« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Сыр елінде, қала берді республика көлемінде Әлима Әбдіхалықованың есімін білмейтін адам кемде-кем десек, қателеспеспіз. Әлима апай десек, аймақтағы киелі білім шаңырағы – М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжі, колледжді айтсақ, Әлима Жақыпқызының есімі қатар аталатыны соншалық, тіпті екеуі егіз ұғымға айналып кеткендей. Оның өзіндік сыры да бар. Ғұмырының 40 жылдан астам уақытын педагогика саласына, оның ішінде аталған оқу орнының өсіп-өркендеуіне, дамуына арнаған ұлағатты ұстаз еңбегі шынында да ұшан-теңіз еді.
Еңбек жолын сонау 1973 жылы №41 М.Ломоносов атындағы орта мектептен бастаған ол 1980 жылы М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық училищесіне басшылыққа келеді. Бұл оқу орнының аймақ ғана емес, республикалық беделі, ондағы қызмет жасап жүрген небір тұлғалы оқытушылар жайлы естіп-біліп жүрген Әлима Жақыпқызы алғашында жүрексінеді. Алайда, қанша қобалжыса да, ұлағат ұстаханасының көрігін қолына алуға тура келді. Алда үлкен міндеттер тұрғанын барынша сезінген ол нақты мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында өзін де, өзгені де, яғни, қызметкерлерін де аяған жоқ. Айта кету керек, алғаш ашылған жылдан 1952 жылға дейін оқу орны бір ғана мамандықта оқытқан, 1952-1980 жылдар аралығында үш мамандық бойынша мамандар дайындаған.
– Бар болғаны 28 жасымда осы қызметке келіп, барлық күш-қуатымды училищенің уақыт таразысынан өтіп, тарихи қалыптасқан өзіндік сара жолын, дәстүрін одан әрі жалғастыруға, заманауи жаңартуға арнадым. Сол кезеңде менің алдымда қазақ тілінде оқытатын білім ошақтарының көбеюіне байланысты білім мазмұнын жаңалау, халықтық педагогиканың асыл мұраларын зерттеп, оны білім мен тәрбие үрдісінде пайдалану, жаңа буын оқулықтарымен жұмыс жасаудың жаңа технологияларын кәсіби даярлыққа енгізу және оны ғылыми-әдістемелік тұрғыда негіздеу, ақпараттық білім мен мәдениетті қалыптастыру, еңбек рыногы сұранысына сай сапалы маман даярлау міндеттері тұрды, – деп Әлима апай сол бір қызығы мен қиындығы қатар жүрген қарбалас сәтті еске алады.
Елдің дамығандығының белгілері ғылым мен техниканың, экономиканың жетістіктері болса, мұның барып тірелер жері – білім, ал беру тетігі – мұғалім екені сөзсіз. Заманауи қоғам мұғалімге өте жоғары талап қойып отыр. Педагог өз пәнінің терең білгірі ғана емес, сонымен қатар, ғылыми-әдіснамалық, психологиялық-педагогикалық, нормативтік-құқықтық және ақпараттық-коммуникативтік тұрғыдан сауатты болуы қажет. Сондықтан әрбір болашақ мамандарды даярлайтын оқу орнында тәрбие мен білім беруде оқытушылардың жұмысы академиялық тұрғыдан болуы, ғылыми-инновациялық, педагогикалық-әдіснамалық негіздерін меңгеруі – маңызды мәселердің бірі еді. Сапалы педагогтарды дайындау – мемлекеттің алдыңғы қатарда дамуын қамтамасыз ететін негізгі ресурс, себебі мұғалім мемлекеттің зияткерлік капиталының іргетасын қалайды. Осыны жақсы ұғынған басшы колледждің оқу-материалдық базасын үнемі жаңартып отыруға, инновациялық технологиялар мен халықаралық білім бағдарламаларын енгізуге көп көңіл бөлді. 1997 жылы М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық училищесі М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжі болып өзгертілді. Оқу орнында республика бойынша алғашқылардың бірі болып интернет желісіне қосылған электронды оқу залы, мультимедиялық лингафондық кабинеттер құрылды. 12 жылдық мектептің жаңа формациядағы бастауыш сынып мұғалімдерін даярлау бағытында үлкен жұмыстар атқарылды. Колледж оқытушыларының біліктілігін арттыруда үздіксіз жұмыстар жүргізілуде, республикалық және халықаралық конференциялар мен сайыстарға қатысып, екі оқытушы АҚШ-та тәжірибе алмасуға жолдама алды. Болашақ мұғалімдерді кәсіби даярлаудағы табыстары үшін Ә.Әбдіхалықова басқарған ұжым 2001-2002 оқу жылында «Облыстың үздік колледжі» атанып, республикалық конкурстың қорытындысы бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Оқу процесінде жаңа ақпараттық технологияларды белсенді қолданғаны үшін» дипломымен марапатталды.
