Шілде айында боз дала базаң тартып, сағымға шомылғанда, жап-жасыл боп әрін бермес бұл мекен «Сіңіртек» деп аталады.
Жаз базары тарқап, күз келеді. Малды ауыл артынып-тартынып Сырға көш басын түзейді. Көш үлкен қаланы басып өтеді. Еру болған малшы ауыл базар базарлап, қорасы атшаптырымдай ағайынның үйінде бірнеше күн болады. Қала өмірі тосындау көрінгенімен, бірер күнде үйренісіп кетеміз.
Көше бетте ойнап жүрген біздерге тақап келіп қалған машинадан зәрем ұша қаша жөнелдім. Қорадағы кірпішпен шегендеген құдыққа құлаппын. Есімді жисам, құдық астауында жатырмын. Бар бала болса, сол жерде. Жаңа машинаның буы көтерген шофер ағайынымыз да осында. Апам басымды кеудесіне басып, бетіме су бүркіп, күбірлеп айтқан сөзінен соң ешқандай қорқу да жоқ, орнымнан атып тұрдым. Құдыққа құлауымнан тұруым тез болды. Бірақ, қорқыныштан қалған ауруым ұзаққа созылды. Ойнап жүрсем де уақыт, жер таңдамайтын бұл ауру екі-үш жыл әуреге салды. Әуелі бүкіл дүние шыр айналып кетеді де, ес-түсімнен айырылып құлаймын. Апталап нәр сызбай жатамын. Аурудан тұрғанда құр сүлдем ғана қалатын. Одан мектепке баратын жылы ғана құтылдым...
...Жүрісі жайлы боз іңгенге қоршау қоршалап, оған әжем, апам, мен міндім. Атам мен Шағыр молда салт атты. Көкем балаларымен түйеге қара қой бүктіріп, түс ауа жолға шықтық. Қазан-ошақ, ас-ауқатымыз қоржынға салынып, жетектегі түйеге артылған. Дәл бір тойға баратындаймыз. Бар тәуіріміз киіппіз.
Қозы көш жүріп діттеген жерімізге де жеттік. Күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған қос күмбезді Ахмет ишан мазары екен. Көш-көліктерімізді етекке қалдырып, төбе басындағы мазарды жағалай отырдық, құран оқылды. Молда қолымнан жетектеп, мүрде жатқан алты қанат үйден еңселі күмбездің ішін айналдырып өтіп, қазандық аталатын екінші бөлмеге кіргізді. Бөлменің ортасында мен, молда есік алдына жайғасты. Күңіренген дауыспен молда құран оқыды. Терезеден басқа саңылау жоқ. Есік алдында молда отыр. Қорқыныштан есім шығып кетті. Құлап қалдым. Алыстан ат дүбірі құлағыма талып жеткендей. Молда құран оқып, дем салған кезде есімді жиыппын. Далаға беттедік. Сахараның жусан аңқыған ауасын кеуде кере жұттым. Батыс беттегі өркеш-өркеш құмға жантайған күн шапағы бүгін ерекше алаулы еді. Қырдың кешкі салқын самалы денемді тоңазытып барады. Молда көйлегімді көтеріп арқама, көкірек тұсыма су бүркіп, мазарды айналдыра жүргізіп әкеліп отбасыма қосты. Қазан қайнап жез самаурын екі иығынан дем алып тұр.Үйітілген құйқа, қайнаған ет, лаулай жанған от түтінінің иісі мұрынды қытықтайды. Менің көптен бері асқа тәбетімнің тартқаны.
– Ата, құлақ жеймін, – деппін. Сол күннен бастап мен қорқыныштан болған сол аурудан құлан таза айықтым.
Бұл – Бұқарадағы діни медреседе білім алған, қасиетті Меккеге екі рет барып, қажылық қарызын өтеген емші, тәуіп Ахмет ишан мәңгілік жайы орналасқан мекен.
