Ұстаздар әулеті

Ұстаздар жайлы әңгіме қозғала қалса, Қазақ ССР халық ағарту ісіне еңбегі сіңген мұғалім Қожабай  Бақбергеновтің есімі ойға оралады.  
Асыл азамат 1928 жылы Сырдария ауданы Қалжан ахун  ауылында дүниеге келген.  Оның өмірінің алғашқы баспалдағы балалық бал-дәурен жастық шағы  кешегі ашаршылық  сталиндік  репрессия  жылдарымен тұспа-тұс келді. 1941  жылы дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысы басталып, азаматтар қан майданға  аттанып жатқанда қабырғасы қатпаған балаң жігіт тылдағы еңбекке араласты. Соғыс  жеңіспен аяқталған  1945 жылдан кейін жалпыға бірдей  міндетті жетіжылдық мектептер ашылып, білім беруді жүзеге асыра бастады. Осы кездері Қызылордадағы педагогикалық училищені оқып бітірген ол, комсомол, Бостандық бастауыш мектептерінде мұғалім болып, оқушыларға дәріс берді. 1952 жылы Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиет пәні мамандығы бойынша бітіріп шыққан Қ.Бақбергенов Сырдария ауданындағы С.М.Киров атындағы жетіжылдық мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры, Жалағаш ауданындағы Мақпалкөл орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, №123 мектепте директор, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.  
Өткен ғасырдың екінші жартысында тың игеріліп, ел енді есін жия бастаған кез еді. Мектептерде мұғалімдердің білімін көтеру,  оқулықтармен және жазу-сызу құралдарымен қамтамасыз ету, мектептің материалдық-техникалық базасын жақсарту жұмыстары жүріп жатты. Жаңа  жетілдірілген оқу бағдарламасына көшу, оқу-өндірістік кабинеттерін ашу,  оқушылардың  екінші жылға қалдырмай толық үлгерімін қамтамасыз ету, қозғалысы кең өріс алған-ды. Міне, осы жылдары  мектептерде  оқу ісінің  меңгерушісі қызметін атқарған Қожабай ағамыз оқу-тәрбие жұмыстарының қиындығы мен қызығын қатар көрді. Мектепішілік басшылық пен бақылауды басты назарда ұстап, білікті ұстаздар мен дарынды оқушыларды қалыптастырды. Педагогикалық тәжірибесі мол білікті ұстаз жиырма жыл Ақсу ауылындағы №116 мектеп директоры болып басшылық жасады. Ол ауылдың абаттанып, көркеюіне үлес қосып, шаруашылық жұмыстарына атсалысты. Директордың  басшылығымен  мұғалімдер мен оқушылар науқанды жұмыстарға араласып, көмек берді. Шаруашылықта мектепке қаржылай және материалдық жағынан көмек беріп, қамқорлық жасады. Балаларды еңбекке тәрбиелеу мақсатында оқушылардың оқу өндірістік бригадасы құрылып, егін шаруашылығында жұмыс істеді. 25 оқушыдан құрылған оқушылардың өндірістік бригадасы  40 гектар күрішті агротехникалық талаптарға сай күтіп-баптап өсірді. Әр гектардан 70 центнерден Сыр маржанын жинап, мемлекетке тапсырды. Егіс танабында еңбек етіп, тер төккен бригада мүшелері еңбектеріне қарай марапатталып отырды. Бригада жетекшісі Гауһар Қалыбекова «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен, бригада мүшелері Қоблан Жақанов орталық комсомол комитетінің «Құрмет грамотасымен» Нұржан Бақбергенов Қазақ ССР Оқу министрлігінің «Құрмет дипломымен» марапатталды. Оқу бригадасына басшылық жасаған ақылшы ұстаз Бейбіт Шілдебаев Москвадағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысып, онда жас натуралистердің жұмысы жайлы баяндама жасады. Сондай-ақ, еңбек тынығу лагеріндегі оқушылар маусымда 100-130 тонна мал азығын дайындап, мал фермасына жеткізіліп берумен бірге, кеңшарда құрылыс материалдарын дайындау жұмыстарын атқарды. Сөйтіп, мектеп оқушылары сапалы білім алумен бірге еңбекке араласып, туған ауылының әлеуметтік-экономикалық  жағдайының  жақсаруына  үлестерін қосты.  
