Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – Елбасы өзі ашып, батасын берген еліміздегі танымал білім ордаларының бірі. Мұндағы 13 факультетте облыстың аудандары мен қалаларынан барып білім алған түлектеріміз бен оларды білім нәріне сусындатып жүрген тәжірибелі ұстаздарымыз көп. Солардың бірі – Академиялық мәселелер департаментінің директоры Шәмен Палымбетов. Білікті басшы жуырда алпыс үш жасқа аяқ басты.
Академиялық мәселелер департаменті университеттің құрылымдық бөлімшесі болып табылады. Негізгі мақсаты – оқу процесін ағымдағы жоспарлау және ұйымдастыру. Айтқанға оңай болғанымен, зор еңбекті талап ететін жауапты шаруа. Университеттегі осы істің басы-қасында жүрген Шәмен ағаны біздің жерлесіміз екенін айта кетейік.
Ол Шиелі ауданындағы Абай атындағы орта мектепте оқып жүрген кезінде-ақ физика, математика және химия пәндеріне қатты қызығушылық танытты. Мақсаты мектепті бітірген соң техникалық мамандық бойынша оқуға түсіп білімін жалғастыру болатын. Ол кезде инженер-құрылысшы мамандығының мәртебесі жоғары еді. Арман қуған балаң жігіт Алматы қаласындағы политехникалық институтқа құжаттарын тапсырып, бағын сынайды. Өкінішке қарай байқаудан өтпей қалады. 1973 жылы Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Ресейдің Самара облысында азаматтық борышын атқарады. Екі жыл екі айдай болғанымен, ойы оқуға түсу, білім алу болды. Мұнда да бос уақытын құр өткізбей жауынгер жігіт емтиханға дайындығын жалғастырды. Алдына мақсат қоя білген ол азаматтық борышын өтеген соң Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтынан бір-ақ шығады. Екі жыл бойғы ерен еңбегі еш кетпеді. Кешегі сарбаз енді студент атанды. Институтты қызыл дипломмен аяқтап, Қызылорда қаласындағы Жамбыл гидромелиоративтік институтының филиалына жұмысқа орналасады. Институтта бір жылдан астам қызмет атқарған соң өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге шешім қабылдайды.
Қызылорда облыстық агроөнеркәсіп техникалық бірлестігіне инженер болып қабылданып, кейін аға маман, бөлім, басқарма басшысы лауазымдарын атқарады. Міндеті облыс шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету. Жұмыс деген бастан асатын. Ресей, Беларусь, Украина елдерінің жабдықтаушыларымен тұрақты келісімдер жасалып, облыс экономикасының көтерілуіне игілікті шаралар атқарды. Зымырап он алты жылдың қалай өткені де байқалмай қалды. Шәмен аға сол кезде өзіне көмек қолын созып, ағалық ақылдары мен кеңестерін аямаған бірлестік жетекшісі Мақсұт Қалыбаев пен облыстағы базаның директоры болған Батырхан Ораздың есімдерін аузынан тастамайтыны рас. Бұл кісілердің ақыл-кеңесін тыңдап, мол тәжірибе жинақтағанын мақтан тұтады.
КСРО келмеске кеткен тоқсаныншы жылдары Шәмен аға достары Ербай, Райымбекпен бірігіп облысты қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ететін «Шер» компаниясын құрады. Компания жұмысы тез жанданып төгілген маңдай тердің жемісін көре бастайды. Компанияда Шәмен аға бір жарым жыл жұмыс істеп, 1997 жылы қазіргі Тараз қаласындағы мемлекеттік университетке оқытушы қызметіне жұмысқа ауысады. Бизнесті бірге бастаған достары оның бұл қалауын құптап, ақ жол тілеп шығарып салады.
2008 жылы зайыбы Меруерт Мұсабаева (бүгінде география ғылымдарының докторы) Астана қаласындағы жоғары оқу орнына қызметке шақырылады. Ерлі-зайыптылар келісіп Астанаға бірге аттануға шешім қабылдайды. Осылайша Шәмен аға Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде еңбек жолын жалғастырады. Бастапқыда университеттің тіркеу офисі қызметі басшысының орынбасары, тіркеу офисінің директоры болса, бүгінде Академиялық мәселелер департаментінің директоры қызметтерін атқарып келеді.
Ұзақ жыл жинақтаған мол тәжірибесін білім беру саласына арнаған Шәмен аға, оқу үдерісін ұйымдастыру, ондағы реформалардың ендірілуіне атсалысты. 2009-2010 жылдары университеттің қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы болып жұмыс істеді. Бұл қызметті де үлкен абыроймен атқарды.
Шәмен Балтабайұлы білім ордасының оқу үдерісін ұйымдастыру, талдау жасау, логикалық тұрғыдан үйлестіру, оқытудың кредиттік технологиясын ендіруге еңбек етті. Сондай-ақ, оқытудың сапасын арттыру, автоматтандыру жұмыстарын ендіруді ұйымдастыру бағытында өз ісін жетік білетін маман екендігін дәлелдеді.
– Бүгінгі таңда нарықтық экономика кез келген саладағы мамандардың кәсіби білім деңгейіне жоғары талап қояды. Енді білім беруде басты назар болашақ түлектердің біліктіліктері мен қабілеттеріне, олардың іс жүзінде жұмысқа бейімділігіне аударылады. Түлектердің жұмысқа орналасуы – жоғары оқу орнындағы білім беру жұмыстары сапасының басты көрсеткіші. Себебі, әр білім ордасының түпкілікті мақсаты елімізге қажетті мамандар даярлау. Осыған орай Еуразия ұлттық университетіндегі басты міндет нарықтық жағдайдағы жұмыс істей алатын бәсекеге қабілетті, жоғары білікті мамандар даярлау болып табылады, – дейді Шәмен Балтабайұлы.
Ол түлектерге білім берумен қатар, зайыбы Меруерт Насұрлаевнамен бірге өз балаларын тәлімді тәрбие мен тиісті білім алуға, еңбекке баулуға тырысты. Қазір балалары ер жетті. Әрқайсысы өз таңдаған мамандығымен айналысуда.
– Мен туған жерім Қызылорданы және туған туыстарымды өте жақсы көремін. Тұлабойымдағы бар қасиет ата-анамнан дарығаны әрқашан жадымда. Менің бір білетінім әр адамның бақыты мен бағы өз қолында. Мен бақыттымын! – дейді ардақты азамат. Бұл Шәмен ағаның жүрегінен шыққан шынайы сөзі.
Шәмен Балтабайұлының еңбегін Еуразия ұлттық университетінде ғана емес, еліміздің түрлі жоғары оқу орындарындағы әріптестері, Білім және ғылым министрлігіндегі мамандар да жоғары бағалайды. Оның кеудесінде жарқыраған «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі мен «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағы ұзақ жылғы еселі еңбегінің айғағы іспетті.
Иә, Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек көрігін қыздырып жүрген жерлестеріміз қай салада болмасын абырой биігінен көрініп жүр. Бұл сырбойылықтардың мәртебесін асқақтата түсері анық.
Ж.ТОЛЫБАЙ.