Туған жерге өнердің туын тіккен азамат

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Алаштың анасына» балаған Сыр өңірі - ежелден мәдениет пен өнердің, ғылым мен білімнің ордасы, құт дарыған киелі мекен.

«Тұз басса да өңірін, көз-қырын салған Тәңірім» -деп Мұрат Сыдықұлының өзі жыр-қаймағы бұзылмаған, ежелгі салт-дәстүрді берік ұстанған киелі мекен. Нұртуған шайыр мен төкпе күйдің төресі Қазанғаптың, сүлей сөздің зергері Әбдіжәміл Нұрпейісов пен дауылпаз ақын Зейнолла Шүкіров бастаған әдебиет пен өнер майталмандарының кіндік қаны тамған жер.

Осындай дүлдүлдердің асыл қазыналарынан сусындап өскен, өнерін заманның талабына сай түрлендіріп, рухани әлемді байыта білген Мұрат Сыдықовтың өнердегі өресі биік дарынды тұлға екендігі даусыз.

Иә, міне осындай өзін де, өмірін де өнерге арнаған, тұла бойы өнерге тұнып тұрған, Алланың қолдауымен Арал халқына еліне аянбай, қажымай-талмай елу жылдың үстінде өз өнерін паш етіп келе жатқан ардақты азаматымыз-Мұрат Сыдықұлы.

Сондай тағылымды тұлғалардың бірі, айдынды арман Аралдың төл перзенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі, Арал ауданының құрметті азаматы-Аманбайтегі Мұрат Сыдықұлы Сыдықов. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның түлегі - Мұрағаң кешегі Ақтөбе, Арал, Қызылорда аймақтарын дүбірлетіп өткен төкпе күйдің төресі-Тілепбергенұлы Қазанғап пен жауһар жырдың бұлағы-Кенжеғұлұлы Нұртуған шайырдың ізбасары, елімізге белгілі күйші-композитор, ақын-жырау.

Сырға толы әндері мен күй-толғаулары құнды дүниелер. Қазақстан Композиторлар Одағында жоғары бағаланған «Балықшы қыз», «Арал толқыны», «Сыр гүлі», «Сырдария», «Қыдыр қонған Қызылорда», «Шалқи бер, дала!», «Туған жер», «Майдангерлер мәңгі жасайды», «Аралмен мұңдасу», «Әке арманы», «Қайран, ағалар!», «Біздің Ғани», «Өмір толғауы», «Тойға шашу», «Махамбеттің толғауы», «Батыр баба ‒ Жанқожа», «Астанаға сәлем», тағы басқа әндері мен күйлерін айтға болады. Кезінде есімі әлемге әйгілі қаһарман бұлбұл әншіміз Роза Бағланова, Нұрғали Нүсіпжанов, Мадина Ералиева, Набат Айдәулетова, Рысбек Әшімов, Эльмира Жаңабергенова, Ерболат Мұстафаев,  елімізге белгілі Қазанғап, Тұрмағамбет атындағы оркестрлер орындап, «Қазақстан» радиотелевидениесінің «Алтын қорына» қабылданған.

Сыдықовтар әулеті  -өнердің қасиетті қара нары шөккен, қазақтың киелі өнерінің барлық саласының бағын жандырған, халқының сусынын қандырған өнерпаз әулет. Мұраттың әкесі Садық та, анасы Балқын да, жары Базар да, балалары Жандос, Төлеген, Санира да, бауырлары Тәжібай, Қарлығаш, күйеу баласы Нұрзат та, немере-шөберелері Айдос, Шахиза, Ақбота, Райымбек, Айсұлтан мен Айша да бәрі де «сен тұр, мен атайын» деп тұрған туа бітті, бесаспап өнерпаздар. Осындайда Алла тағаланың шеберлігінің шексіздігіне таң қаласың.

Мұрат ағамыздың табиғи таланты оның тегінен тамыр тартып тұрса, екінші оның жанқиярлық, жан-тәнімен беріле ететін еңбекқорлығы, талапшылдығы жатыр десек, қателеспейміз. Мұрат аға жастайынан киелі өнер жолына түсіп, бұл салада Аралдан табан аудармай 50 жылдың үстінде тер төгіп, өнердің ыстығына күйіп, суығына тоңып қиындығын бірге көріп келеді.

Ол туған жерінде «Шағала» «Толқын», «Алау» ән-би ансамбльдерін, «Алтыбақан» ойын-сауық отауын, ұлт-аспаптар оркестрін, «Сыдықовтар» отбасылық ансамблін құрды. Өнердің атасы Мұрат Сыдықұлы-дарынды күйші-композитор, жыршы, ақын, шебер орындаушы, сұңғыла сценарист, білікті режиссер, тамаша актер, табиғи биші, ұлағатты ұстаз. Мұрат ағаның өнеріне қазақ елінің маңдайына біткен ел ардақтылары Асқар Тоқпанов пен Фариза Оңғарсынованың, Роза Бағланова мен Ғазиза Жұбанованың, Шара Жиенқұлова мен мыңжасар Маңғытбаевтың, Еркеғали Рахмадиев пен Кеңес Дүйсекеевтің айтқан әзіл де, адал пікірлерін мың сан аралдық оқырмандарға жеткізуді өзімнің азаматтық борышым деп ойлаймын.

