ТАЗАГҮЛ (эссе)

Адамның аты – оның жарты тағдыры деген қағида бар. Өйткені адамның аты – оның ата-анасының қырандай қиялы, асқақ арманы, үкілі үміті, ақ тілегі, тәңірге, тағдырға аманаты.  Тазагүл – атына заты сай қисынын тапқан қиял, орындалған арман, аманат, ақталған үміт. Ол ақылды, парасатты, білімді, зерек, зерделі, атынан ат үркетін, азуы алты қарыс азаматқа есесін жібермейтіндей жүректі, жігерлі, арлы, намысты азаматша болды.

Қазақта: «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахмет Яссауиден тіле» деген аталы, баталы сөз бар. Сондықтан Тазагүл Сейтжанқызы жөнінде сыр шертпес бұрын «Аруақ аттаған оңбас» дегендей, әңгімені Алаштың ардақты азаматы Тәкей Есетов ағамыздан бастағанымыз жөн болар деп ойлаймын. Өйткені Тазагүл Сейтжанқызының бағы да, бақыты да, байлығы да, бедел-берекесі де, абырой-атағы да Тәкеңе тікелей байланысты болғаны адамға да, Аллаға да аян.

Тәкең – тегін емес, текті, киелі, жүйелі, аруақты азамат, тұлпардың тұяғы,  асылдың сынығы.

Тегінде, тектілікті халық та, уақыт та, тарих та, ғылым да, тәжірибе де жоққа шығармайды. Ал, Тәкеңнің тектілігінің тамыры терең, бұтағы бүтін, жапырағы жасыл, өзгелерден өзгешелеу, бөлекшелеу, ерекшелеу тектілік. Тәкең 90 түйе сексеуілге өртесе де күймеген, жанбаған қасиетті әулие, атақты Қаз дауысты Қазыбек бидің пірі болған Сейітмамбет бабамыздың тікелей жетінші ұрпағы.

«Маған қиянат қылған адам ешуа­қытта оңған емес» дейтін жарықтық сыр­лас­қа­нымызда.  Шындығында да, бәрі де солай болды.

Тәкеңнің жүзінен, түрінен, түсі­нен мейі­рім­­­­діліктің, иман­ды­лықтың, инабат­ты­лық­тың лебі ессе, отыры­сынан, тұрысынан, жүрі­сінен, сөзі­нен, ісінен, бүкіл болмысынан, парасат­тылықтың, зат­тықтың, ақ­сүйек­тіктің, бекзат­тық­тың белгілері «менмұндалап» ұран­датып тұратын еді. Жаратқан ием Тәкеңе теңіздей терең ақыл, білім мен біліктілік, жер мен тау қозғалса да қозғалмайтын мінез, сырбаз, сабырлы, аспайтын, таспайтын, саспайтын, ыза жерді баспайтын,  сезім­талдық, сақтық, сергектік, темір­қазықтай тұрақтылық пен табан­дылық, салмақтылық пен салауат­тылық, ішкі-сыртқы сұлу­лық пен мәдениеттілік, саф алтыннан құйылғандай маңыздылық пен маңғаздық, биіктік пен тереңдік, кеңдік пен кемелдік берген. Осының бәрі Тәкеңнің бір басына көп те емес­тей, аз да еместей жарасып, үйлесіп, үндесіп тұрушы еді-ау. Бұл Тәкеңе Тәңірдің, тағдырдың арнайы төрелеп берген тартуы, таралғысы, сыйы, сыбағасы еді.

Тәкең ауданы бар, облысы бар бас-аяғы 27 жыл хатшы болды.

Т.Есетов облыс тарихында, өз замандастары, тағдырластары, үзеңгі­лестері арасында жалпы хатшылық қызмет атқарған мерзімі ең ұзақ және Республикалық Жоғарғы ке­ңес­ке Арал ауданынан қатарынан үш рет депутат болып сайланған жалғыз хатшы.  Ол ауданды, облыс­ты басқарған кезде елде берекелі тірлік болды, сызат түспеген бірлік болды. Тәкеңнің өзінің мәртебесі, орны, салмағы, айбаты, жеке абыройы мен беделінің үстіне Алаштың біртуар ардақты азаматы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, СОКП Саясы бюросының мүшесі Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың Тәкеңе деген ерекше көзқарасы, сенімі мен өзара отбасылық, ағалы-інілік қарым-қаты­насы, сыйластығы сол заманда, сөзсіз, елімізге, халқымызға үлкен қолдау болды, берік қорған болды.