Ұжымды басқару терең білімді, пайым-парасатты, кәсіби біліктілікті талап етеді. Ұзақ жылдардағы педагогикалық қызметінің, ғылыми-шығармашылық ізденісінің нәтижесінде 1995 жылы «Педагогикалық колледждердегі «бастауыш сыныптарда оқыту» мамандығы оқушыларын кәсіби даярлаудың мазмұны» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Бірнеше оқу бағдарламаларының авторы атанған Әлима апай 2009 жылы Норвегияның РКК қоғамының шақыруы бойынша «Норвегия елінің кәсіби білім жүйесінің дамуымен танысу және тәжірибе алмасу мақсатында біліктілік көтеру» іссапарында болды. Ал 2010 жылы Германияның InWent қоғамының шақыруы бойынша «Орта арнайы оқу орындарын басқару және менеджемент» атты біліктілік арттыру курсында дәріс алды.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің беделін арттыру міндеті негізінде Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 79-қадамында көрсетілген үш тілді меңгеру мәселесі бойынша KATEV халықаралық қорымен бірлесіп, 4 біліктілік бойынша үш тілді меңгерген кәсіби маман даярлау республикада ең алғашқылардың бірі болып М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжінде қолға алынды.
Жалпы, Әлима Әбдіхалықова басқарған оқу орны қол жеткізген жетістіктер өте көп. Мәселен, «Үздік оқу орны», «білімнің алтын қазынасы» номинациялары, 2015 жылдың қорытындысы бойынша «Облыстың үздік колледжі» атанса, білім беру сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз қазақстан агенттігі сараптамасы бойынша, Қазақстанның үздік колледждер рейтингісінде, «Қазақстанның үздік гуманитарлық-экономикалық колледждері рейтингісі-2016» байқауында 100 балмен 1-орынды иеленді. Оған қоса, Қазақстанның Ұлттық бизнес-рейтинг одағының сараптау қорытындысымен кәсіпорындар арасында «Даму динамикасы» номинациясы бойынша алтын рейтингке, «Темп роста» номинациясы бойынша күміс рейтингке ие болды.
Әлима Жақыпқызының жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берудегі өлшеусіз еңбегі өз кезегінде лайықты бағасын алып та жатты. Атап айтқанда, ол 2001 жылы «Ерен еңбегі үшін», 2005 жылы «Қазақстан Республикасы Конституциясына – 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталса, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің Құрметті қызметкері» омырау белгісі, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері және «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері».
Ұстаздық еңбек жолында Әлима Жақыпқызы талай қиындықтармен бетпе-бет келіп, талай асулардан асты. Алайда, ол мехнаты мол осы бір мамандықты таңдағанына, ұстаздық деген ұшы-қиыры жоқ ұлы жолға түскеніне еш өкінген емес.
– Өмірімнің осынша жылын педагогика саласына арнаппын. Жастармен жұмыс істеу дегеннің рахатын түсінген жанмын. Айналаңдағы жалындаған жастарды көргенде олардың бойындағы жастық жалын, күш-жігер еріксіз сені де алға жетелеп, бойыңдағы бар мүмкіндігіңді жұмсауға жәрдемдеседі. Жастар жайында сын пікірлер айтыла қалса, жаным қаламайды, оларды қорғаштауға барымды саламын. Жастармен өткен ғұмырымның осы бір бөлігін ешнәрсеге айырбастамас едім. Бүгінгі жастар өте ақылды, қабілетті, тек солардың қабілетін дамытып, дұрыс бағытқа сілтеп, игілігімізге жарата алсақ, қандай бақыт?! – дейді Әлима апай.
Өз уақытын аямайтын, өзгенің бақытын аялайтын ұстаз ұлағаты деген осы шығар, сірә.
Айнұр БАТТАЛОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |