« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Мұстафа Шоқай шыққан өңірден тағы бір нар тұлғаның шықпауы мүмкін емес. Шахмардан Есенов – тек Сыр елінің ғана мақтанышы емес, бүкіл исі қазақтың маңдайына басқан тұлғасы. Биыл осынау көрнекті тұлғаның туғанына – 90 жыл.
Ол 1927 жылы 5 тамызда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Тартоғай ауылында қызметші отбасында дүниеге келген. Ресми құжаттарда Шахмардан ағаның туған жері «Тартоғай стансасы» деп көрсетіледі. «Тартоғайда» мектепте оқыған. Кей деректерде туған жері «Қазақстанның ХХХ жылдығы» атындағы ұжымшар, оның ішінде «Ащықұдық ауылы» деп те жүр. Қалай болғанда да дәл осы жерде, сұлу Сырдың берекелі қойнауында Мұстафа да, Шахмардан да туған, борпылдақ топырағында балпаң басқан, ат жалын тартып азамат болған.
1961-1967 жылдары, одан кейін 1974-1978 жылдары Қазақстанның Геология министрі болған Шахмардан Есенов туралы естігеніңіз бар ма? Бар болса, ол қандай адам? Сонымен, Шахмардан аға туралы айтқанда, ол кісінің, ең алдымен, Қаныш Сәтпаевтай ұлы тұлғаның сүйікті шәкірттерінің бірі болғандығын айтуымыз керек. Екіншіден, 33 жасында Кеңестер Одағында министр болған жалғыз шенеунік.
Шахмардан Есеновтің Ғылым академиясы басшылығы кезіндегі ерліктері туралы аңыз да, әңгіме де көп. Әріптестері де Шахмардан аға туралы жиі айтады. КСРО Ғылым академиясының Президенті М.В. Келдыштің геолог туралы айтқан мынадай жылы естелігі бар: «Ол – ғылымның көптеген саласын меңгерген, ғажайып, ерекше жаратылған адам».
Әнебір жылдары Қызылорда облысының әкімдігі әр ауданнан шыққан күллі қазаққа, елге әйгілі тұлғалардан «ХХ ғасыр адамын» анықтауды ұйғарған еді. Талқылау барысында Арал ауданынан – Нұртуған Кенжеғұлұлы, Қазалыдан – Ғани Мұратбаев, Қармақшыдан – Тұрмағанбет Ізтілеуов, Жалағаштан – Темірбек Жүргенов, Сырдариядан – Асқар Тоқмағанбетов, Жаңақорғаннан – Манап Көкеновті «ХХ ғасыр адамы» деп таныған. Сол жолы Шиелі ауданынан бес адам «Ғасыр адамына» ілікті. Олардың қатарында: Мұстафа Шоқай, Нартай Бекежанов, Ыбырай Жақаев, Әбділда Тәжібаев және Шахмардан Есенов бар. Бұлардың бесеуі де даңқы елден асып, әлемге әйгілі болған жандар.
Расында да, Шахмардан Есеновті нағыз «ғасыр адамы» деуімізге болады. Ол небәрі 33 жасында Қазақстан Республикасы Геология және жер қойнауын қорғау Министрінің орынбасары, кейін министрі болды. 1965-1967 жылдары Қазақстан Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, ал қырық жастағы кемел кезінде Ұлттық ғылым академиясының Президенті болып сайланды. Есеновтей ғұлама адам шыққан биік, ол игерген қазына елге, қазақ халқына таусылмас мұра болып қалды. Шахмардан Есеновтің ұлылығы да осында!
