы қазірде халықтың қастерлі қазынасына айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жаңғырып жете беретініне сенім білдірді.
Сайыс қорытындысы бойынша І орынды №118 орта мектептің 9-шы сынып оқушысы Нұрадин Аружан жеңіп алды. Ал, ІІ орын №32 мектеп-лицейінің 8-ші сынып оқушысы Әлімбек Қаласарға бұйырды. Жүлделі ІІІ орынды №123 мектеп-лицейінің 9-шы сынып оқушысы Сансызбай Гаухар мен №124 орта мектептің 10-шы сынып оқушысы Серікбай Айзат өзара бөлісті.
Жеңімпаздар аудандық партия филиалының дипломы мен және арнайы сыйлықтарымен марапатталды. Сондай-ақ, «Өнерлі өрен» номинациясымен №117 орта мектептің 9-шы сынып оқушысы Төрехан Аяулым, «Жыр-дастан жанашыры» номинациясымен №119 орта мектептің 8-ші сынып оқушысы Дәуітбай Инабат, «Көрермендер көзайымы» номинациясымен №203 орта мектептің 9-шы сынып оқушысы Мәжит Нұртуған, «Талантты оқушы» номинациясымен №246 орта мектеп 9-шы сынып оқушысы Бақтиярова Ақниет марапатталды. Сондай-ақ, барлық қатысушыларға «Алғыс хат» тапсырылды.
Айта кетейік, тағылымды шараға руханият жанашырлары, жеке кәсіпкерлер Аманжол Қауымбаев пен Самат Сарбасовтар қаржылай демеушілік жасады.
Қ.АДИС.