
Аптаның сейсенбі, сәрсенбі күндері Жаңақорған ауданында режиссер, драмматург, ақын Әмір Мәжитовтің 80 жылдығына арналған «Өнерден озған тарлан» атты облыстық мәдени шара тамашаланды. Көрермендер мен оқырмандар назарын аударған аталмыш мәдени шараны Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюссерлік орталығы мен Жаңақорған аудандық мәдениет тілдерді дамыту бөлімі бірлесіп ұйымдастырды. Оған Жаңақорған ауданының әкімдігі қолдау білдірді.
Сан қырлы өнерді бойына сіңіріп, онысын халқына жеткізуден жалықпаған Әмір Мәжитов 1937 жылы Жаңақорған ауданында туған. 1960 жылдан бастап аудандық мәдениет үйінде қызмет етті. Тума талант иесі актерлік шеберлігімен көзге түссе, режиссерлік қабілетімен де көп көңілінен шықты. Ол «Еңлік-Кебек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Құдағи келіпті», «Бөлтірік бөрік астында» атты бірнеше қойылымдарды сахналаса, драмматург ретінде сом дүниелерді жарыққа шығарды. Оның арасында « Бір үзім нан» спектаклінің шоқтығы биік. Әмір аға қолына домбыра алып, айтыстарға да түсіп көрді. Өнерпаз өзінің кемел жасы 56-ға келгенінде 1993 жылы өмірден өтті. Міне, облыс өнерпаздары мен жерлестері, ұрпақтары Әмір Мәжитовтің 80 жылдығын өте жоғары дәрежеде ұйымдастырды.
Алғашқы күні драма үйірмелері мен суретші декоратрлар байқауы мен драма үйірмелерінің байқауы өткізілді. Қазақстанның халық әртісі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Тұңғышбай Жаманқұлов, Кинорежиссер, документалист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қалила Омаров және режиссер-сценарист, ҚР Мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмахановтың қазылық етуімен бас жүлде Жаңақорған ауданының «Арман» драма үйірмесіне берілді. Сол секілді бірінші орынды да Жаңақорған ауданының «Бірлік» мәдениет үйі жанынан құрылған халық театры иемденді. Екінші сатыға Қармақшы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған халық театры көтерілсе, үшінші орын Сырдария ауданы мәдениет үйі жанына құрылған халық театрының әртістеріне бұйырды. Өзге қатысушы ұжымдарға алғыс хаттар тапсырылды.
Шара барысында Әмір Мәжитовтің барельев-тақтасының ашылуы, музей үйіндегі драмматургке арналған бұрышпен танысу және кітаптың тұсау кесері өткізілді. Аудандық мәдениет үйіндегі «Өнерден озған тарлан» атты еске алу шарасында аудан әкімі Ғалым Әміреев, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тұңғышбай Жаманқұлов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов, – ғалым, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Камал Бұрханов, Жаңақорған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зинабдин Шермағанбетовтер сөз сөйлесе, айтыскер ақын Әбілхайыр Сыздықов өз арнауын өлеңмен жеткізді. Соңынан драматург, режиссердің рухына дұға бағышталып, ас берілді.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.