Асқар Тоқпанов-қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, Қазақстанның халық әртісі: «Мен қатты кісі едім. Алайда, Мұрат Махамбеттің толғауын ойнап отырғанда, кешегі қайран Махамбет пен Шатайлар шын елестеп, көзімнен еріксіз жас шықты». Адамды күлдіру оңай, жылату қиын.

Фариза Оңғарсынова-ақын, Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері: «Мұраттың «Теңізбен мұңдасуы» атты үлкен шығармасы-Арал тағдырының гимні. Өте әсерлі, мәнді туынды». Шара Жиенқұлова-қазақтың атақты бишісі, халық әртісі. «Ауылда осындай үлкен өнер иесі бар екен-ау...». Мұрат, айналайын, талантыңа тәнтімін!». Кеңес Дүйсекеев – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор:

- Мұрат үлкен дәрежедегі композитор, оның бір ғана «Батыр баба Жанқожа» күйі - ұлы шығарма. Бұл күйді бүкіл әлем сахналарында орындауға болады. Еркеғали Рахмадиев - КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, профессор, кәсіби композитор:

- Әр істің санынан гөрі сапасы қымбат. Аралдық Сыдықовтар отбасылық ансамбілінің құрамы шағын болса да бір шығармада он шақты музыкалық аспаптарды пайдаланып, шебер ойнайтын музыканттер екен. Шығармаларының мазмұны, орындау шеберліктері жоғары. Бір қуанарлығы, композиторы да, ақын да, әнші де, жыршы да өздерінде. Осы қасиеттерін ескере отырып, біз - әділқазылар алқасы, бұл ансамбль І орынға лайық деп шештік. Келесі жылы Мәскеуде І халықаралық фольклорлық фестивальге қатысуға жолдама бердік.

Сол жылы, яғни 1988 жылдың 11-18 тамыз күндері Мәскеуде 25 шет елден, Одақтың 15 елінен, барлығы 100-ге жуық түрлі өнер ұжымдары қатысқан І Халықаралық фольклорлық өнер фестивалі өтті. Осы айтулы фестивальға аралдық Сыдықовтың отбасылық ансамблі де қатысып, 10 рет концерт берді. 18 тамыз-фестивальдің соңғы күні атақты колонналы залда өнер ұжымдарының концертіне қатысу бақытына ие болған Сыдықовтар отбасылық ансамблі өз кезегімен сахнаға шығып келе жатқанда концерт жүргізушінің: «Композитор Мурат Сыдыков, песня «Сыр гүлі», поет Базар Костаева, танцует Санира Сыдыкова, сопровождает семейный ансамбль Сыдыковых из города Аральск, Кзылординской области ССР» - деген толқынды дауысы саңқылдаған. Иә, ата-баба, әруақ! Жар бола гөр!-деп, бастай жөнелген. Ансамбльдің сүйемелдеуімен Базар шырқап, Санира мың бұрала билеп аяқтағанда, соңына көз жетпес кең, зал толы мәскеуліктер ұзақ қол соқты. Концертті жүргізушінің белгісімен «Сыр гүлін» қайта орындауға тура келді. Қорытындысында, сол айтулы Халықаралық фольклорлық өнер фестивалінің лауреаты болып, ауылға зор қуанышпен қайтқан еді.

Сол сәтте Мұрат ағамызды жол үстінде кешегі үлкен сахнадағы пайда болған зор тебіреніс толғандырумен болды. Киелі әкенің арман-тілегі орындалғандай, мақтаныш күй кешті. «Апыр-ай, әке, әлемнің төрт бұрышынан түгел, айтулы өнерпаздар қатысқан Мәскеудің үлкен сахнасында бір шығармада концерт жүргізуші атыңды үш рет айқайлап хабарлады-ау...

Иә, әкенің арман-тілегі орындалды деген осы шығар күбірлеп.

Абзал жанды әкенің асыл арманын күй тілінде сөйлетуге асықты. Әп-сәтте тамаша бір күй дүниеге келді. Күйдің аты-«Әке арманы».

Иә, теңіздің төл перзенті Мұрат сыдықов пен оның өнерпаз отбасы көпшілікке қуаныш сыйлады. Сөйтіп, Мұрат пен Базар бастаған отбасылық ансамбль мүшелері ауданның елді мекендеріне тғылымды концерттер беріп, Аралға үлкен қуанышпен оралды. Келген бойда концерттен түскен 1000 сом қаржыны «Бейбітшілік» қорына, «Арал теңізін құтқару» қорына тең бөліп аударды. Ойлаған ой-армандары орындалды. Олар өз өнерлерімен халықты қуантумен бірге, үлкен азаматтық іс істеді.

Иә, бір анығы, отбасылық ансамбльдердің талайы жарқ етіп жанып, жалп етіп сөнді. Өнердің атасы Мұраттың ансамблі сол қалпында әлі өнер көрсетумен келеді. Бұл тума таланттың құдіреті шығар, бәлкім! Иә, солай.

Құндыз Дәуітова,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Арал ауданы, Қызылорда облысы.

ТАҒЫЛЫМ 14 қараша 2017 г. 1 202 0