
Үлкен жүректі, кең пейілді, құшағына бір ел сиятын жайсаң азамат, энергетика саласының білгір маманы Оңғарбаев Байбөрі Зәкірұлының фәни дүниеден өткеніне де 10 жыл болып қалыпты. Тоқтаусыз зымырап өткен уақыт-ай... Неткен жылдам едің... Мұндайда Жамбылдың жалынды жыры еске түседі.
Ой-хой, дүние серуен!
Адам бір көшкен керуен.
Дүниені қызық қалдырып,
Асамыз өмір белінен.
Біз еске алған азмат – Оңғарбаев Байбөрі Зәкірұлы 1957 жылдың 25 қыркүйегінде қазіргі Арал ауданы Ақбасты ауылында дүниеге келген. №22 Ауан орта мектебін 1975 жылы тәмамдап, 1980 жылы Алматы энергетика және байланыс институтын бітіріп шықты. Алғашқы еңбек жолын Қызылорда энергия тарату компаниясында инженер болып бастады. Ол 1997 жылы «Энергосервис» ЖШС басшысы болып сайланды. Ал, 2001 жылдан бастап «Энергопромсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, облыста энергетика саласы бойынша іскерлік қабілет танытты. Байбөрінің кәсіптік ізденісі мұнымен шектелмеді. Аймақта ең бірінші болып соңғы үлгідегі заманауи офсеттік әдіспен баспа өнімдерін шығаратын «Принт» баспаханасын ашты. Бұл 2003 жыл еді. Баспахана бүгінге дейін халыққа сапалы қызмет көрсетіп келеді.
Айналайын алтын бауырым! Сенің жарқын бейнең көз алдымнан сірә кете қоя ма? Тау алыстаған сайын биіктей түседі. Сағыныш та солай, уақыт жылдамдығымен өршеленіп, кеудеге сыймай жатады. Бүгін еске алып отырып, өзің туралы толғанып отырмын.
Иә, оның сәбилік, балалық, жігіттік шағы тек қана біздерге қуаныш сыйлаған еді. Өзі өте келбетті, қара торының әдемісі болатын. Шырағымның өзінен бұрын көзі күледі, айналасына нұрын шашып тұратын еді. Ол қатарынан озық тұрды, зеректігімен, қарым-қабілетімен, алғырлығымен топ жарды.
Байбөрі Зәкірұлы орта мектепті бітірісімен 1975 жылы Алматы энергетика институтына түсіп, оны үздік бағамен 1980 жылы бітіріп, Қызылорда энергосетіне инженерлік қызметке орналасты. Еліміз егемендік алғаннан кейін 1996 жылдары жеке «Энергосервис», «Энергопромсервис» серіктестіктерін ашты. Бұл серіктестіктер облыста үлкен-үлкен жұмыстар атқарды. «Құмкөл» мұнай компаниясына электр желісін тарту, облыстағы елді мекендерге электр жүйесін жүргізу, кішігірім трансформатор станциясын салу оның негізгі де жауапты жұмыстары болды. Мұны өмірден өткенше атқарды.
Азаматтың қоғамдағы, әріптестері мен замандастары ортасындағы орны жарық дүниеде қанша ғұмыр жасағанымен емес, атқарған ісімен, адамгершілік, іскерлік, еңбекқорлық, адалдық, әділдік сияқты қасиеттерімен өлшенеді. Байбөрі інімнің адамгершілігі өте жоғары, ақ жаны албырт, жүрегі елжіреген, көңілі пәк еді. Жер бетінде қанша адам болса, барлығының дерлік «мына қарбалас тіршілікте, тынымсыз тірлікте» өзіндік атқаратын міндеті мен парызы бар секілді. Өмірден алатын өзіндік орны, сыйы мен дәрежесі, құрметі мен қошеметі, абыройы мен атағының болуы сөзсіз. Бірақ, біріншісіне қарағанда екіншісінің салмағы ауыр, жолы қиын, қолға түсе беруі сирек. Өйткені, ол табанды еңбектің, тынымсыз ізденістің, қажырлы қайраттың, білім мен біліктің, күш пен жігердің нәтижесінде келеді. Таңдап алған кәсібін сүю, бастаған істі діттеген жеріне жеткізу, ойлаған жоспарды жүзеге асыру, көпшіліктің тілін табу секілді толып жатқан қасиет бір бойынан табылып, алғырлық танытқанда ғана сенімен өзгелер санасады. Сөзіңді тыңдайды, өзіңді мойындайды.
Міне, осындай адами қасиеттері мен өмірден лайықты орнын тапқан азамат інім Байбөрі Зәкірұлы өмірдің парқы мен кісіліктің нарқын пайымдай, жақсы мен жаманды саралай алатын табиғатымен танылған, сондай-ақ ұстамына берік, тізерлеп өмір сүрмеген, біреуге қарап жалпақтамаған, жалтаңдамаған, өзі ісі дұрыс болса, ешкімнің жетегіне жүрмеген айбынды азамат еді.
Байбөрі Зәкірұлы қызмет баспалдағына да өзінің ерте танылған қабілет-қарымының, білім мен білігінің, парасат-пайымының тереңдігімен жетті. Ат жалын тартып, еңбекке араласқаннан бастап, өмірден өткенше «Еңбегім еліме, елімнен қалса ғана ерніме» деп адал өмір сүрді.
Халқымызда «Аттың бәрі қазанат емес, жігіттің бәрі азамат емес» деген нақыл сөз бар. Ал, Байбөрі «Тазалықты жаныма халқым берген» деп адалдықтың ала жібін аттамады, құлқының құлы болмады, пендешілікке бармады, азаматтығынан жаңылмады, биігінен аласармады. Алысты жақын, бөтенді бауыр еткен кішіпейіл, қарапайым, жаны мен ары таза, жан дүниесі жақсылықтан өрілген, айналасына жақсылық жасауға, қуантуға асығып, мейірім шуағын шашып жүрген үлкен әдептің, ұяң мінездің иесі, ел-жұрт пана тұтып, арқасүйер азамат еді. Байбөрі Зәкірұлының іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетіне, күрделі мәселелерді шебер шеше білетіндігіне жұртшылықтың көзі жетіп, есімі әріптестері арасында құрметпен аталатын. Облыс азаматтары арасында сыйлы, сүйкімді болды.
Өмірі қысқа болса да, мағыналы, өнегелі болды. «Бұл фәни дүниеде ғұмыр қымбат. Өмірден адамға сенім қымбат. Байлығыңнан көңіл қымбат» деген даналар. Байбөрі Зәкірұлы – сенімге селкеу түсірмеген, ешкімге қылдай қиянат жасамаған, ешкімнің көңілін қалдырмаған, кісілік атты шыңның, кішілік атты биігінен көрінген тұғыры биік азамат еді. Шығыстың ұлы ойшылы Сағди «Жаратқанның пендесіне берілген үлкен сыйы – оның артында қалатын жақсы аты, мейірімділігі мен қайырымдылығы» деген. Бүгінде аяулы азаматтың артында жақсы сөз, өшпес іс, ізгілікті із қалды.
«Бірге тумақ барда, бірге тұрмақ жоқ» болса да бауырды пір тұту қанымызға сіңген қасиет, мойнымызға тағылған бойтұмар еді. Ауылға келгенде, көшеде жүргенде, бауырымның құрдастарын, достарын, әріптестерін көргенде «Жарығым-ау, осылардың ортасынан неге ерте кеттің?» деген жауапсыз сұрақ кеудеме қанжар болып қадалып, жанарымда сансыз тамшылар діріл қағады. «Уақыт емші» деп жұбатады жанашырларым. Әй қайдам? Оны ұмыту мүмкін емес. Бүгін 60-қа толған жасын тойлау керек еді. Оның орнына ас беріп, дұға оқып отырмыз. Қабыл болсын, інімнің жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманды болсын.
Айналайын алтын бауырым! Сені жоқтап, жанарға жас алып, көңілге қаяу түсіреміз деп ойладық па? Бес күн жалған деп жатамыз, дегенмен, сенен ерте айырыламыз деген күмән ой кімге келді дейсің? Тәңірге де жақсы адам керек деп өзімізді жұбатқанмен, жоқтығың жанға батады. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген тәмсілге кейде шүкіршілік етеміз. Өйткені сенің атың өшпейтініне сенемін. Ұрпағыңмен мың жасап, есімің ел жадында сақталады. Бұл – ақиқат айғақ.
Муфтулла ТОЙБАЗАРҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті құрылысшысы.