Кешегі мен бүгінгіні салыстыра алмайсыз. Өмір өріміне қарай оның әуені де өзгереді. Бұрынғы көп құндылықтарыңыз арзанға айналып, кешегі ескермей жүрген кей нәрселер қол жетпеске айналғандай. Осы күні әңгіме соңы айналып келіп, ақшаға тірелсе, таңданбайтын болдық. Бой үйренді, нарық заңы солай дейміз. Иә, «есепті дос айырылмас» деп алып, теңгені төңіректеп кейде қарапайым адамшылықты да ұмытып кетіп жатамыз. Бәрінен де осынысы қиын. Алайда, дүниені таба білуімен қатар жомарттық танытып жататын қайырымды жандар да арамызда кезігіп жатады.
Солардың бірі – Дәулет Жұмбеков есімді ініміз. Ауылда өскен қарапайым ғана жігіт. Кешегі кеңестік шаруашылықтың қатардағы механизаторы. Талапты жанның талабы тасқа қашалмаса, қадамы биікке өрлейді деңіз, бұл күндері Дәулетіміз Шиелі ауданындағы белгілі азаматтың бірі. Осындағы ірі шаруашылық төрағасы. Сырттан келген қадірлі қонақтар да Дәулетті сұрастыра бастайды. Бәрі де адал бейнеті мен қыдыр қараған пейілінің арқасы шығар.
Әуелгіде тек өз шаруасымен шұғылданып жүрген жігітті ауылдастары іріленген шаруашылықтың тізгінін ұстауға ұсыныс жасады. Әрине, көп тілегін жерге тастай алмады, келісімін берді. Шаруашылықты бұрын басқарған Асқар Жұмаділ орынбасары ретінде ақыл-кеңесін беруден тартынбады. Міне, түсіністік нәтижесі және қарамағындағылардың сенімі арқасында жұмыстары да дөңгеленіп жүре берді. Дархан даладай пейілі бар Дәулет өз қаржысынан каналдарды тазартуды уақытылы бастап, қазіргі заманға лайық техникаларды да алдырды. Егіншіліктің жаңа технологиясын жетілдіріп, жаңаша жұмыс жалғастырды. Бұл орайда білікті агроном, гидротехник Сәрсенбай Көбегеновтің де еңбегі сіңді. Сонымен «Ақмая» шаруа қожалығы егіншілік саласында үздік нәтиже көрсетіп, 800 гектар күріштіктен орташа 70 центнерден өнім алды. Бәрінен де ауылдағы 100-ге тарта отбасының ауыл шаруашылығымен айналысып, адал нәпақа тауып келе жатқандығын айтсаңызшы! Бәрекелді!
Дәулет Жұмбеков, жоғарыда айтқанымыздай, мәрт те, бір сөзді, көпке қайырымы бар жан. Ауылдастарына жасаған жекелеген көмегінен басқа биылғы жазда өз қаржысынан 70 млн теңге шығарып, ауыл ортасынан жаңа типтегі спорт кешенін салып бітірді. Онда спорттың оншақты түрімен шұғылдануға болатын зал мен қажетті тренажерлық жабдықтар қойылған.
Арнайы ерлер және қыздарға арналған гардероб, жуынатын бөлмелері бар. Мұндағы бір ерекшелік, ауыл жастарын үйрететін білікті мамандарды осы ауылға шақыруға да жанды жұмыстар жүргізілуде. «Алла нәсіп етсе, ел намысын қорғайтын майталман спортшыларды Ақмаядан шығарсақ», деп армандайды ел ағасы. Айтпақшы, біздің жомарт кейіпкеріміз, ауыл тұрғындарына қызмет көрсететін әмбебап дүкенді де жаңаша кейіпке енгізіп, жөндеу жұмыстарын жасап берген-ді. Оның да рахатын ауылдастары көріп келеді.
Міне, көпке шарапатым тисін деген көпшіл жігіттің адамшылық ісі. Елдің әлеуеті көтерілуі мен дамуы осындай азаматтардың ерен еңбегімен, адал пейілімен өркенін жаяды.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.