«Ғалымның хаты өлмейді» деген рас сөз. Есеновті еске алғанда әріптестері былай деп сыр толғайды. «1961 жылы Тайландта Біріккен Ұлттар Ұйымының Қиыр Шығыс Елдері комиссиясының сессиясы өтті. Осы сессияға Кеңес Одағының делегаттарын Шахмардан Есенов басқарып барды. Солардың ішінен бүкіл Қиыр Шығыс ғұламалары қатарынан жарық жұлдыздай жарқ етіп көрінген жалғыз Есенов еді. Кең маңдайлы, бұйра шашты, аққұба өңді әсем жігіт сол сессияға қатысушы көптеген ел ғалымдарының көкейінде қалды. Қазақ деген ұлттың адамдары осындай келеді екен-ау деп тамсанып, таңдай қағушылар аз болған жоқ» дейді Әбдіғаппар Жәкелов. ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Досмұхамед Кішібеков: «Шахмардан Есеновтің тек үш қана қасиет-қырын баса айтқым келеді. Біріншіден, ірілік, ауқымды, қарымды қасиеті – ол оның рухани ірілігі. Екіншіден, мейірімділік, рақымшылдық қасиеті. Үшіншіден, Шахаңның ержүрек, батыл, батыр, ойын бүкпей айтатын адам болғандығы» дейді. Ал академик Манаш Қозыбаев: «Шахаң ерте есейді, отызында халыққа танылды, қырық жасында орда бұзып, қазақ зиялы қауымының көсемі болды. Шахаң өмірдің сан саласында өз болмысын таныта алды. Ол ата-анаға қуаныш әкелген сүйікті бала, ұстазының мақтаныш сезімін тудырған үздік оқушы, талапты шәкірт атанды, ақжарқын жігіт болып танылды, білгір маман болып көріне алды, ұйымдастырғыш қабілетін көрсетті, дарынды ғалым болып қалыптасты, ел басқару өнерін игерді. Осылайша мемлекеттік дәрежедегі қайраткер болып қалыптасты. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, табиғи таңдаудан іріктеліп, сыннан өтті. Осы ұлан-ғайыр істі Шахаң ер жігіттің белі болар 40-45 жасқа дейін жасап үлгерді. «Қазақ елінің азаматы осындай» деп мақтаныш етер Шахмардан Есенов енді үлкенге де, кішіге де «Шахаң», «Ел ағасы», «Ғылым ағасы» атанды, одақтық, халықаралық деңгейге көтерілді» дегені де жүрекке жылы тиеді.
Кеңес Нұрпейісовтің: «Шахаңнан кейін талай министр болды. Бірақ Шахаңа тең түсетін министр болған жоқ. Ол түрі, түсі, тұлғасы қандай болса, іш мазмұны, іскерлігі, жауапкершілігі, тағы басқа да оң қасиеттері сондай адам болды» деген сөзіне қалай сенбейсің?! Иә, Шахмардан Есенов – осындай биік адам.
Есеновтің ғылымға қосқан ерлігі көп. Ол зерттеген геология саласы бір төбе де, ол Ғылым академиясын басқарған жылдадағы жасаған еңбегі бір төбе. Ғылым академиясының президенті болып сайланысымен Шахмардан Есенов «Казахстанская правда» газетінде рухани мәдениетімізді дамыту проблемалары бойынша үлкен мақала жариялайды. Бұл талай жылдан бері тыйым салынған Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіровтің, Бейімбет Майлиннің әдеби мұрасымен қайта қауышқан кездер болды. Ол өз мақаласында әдебиет саласында ұлттық мәдениеттің терең қыртыстарын көтеру қажеттілігі туралы, себепсіз ұмытылған, тыйым салынған батырлық жырлары мен махаббат дастандарын, эпостарды халыққа қайтару туралы мәселе көтерді.
Ғылым академиясында отырған жылдары Ш.Есенов әл-Фарабидің ғылыми-философиялық еңбектерін елге қайтару ісінде мемлекеттік деңгейдегі парасаттылық танытты. Академия жанынан Фарабитану бөлімі құрылғаны да Есеновтің арқасы. Ол бөлімге араб, ағылшын және өзге тілдерді меңгерген жас мамандарды шақырды. Олар әл-Фарабидің шығармашылық мұрасын жинақтап, қазақ және орыс тілдеріне аударды. Д.Кішібеков Есенов туралы естелігінде: «Бұл кезең Республика жұртшылығының әл-Фараби қазақ жерінің тумасы екендігін әлі де білмейтін кезеңі еді. Ол шетелдерде де танымал бола қойған жоқ еді. Мысалы, Иран елінің профессоры Ф.Реза «ЮНЕСКО курьері» журналында әл-Фараби ирандық деп жазды. Ал өзбек ғалымдары академик М.Хайруллаев және басқалар оны өздерінің бабасы деп санады. Өз әріптестерінен түркімен ғалымдары да қалысқан жоқ. Өткен ғасырдың 50-70 жылдары профессор А.Машанов өзінің бүкіл ғылыми-қоғамдық қызметін әл-Фараби мұрасын өз халқына қайтаруға арнады. Оның негізгі кәсібі тау-кен ісі болғанымен, ол әл-Фараби туралы кітаптар, мақалалар жазды, теледидардан сөйледі. Ш.Есенов қалыптасқан таптаурын пікірлерге қарамастан, бар жауапкершілікті өзіне алып, бұл қасиетті іске көмкекке А.Машановты шақыртып, қатаң идеологиялық, тіпті кейде қауіпті жағдайларда қолға алынған бұл үлкен еңбек жемісті аяқталды. Ұлы ойшылдың философиялық, логикалық, әлеуметтік-этикалық, математикалық және музыкалық трактаттары жеке томдар болып, екі тілде жарық көрді. Әлеуметтік-этикалық трактаттарының шығарылымына менің де қатысуыма тура келді» деп жазады ол. Мұны ерлік емес деп айта аламыз ба?
Алғаш рет Қазақстан геологтарын Индияда өткен ХІ-ші Халықаралық конгреске бастап барған да Есенов болатын. Одан кейін Канадада өткен ХІІ Халықаралық конгреске, Австралияда өткен ХІV Халықаралық конгреске қатысып, сөз сөйледі.
1972 жылы жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған жиынды өзі басқарды. «Алатаудың ақбас шыңдарына көз жіберсек, өзі қатарлас өнерлі, дарынды ақындар арасында, сол Алатаудың ең биік, ең еңселі шыңындай болып Жамбыл тұрады. Тау мүжіледі, темір тозады, бірақ халық мұңын мұңдаған, халық қуанышын жырлаған шынайы, көркем жыр мүжілмек те, тозбақ та емес. Жамбыл жыры – осындай жыр!» деп айтқанын ғалымдар аңыз етіп айтады. Ақындар жырын сағаттап жатқа оқитынына қарап, әдебиетші деп санайтындар да көбейді. Мұның бәрі Шахмардан Есеновтің сегіз қырлы, бір сырлы болғанын көрсетсе керек.
1972 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясына президент болып жаңа мерзімге қайта сайланды. Бұл жолғы сайлау алғашқыдан өзгешелеу болғаны рас. Шахмардан Есеновтің ешкімнен қызмет сұрап бармағаны анық еді. Оны білетіндер осылай дейді. Өйткені ол табиғаты бөлек жан. Өзінің жаны қалаған геологиясын бар қызметтен жоғары қойды. Екінші рет қайта сайланғаннан кейін бар күш-жігерін Ғылым академиясын көтеруге арнады. Бұл жылдар академияның нағыз шарықтаған кезі болатын. «Талай жерде, талай ортада, небір маңызды мінберлерден сөйлеген кезінде шешендігімен, білімінің тереңдігімен, көпті таңғалдырып, өзін өзгелерден ерекше құрметтеуге мәжбүрлейтін. Сондай адам екінші рет Ғылым академиясы президенттігіне сайланып, бастаған талай бастамаларын жалғастыруға мүмкіндік алды» деп жазады әріптестері.
Есеновтің тағы бір ерлігі туралы айтпай кетуге болмайды. Ол қазыналы Маңғыстаудың жағдайы. Маңғыстау Шахмардан Есеновтің арқасында Қазақстанның құрамында тұр. 1962 жылы Кеңес Одағының сол кездегі көсемі Никита Хрущевтің басына мынадай «керемет» идея келеді. Ол Маңғыстау облысында мұнай мен газ кеніштері ашылған соң, мұны қазақтар игере алмай, қор қылады деп ойлайды. Сондықтан Маңғыстауды мұнай-газ саласында тәжірибесі молырақ Әзербайжанға берейік деп ұйғарады. Мұны алдын ала сезген Дінмұхаммед Қонаев оны болдырмау операциясын жас министрге тапсырады. Есенов бар абыройын салып, бүкіл Одақтағы ғылыми және саяси элитаның бетін бері қаратады. Бұл сұрақты талқылау үшін жабық отырыс өтеді. Оған КСРО Министрлер Кеңесі мен Жоғарғы Кеңестің Президиумы қатысады. Хрущев: «Маңғыстауды Әзербайжанға береміз, болды» деп мінбеден түсіп кетеді. Шахмардан Есенов мінбеге шығып, Маңғыстау аймағын Қазақстанда қалдырудың тиімділігін дәлелдеп береді. Бұл өндірісті игеруге Қазақстанның әлеуеті де, ғылыми-өндірістік потенциалы да жететініне жиналысқа қатысқандардың көзін жеткізеді. Хрущевтің сенімді серігі Алексей Косыгиннің өзі Есеновті қолдап шығады. Сөйтіп, Маңғыстау Әзербайжанға қосылудан аман қалады. Бұл да ерлік емес пе?!
33 жастағы жап-жас шенеунікке жоғары қызметті атқару оңай болған жоқ. Ол да «тар жол, тайғақ кешуден» өтті. Кедергілерге мойыған жоқ. Барлық ауыртпалықты бастан кешірсе де, Ғылым академиясының өсіп-өркендеуіне айрықша қызмет етті.
Атаның ұлы ғана болған жоқ, халқының аяулы перзенті атанды. Еліне өлшеусіз мұра қалдырған, ұлы ғалым, ұстазы Қаныш Сәтпаев салған сара жолдан таймаған, сол жолды әрі қарай дамытып, дүниежүзіне танытқан талантты геолог, мемлекет және қоғам қайраткері, академик Шахмардан Есеновтің бейнесі халықтың мәңгі жадында.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
саяси ғылымдар докторы,профессор,
Сенат депутаты.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |