КӨНЕ ӨНЕРДІҢ ЖАҢА ТЫНЫСЫ

 

 

Ел іші – өнер кеніші. Соның ішінде қолөнер шеберлерінің орны бір төбе. Оның үстіне ұлттығымыздың нышанын асқақтатып, қазақылығымызды дәріптеушілердің көптігі көңіл қуантады. Жастайынан көз майын тауысатын шығармашылық еңбекке етене араласқан Зухра Баймырзаева да дәстүрлі өнерге ден қоюшылар қатарынан.  

Жүйрікті шабысынан танысақ, шын шеберді жасаған жұмысынан байқайсың. Зухраның әсем дүниелері бүгінде жұртшылықты таңғалдыруда. Ұлттық дәстүрдің парқын білетін жас шебердің бос уақыты аз. Ол қолы қалт етсе, тігін мәшинесіне отырады. Киім, сөмке, кәде сый дайындайды. Матасын, түсін таңдайды. Осылайша, бір-екі күн ішінде тапсырыс берушінің сұранысына сай дүние шығарады. Сән үлгілерін құлпыртып жасауға да ниетті. Кәсіби шеберлігінің жоғары дәрежеде болуы өз алдына. Алға қойған мақсаты көп. Осы өнерді одан әрі дамытып, жетілдірсем дейді. Сонымен қатар өз қолыңнан шыққан дүние ыстық көрінетінін, тұтынушылардың да күні-түні тынбай дайындаған затыңды бағалауы, қолданыста ұстауы іштей қуаныш сыйлайтынын айтады. 

– Қолыма ине алып, іс тігуге жастайымнан жақын болдым. Сондықтан оны ешқашан тастаған емеспін. “Көз – қорқақ, қол – батыр” деп бекер айтылмаған. Жұмыстың ең қиыны – бастап кету. Қағаз бетіне салған суретті дәл сол күйінде, әдемі етіп шығару үшін де көп уақыт қажет. Оған қоса мен не тіксем де қазақы ою қосып, салт-дәстүрді дәріптеуге күш саламын. О.Таңсықбаев атындағы көркемсурет колледжінде білімімді жетілдіргендіктен болар, бұл іспен айналысу маған қиын емес. Қазір қыштан да түрлі бұйым жасаумен айналысып жүрмін. Әзірге нәтиже жаман емес. Бастысы, халықтың сұранысы мен құрметіне ризамын. Елімізде қолөнерге деген құрмет жоғары. Қызығушылық танытатындар өте көп, – дейді кейіпкеріміз.  

Бала күнінен әдемілікке іңкәр болған ісмер бойжеткен де ұлттық үлгідегі дүниелер тіксем деп армандаған. Журналдардан киім үлгілерін, ұлттық оюларды көріп қалса, қиып жинаған көрінеді. Келе-келе бала кезгі арманына қанат бітіп, өз ісінің маманына айналды. Алдағы уақытта ол жеке кәсіптің тізгінін ұстап, ісін дөңгелентуді де ойлайды. Жүрек қалауымен атқарылған істің қайтарымы болады. Зухра ісмерлікпен қоса іскерлікті қолға алса, еңбегі еселеніп, игілігін көретініне сенімді. Мұны сіз оның таңнан қара кешке дейін талмай ізденіп, қарбаласқа толы жұмысының жемісін көруге асығатынынан байқай аласыз.  

 

Мөлдір СНАДИН. 


ТАҒЫЛЫМ 14 қазан 2017 г. 688 0