ЗАМАНЫНЫҢ ЗАҢҒАР ҒАЛЫМЫ

Халқына өлшеусіз еңбек сіңірген текті тұлға­лардың өмірі мен өнегесін жамағат назарына ұсынып отырудың мәні айрықша. Биыл атақты ғалым Шахмардан Есеновтің туылғанына 90 жыл толып отыр. Алты алаштың анасы атанған Сыр өңірі еңбегін әлем мойындаған айтулы академиктің мерейлі мерекесін облыс әкімінің бастамасымен кең көлемде атап өтуде. Әсіресе, Шиелі ауданының жұртшылығы өздерінің еңбек жетістіктерін осы мерейге арнап, биылғы егін жинау науқанын қысқа мерзімде аяқтап үлгерді. Күріштен жоғары өнім алды. Осы орайда қоғам қайраткері, дарынды ғалым Шахмардан Есеновтің өмір дерегіне шолу жасамақпыз.

Қызылорда облысының Тартоғай ауылында дүниеге келген Ш.Есенов академик Қ.Сәтбаевтың төл шәкірті. Оның ғылыми еңбектерімен, өнді­рістік жетістіктерін жал­ғас­тырушы ізбасары. Ол Жезқазған өңірі­нің жаңа қырын ашуға белсене қайрат көрсетті. «Ш.Есенов 1952-1960 жылдары Үлкен Жезқазған кен-руда өнеркәсібінің шикі­зат бөлімін ашу және бағалау жөніндегі барлау жүмысына басшылық етті. Бұл кезеңде Жезқазған ауданы геологиясының неғұрлым күрделі теориялық және практикалык мәселелерін шешуге тікелей қатысты боксит-асбест сияқты маңызды пайдалы қазыналарды іздеу мен барлау әдіс-тәсілдерін анықтау жөніндегі жұмыстарды басқарды. Осы жұмыстардың нәтижесінде Жезқаз­ғанда шикізат кенінің барланған қоры бұрынғыдан бірнеше есе артты. Химия және қорғаныс өнеркәсібіне өте қажетті шикізат ірі кені ашылды. Ол қысқа мерзімде барланып, өнеркәсіпті игеру меңгерілді. Осы ауданның марганец, мыс, металл, никель, кобальт, темір рудалары, құрылыс материалдары мен мыс кендері ашылып зерттелді». Шахмардан Жорабекұлы 1965 жылы республикада жүргізген барлық геологиялық іздеу және барлау жұмыстарына жалпы басшылық етті.

Бұл жылдары Қазақстанда пайдалы қазба­лар­дың бірқатар ірі кен орындары ашылып, иге­рілді. Соның ішінде Маңғыстаудың оңтүстігінде аса ірі мұнайлы-газды аумақтың, «Жетібай» мен «Жаңа Өзен» мұнай орындарының ашылуы, қысқа мерзімде барланып, іске қосылуы үлкен жетістік болды. Осы жұмысқа тікелей қатысқаны және басшылық еткені үшін бір топ ғалымдармен бірге Лениндік сыйлық берілді. Ал республика Геология министрі, одан әрі 1967-1974 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті лауазымында жалпы халықпен ел үшін жасаған қайраткерлігін айтуға сөз жетер ме екен?!

Жуырда ғалымның туған жері – Шиеліге көрші Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ­ауданынан әдебиетші Әбдіманап есімді жігіт іссапармен келді. Осындағы «Көкшоқы» шағын ауданындағы Есеновтің бюстін байқап қалып, жанына дереу жетіп барды да, тәу етіп бетін сипағандай болды. Сонан соң іле-шала «әл-Фарабидің қазаққа оралуына басты себепкер, қайраткерлік көрсеткен осы азамат ғой. Япыр-ай, бұл кісінің Шиеліде туылғанын бұрын білмеуші едім» дегені. «Оу, Шахмардан Есенов Сыр өңірінің тумасы  емес пе, әкесі Жорабек орысша-қазақша өте сауатты кісі болған. Заманында үлкен қызметтер атқарып, қалың қазақтың қамын жеген, сол үшін қуғын да көрген» – дедім

Мұныма Әбдіманап: «әл-Фарабиді түркімендер де, тәжіктер де, өзбектер де біздікі деп өрекпіп тұрғанында «екінші ұстаздың» қазаққа қалай қайта оралғандығын білетін шығарсың, сол қай жылдары еді?» деп сұра­ғаны. Осы жерде мен сәл кідіріңкіреп қалдым. Үйге келе сала кітаптарды парақтай бастадық. А.Машановтың «әл-Фараби және Абай» атты кітабынан жоғарыда айтыл­ған деректердің ізін таптық. Сондағы қол­ға түскен деректердің мәліметі мына­дай: «Академияда президент болып тұр­ған­да ұлттық мәдениетімізді тереңнен ­зерттеуге, әдебиетімізде ұмыт болған, тыйым салынған эпос­тар мен дастандарды қайта өмірге әкелуге, іздеп табуға бұйрық береді. Қазақ топырағының ұлы даналарының бірі Әбунасыр әл-Фарабидің халқына қайта оралуына көп еңбек сіңірді. Бұл турасында ҚР ҰҒА академигі Досмұхамед Кішібеков былай дейді: «Ш.Есенов Ғылым академиясындағы Философия және құқық институтының жанынан арнаулы фарабитану бөлімін ашады. Оған арабша, ағылшынша және басқа да тілдерді білетін білімді жас ғалымдарды шақырды. Оларға әл-Фарабидің еңбектерін тауып, қазақшаға, орысшаға ауда­руға тапсырма береді. Әл-Фарабидің қазақ топырағының ұлы екенін ол ­кезде ешкім білген жоқ. Көптеген елдер оны өзде­рінше иеленіп кеткісі келді. Мәселен, ирандықтар оны ирандыкі деп дәлелдеді. Өзбек ғалымдары өзбек халқыныкі деп есептеп, мақалалар жазып жатты. Профессор  А.Машанов 50-70-жылдардағы (өткен ғасыр) ғылыми-қоғамдық қызметін әл-Фарабиді қазақ халқына қайта әкелуге жұмсады. Ол көптеген кітаптар, мақалалар жазды. Әл-Фарабидің еңбектері екі тілде шығарылды. Осы басылымдардың барлығының жауапты редакторы Ш.Есенов болды», – деп атап көрсетеді.

Иә, қажырлы еңбек, дәйекті дерек жемісті болып, 1970 жылы әл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толуына байланысты халықаралық симпозиум Алматыда ашылды. Оған әлемнің көптеген елдерінен қонақтар шақырылды. Ш.Есенов осында өзі баяндама жасады. Осы симпозиумда ұлы бабамыз әл-Фараби Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» атанды.

Қазіргі «Егемен Қазақсан» бұрындары кеңестік дәуірде «Социалистік Қазақстан» аталатын-ды. Сол аға басылымның Жезқаз­ған облысындағы тілшісі болған, қадірлі журналист ағамыз Өтеген Жаппархан  Г.Оразалиеваның кітабынан мынандай қы­зық­ты жайтты баяндайды. «...Мына біз тұр­ған биік «Шахмардан шоқысы» деп аталады. Бұл анау Ұлытаудан кейінгі биік жотаның бірі. Осы биіктен бұл маңайдың бәрі анық көрінеді. Анау түтін – атақты Қарсақпай зауытыныкі, мына беткейде көсіле жатқан – Жезқазған, одан әріректе – кеншілер қаласы Никольский мен Рудник, ал, мына арттағы қоныс – Жезді кенті.

– Тамаша екен. Ал, енді «Шахмардан шоқысы» болып қалай аталған?

– Ол кісі осы Жезқазғанда геологиялық партияға басшы болып он жылдай қызмет істеді. Талай кен ошақтарын ашты.  Қанекеңнен кейінгі осы төңіректің бағын ашқан сол Шахаң еді ғой, бұл маңда ол барламаған, ізі түспеген жер жоқ, – деп, ертеде сапарлас болып жүрген кен инженері Мүсілім Тоқтамысов сөзге араласты. Хатшы тағы сөз сабақтады.