Тәкеңмен қызметтес болдық, сыйлас болдық, сырлас болдық, қимас болдық, біріміз ұстаз, біріміз шәкірт болдық, біріміз аға, біріміз іні болдық, тәрбиесін алдық, қам­қорлығын көрдік. Мен 1999 жылы Аламатыдан зейнеткерлікке шығып, туған жерге, елге түпкілікті көшіп келіп Тәкеңе сәлем бере барғанымда: «Қарағым-ай, іргемізге бір ел көшіп келгендей болды ғой» деген шын көңілден шыққан ғибратты сөзі менің есімнен ешуақытта да шықпайды.

Міне, кейіпкеріміз Тазагүл Сейтжанқызы осындай ғажайып аза­маттың, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тәкей Есетовтың өмірлік тәнсерігі де, жансерігі де болды.

Атам қазақ: «Жігіттің қосы оңбай ісі оңбайды», «...Келіннің аяғы­нан», «Жақсы жар – азаматтың ба­қы­ты», «Жақсы келін – үйдің алтын керегесі», «Ақылды, сұлу әйел – жеті қазынаның бірі», «Бір жақсы, бір жаман әр жерде бар, екі жақсы қосылған қай жерде бар», «Дарын мен талант Құдайдан, ердің бабы жұбайдан», “Көш бастайтын жігіттің нары басқа, ел бастайтын жігіттің жары басқа” дейді.

Тазагүл Сейтжанқызы Тәкеңнің терезесі тең, керегесі кең, сенімді серігі болды. Ақыл қосары, ашу басары болды. Ұзақ жылдар жанына жалау, отбасына құт-береке, бақ болды, бақыт болды. Тәкеңнің азаматтық алтын басын қадірлеп, пір тұтты, хан тұтты, ұлықтады, ұлағаттады, өмірінің қайсыбір қызық, қиын-қыстау кездерінде тіреу, сүйеу болды, алақанына салып аялап, бауыр етінен жаралған үйдің үлкен баласындай баптады.

Жоғары дәрежелі бастық бол­ғаннан гөрі бастыққа жар болған әлдеқайда жауапты, әлдеқайда қиын.

Ағылшынның  атақты драматургі Бернард Шоудың әйелінен біреулер:

«Айтыңызшы ханым, ұлы адам­ның әйелі болған қандай екен?» деп  сұрапты дейді.

Сонда Шоудың әйелі: «Салыс­тырып айта алмаймын. Өйткені жай адамның әйелі болып көргенім жоқ» деп жауап беріпті.

Иә, бұл өмір шындықтарының қыры мен сырын, қызығы мен қиындығын, құпиясын басынан  өткен  адам  ғана  біледі.

Ол ретсіз сөйлей алмайды, оғаш іс істей алмайды,  еркін жүре  алмайды,  жұрттың барып, келіп жатқан жеріне жөнсіз, жосықсыз бара да, келе де  алмайды, жұрттан ерекшелене, бөлекшене алмайды,  өзін әрдайым қай жерде, қашан болмасын, тежеп, шектеп, шідерлеп отырады. Өйткені халық  бастықтан гөрі оның әйелінің жүріс-тұрысын, бүкіл өмірін, өзін қалт жібермей қадағалап,  кірпік қақпай бақылап отырады.

Азаматтың бақытты болуы, басына қонған бағының баянды болуы  әйеліне тікелей байланысты. Ол  –бақыттың, байлықтың темірқазығы. Қарға тамырлы қазақпыз. Қазақ – туыс та, ағайын да, жора-жолдас та, дос-жаран да, жекжат та көп бауырмал халық. Бүкіл бір аймақтың, елдің, халықтың сенімін, үмітін, аманатын арқалап, жауапкершілігін мойнына алған басшы, әлбетте,  қарға тамырлы төңірегімен  ішек-қарнын араластырып тым жақын болып кете алмайды.

Бірақ мәңгілік бастық болмайсың, сондық­тан олардан біржолата қол  үзіп қалмай, тым жақындап кетіп, күйіп қалмайтындай, тым қашықтап кетіп, тоңып қалмайтындай арақа­шық­тықта ұстауға мәжбүрсің.

Ешкім де бұл жалған, опасыз, өткінші дүниеден төрт жағы құбыла, мұңсыз Мұстафа болып қиындықсыз, қайғысыз, қасіретсіз ылғи да күлкіге, қуанышқа, бақытқа бөленіп өткен емес, өтпейді де. Жаралы да боласың, балалы да боласың,  қаралы да, қазалы да боласың. Өмірдің бүкіл әлемге,  бүкіл адамзатқа ортақ қатал заңы  осындай.

Сондай-ақ қазақта: «Қанына тарт­пағанның, қары сынсын», «Су да жақынына ағады», «Шамның жарығы түбіне түс­пейді» – деп бәрімізді де қам­шы­лайтыны бар.

«Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас» дегендей жанына ешкімді де жолатпай, ағайыннан үзілді-кесілді қол үзіп, қызметтен кеткесін соқа басының сорайып қалғанын да көрдік. Біреулердің, жүзшіл, рушыл, әсіре туысшыл, ағайыншыл, қаншыл, топшыл, жікшіл болып, елдің берекесін ауызбіршілігін кетіріп, халықтың қарғысын алғандарды да көрдік.  Осы жан-жақты, егжей-тегжейлі айтып отырған күрделі маңызды,  мақ­сатты өміршең мәселелердің тағдыры әйелдерге тікелей байланыс­ты. Қаншама абзал азаматтардың басындағы бағы, астындағы тағы тікелей әйелдерінің кесірінен құр­дымға кетті десеңізші?!

Әйелдер отбасында басы жоқ, аяғы жоқ, бітпейтін тынымсыз тірлік-тіршілік атқарады, балаларды бағып-қағу, тәрбиелеу, туыс, ағайын-жекжат, жора-жолдаспен, әріп­тестермен, елмен, халықпен қажетті қарым-қатынас қалыптастыру әйел­дердің еншісінде. Ол үшін әйел қаншалықты ақылды, парасатты сая­­саткер, бүкіл елді елдестіруші елші болуы керек десеңізші! Тазагүл Сейтжанқызы осы ауыр да абыройлы міндеттер мен талаптардың бәріне толық, лайықты азаматша болды.

Тазагүл Тәкеңнің төңірегін түгел­деді, ір­гесін бүтіндеді, жетпегенін жеткізді, өтпе­генін өткізді, тол­ма­ғанын толтырды, болмағанын болдырды, үзілгенін жалғады, өш­ке­нін жақты. Тәкеңнің демеушісі, же­беушісі, тілеуқоры, сыншысы, сақшысы, шырақшысы болды, өзін де, өмірін де, бар қадір-қасиетін, қабілет-қарымын Тәкеңе, оның амандығына, саулығына, абыройлы қызмет етуіне қалтқысыз арнады. 

Тазагүл қарапайым, қасиетті, шаруақор еңбек адамдары Сейтжан мен Зүбайраға Жаратқанның жарылқап берген тоғыз қызының үлкені болды. Тұз-дәмі жарасып Тәкеңмен отбасын құрды, бір ұл, бір қызды болды, оның үстіне Тәкеңнің бұрынғы отбасынан аналары қайтыс болған төрт баланың, әке-шешесі дүниеден өткесін сегіз сіңлісінің барлығы он төрт жанның тағдыры мен тәрбиесі Тазагүлдің пешенесіне жазылған екен. Тазагүл Сейтжанқызы бұл Тәңірдің, тағдырдың аманатын, парызын, қарызын, бұл жауапты да аса ауыр міндетті абыроймен орындап шықты. Ешқайсысын алаламай, қараламай, бәрін де бауырына басып, бәрінің де есебін тауып, оқытып-шоқытып, жоғары білім беріп, тәрбиелеп балиғатқа жеткізді, өзінің отбасынан он үш отбасын шығарып, шаңырағын көтертті, түтінін түзу шығартты, бәрі де өмірден өз орындарын тапты.  Бәріне де әке де, шеше де болды, аға да болды, жаға да болды, пана да болды, саға да болды. Бұл не деген ерлікке пара-пар азаматтық, игілікті, ізгілікті, іс десеңізші?!

Егер қиялымыздың қанатын жайып бүкіл­әлемдік, бүкіладамзаттық өлшеммен келер болсақ, бұл он үш отбасына, он үш азамат пен он үш азаматшаға жасалған жақсылық бүкіл адамзатқа жасалған жақсылық болып есептеледі. Бұл дегеніміз теңдесі жоқ, баға жетпес жақсылық шексіз имандылық, сансыз сауап емес пе?!

Мұхаммед пайғамбарымыздың хадис­терінде: «Үш қызды тәрбиелеп, балағатқа жеткізіп, құтты орнына қондырған адамның орны пейіште болады» деген.

Ал тоғыз қызды тәрбиелеп, құтты орнына қондырған Тәкей Есетұлы мен Тазагүл Сейтжанқызының рухтары пейіште шалқып, жандары жаннатта болып, орындары жұмақ­тың төрінде болар деп ойлаймыз.

Осыдан кейін:

«Тоғыз қызы бардың

арманы бар ма?

Сөзінің жалғаны бар ма?

Ойға алған жұмыстарының

Орындалмай қалғаны бар ма?» – дегіміз келеді.

Тазагүл Сейтжанқызы – ұлағатты ұстаз. Саналы өмірінің 42 жылында мұғалім, мектеп директоры, соңғы 28 жылында М.Мәметова атындағы  колледжде ұстаздық етті.

Әлемде 50 мың мамандық бар, соның ең қадірлісі, ең қастерлісі –  ұстаздық. Мұхаммед пайғамбар «Білімге бесігіңнен бастап көріңе дейін  талаптан, тіптен қытайдан болса да білім алуға ұмтыл», «Бір сағат білім үйрету бір күн ұстаған оразадан артық, ал бір күндік дәріс, бір ай ұстаған оразадан абзал» дейді.

Міне, ұстаздықтың, жас ұрпақ­тың көкірегіне білім нұрын себудің бағасы, парқы, нарқы, сауабы осындай.

Тазагүл Сейтжанқызы осы жарты ғасырға жуық уақытта қаншама мыңдаған жастардың көзін ашып, көкірегін оятып, сансыз санасына сәуле түсірді десеңізші?!

Тазагүл Сейтжанқызы отбасының киесі, құты, берекесі, ұйытқысы, ұйым­дастырушысы, жарығы, жыл­уы болатын.

Қонақ күтуді бір борыш, парыз, қарыз, мәртебе, мереке, береке деп білетін, әрдайым, қонақты жақсы, жоғары дәрежеде күтуден жаны бір рахат табатын, бір жасап қалатын.

Жолының, басының, бірқа­та­рынан жасының үлкендігіне қара­мас­тан, әрбір қонақтың қасына барып, неше түрлі тағамдардан табақшасына салып: «Мына тайды арнайы дайындатып едім, мынау Түлкібастың қаймағы, мынау Аралдан арнайы алдырған шұбат, мынау өз диір­меніме тартылған сөктің женті, мынау Балхия апайдың беляшінен кейінгі екінші орынды алатын өзім дайындаған беляш, алыңыздаршы, жеңіздерші» деп қиылып тұратын еді жарықтық.

Тазагүл жеңгеміздің ең ерекше қазіргі заманда сирек кездесетін қасиеттерінің бірі дастарханның қа­сиетін, киесін, шексіз шарапатын, шапағатын терең түсінетіндігі еді.

Ол – азаматын аттан түсірмеген, тақтан түсірмеген, қазанын оттан түсірмеген, дастарханы жиылмаған, қонағы тиылмаған отанасы.

Оның осындай мәрттік, сахи­лық, қонақшыл, дастарханшыл, дәс­­­түршіл пейілінің, ықыласының, ниетінің тартуы, таралғысы есебінде дастарханның қадір-қасиеті жөнін­дегі пәлсапаны ұсынамын.

Дастархан деген сөздің екінші бөлігі «Хан» деп бекер айтылмаған ғой. Азаматты хан қылатын да, құл қылатын да дастархан дегенді біл­дірсе керек.

Дана қазақ: «Атың барда, желіп жүріп жер таны, асың барда беріп жүріп ел таны», «Аллаға жағамын  десең, азанды бол, ха­лыққа жағамын десең, қазанды бол», «Бір күн дәмдеске, қырық күн сәлем», «Таспен ұрғанды, аспен ұр», «Қонақ кірсе есіктен, бәлекет кетер тесіктен», «Қонақ өз несібесін ала келеді», «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол», «Мың сіз-бізден, бір шыж-быж артық», «Сен қонақ болсаң, мен құлмын, мен қонақ болсам, сен құлсың», «Аруағымнан аттасаң да, ақ дастарханымнан аттама», «Дастарханнан шегіртке де аттамайды» дейді.

Мен осы ұлағатты ұғымдарға өз үлесімді қосу мақсатында: Қазақта: «Балалы үй базар, баласыз үй мазар» - деген сөз бар.

Неге, дәл осылайша, «Қонағы бар үй базар, қонағы жоқ үй мазар» – демеске деп ойлаймын.

Осы тақырыпта тарихта, халықта тағы да қандай даналық, даралық сөздер бар екен деп іздестіріп жүріп тапқаным ұлы бабамыз Қорқыт: «Қонақ келмейтін үйдің  қирағаны дұрыс» – деп, қарғысқа бергісіз, өте қатты, кесімді, шешімді сөз айтыпты. Бұдан артық не айтуға болады, қалай айтуға болады?

Тазагүл Сейтжанқызының екінші бір ерекше, өзгелерден бөлекше  қасиеті көкірегі көсем сөздің, шешен сөздің көмбесіндей еді.

Абайтанушы, Абайдың ұлы­лы­ғына, талантына табынушы еді. Абайдың даналық сөздеріне жүгін­бей бірде-бір сөз айтпайтын.

Сондықтан оның рухына арнап сөздің қадірін, қасиетін мәні мен мағынасын айқындайтын пәлсапаны үлкен құрметпен ұсынуды жөн көрдім.

Сөз бен Құдайға ешкімнің таласы жоқ шығар.

Иә, дүние сөзден тұрады, ал сөз ұлы Жаратқанның өзінен келген құдірет.

Бұл жалпақ жаһандағы ең күшті құдірет билік те, байлық та емес – сөз, сөз өнері. Адамды басқа жаратылыс иелерінен артық етіп жарататын сөз бен сана, парасат пен пайым.

Сөз – кие, сөз – қару, сөз – саясат, сөз – халық, сөз – ел, сөз – құдірет, сөз – қасиет.

Қазақ халқы ежелден сөз қадірін білген, сөзге тоқтаған, екі ауыз сөзбен ердің құнын шешкен, ұрпағына ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле деп үлкен міндет жүктеген. Сонау заманнан бері халқымыздың асыл қазынасы: тарихын, өнерін, жырларын, халық ауыз әдебиетінің барлық түрлерін ауыздан-ауызға таратып, бізге мұра етіп жеткізіп отырған да осы сөз еді. Халық аталы сөзді алты жасар бала айтса да, айтушысына қарап, айтқанына қарап бағалаған, тыңдаған. Сөздің түрлері: тәтті сөз, дәмді сөз, қатты сөз, өткір сөз, қатал сөз, түрпідей сөз, қыңыр сөз – қисық сөз, мәнсіз сөз – мәнді сөз, ділмар сөз, дәйек сөз, қыстырма сөз, төл сөз, төлеу сөз, қосалқы сөз, байырғы сөз, еліктеу сөз, қос сөз, басқарушы сөз, қарапайым сөз, қысқарған сөз, алғы сөз, бөгде сөз, басқаратын сөз, туынды сөз, машиналық сөз, индекстік сөз.

Тауды, тасты жел бұзады, адамзатты сөз бұзады. Сөз бұза да алады, түзей де алады, ұйыта да алады, іріте де алады, сөз адамды өлтіре де алады, тірілте де алады, сөз ара секілді, оның балы да бар, зәрі де бар. Бұл шіркін тілден бал да тамады, қан да тамады, у да тамады.

Исламның ұлыларының бірі:

 «Адамның сөзі – ақылының айнасы» деген екен.

Әбу Бәкір Сыдық сөйлемеу үшін аузына тас салып жүреді екен. Хасан Басри: «Кімнің сөзі көбейсе, қатесі көбейеді, кімнің малы дүниесі көбейсе, күнәсі көбейеді, кімде-кім мінез-құлқын жаман қылса, өзіне-өзі азап береді» – деген екен.

Абай «Сөз өнері дертпен тең» десе, француз жазушысы Оноре де Бальзак «Сөз – өнер атаулының  ең қиыны және құдіреттісі» деген. Ал, Лев Толстой: «Сөз – ұлы нәрсе. Сөзбен адамдарды достастыруға да болады, жауластыруға да болады. Қысқасы, адам адамдықтың бұлағын лайламай өтуі керек», Константин Федин: «Сөз – әдебиеттің құрылыс материалдары» дейді.

Сөз досқа пір, дұшпанға зіл, шат көңілге шабыт, қам көңілге демеу, батырға айбынды ұран болады, әрі тәтті, әрі қатты, әрі майда, әрі өткір, алмас тіл, тек баптай  біл, безей біл, тіл алысты жақындатады, жақынды бауырға тартады.

Ал, қазақ тілі сөз байлығы жөнінен әлемде теңдесі жоқ тіл. Қазақ тілінің сөздік қоры бір миллион (Бельгердің мәліметіне сүйен­сек, екі миллион), орыс тілінде 215 мың сөз бар (бізден 4,6 есе кем), ағылшындарда – 240 мың, қытайларда – 400 мың сөз бар.  Бұл не деген байлық, не деген басымдық десеңізші?!

Шіркін Қазақтың сөзі, тілі, қан­дай ақылды, қандай терең, биік, кең, маңызды, мағыналы, мәнді, сәнді, сұлу, сыпайы, әуенді, әуезді.

«Ер кезегі үшке дейін» дегендей, Тазагүл Сейтжанқызының беделі мен берекесін бетке ұстай отырып, әйелдердің өмірдегі орны жөніндегі үшінші пәлсапаны ұсынамын.

Ерлердің байлығы да, бақыты да, берекесі де, мерекесі де, бапкері  де – әйел, ердің сүйіктісі, сыншысы, сиқыршысы, сақшысы да – әйел, ердің бар ынтызары,  ой-арманы, бары да, нары да, қызығы да, қиындығы да – әйел, ерді ерітетін де, жерітетін де, өсіретін де, өшіретін де, көшіретін де, жазғыратын да,  жарылқайтын да, жазалайтын да, мазалайтын да – әйел, қуыратын да, суыратын да, илейтін де, билейтін де, пір қылатын да, хан қылатын да, құл қылатын да, бала қылатын да, дана қылатын да, періште қылатын да, пенде қылатын да, ұлы қылатын да, кісі қылатын да – әйел, ердің досы да, дұшпаны да, жағынатыны да, бағынатыны да, сағынатыны да, сыйлайтыны да, қимайтыны да, қинайтыны да,  демеушісі де,  жебеушісі де, сыры да, шыны да, жыны да, аяушысы да, тоба қазыққа таяушысы да – әйел, ердің рахаты да, жаннаты да, махаббаты да, мақсаты да, мұраты да – әйел.

Қойшы, әйтеуір, ердің әйелсіз күні жоқ, әйелдің ерсіз түні жоқ. Күні бардың, түні бардың мұңы жоқ. Ердің бойындағы бар жақсы қасиеттер әйелге арналған. Әйел дегеніміз – қыз, ана, жар, апа, қарындас, әже. Осымен Тазагүл Сейтжанқызы жөніндегі эссемізді бүкіл әлемге, бүкіл адамзатқа ортақ «Аналар жасасын!» деген жақсы тілекпен аяқтағым келеді...


Сейілбек ШАУХАМАНОВ.
ТАҒЫЛЫМ 21 қыркүйек 2017 г. 1 283 0