Белгілі журналист Сахи Қапардың бірде екеуара болған әңгіме арасында:
– Құтеке, біздер де, әне-міне дегенше, алпысқа келіппіз-ау, – дегені бар.
Айтса айтқандай, бәрі де күні кеше сияқты еді. Сынаптай сырғып, өтіп бара жатқан өмір деген осы. Ұмытпасам, Сахи құрдасыммен алғашқы таныстығым 1985-1986 жылдары басталды. Ол кезде мен сонау шалғайдағы Қызылқұм елді мекенінде кітапханашы болып қызмет істейтінмін. Сол жылдары республикамызға танымал журналист-жазушы, ҚР мәдениет қайраткері Әлмәмбет Әлішев ағамыз ауыл-село тілшілерінің ой-өрісін кеңейту, тәжірибе жинақтау, өзара пікірлесу мақсатында ұйымдастырған екі жылдық штаттан тыс тілшілер мектебі біздің нағыз ұстаханамызға айналды. Айына бір рет Әйтеке би кентінен Қуантай Ршымбетов, Бекарыстан биден Сахи Қапар, Кәукейден Серғазы Әбілмажанов, Басықарадан Мұхтар Сәлменов секілді жазуға бейімі бар жастар бас қосып, арқа-жарқа болып қалатынбыз.
1987 жылы мені аудандық «Ленин туы» газетінің редакторы Әлмәмбет Әлішев редакцияға қызметке шақырды. Сөйтіп журналистика саласындағы алғашқы еңбек жолымды корректор болудан бастаған едім. Мен келгенде ұядай жып-жылы бөлмеде әдеби қызметкерлер: Сахи мен марқұм Тарғын Қаниев отырады екен. Әрине, ол кезде жастық шақтың әсері де шығар, редакцияның күні бойы таусылмайтын қат-қабат жұмысынан шаршамайтынбыз. Тіпті жауапты хатшы, ақын-журналист Едіге Кішкенеев ағамыздың көзіне түсейікші деп, бір-бірімізбен жарысып жазатынбыз. Сондай тынымсыз күндердің бірінде Сахи жұмыстасымның:
– Түннің бір уағында әдеттегідей көзім ілініп кетсе керек. Бір мезетте әлдекімдерге: «Екі жүз елу жол», – деп айтып жатыр екенмін. Сөйтсем түсім екен, – деп біздерді күлдіргені әлі есімде.
Шынтуайтына келсек, әріптесім бұл жерде өте орынды әзіл айтып отыр. Өйткені, біздің кезімізде, редакцияда қызмет істеген әрбір журналистің күндік тапсырмасы – екі жүз елу жол мақала жазу болатын.
Біз әңгімелеп отырған Сахи Бахиұлы Қапар 1957 жылы 7 қарашада Бекарыстан би ауылында дүниеге келген. 1964 жылы Кеңес Одағының Батыры Ү.Түктібаев атындағы №24 орта мектептің алғаш рет табалдырығын аттағанда Сәйпе Халилаев ағайынан «Әліппенің» сырын ұққан. Кіп-кішкентай шәкірттің 7 сыныпта оқып жүргенінде республикалық «Қазақстан пионері» газетінде баспасөзге жазылу жөнінде жазған қысқа хабары жарық көреді. Сонда қуанғаннан төбелері көкке жеткен атасы мен әжесі:
– Айналайын, Сахижан. Алғашқы қадамың құтты болсын! Сен осы, түбінде, қаламыңның қуаты арқылы нан жейсің, – деп ақ баталарын берген.
Талабы таудай Сахидың тырнақ алды мақалалары мен шағын әңгімелері мектепішілік «Жас талант» қабырға газетінде шыға бастаған. Сүйікті шәкіртінің бойындағы жылт етіп көрінген қабілетін дер кезінде байқаған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нағашыбай Оразалиев те қамқор құшағын ашып, көземелдейді. Бірте-бірте қаламы төсел¬ген Сахи мектептегі «Ара» деп аталатын сатиралық газеттің редакторы болып, кемшіліктерді көзден атып отырған. Кейін талантты жастың мақалалары аудандық «Ленин туы», облыстық «Ленин жолы» және республикалық «Лениншіл жас» газеттерінде дүркін-дүркін шығып тұрған. Көп ұзамай ел ішінде: «Тілші бала» атанған Сахи сынып жетекшісі Мұрат Атабаев ұйымдастырған мамандық таңдау кешінде жүрналист боламын деп нық сеніммен айтқан.
