« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
ХХ ғасыр басында Әлихан Бөкейхан бастаған үркердей жарқырай шыққан талантты алыптардың арасында Мұстафа Шоқайдың орны бөлек, тағдыры ерекше, ал оның мұрасы айрықша қызығушылық танытады. Ол өмірінің соңғы 20-жылдан астамын жат жерде өткізді және 1941 жылдың аяғында көзі жұмылғанша сонау Түркістан аймағының, бүкіл түркі жұртының тәуелсіздігі жолындағы күресті бір сәт толастатпады, осы мақсат жолына бойындағы бар ақыл-парасатын, күрескерлік қажыр-қайратын сарқа жұмсады.
Болашақ саяси күрескердің тағдырында оның ғасыр басындағы Ташкенттегі ерлер гимназиясында оқуы, содан оның Санкт Петербург университетіндегі кезіндегі Ресей империясы орталығындағы күрделі саяси оқиғалар, Әлихан Бөкейханның көмегімен Мемлекеттік думаның Мұсылмандар Фракциясы хатшылығына орналасуы ерекше рөл атқарды. Бұл жылдар туасы зерек, саяси сергектігі ерте оянған Мұстафаның саяси жолын айқындай, толықтыра түскен болатын. Ол сонау гимназияда оқып жүрген кезде-ақ жақсы таныған жадитшілдіктің прогресшіл мәдени реформасынан гөрі саяси күрес тәсілдеріне басымдық беріп, бірақ азаттыққа жетуді Ресейдің демократиялық ұйымдары мен Уақытша үкіметтің саяси қолдауымен байланыстырған болатын. Бұл заңды еді. Ресей сияқты алып империяның бұғауынан босау оңай емес болса, берісі Түркістан аймағы, әрісі Ұлы даланың бұқара халқы Еуропа өркениетінен кенже қалғандықтан, халықты күреске бастайтын тиісті дайындықтары бар жетекші саяси топтар да аз еді.
Мұстафа Шоқайдың азаттық үшін күрес жолында Түркістан Мұқарияты ерекше орын алады. 1917 жылдың қыркүйек айына қарай Түркістанның қоғамдық дамуында екі үрдіс анықталады, оның бірі – ұлттық күштердің Түркістан автономиясын жариялауға дайындық жұмыстарының басталуы; екіншісі – большевиктердің мұны ескермей, өкімет билігін басып алуға тырысушылығы. Ал 25 қазандағы Петроградтағы қарулы көтеріліс Алаш ұлт-азаттық қозғалысының Ақпан революциясы нәтижесінде саяси сахнаға келген демократиялық реформаларға артқан үмітіне ауыр соққы болды. Дегенмен осы жылдың 27 қарашасында Қоқан қаласында төтенше жалпыөлкелік мұсылман құрылтайы Түркістанды мекендеуші халықтың еркін білдіре отырып, Ресей Федеративтік демократиялық республикасымен біртұтас аумақтық Түркістан автономиясын жарияланғаны белгілі. Бірақ Мұстафа Шоқай автономияны жүзеге асырудың аса қиын екендігін, кадрдың жоқтығын, жалпы мүмкіндіктің жетімсіздігін, әскердің құрылмағанын және тағы басқа толып жатқан жетіспеушіліктердің барлығын ескере отырып, автономияны өзінше түсінген болатын. Ол Түркістанның дербес ел басқарған мекемелері мен атқару органдары, яғни заң шығаратын парламенті мен іс жүргізуді, оқу-ағарту ісі, жергілікті мекемелер, заң және жер мәселесінің бәрі автономиялы үкіметке қаратып, ал сыртқы саясат, қаражат, жол, әскери істер Бүкілресейлік Федерациясы үкіметінің ісі деп есептелді. Бұл Алаш партиясының мемлекеттік құрылыс жөніндегі ұстанымымен үндес еді.
