Сағынамын ақ шашыңның әр талын... (Ұстазым Серік Пірмахановқа)

 

Жүрегімнің тыңдап алып әр соғысын жиі ұрған,
Құрастырам қаралы сөз,жаралы өлең қиыннан.
Сен кетті деп естігенде, естігенде  жан аға
Жылап өтті көз алдымнан он тоғыз бен жиырмам.

Сен ол кезде қырықта едің қырды шолар қиырдан,
Мендей мына пақырыңа  сендей ұстаз бұйырған.
Сен кетті деп естігенде, естігенде жан аға
Беу жалған-ай, сол бір сәттер шықпай қойды миымнан.

Көкірегімді кернеп өтіп өксік толы,тылсым ән,
Жанардағы жасты қайтем,толастамай ыршыған.
Бүкіл қазақ сахнасы сені жоқтап жатқандай
Қорқытымның қобызындай азынаған, сыңсыған!...

Еңсеңді әр кез биік ұстап өлең, сурет, ән тұнған,
Жүз мықтының біріде өзің дара туған халқыңнан.
Алматыға бас театр шақырғанда бармадың
Ажырамай Сырды сүйген, әзиз тұма қалпыңнан.

Өмір керуен қонар, көшер, бір орнында тұра ма?!...
Қош бақұл бол, сахнаның бірі емес, пірі аға!.
Өзің сүйген топырағыңда мәңгі бақи тыныста
Сен шомылған ағып жатыр сол қалпында, Сыр Ана!.

Ұрпақтары, күліп атсын, тұнық атсын әр таңың,
Өздеріңмен бірге күйім, жан азабын тартамын.
Алатаудан көңіл қосын жеткізіп тұр бір ұлың
Сағынатын ағасының ақ шашының әр талын!

Іні, шәкірті – суретші, ақын Мейрамбек Әбжатұлы,
ҚР суретшілер және театр қайраткерлері одақтарының мүшесі.


 

ТАҒЫЛЫМ 18 қыркүйек 2017 г. 954 0