Сонымен бірге, мектепте оқу шеберханасы  жұмыс істеп, оқушылар қол еңбегімен айналысты. Мектеп жанынан жер учаскесі ашылып, онда талдар  мен жеміс ағаштары егілді. Оқушылар осы жер учаскесінде жұмыс істеп, жер өңдеу, ағаш егіп, күтіп-баптау технологиясын көріп үйренді. Бұл күндері жер учаскесінде саялы ағаштар жайқалып өсіп, ауыл тұрғындарының  серуендейтін демалыс орнына айналды. Кезінде көзін көріп, куәсі болған әріптестерінің  айтуынша, совхоз директоры Өмірзақ Тұңғышбаевқа Ақсу ауылы мен Жалағаш кенті  аралығын абаттандыру жөнінде ұсыныс айтып, иглікті іске ұйытқы болған осы Қожекең көрінеді. Содан көп ұзамай  арық қазылып, аяқ су келтіріліп, көркейту жұмысы басталыпты. Ауыл еңбеккерлерімен  бірге мектеп мұғалімдері мен оқушылар да Ақсу-Жалағаш аралығындағы асфальт жолдың екі жағына тал-терек егіп, өсіру жұмыстарына араласып, атсалысты.
Білікті басшы қоғам өміріндегі өзгерістерге байланысты жұмысты жаңаша ұйымдастыра білді. Мектеп жаппай кабинеттік оқу жүйесіне көшіп, пән кабинеттері көрнекі оқу құралдарымен жабдықталды. Барлық пән бойынша маман мұғалімдер мен кадрлар толық қамтамасыз етілді. Мұғалімдер мен ата-аналар арасындағы байланыс нығайып, оқу-тәрбие  жұмыстары жоғары деңгейге жетті. Мектеп оқушылары аудандық, облыстық, республикалық пәндік олимпиадалар мен білім сайыстарында жүлдегер атанды. Мектеп реформасының негізгі бағыттарының бірі – жалпы білім беретін мектептерде балаларды 6 жастан бастап оқыту 1982-1983 оқу жылында алғаш рет осы мектепте қолға алынды. Соған байланысты  қосымша ғимаратта алты жасарларға арналып жасақталған оқу кабинеті, ойын, тынығу бөлмесі талапқа сай жабдықталды. Сөйтіп, 20 баладан 6 жасарлардың бір тобы  жасақталып, оқытыла бастады. Мектепте семинар-кеңестер өтіп, оқу-тәрбие жұмысындағы озат тәжірибелері аудан, облыс,  республикаға  таратылды.  
Білім саласында 16 жыл қазақ тілі мен  әдебиеті пәнінен  дәріс берсе, отыз жылдай мектеп  директоры  болып басшылық жасапты. Осы уақыттарда ол өзінің іскер ұйымдастырушылық қабілеті мен біліктілігі арқасында мектепті облыс, тіпті  республикаға танымал үлгі тірек мектеп дәрежесіне дейін көтерді. Білім саласындағы жемісті еңбегі ескерусіз емес. «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «СССР халыққа білім беру ісінің озаты», «Қазақ ССР халыққа білім беру ісінің озаты» значогімен, облыс, аудандық білім басқармаларының «Құрмет грамоталарымен» марапатталған. «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі». Халық сеніміне ие болып, бірнеше рет Ақсу ауылдық кеңесінің депутаты болып сайланды. 2000 жылы ХХІ ғасырдың басталуына байланысты облыс әкімі шешімімен «Ғасыр  мұғалімі» номинациясымен марапатталды. Жастық шағын, күш-жігерін ұрпақ тәрбиесіне  арнаған ұстаз еңбегі, адами бейнесі  халқының  жадында  жатталып қалды. Таулар алыстаған сайын биіктей беретіні секілді, болмысы бөлек тұлғаның дара жолы, өнегесі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.  
Жұбайы Гүлбану Саткеева мектепте қырық жыл мұғалім болып, ұрпақ тәрбиеледі. «Қазақ ССР Халық ағарту  ісінің  озаты». Ерлі-зайыпты ұстаздар 6 баланы өмірге әкеліп, тәлімді тәрбие  берді. Балалары ата-анасының жолын қуып,  мұғалімдік  мамандықты  таңдады. Қызы Әлияның мамандығы – орыс тілі мен әдебиет пәні мұғалімі, Қызылордадағы №217 Б.Шалғынбаев атындағы орта мектеп  директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, Розасы – Алматыдағы  Абай атындағы университетте қазақ тілі мен әдебиет пәнінен дәріс береді. Нұрлыбегі – жоғары білімді заңгер.  Нұржаны – Ақсу  ауылындағы №116 мектеп директоры. Мектепке басшылық жасап, әкесінің игілікті істерін жалғастырып келеді. Нұржанның жұбайы Гүлсім осы мектепте география пәнінен дәріс береді. Мараты – Қызылордада №211 мектепте ұстаздық етеді. Міне, мұғалімдер династиясы дегеніміз осы. Бүгінде мәуелі бәйтеректей өсіп-өнген берекелі Бақбергеновтер отбасын ауыл тұрғындары «Ұстаздар әулеті» деп мақтанышпен құрмет тұтады.

Серік БЕРТАЕВ.
Жалағаш ауданы
ТАҒЫЛЫМ 11 қараша 2017 г. 903 0