Түркістан Мұхтарияты (автономия) бар-жоғы екі айдан сәл артық өмір сүрді. Оны Кеңес өкіметі қанды қырғынға ұшыратты. Мұстафа Шоқай 1930 жылы жазылған «Автономиядан – тәуелсіздікке» атты мақаласында Түркістан (Қоқан) автономиясы туралы өзінің ойларын былай қорытындылаған болатын: “Автономия – біздің басымыздан кешкен бір тарихи құбылыс. Бүгін біз оны еске түсіруменен ғана шектелеміз. Қайталамаймыз! Ересек адамдар өздерінің балалық дәуірін еске алатыны табиғи. Бірақ ол сол дәуірге қайта ораламын деп ойламайды”. Дегенмен, Қоқан (Түркістан) автономиясының өмірге келуі жергілікті халықтың саяси, экономикалық және рухани дербестікке ұмтылысының, өзін-өзі билеуге бағытталған нақты қадам жасауының айқын көрінісі болды.
Елде берік қалыптасуға бет алған тоталитарлық жүйенің табиғатын таныған, оның нақты дәлелі болған Түркістан автономиясының тағдыры, бостандыққа деген үміттің үзілуі М.Шоқайды мұғажырлық өмірге мәжбүр етті. Бұл жүйенің ешқандай демократиялық іс-әрекетке жол бермейтінін сергек саясаткер көрегендікпен білді. Сөйтіп ол өмірінің соңғы 20-жылдайын Францияда өткізді.
Өзінің қажырлы саясаткерлік қызметімен, айрықша публицистикалық қуатымен Еуропада «мұсылман эмигранттарының сөзсiз көшбасшысы» бола алған Мұстафа Шоқай Түркістандағы отаршыл саясат туралы Батыста әділ, объективті көзқарас қалыптастыруды ойлап, Ұлыбритания, Франция, Польша, т.б. мемлекеттердің өкілдерімен кездесулер өткізді. Стамбұл, Париж, Берлин және т.б қалаларда өткен әртүрлі дәрежедегі жиындарға қатысып, Еуропада Кеңес өкіметіне қарсы бағытталған ешқандай жоспарлы күштің де, олардың Ресейдегі бодан халықтардың тұрмыс-тіршілігі мен азаттық күресі туралы толық түсініктің жоқтығын білді. Сонымен қатар Кеңес Одағындағы түркі халықтары көріп жатқан большевиктік саясатты әшкерелеп, оның жалпы адамзат дамуын тежейтін кеселдерінен жан-жақты мәліметтер келтіріп, баяндамалар жасады. Мысалы, 1924 жылдан 1933 жыл аралығында Лондонға бірнеше рет барады. Осы сапарларында ол ағылшын қайраткері, саяхатшы және шығыстанушы Уильям Д.Алленмен танысады. Бұл кезде ол Ұлыбритания парламенті Қауымдар палатасының депутаты болатын. Ал 1933 жылғы наурыз айында Лондонда болып, 27 және 29-шы күндері баяндамалар оқылған конференция, жиындарға әйгілі ғалым, шығыстанушы, Ұлыбританияның Персия мен Қашқарияда ұзақ істеген Бас консулы П.Сайкс басшылық етеді. Француз тіліндегі баяндамаларға жиналғандар тарапынан аса қызығушылық туғанын, тіпті бірнеше қайта қол соғылғанын айта кеткен артық болмас. Бұл оқиғалар Мұстафаның ірі қайраткер және халықаралық өмірдің сұңғыла сарапшысы ретінде танылғанының көрінісі болатын. Сөйтіп Кеңес одағындағы ұлттық озбырлық пен өктемдіктің зардаптарын әлем сахнасына шығарып, азаттық қозғалысының эмиграциялық идеологиясын қалыптастырып, бұл бағытты жаңа интеллектуалдық көкжиекке көтерді.
Тәуелсіздік үшін күресудің қажеттілігін әлемдік деңгейде жариялап қана қоймай, Мұстафа Шоқай оған жетудің жолдары мен тетіктерін, күрестің қозғаушы күштерін саралады. Әсіресе, түркістандықтардың ішкі бірлігін нығайтуға ерекше көңіл бөліп, оны аса маңызды деп санады. Мұстафа Шоқай сонау 1917 жылдардан бастап халықты жалпытүркістандық бірегейлік төңірегінде топтастыру тұжырымдамасын тарихи, этностық, мәдени және саяси экономикалық тұрғыдан негіздей бастаған болса, бұл бағыттың тәуелсіздік үшін күресте алатын орны мен маңыздылығын ол шетелде жүрген кезінде тереңірек сезінді. Осындай сан түрлі тарапты қызметтер саяси ұйымның қажеттігіне жетеледі. Тұрақты ізденістер нәтижесінде «Түркістан Ұлттық Бірлігі» құрылды. Оның тұтастығын сақтау, бір орталыққа бағынған ынтымақтастығын нығайту, егеменді ел ретінде өмір сүруі осы өңірдің жергілікті тұрғындарының іс-қимылының, ой-пікірінің бірлігіне байланысты болатын. Мұстафа Шоқай «Түркістан» ұғымына қазақ, өзбек, түркімен, қырғыз, тәжік халықтары мекендерін жатқызуы да, олардың «Ұлы Түркістан ұраны астына жиналуы», «біртұтас ұлттық бірлікте және ол сол тұрғыдан көрініп те отыр. Түркістанның рухани, саяси болашағы Түркістан түріктерінің бірлігінде жатыр» деуі де осы ұлы ұғымнан туған еді.
Ұлттық қозғалыстың мақсат-мұраты үшін күрес, бүкіл езілген түркістандықтарды осы мақсат маңайына топтастыру баспасөзді қажет етті. Көп ізденістің арқасында ТҰБ-ның 1929 жылдың желтоқсан айында Берлинде «Яш Түркістан» журналының алғашқы саны жарық көреді. Оны Польша президенті, маршал Ю.Пильсудскийдің бастамасымен құрылған «Прометей» қоры қаржыландырады. 1939 жылдың қыркүйек айына дейін шыққан «Яш Түркістан» журналдың алғашқы сандарынан бастап басылатын материалдардың шындыққа толық сәйкестілігіне, мазмұны мен идеялық ұстанымдарына, материалдардың терең мағыналы болуына, сан салалы тақырыптарды қамтуына ерекше көңіл бөлінеді. Бұған Мұстафа Шоқайдың білімдарлығы, бірнеше тілдерді жетік білетіндігі айрықша көмектеседі.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ Мұстафа Шоқай Отан есігін қаққан болатын. Атақты жазушы Әнуар Әлімжановтың 1991 жылғы мамыр айының 24 және 31 күндергі «Қазақ әдебиеті» газетінде «Мұстафа Шоқай... Ол кім?» деген Түркістан халықтарының теңдігі мен тәуелсіздігі үшін аса зор жауапкершілікті арқалаған тұғырлы заңғар тұлға туралы ерекше сезім мен толғаныстарға толы мақаласында былай деп жазып еді: «Оның абзал да адал есімі еліне мәңгіге оралса екен, елім деп елжіреген жүрегі мен жаны лайым туған халқымен бірге болса екен!» деп ағынан жарылған тілегіне сәйкес Сыр бойының бас қаласы Қызылордада биылғы жылы бар саналы ғұмырын қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі тектес халықтардың мүддесі үшін күреспен өткізген Мұстафа Шоқайға зәулім ескерткіштің орнатылуы тәуелсіздіктің қасиетті шарапаты екеніне дау жоқ. Енді Сыр сахнасында тұрған тамаша саясаттанушы, жалынды публицист, тұңғыш халықаралық деңгейдегі саяси сарапшы, отандық кеңестану ғылымының негізін салушылардың бірі ғана емес, бірегейі, ғұлама ғалымның өзі жас ұрпақты ұлттық, тәуелсіздік, патриоттық рухта тәрбиелеп, бүгінгі жетпей отырған ұлттық рухымызды жаңа деңгейге көтеретін мәңгі өлмес өсиеттері ежелгі Сыр бойына түгел тарап жатқан сияқты.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдарының докторы, профессор.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |