Шахмардан Есенов жайында

 Кеңес НҰРПЕЙІСҰЛЫ, 

ҚР ҰҒА академигі, 

Мемлекеттік сыйлықтың  иегері: 

– Шахаң  өмірінің соңғы жылдарында (1978-1994 жж.) 1949 жылы өзі бітірген Қазақ кен-металлургия  институтының (кейін политехникалық, ал қазір Қазақ Ұлттық техникалық университеті) пайдалы қазбалардың кен көздерін іздестіру және барлау әдістері кафедрасының меңгерушісі болды, ол салиқалы ұстаз ретінде Қазақстанның халық шаруашылығы үшін жоғары білімді техникалық интеллигенция кадрларын дайындауға қомақты үлес қосты. Сонымен қатар, Республикамыздың қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласты, ол Парламент мүшесі ретінде тәуелсіздікке жаңадан қолы жеткен жас мемлекетіміздің керегесінің берік, шаңырағының биік болуы үшін күресті. Ол елінің ертеңін ойлады, оның жарқын болашағына сенді. Өркениетті ел қатарына жету үшін саяси тәуелсіздікті жариялау жеткіліксіз екендігін, оны экономикалық тәуелсіздікпен бекіту қажеттігін айтып та, жазып та кетті. Ол қандай өрелі пікір айтпасын, әркез өзінің ұлы ұстазы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты есіне алып отырды.

МАНАШ ҚОЗЫБАЕВ, 

академик: 

– Шахмардан Есенов туралы өз сөзін болашақ тарих әлі айтады. Өйткені, таудың биіктігі алыстан көрінеді. Тарих болған оқиға алыстаған сайын әр тұлғаның бейнесін айқынырақ айшықтайды. «Дистанциялық» көзқарас әр пенденің кім екендігін, оның өмірге қосқан үлесін, тарихтағы орнын арттағы ұрпақтарға хаттайды. Осылай бола тұрса да, Шахаңның қазақ халқының өркениетіндегі орны туралы «уақыт» деген сарапшыға төтеп бере аларлық даусыз шындықты бүгінгі күні айту орынды-ақ. Ол қандай шындық? Шахаң ерте есейді, отызда халыққа танылды, қырық жасында орда бұзып, қазақ зиялы қауымының көсемі болды. Шахаң өмірдің сан-саласында өз болмысын таныта алды. Ол ата-анаға қуаныш әкелген сүйікті бала, ұстазының мақтаныш сезімін тудырған үздік оқушы, талапты шәкірт атанды, ақ айдын, ақжарқын жігіт болып танылды, білгір маман болып көріне алды, ұйымдастырғыш қабілетін көрсетті, дарынды ғалым болып қалыптасты, ел басқару өнерін игерді. Осылайша мемлекеттік дәрежедегі қайраткер болып қалыптасты. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» дегендей, табиғи таңдаудан іріктеліп, сыннан өтті. Осы ұлан-ғайыр істі Шахаң ер жігіттің белі болар 40-45 жасқа дейін жасап үлгерді. «Қазақ елінің азаматы осындай!» деп, мақтаныш етер Есенов Шахмардан енді үлкенге де, кішіге де «Шахаң», «ел ағасы», «ғылым ағасы» атанды, одақтық, халықаралық деңгейлерге көтерілді.

Молдия СЕРІКБАЕВ, геолог:

– 1934 жылы Тау-кен институты ашылды. Соған оқуға қазақтар көптеп түсе бастады. 1949 жылы Шахмардан Есенов осы  институтқа басшы болып келді. Геология саласында өндірістік кадрлардың шоғырлануына Шахмарданнан артық жұмыс істеген ешкім жоқ. Ол Шығыс Қазақстанның, Орталық Қазақстанның, Оңтүстік Қазақстанның бас инженерлерін қазақ етіп қойды. Ал, олар өз кезегінде қазақтарды жинай бастады.

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ, 

журналист-заңгер,

Қазақстанның мәдениет қайраткері:

– Шахаңның әр саладан ғалымдар тобын бастап туған жері Сыр өңіріне келетіні де осы тұс. 1972 жылдың мамыры. Бұл кезде облыста ауыл шаруашылығын дамытуға басым көңіл бөлініп, өнеркәсіп саласында республика жалпы өнеркәсіп өнімінің бір пайызына да жетер-жетпес өнім өндірген. Абыройы – күріш. Облыстың келешегі жоқ деген де пікір айтылып қалады екен. Бұл жайт оны ойландырмай қоймаса керек. Бірақ алпысыншы жылдары Аралдың тартылып бара жатқанын айтамын деп, жершілдікпен айыпталғаны аяғын тарта бергізген секілді. Осы ретте 1971 жылы Қазақстан Коммунистік партиясының съезінде Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, ірі қайраткер, солтүстіктің тумасы, Сыр елі оның игілікті істерін аңыз етіп әлі күнге айтып жүрген, қалтқысыз қызметімен жақсы аты қалған Хасан Бектұрғановтың Қызылорда облысы геолог ғалымдар назарынан тыс қалып отыр, зерттесе Сыр бойының да қойнауынан алуан мол қазына табылады деп сын айтуы, ойдағы істің сәтін келтірді. Қаратаудан Аралға дейін бұрғы түсті. Геологтардың сан түрін қаптатты Шахаң Сыр еліне. Көмулі жатқан ақ сандық ашылды, ішінен байлық шашылады. Қорғасын, мырыш, уран, алтын, мұнай, газ кендері, мол жерасты су қорлары табылды, олардың бәрі де қазір тәуелсіз еліміздің игілігіне айналып отыр. Шахмардан туған жеріндегі қалың елге өзінің перзенттік парызын осылай орындап кетті.

ТАҒЫЛЫМ 19 қазан 2017 г. 929 0