ЖАНЫ ТАЗА СУРЕТКЕР

Серік екеуміз театрға бір уақытта келдік. Шығармашылық еңбекті де бірге бастадық. Алғаш рет Ғ.Мүсіреповтың  «Қозы Көрпеш-Баян Сұлуын» қолға алып, жастармен сахнаға шығарған кезіміз болып еді. Міне содан бері елу жылдай уақыт өтіпті. Қаншама спектакльдерді сахнаға әкелдік. Серіктің қиялының ұшқырлығы сондай, сахналық шешімді сен күтпеген жерден, тың ойлармен ерекше қалыпта жасайтын. Оның сахналық эскиздерін, әрбір спектакльдерге жасаған макеттерін көркемдік кеңес мүшелері таң қала отырып, суретшінің еңбегіне сүйсіне отырып қабылдайтын.

Есімде, біз 1979 жылы Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері - Ақтоқты»  трагедиясын Алматы қаласына гастрольдік сапармен баруға дайындадық. Сонда Серік суретші, пьесаның адам күтпеген шешімін көрсеткенде, көркемдік кеңес мүшелері я қабылдарын, я қабылдамасын білмей біршама уақыт дағдарып, отырып қалған кезі болып еді. Өйткені суреткер «Ақан сері- Ақтоқтыны»  Ақанның тұлпары Құлагердің  тірідей   сыпырылған терісімен  шешім жасаған еді. Бұрынғы спектакльдерден бөлек, біздің бұл сахналық шешімімізді астаналық сыншылар да, белгілі театр қайраткерлері де екі ұдай көңілмен қабылдаған еді.  Тек қана пьеса авторы Ғабит Мүсірепов шын жүректен қабылдап, суретшіге ерекше қызметі үшін үлкен алғысын айтқан болатын.

Иә, Серік – менің өмір мен өнер жолымдағы ең жақын, ақкөңіл, әрі адал  сырлас-досым болатын. Шығармашылық шабытымызды  жалғаған отбасылық  қарым-қатынасымыз  да  ерекше  еді. Талай сахналық жаңа дүниелердің туындауы барысында бірлесе жұмыс жасап, ой-пікірлерімізді бір арнаға тоғыстырып жұмыс жасадық. Кейбір кездері кенеттен ойға түскен тың идеяларды бөлісуге  түн демей телефон шалып хабарласатынбыз. Қанша жылдар бойы үзеңгілес еңбек етіп, бірлесе отырып жасаған дүниелеріміздің нәтижелерімен бөлісіп, өмір ағымындағы қуанышты, қайғылы сәттерімде де жанымнан табылатын.

Қарап отырсам, Секеңнің қызметтік-шығармашылық ғұмыры Қызылорда театрының сахнасынан бастау алып, өмірінің соңына дейін осы театрдың жемісі мен жетістіктеріне ат салысып, куә болып өтіпті.  Ол тек қана біздің театр емес, көптеген республикалық, облыстық театрларда спектакльдер қойып, республикамызға, тіпті кезінде Одақ көлеміне танымал суретші болып қалыптасқан еді. Оның сахналық шешімін жасаған У.Шекспирдің «Король Лир», Г.Хухашвилидің «Өмір жолы», И.Эркеньнің «Сау басыма сақина», Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен Махаббат» қойылымдары  Бүкілодақтық  фестивальдерде  лауреат болып, суретші С.Пірмаханов Одаққа танылды. Республикамызда өткен талай фестивальдерде «Ең үздік суретші» деген номинацияларға қол жеткізіп, қазақ театрының тарихында өзінің орнын ойып тұрып қалдырды.

Абзал досымнан мәңгілік айырылғанымды естігенімде, оның ақжарқын бейнесі мен мейірімге толы жүзі көз алдыма келіп, енді оны көре алмайтыным, онымен әзілдесе отырып сөйлесе алмайтыным, ендігі жерде екеуміз таласа жүріп, айтыса жүріп, келесі  бір  спектакльдердің  шешімін жасай алмайтыным есіме  түскенде  жүрегім  қан  жылайды. Жаны жылы, шырағы бар адам бар дейтін болсақ, менің өмірімдегі сондай адам – Серік Пірмаханов еді.

Хұсейн ӘМІР-ТЕМІР,

Қызылорда  облыстық  Н.Бекежанов 

атындағы  қазақ музыкалық  драма 

театрының  көркемдік  жетекшісі, 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

«Құрмет» орденінің иегері.

ТАҒЫЛЫМ 19 қыркүйек 2017 г. 807 0