Мына жалғанда өмірін еңбекке арнайтын, сол арқылы көптің құрметіне бөленетін жандар болады. Ондай адамдар жұртқа үлгі боларлық ісімен дараланып тұрады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Данияр Сұлтанбеков бақытын еңбектен тапқан жан.
Арал ауданының Қаратерең ауылында туып-өскен Данияр аға төрт жасқа толғанда әкесі мұз ойылып, суға кетеді. Сөйтіп, жетімдіктің тауқыметін тарта жүріп ағасы Төлеген екеуі еңбекке ерте араласты. Өмірлік жарынан 37 жасында айырылған анасы Айшагүл балаларына барынша қамқорлық танытып өсірді. Ол кісі келін түсіріп, немере сүйіп, 85 жасқа келіп, бақилық болды.
Данияр Сұлтанбеков орта мектепті бітірген соң балық тресінде жұмыс жасап, әскер қатарында азаматтық борышын өтеп келді. Сонан кейін политехникумды бітіріп, Жалағаш ауданындағы Аққұм совхозында учаске шебері болып, құрылысшылық жолын бастады.
Еңбекке шындап араласқан жас Данияр өндірістік-техникалық бөлім бастығы, Қызылорда үй комбинатының аға шебері, облыстық атқару комитетінде сараптау тобының жетекшісі болып, сатылап өсу жолынан өтті. Осы кезеңде Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген Данияр аға облыстық күрделі құрылыс бөлімінің техникалық бақылау тобын басқарды.
Өмір өзен сияқты екпінмен аға берді. Облыстық күрделі құрылыс басқармасы бастығының орынбасары қызметін 1993-1998 жылдары атқарған Д.Сұлтанбекұлы жаңа құрылымға басшы болып тағайындалды. Алайда, алдында үлкен сын тұрды. Ол тұралап қалған мекемені көтеру керек еді. Бұл кездері бюджеттен құрылысқа қаржы бөлу деген тоқтатылған болатын. Алдағы уақытта не істеу қажеттігін тыңғылықты ойланған ол жан-жақты жұмыс жасауға бел буды. Нарық қыспақтан алған заманда жатпай-тұрмай еңбектеніп, ізденгендер ғана мұратқа жететінін ұғынды. Осылайша, ұжымдағы 20-ға жуық инженерді қайта мамандандырып, есік-терезе жасайтын цех ашты. Сондай-ақ, 10 гектар жер алып, дәнді дақылдар егуді де қолға алды. Бірте-бірте тіршілігі тұралаған мекеменің жұмысы жандана түсті.
Атқарылған тірліктің барлығын санамалап шықпасақ та бірлі-жарымына тоқталғанды жөн көрдік. Мәселен, 2015 жылы 300 млн теңгенің жоба құжаттары жасалса, өткен жылы Жалағаш, Арал аудандарындағы 150 орындық орталық аурухана, «Сәулет», «Арай» шағын аудандарындағы және Жаппасбай батыр көшесіндегі көппәтерлі тұрғын үйлер мен 280 орындық балабақшаның жобалық құжаттары дайындалды. Қазір Сырдария өзенінің сол жағалауы алып құрылыс алаңына айналғаны белгілі. Бұл аумақта 11 шағын ауданның жоба-сметалық құжаттарын жасаған да Данияр аға басқаратын «ҚызылордаЖобаҚұрылыс» мекемесі екенін айтып өткен жөн.
Бұл кісі жайлы бірге жұмыс жасайтын әріптестері де, қарамағындағы қызметкерлері де, замандастары да жақсы пікірде. «Нұрай» ЖШС директоры С.Алшынбаев «Дахаң өнегелі өмір жолымен азаматтардың жан дүниесін сәулелендіріп келе жатқан жайсаң аға» десе, «Дәнекер» құрылыс компаниясының директоры Ә.Жансақалов «Дахаңның адамгершілігіне, ініге деген қамқорлығы және өз саласы бойынша білгір маман екеніне көз жеткіздім» дейді.
Данияр Сұлтанбекұлы өмірлік жары Гүлзада апайымыз екеуі үш ұл тәрбиелеп өсірді. Үлкені – Жақсылық жеке кәсіпкер. Ортаншы ұлы –Аңсат қалалық сотта судья болса, кенже ұлы – Талғат мұнай саласының инженері. Келіндері – Нұргүл, Гүлмира, Салтанат «ҚызылордаЖобаҚұрылыс» ЖШС-да қызмет жасайды.
Шаңырағын шаттыққа бөлеген жандар үш ұлдан 11 немере сүйіп отырған бақытты ата мен әже. Немеренің үлкені – Таңшолпан бүгінде студент, Аружан Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды. Ал, Асылжан, Әдемі, Бексұлтан, Бейбарыс, Гүлім, Медина мектеп оқушылары. Бекарыс, Ақарыс, Жанарыс балабақша бүлдіршіндері.
Өмірін өнегемен өрген Данияр ағамыз бүгінде жетпіс жасқа толып отыр. Жасаған еңбегіне орай «Қазақстанның құрметті құрылысшысы», «Қазақстанның даңқты құрылысшысы», «Қазақстанның еңбек ардагері», «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы», «Құрылысқа қосқан үлесі үшін еуропалық гранпри лауреаты» атақтарының иегері болды.
Жетпіс жасты еңсерген Данияр Сұлтанбекұлы елдің ықыласына бөленген, құрметін иеленген жан.
Ж.ЖАНТӨРЕЕВА.