Әлемі ғажап әдемі

Нөсер жасым қазадан,
Тосын келген сынақ па?
Қан қазақта таза адам,
Шүкір айтқан шұнаққа.
Сәке,  қайда барасың?

Тумысынан тәңірден,
Қазына алған жан аға.
Өнер деген өмірдің,
Өзі болған жан аға.
Сәке, қайда барасың?

Жақсылыққа жыр жапқан,
Жамандыққа мір батпан.
Парасатты пәк кеуде,
Жан жүрегін гүл жапқан.
Сәке, қайда барасың?

Қыл қаламы құндақтан,
Күннен биік кемелі.
Ел деп жүрек жырлатқан,
Ер намыстан өледі.
Сәке, қайда барасың?

Шері жарғақ шөл еді,
Ерін неден кебеді?
Пірмаханов Серіксіз,
Өксиді өңір өнері.
Сәке, қайда барасың?

Театрды тастама,
Талайлардың тағдыры.
Ағалығың астана,
Тазалығың таң нұры.
Сәке, қайда барасың?


Тағлым бақ тірегім,
Жылайды, Сәке, жүрегім.
Жолығармыз жұмақта,
Алладан соны тіледім.

Теңселтті тағдыр тағала,
Асықтың ба анама?
Әлемі ғажап әдемі,
Бақыл бол енді, жан аға!



Рухани інісі
Оңталап Нұрмаханов
ТАҒЫЛЫМ 19 қыркүйек 2017 г. 937 0