Мынау жайқалып, жасанып тұрған туған жердің жүрегін жақыннан тыңдаған адам болса, сөз жоқ, біздің бүгінгі өміріміздің берекесін бес елі бейнетпен жасаған небір жайсаң, асыл бейнелердің өміртарихынан сыр тартар еді.
Сондай еңбекшіл, көпшіл, досшыл, дархан мінезді азаматтардың бірі теміржол мен автокөлік саласына күш-жігерін сарп етіп, барша жұртқа келісті кісілік келбетімен танылған Амангелді Әбдікәрімов еді.
Асыл азамат 1940 жылы Жаңақорған ауданының қазіргі Қожакент ауылында өмірге келген. Жасынан тірліктің қиындығын, заманның ауырлығын арқаға салған ауыл баласы қатарының алды болып ержетіп, 1962 жылы Ташкент теміржол инженерлері институтына оқуға түскен. Еңбек жолын Қызылорда қаласындағы теміржол бөлімшесінде тепловоз машинисінің көмекшісі болып бастап, цех шебері, қабылдаушы секілді қызметтермен сатылай өсіп, локомотив депосы бастығының орынбасарлығына дейін көтерілген. Темір тәртіпті теміржолда еңбегімен еленіп, абыройға бөленген жас маман өз міндетін атқарып қана қоймай, ізденгіштік, ілгерілегіштік қасиеттерінің арқасында техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғаған. 1987-1991 жылдары Куйбышев теміржол инженерлері институтында ғылыми қызметкер болып еңбек еткен. Санкт-Петербург көлік академиясының шешімімен «Транспорт докторы» ғылыми атағын алған. Білек қарын алдырып, көз жанарын талдырып бір салада осынша жетістікке жету бір адамның маңдайына бітер бақ. Алайда, ауырдың астымен жүріп үйренген азамат автокөлік саласында да айтулы табыстарға қол жеткізді. Бір болмысына екі адамның көтерер жүгін сыйдырды.
1972 жылдан бері облыстық автокөлік саласында басқарма басшысының құрылыс жөніндегі орынбасары, бас инженер, басқарма басшысы болып қызмет етті. Ол осы салаға қызметке келген күннен көптеген зәру мәселелердің шешімін табуға жең түре кірісті. Автокөлік қызметкерлерінің көбі баспанаға мұқтаж еді. Сала басшысының әрнәрсені саралап жұмыс жүргізуінің арқасында қала орталығынан 90 және 40 пәтерлі тұрғын үй салынып, жүзден аса қызметкер «өз үйім өлең төсегім» деп қоныс тойларын жасады. Бұл олардың ортақ міндетке деген тың құлшынысын тудырды, еңбек өнімділігін еселеді. Көлік пайдалану паркінің жұмысы бұрын болмаған дәрежеге жетіп, жүк тасымалын орындау пайызы республикада алдыңғы орындарға шықты. Сондай-ақ, автокөлік мекемелерінің базасын нығайту мен жаңа техникаларды пайдалану мүмкіндіктері артты. Іскерлігі мен біліктілігі, қоғамдық міндетке азаматтық биіктен қарай білетін адалдығы еленген Амангелді Әбдікәрімов кеңестік үкіметтің жоғары марапаттарының бірі «Құрмет белгісі» орденін омырауға тақты.
1991 жылдан бастап өмірінің соңына дейін «Арна» ААҚ Қызылорда автобазасының директоры болған асыл азамат алпыс жастың да асуына аяқ артпай өмірден ерте озды. Ағайынға сыйлы, досқа сүйікті болды. Артына өнегелі іс, өшпес із қалдырды.
«Менің кім екенімді достарымнан сұра» деген бір сөз бар, сол айтпақшы, мұнан арғы әңгіме кезегін Амангелді ағаның замандастары, достары айтсын.
***
Қазақстанның құрметті автокөлікшісі, аймағымызға аты белгілі ағаларымыздың бірі Жәнібек Нұрқышұлының естелігін қолға алып отырмын.
«Ілкі заманнан адамға қойылатын бір талап бар, ол – атаның емес, адамның баласымын дейтін, елдің қамын жейтін азамат болып ер жету, – дейді Жәкең.
– Амангелді осы талаптан шыққан, еңбекпен тәрбиеленген, жақсы қасиеттерді бойына тоқыған жан. Әбекеңмен қатар – Асқар Туралин, Жақсыбай Маматов, Ким Дон Чер, Нағашыбай Абдуллаев, Нұрлан Сыздықов, Мұхамедияр Қаратаев, Жолғазы Баймақышов, Құдайберген Дайрабаев, Паридон Құлсариев, Төлеу Сақтағанов, Оразғали Ерекешов, т.б. секілді алдыңғы толқынның ағалық, достық ықылас-пейілін сезініп, солардың жақсы мінез-құлқына қарап ізет таптық. Әбекең қызметте әділ, жұрт ішінде әдепті кісі болды. Адам болған соң қиын-қыстау кезеңдер болмай тұра ма, Әбекеңнің өмір жолынан да сондай кезеңдер өткенін көрдік. Ол кісі ондай көлденең нәрселерге көңілін түсірмейтін, еңсесін тік ұстайтын. Оның осындай қасиеттері балаларының бойында да бар. Адал жар Қалдыгүл бүгінде сол балалардың шаңырағында алтын діңгек болып отыр.
Біз Әбекеңнің отбасымен тұрақты аралас-құралас келе жатқан адамбыз. Тәрбиелі, өнегелі отбасы өсіп-өркендеп жатыр. Амангелдідей асыл адамның өмірі қысқа болғаны ғана жанымызға батады.
Бұл – Жәнібек ағаның еске алуы.
Біз кейіпкеріміздің тағы бір замандасы, досы Орманов Жамбыл ағамен жолықтық.
Қаланың «Ақмешіт» шағын ауданында тұратын ағаның пәтеріне келдім. Жетпістің жалауын тік көтерген Жәкең менің Амангелді Әбдікәрімов туралы мақала жазбақшы болғанымды естігенде көңілденіп, қол арбасын шыр айналдырып алдыма келіп отырды.
– Әңгімені әріден бастайын. Мен негізі Талдықорған жақта туған адаммын. Әкем соғыстан қайтпаған. Нағашымның қолында өстім. Осы жағынан Амангелді екеуміздің тағдырымыз тым ұқсас. Кейін мен Жамбыл жақтағы әкемнің бауырларын іздеп тауып, солардың қолында болдым. Сол жерден 1960 жылы Ташкент теміржол инженерлері институына барып, оқуға түстім. Қызылордадан келген Сағымбай Мүсілімов екеуміз жатақхананың бір бөлмесінде тұрдық. Сол Сағымбай арқылы бізден бір курс жоғары оқитын Амангелді, Уәлихан, Әнуар секілді азаматтармен танысып, араласып кеттік. Амангелді ә дегеннен адамды бауырына тартып, жатырқамайтын көпшіл мінезін танытты. Өздерінің бізден бұрын келгендіктерін білдіріп, білмегенімізді үйретіп, жоғымызды іздесіп, барын бөлісіп жүрді. Бір жылдан соң Амангелді сырттай оқуға ауысып кетті. Бәлкім, сол кеткеннен мен осы бір жүрегі жылы мейірбан жанды мүлде көрмей кетер ме едім. Бірақ біз қайта табыстық. Тағдырдың жазуы, институттың жолдамасы мені Қызылордаға алып келді. Келсем, Әбекең теміржол депосының аккумулятор цехында жұмыс істеп жүр екен. Туған бауырдай құшағымыз айқасып, табыстық.
Әбекең бойын өте таза ұстайтын кісі еді. Оны бірінші көрген біреу цехтың жұмысшысы емес, бастығы деп қалатын. Жағасына кір жұқтырмай, қыры сынбаған кәстөм-шалбар киіп жүретін. Шын мәнінде ол кезде институт бітіріп келсек те, еңбекті қара жұмыстан бастайтынбыз. Ол заманның тәрбиесі солай.
Қаладағы осы қазіргі университеттің маңында жатаған барақтар болатын. Амангелді үйленген соң сол барақтан екі бөлме баспана алды. Жас отбасы үшін бұл үлкен жетістік. Сәруар деген жолдасымыз екеуміз Әбекеңнің барақ үйінен шықпаймыз. Сол аядай үйді даладай көреміз, қона жатамыз. Келіншегі Қалдыгүл де кеңпейіл, үйіне адам келгенді жақсы көреді.
Сөйтіп жүріп айларды айналдырып, жылдарды жылжыта бердік. Амангелді өзінің көп ішіндегі белсенділігімен, жұмысқа деген жанашырлығымен көзге түсті.
Қызметі депо бастығының орынбасарлығына жоғарылады. Өзі сондай ізденгіш болатын. Депода жүріп бірде Омск қаласына іссапарға барады. Сол жолы теміржолдан ғылым кандидаттығын қорғаған орыс жігітімен танысып, сол арқылы тақырып бекіттіріп алады. Ол ғылыми дәреже қорғамақ түгілі тақырып бекітудің өзі бір қиын кез ғой. Амангелді, қазақша ұғыммен айтсақ, еті тірі, талағының биті бар жігіт еді. Оның осындай алғырлығы мен адалдығын ұнатпағандар да болды.
Бір жылы Қызылорда депосына Қазақ ССР теміржол саласының бастығы Виноградов деген кісі келді. Келе бір ілік табуға кірісті. Депода төрт-бес тепловоз жалғыз-жалғыздан тұрған. Негізі жөндеудегі тепловоз қосарланып тұру керек. Жалғыз тепловоз ауыр вагондарды тарта алмайды, сондықтан олар үнемі қосақтаулы болады. Пойыздарды тоқтатпау үшін жарамды тепловоздардың сынған тетігін тез бүтіндеп жіберу барысында локомотивтің осылай сыңар қалуы заңды. Бірақ оны әлгі жоғары бастық жоққа шығарды. Сыңар тепловоз есебінен басқа локомотивтердің айналымда жүргенін ескермеді. Бұған кінәлі бастықтың орынбасары деп есептеп, сол жолы Әбекеңді қызметтен босатты. Шынына келсек, бұл орын «виноватшыл» Виноградовтың бір бауырына керек болған екен.
Іскер, ізетшіл болмысымен баршаға танылған Әбекеңді облыстық автокөлік басқармасы бірден қызметке шақырды. Ол осы жерде әуелі бастықтың орынбасары, сонан соң басқарма бастығы болды. «Алмас кездік қап түбінде жатпайды» деген, Әбекеңді қап түбіне тастаймын деп ойлағандар қайта оның қызметін өсіріп жіберді.
Амангелді ғалым есебінде де мойындалған адам. Пойыз доңғалағының рельсте тақылдап, салдарынан иігіш пружиналарының жиі сынатыны бар. Соның кесірінен кейде түгел бір пойыздың тұрып қалып, жүру кестесінің бұзылатыны өзекті мәселе болатын. Әбекең ғылымда дәл осы тақырыпты ашты. Сілкіністі жеңілдетіп, пружиналардың төзімділігін ұлғайтатын әдіс тапты, оның ғылыми дәлелін ұсынды. Теміржол қауіпсіздігіне қатысты осы әдістің кейін жетілдірілгені болмаса, оның алғашқы авторы Амангелді Әбдікәрімов екенін сала мамандары жақсы біледі.
Жамбыл аға осылайша біраз сыр шертті, мен енді Амангелді Әбдікәрімовтің тағы бір замандасы Төлегенов Әнуар ағаның үйіне келдім.
– Біз жерлеспіз, – деп әңгіме бастады аға, – «Өзгент» колхозы 1940 жылы «Жаңажол», «Мәдениет» болып екіге бөлініп, Амангелді екеуміз осы екі ауылда өстік. Оның әкесі соғысқа кетіп оралмады. Жасынан тұрмыс тауқыметін тартып өскен. Амангелдінің өте тиянақты ісінен, артынан сөз ертпейтін адалдығынан сол көп көрген тауқымет қалыптастырған болмыс сезіліп тұратын.
Менің одан үлкендігім бар. Сондықтан ол институтқа да, жұмысқа да менен екі жыл кейін келді. Үйленгенде де солай. Амангелді туралы негізгі ойымды айтуды өтініп отырсың, ол жұмысқа өте-мөте берілген адам. Ол үшін басты орында жұмыс тұрады. Локомотив дегенді білесің ғой, ол – пойыз тепловозы. Сол локомотив 7 мың шақырым жол жүрген соң жөндеуден өтуі керек. Амангелді мұндай міндеттердің жоспарын тиянақты орындап отырды. Ол жұмысы жөнінде қағаздан баяндап тұрғандай жаңылмай сөйлейтін. Сауаты, ізденісі күшті, жан-жақты. Үнемі қолынан газет түспейтін. Институтта жүргенде жастықтың буымен біразымыз сабақтарға үлгермей, стипендиядан қағылдық. Артымыздан сәлем-сауқат, ақша салатын адам бар, соған да сенеміз. Ал, Амангелді жақсы оқыды, артымнан бірдеңе келер деп дәметпеді, стипендияны үзбей алды. Бұл, әрине, оның жақсы, жалпы көптен артық қасиеттері.
...Әнуар ағаның да әңгімесі бірталай. Бірақ мақалада көлем деген бар. Бұл кісілердің көкірегінде бір-бір кітап жатыр екен дедім мен ой толқынына малтып жолға түскенде. Ең бастысы, Амангелді секілді асыл ағаның өнегелі өміртарихымен таныстым. Біз үшін ақылға жаратар тұстары да аз емес.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
Қызылорда қаласы.