– Жақсы қатысамыз, сыйласпыз. Құдай өзіне келбетті де бере салған ғой. Адами парасатын айтсаңшы! Сол Шахмардан осында жүргенде ертелеп шығып, мынау тау-тасты ерінбей жаяу аралайтын. Жұмыстан кейін әріптестерімен бірге күнде кешқұрым осы шоқы басында отырып демалатын. Осы жерде отырып күні бойы жазған-сызғандарын, жиған-тергендерін, ойларын қорытатын. Кейін Алматыға қызметі өсіп кеткен соң, ел бұл қыратты «Шахмардан шоқысы» атап кетті. Сол дәстүрмен әліге дейін қалт еткенде осында келіп демалып тұрамыз». Міне, іс жасаған адамның соңында қалған ізі...

  Қазір тоқсан жастың бел ортасына келген. Шиеліде тұратын Серқара Ізтілеуов ағамыздың айтқан мына әңгімесі де қызықты әрі өнегелі. – Бірде Алматыға іссапармен бардым. Ол кезде қонақ үйге бару дегенді білмейміз, туыстарды жағалаймыз ғой баяғы. Содан әпкеміз Аяштың үйіне бардым. Обалы не керек, бәрі де құрақ ұшып қарсы алды. Ас әзірлеп, дастархан жайып тастады. Шахмарданның осы үйде жатып оқитынын білемін, бірақ көзге көріне қоймады. Біраз уақыт өткен соң шыдамым таусылып «Шахмардан қайда?» дедім Аяшқа. Ол үндемеді. Жымиып күлген жездеміз Тәңірберген: «Ол Аяштың қаһарына ұшырап, қамалып отыр», – деді. Мен түсінбей, шошып қалдым. Онымды түсіне қалған жездеміз: «Жоқ, ол үйде, басқа бөлмеде қамаулы отыр. Біраз қызық қуып, сабағын жіберіп, бағасын төмендетіп алыпты...» – деді, Аяшқа бір қарап қойып. Аяшта үн жоқ, төмен қарап шайын құйып отыра берді. Не керек, сол жолымен ауылға Шахмарданды көрмей-ақ кеттім, – дейді.

Осы ретте Елбасының ұлттық код ­туралы айтқан тәмсіліне қайта оралғанды жөн санап отыр­­мыз. Басқа халықтарды қайдам, қазақтың қонақ­жайлылығы мен бауырмалдығы ерекше ғой. Осы бір асыл қасиет Шахмардандай шоқтығы биік ғалым­ның алдағы даңғылына жол ашқан секілді. Туған әпкесі Аяш пен жездесі Тәңірбергеннің аса талантты бала Шахмарданға көрсеткен қамқорлығы, тәлімі, тәрбиесі өте мол болғандығы.

Ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевпен таныстырып, қандай оқуға түсуіне бағыт берген, өз мамандығын жақсы игеруін да қадағалаған – осы кісілер. Бұл жерде ұлттық кодтың мықтылығы нәтижелілігін дәлелдеді деп ойлаймыз. «Жақсыдан шарапат» деген осы болса керек, жан-жақты талант тұлға болып қалыптасты.

Шахмарданның ата-анасы – Жорабек пен Шәри­па­ның көпке деген қамқорлығы да ұшан-теңіз бол­ған. Жорабек ақсақалдың басы жерге жеткенше ертеректегі таршылық заманда шет жерге қуғын көріп ауып кеткен жерлестерін елге қайтаруды армандап кеткені Әбілдә Тәжібаевтың естелігінде жазылады. Ал Шәрипа апаның 1961 жылы елге қыдырыстап келгенінде Шахмардан жатқан бесікті балалары тұрыңқырамай жүрген төркін жұртқа беруі арқылы өсіп-өнуіне тілектестік білдіруінің нағыз дәлелі. Сол құт қонған бесікте бір отбасының тоғыз сәбиі бөленіп, одан кейін олардың балалары мен немерелерінің тербелуі жақсы ырымның нышаны деп білеміз. Тарихи тұлға бөленген сол құт бесік жақында Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылды.

   Жоғарыдағы ойымызды одан әрі жалғастырсақ. «Бір жылы Шахмардан жары Кәмила апаймен, балаларымен Қырымда демалады. Бұлар түскен санаторийде Мәскеудегі Геология министрінің мұнай жөніндегі орынбасары жатыр екен. Қызметтес, әріптес адамдар емес пе, күнде болмаса да, жиі араласып, әңгіме-дүкен құрып жүреді. Кәмила апай Шахмарданның атын атамай үнемі «Батыр» дейді ғой, баяғы. Бұған министрдің орынбасары түсінбей, ақырында: – Кәмила Қарабалаевна, сіз неге Шахмардан Есенович демейсіз, «Батыр» деген не сөз? – деп сұрайды. – «Батырдың» орысшасы «Храбрый» деген сөз. – Шын ба, шын айтып тұрсыз ба? – деді министрдің орынбасары, кенеттен таңғалып. – Сіз не, бұл атауды ол кісіге лайық көрмей тұрсыз ба? – дейді Кәмила жеңіл ғана жымиып.

– Жоқ, жоқ, қайта «Батыр» деп, дәл қойға­ныңызға таңғалып тұрмын, – деп, шынымен-ақ ренжітіп алдым ба дегендей. – Бұл пікірімді Сізге, Кәмила Қарабалаевна дәлелдеп берейін, – деп, елпілдеп-ақ қалды. Сонан соң аз-кем ойланып тұрды да: – Маңғыстаудан мұнайдың мол қоры табылып, Қазақстан басшыларының абыр-сабыр болып, проблемаларының көбейіп тұрған кезі болатын. Мәскеуге келгіштеп, жоқтары көбейіп дегендей ғой... Бірде мұнайға байланысты Косыгинде өтетін жиналысқа бірге қатыстық. Жиі көрмейтін болған соң Косыгинге министрлердің бәрі жетістігін емес, жетіспейтін жақтарын айтып, мемлекеттен көмек сұрап жатыр. Өтебай, Орта машина жасау министрінің бір орынбасары (министрі Орталық Комитеттің мүшесі, беделді басшы Е.П.Славский болатын) бізде анау жоқ, бізде мынау жоқ деп, жоқтан өзгені айтып тұрып алды. Бір кезде Сіздің «Батырыңыз» қолын көтеріп, рұқсат алып, жиынға қатысып отырған Косыгинның тура өзіне қасқайып қарап тұрып, сөзін бастады.

Біреулеріміз батылдығына таңғалып, біреу­леріміз «не дер екен?» деп, сынай қарап отырмыз. Бір кезде Шахаң: – Құрметті Николай Алексеевич (Косыгин), Сіз мені дұрыс түсініңіз, талай жылдан қалыптасқан, бай мекеменің мамандары «жоқ» дегенді айтып, ауыздарын құр шөппен сүртетін болса, жаңадан ашылып жатқан Маңғыстау кен орындарының, оның мұнайшыларының күні тіптен қараң деуге болады. Техника, станок, құрылыс материалдары... тіптен Орталықтағы басшылардың оң қабағы, шын пейілдері де жетіспейді бізге! – деп айтып салды. Тура бір алдын ала дайындалып келгендей-ақ жоғын тізіп, сандарды сөйлетіп шықты. Обалы не керек, Косыгин зейін қоя тың­дады да көмекшісіне бірнәрсе деп сыбырлады. Сонан соң Шахмардан Есеновичке қарап «осының бәрін айтып, хат жазыңыздар» деді, әдеттегі сабырлы қалпымен, сөзін қысқа қайырып. Шынымды айтсам, Шахмардан Есеновичтің батылдығына, Косыгиннің мәрттігіне  риза  болдым.  Маңғыстау  мұнайына  орай  бір емес, екі қаулы шығарды. Енді Сізге де риза болып отырмын, Кәмила Қара­балаевна, еріңізге лайықты ат қойыпсыз, ризамын, ризамын! – деп, шын көңілін білдіріп, ағынан ақтарылды», – деп көрсетіледі «Бір ғылым еді іңкәрің» атты жинақта.

Біздің бүгінгі мақсатымыз ұлы адамның ұлы­лығынан  оқырмандарымызды хабардар ету еді. Шоқтығы биік Шахмардан туралы біршама жинал­ған мағлұматтарды ортаға салдық-ау деп ойлаймыз.

Нұрмахан ЕЛТАЙ. 

Шиелі ауданы.

ТАҒЫЛЫМ 21 қазан 2017 г. 916 0