1974 жылы Ү.Түктібаев атындағы №24 орта мектепті үлгілі тәмамдаған Сахи тәуекелдің жел қайығын мініп, сол кездегі республикадағы журналистер даярлайтын бірден-бір жалғыз оқу орны – ҚазМУ-дың журналистика факультетіне құжаттарын тапсырады. Әйтсе де, екі жыл қатарынан жолы болмай әскер қатарына алынады.
Қатарлас құрдастарымен бірге Отан алдындағы борышын абыройлы аяқтап, туған ауылына қуанышпен оралған Сахи аудандық автотранспорт кәсіпорында, Карл Маркс атындағы (қазіргі Бекарыстан би ауылы) совхозда электрмен темір пісіруші болып еңбек етеді. Шаруашылықтың сан-салалы жұмыстарының ортасында жүрсе де, қолынан қаламын тастамай егінші, механизатор, малшы сияқты түрлі мамандық иелерінің тірлігін жазғандарына арқау етті.
1987 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне сырттай оқуға түскенінде осынау киелі қарашаңырақтағы атақты ұстаздары: Тауман Амандосов, Зейнолла Қабдолов, Темірбек Қожекеев, Әбілпайыз Ыдырысов, Абдул-Хамит Мархабаев, Ержан Бектұрғанов, Үмбетбай Уайдаұлынан дәріс алады.
Бүгінде көз алдынан сағымдай болып, бірте-бірте алыстап кеткен сол бір қимас күндерді сағынышпен есіне алған Сахи:
– Мен 1987 жылы қараша айында көрнекі жазушы Әлмәмбет Әлішев ағамыз басшылық ететін аудандық «Ленин туы» газетіне әдеби қызметкер болып орналастым. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» дегендей, редактормен бірге, бөлім меңгерушілері: Жетіскен Мәкеналы, Молдабай Қаржаубаев, жауапты хатшы Едіге Кішкенеев сияқты әріптес ағаларымнан көп нәрсе үйрендім. Тәжірибем толысып, мақалаларды әдеби өңдеудің шеберлік мектебінен өттім, – дейді.
Сахи Қапар 1987-1995 жылдары аудандық «Ленин туы» газетінде әдеби қызметкер, радиохабарын таратушы – тілші, «Қазыналы – Қазалы» басылымында бөлім меңгеруші, 1995-1996 жылдары аудандық мәслихаттың бас маманы, 1996-2004 жылдары «Қазақ тілі» қоғамы Қазалы аудандық бөлімшесінің төрағасы қызметтерін атқарған.
Талантты досымыз бұдан кейін 2004-2006 жылдары «Тұран – Қазалы» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редакция меңгерушісі, 2006-2007 жылдары Қазалы психологтық-дәрігерлік консультация мекемесінде тәрбиеші-педагог, 2007 жылы аудандық «Қазалы айғағы» газетінде жауапты хатшы, редактордың орынбасары, редакторы, 2008-2009 жылдары жеке сектордағы өзі ашып, шығарған аудандық «Атамекен – Қазалы» газетінің редакторы, 2010-2011 жылдары аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мен үйлестіру жөніндегі маманы болып істеген. Бұл күндері тәжірибелі журналист, жастардың ақылшы-ұстазы Сахи Қапар аудандық «Қазалы» газеті бас редакторының орынбасары.
Қашанда қиялы ұшқыр, қаламы желді Сахи Бахиұлының тамшылатқан тер моншақтары лайықты бағасын алып келеді. Әр жылдары аудан әкімінің, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының «Алғыс хаттарымен» және Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамоталарымен марапатталған. Облыстық тіл басқармасы жариялаған шығармашылық байқаудың жүлдегері. 2012 және 2015 жылдың күзгі егін жинау қорытындысында дала еңбеккерлері жайлы газет бетіндегі тартымды материалдары үшін «Жыл жеңімпазы» номинациясын иемденген.