Алаш қайраткерлерінің бірі Ахмет ишан 1913 жылы «Қазақ» газетінің шығуына қаржылай қолдау көрсеткен. Кейін ел басқару жұмысына да атсалысып, 1916 жылы патша жарлығына қарсы шыққан көтерілісшілер төбе биі, Байқоңыр ревком төрағасы болған. Көтеріліс басылған соң бала оқыту, медресе-мектеп ашу ісіне бел буып, діни ағартушылық қызметке бет бұрады. 1920 жылы Телікөлдегі медресе-мектебіндегі атақты академик Мұхамеджан Қаратаев нағашысының үйінде жатып, екі жыл оқып сауатын ашады. (М.Қаратаев Ахмет ишанның үлкен қызы Бибісараның баласы).
20-жылдары Қыр қазақтарына оба дерті келгенде Бибісара екеуі мыңдаған жанды оба дертінен сақтап қалған емші. Сарысу өзенінен Ишан арығын қаздырып Қыр қазақтарын егіншілікке үйреткен жан. Бала кезімізде ишан-ата арығы бойында қозы-лақ жайып, ойнап өскенбіз. Бұл өңір біздің 40 жылдан аса жаз жайлауымыз болған. Байзақ пен Айткүлден өсіп-өнген ұрпақтардың кіндік қаны тамған, ер жетіп, етек жиып, ат арқасына мінгізген құтты мекен.
«Сіңіртектен» таяқ тастам жерде Қыпшақ мемлекеті тұсында салынған хан сарайының орны Белең ана, талай сәулет өнерінің озық үлгілерінің жұқанасы зерттеушісін күтіп, жыңғыл-тоғай мен құмтөбеде құпиясын қойнына бүгіп жатқан шежірелі өлке.
Қозы көш жерде атқан күнде тербетіп шөккен нардай болып Таңбалы нұрасы жатыр. Осы – Қазақтың алғашқы ханы Керейден кейінгі хан Жәнібекті хан көтеріп, Асан қайғы қазақтың басты қырық руының таңбасын тасқа қашаған тарихи орын. Қазақтың тасқа қашалған шежіресі шашылып, жинаушысын күтіп ол жатыр. Туған жерге деген сағыныштан сарғайып аңсап жетер киелі мекеніміз – Сіңіртек.
Төбе басында торы атына тебіне түсіп, алыстан көрінген көлікке қолына күн салып күтіп алатын әкеміздің мыңғырған мал өсірген, атақ-абыройдан кенде етпеген құт қонысы.
Анамыздың ақ жаулығы көрінгеннен сағыныштың өксігі көкірегімізге кептеліп, көзіміздің алды сағыныштың сағымына шомылған ыстық мекен – Сіңіртек. Киров кеңшарынан келген жездеміз – мұртты Мұқанның әңгімесі де қайта жаңғырып еске түскені. Қыр қазағының бірі – Ұлы Отан соғысы кезінде басынан жараланып госпитальға түседі. Басындағы жарақатын емдеген әскери білікті дәрігер:
– Бала кезіңізде басыңыз жарылып, ауруханаға түсіп пе едіңіз? – деп сұраса керек.
Қыр қазағы:
– Жоқ, аурухана дегенді көріп тұрғаным осы.
– Жоқ жауынгер, бала кезіңізде бас сүйегіңізге ота жасалыпты. Есіңізге түсіріп көріңізші, – дейді.
– Жоқ, ол дәрігер емес, ауылымыздың молдасы Ахмет ишан ғой, – дейтін көрінеді.
Үш жасында еңбегі ойылып, жаңа сойылған қозының жауырынының етінен тазартып, ақ сүйек етін ойыққа кесіп алып тігіп, бас терісін қаптап, қозының ащы шегімен тігіп тастаған, екі жас төлдің сүйегі кірігіп, ізін білдірмей бітіп кеткен. Естіген әңгімеге әскери дәрігер:
- Далалықтар жайлы талай аңыз әңгіме естіп едім, мына әңгімең бәрінен де асып түсті, – деп таң-тамаша қалыпты.
Көп жылдан бері туған жерге ат басын бұрып, зиярат етудің сәті түсті. Мазар бұрынғыдай емес, айналасының қоршауы жарылған, құлаған кесектері қаланып бүтінделген. Кейінгі ұрпақ ардақты Атаға деген ілтипатын осылай білдірген сыңайлы.
Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Сырдария ауданы, Бесарық ауылы.