Біз білетін Сахи – майдан қыл тартқандай өте бейнетқор, сауаттылықты қалайтын журналист. Оның ойлы қаламынан туған көркем очерктер мен шағын әңгімелердің бір ерекшелігі: етек-жеңі жып-жинақы, басы артық сөйлем кездеспейді. Оқырманға да жеңіл оқылады. Автор әрбір оқиғаны ширатып, образды жарқыратып көрсетудің құпия кілті – деталдарды да өз орнына қоя біледі. Бұл ретте оның кең құлашты «Аманбай ахун – ел ардақтысы» атты көлемді очеркін ерекше бөліп жарып атауға болады.
1994 жылдары Кеңестік жүйе кезіндегі асыра сілтеушіліктен туындаған ақтаңдақтар беті ашыла бастағанда Қазалы жеріндегі «Асандар көтерілісі» тарихын зерттеуге көңіл бөлінген болатын. Сол жылдары елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, аталған тақырыпқа бетбұрыс жасаған Сахи Бекарыстан би ауылында тұратын көтеріліс куәгері Сағидан Үмбетов жайлы «Асандар көтерілісіне қатысқан азамат» деген деректі очерк жазды. Бұдан кейін де бұл мәселеге қайта оралып, Алмағанбет Сырымбетов, Әйке Есқараев, Сейітжан Торғаевтың қиын тағдырларынан сыр шертетін мақалалар жазды. Бұларға қоса қуғын-сүргін құрбандары: Өте Балиев пен Аман Үмбетовті де оқырмандарға таныстырды.
Сахи «Қазақ тілі» қоғамы аудандық бөлімшесінің төрағалығын атқарған жылдары ана тіліміз бен ұлттық салт-дәстүріміздің сақталып, өрістеуіне де белсене араласты. Бұл орайда бастауыш ұйымдарда жоспарға сай іс-шаралар өтуіне қозғау салып, тіл құндылығы туралы қалам тербеді. Мысалы, Мекемелердегі іс-қағаздардың қазақшалануы, көрнекі құралдары мен жарнамалардағы кемшіліктерді ортаға салды. «Мемлекеттік тілге мән берейік», «Қазақшалауға болмай ма?», «Казалинскі ме, Қазалы ма?» сияқты сын мақалаларын жазды. Сондай-ақ, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мен үйлестіру жөніндегі маман кезінде де мәдени нысандардың жай-күйі жайлы толғамдарын баспасөз бетінде жариялады. Көптеген ескерткіштерге қорғау тақталарының орнатылуына мұрындық болды. Қазалы қаласындағы Ноғай (Нұралы), Ғанибай мешіттерінің, Өркендеу ауылындағы Құттыбай кесенесінің қайта жаңғыртылуы мен Р.Бағланова, Қ.Пірімовтің ескерткіш-бюстерін аштыруға арналған құжаттарды тиісті орындарға жіберуге әзірлеу ісінің басы-қасынан табылды.
Сахи үнемі ізденіс үстінде жүретін журналист. Оның 2009 жылы Қызылорда қаласындағы «Тұмар» бас¬пасынан «Аманбай ахун», 2014 жылы «Елі сүйген Ержан жырау», 2015 жылы «Қазалыдан түлеген текті азамат», 2013 жылы Түркістандағы «Мырза» баспасынан «Сағындырған сағым жылдар…» атты бірнеше кітаптары жарық көрген. Биылғы жылы «Атажұртым – айбыным» шығармалар жинағы баспаға беріліп, дайындалу үстінде. Сонымен бірге, «Тамыры – терең, тарихы кенен Қазалы», «Тіл тірегі – Сыр елі», «Елдік пен бірлік жолында» атты кітаптар мен Қазалы ауданының энциклопедиясында оның өмірдерегі мен суреті жарияланған.
Сәкең – ауызбіршілігі жарасқан отбасының ақылшысы. Зайыбы Жания екеуі Гүлзина, Эльмира, Ғабидендей перзенттерін өсіріп, қыздарын қияға, ұлын ұяға қондырды. Олардан немере сүйіп, ұрпақтарын көз қуанышына айналдырып отыр.
Иә, үстіміздегі жылы алпыс жасқа толған Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қаламгерлікті қасиет тұтқан Сахи Қапарға: «Әрдайым жазарың таусылмасын. Алпысты тал түс қылып, оқырмандарың үшін шапқылап, ортамызда аман-есен жүре бер, «үзеңгі дос» – деп ақжарма көңілден шыққан тілегімізді жеткіземіз.
Құттыбай БАЙМАХАНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі