Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты тұжырымдамасында «Әлемнің әміршісі – еңбек» екенін атап көрсетті. Онда халыққа еңбек етудің қажеттігін баса айтып, масылдыққа жол жоқ екенін жете түсіндірді. Бағдарламаның негізгі идеясы – еңбек адамының беделін көтеру, әлеуметтік жаңғырту арқылы еліміздің ертеңі үшін еңбекқор ұрпақты қалыптастыру, еңбек адамын құрметтеу.
Жастайынан «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген нақылды санасына сіңіріп өскен бүгінгі ел ағаларының көбі еңбекпен шыңдалып, есейгендер. Солардың бірі – Жарылқасын Камалов. Ол – еліне адал еңбек етіп, өмірдің талай қиын асуларынан, биік белестерінен сүрінбей өткен жан. Қаншама жолды абыроймен жүріп өткен ағамыз бүгінде 70 жастың ақ желкенін көтерді.
Ол 1947 жылы қыркүйек айында Сырдария ауданына қарасты Аманкелді ауылында дүниеге келді. 1966 жылы №42 В.Ленин атындағы орта мектепті аяқтады. Сол жылы Қазалы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсісімен Кеңестер армия¬¬сы қатарына алынып, онда комсомол ұйымын басқарады. 1971 жылы техникумды бітіріп, зоотехник мамандығын алып шығады. Комсомолдық жолдамамен туған ауылы Аманкелдіге келеді. Шаруашылық директоры Нұрман Жұндабеков оған комсомол ұйымын басқаруды ұсынады. Жігерлі жас 500-ден аса мүшесі бар ұйым жұмысын тез арада жандандырып жолға қояды. Ауыл жастарының қоғамдық жұмыстарға белсенділігін арттырады. Жыл сайын ауданда өтетін көркемөнерпаздар байқауына өнерлі жастарды көптеп тартады. Соның нәтижесінде ауылдың өнерлі жастары облыс, республикалық конкурстарға қатысып, жүлдегерлер қатары көбейеді. Сенім үдесінен шыға білген азамат егіс бригадирі, ферма зоотехнигі, кәсіподақ комитетінің төрағасы жолдарынан өтеді. Әрбір істі абыроймен атқара білген ол 1977 жылы сов¬хоз директорының сыртқы байланыс және шаруашылықты жүргізу жөніндегі орынбасары лауазымына көтеріледі. Бұл жұмыста оған қаракөл елтірісін сыртқа сату жағын жолға қою мәселесі тапсырылады. Сөйтіп, іссапарларға шығып, Кеңестер одағының барлық республикасымен келісім-шарт жасасып, жергілікті қаракөл тауарын сыртқа сатуды ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
1983 жылы Ж.Камаловты Сырдария ауданы басшылығы сол кездегі СССР-дың 50 жылдығы атындағы совхозға партия ұйымының хатшысы етіп жібереді. Онда іргелі шаруашылықтың жұмысын жолға қою сеніп тапсырылады. Ол совхоз директоры әрі ғалым Айдарбек Қадырқұловпен қанаттаса жұмыс жасап, төл алу, егін егу науқаны кезеңіндегі қызу тірлікті ауызбірлікпен өткізуге ұйытқы бола біледі. Бір жағынан іскер басшыдан көп нәрсе үйреніп, өмірлік тәжірибесін толықтырады.
Содан Ж.Камаловты облыстық партия комитеті зор сенім артып «Жетікөл» мал бордақылау бірлестігіне 1986 жылдың ақпан айында директор етіп тағайындайды. Өмірде жиған тәжірибесі мен көңілге түйгені мол маман «Жетікөл» шаруашылығына келісімен жан-жаққа қарауға мұршасы болмай, бірден іске білек сыбана кіріседі. Бордақылау алаңындағы бағымда тұрған 6800 бас ірі қара мен 100 бас жылқыны азықтандыру оңайға түспейді. Өйткені, шаруа¬шылықта мал азығы қоры жоспардан кем орындалып, тығырыққа тіреліп тұрған шағы болатын. Сол кезеңде өзімен әріптес болған ағасы Айдарбек Қадырқұлов көмек қолын созып, жүгері сүрлемі мен шөп береді. Ақырында күріштің сабанына дейін алдырып, сөз басы айтқанымыздай оны пайдалану көзін іздестіреді.
Содан мал басын сақтап қалу жолында сабанға басқа да шөп түрлерін қосып, алғаш рет тайқазанмен атала көже жасап беру тәжірибесін ендіріп, оны қолмен дайындау қиындыққа соғады. Бірақ нәтижесі жаман болмайды. Осылай тың тәжірибенің арқасында етке өткізетін ірі қараның айына үстеме салмағы 700-800 грамға артып, жалпы етке өткізудің орта салмағы 350-380 келіге жетеді. Тәжірибені толықтыра түсу мақсатында совхоздың темір жонушысы Серікбай Ысқақов, дәнекерлеуші Зұлпықар Бердібеков бастаған жаңалыққа жаны құмар азаматтардың басын қосып, құрама жем шығаратын цехты іске қосады. Осының жанынан атала көже дайындайтын жаңа цехтың жобасын жігіттермен бірлесе отырып сызып, оны да жүзеге асырады. Сөйтіп, бірінші рет қолмен құрастырған жем цехынан күніне 8-10 тоннаға дейін құрама жем шығаруға қол жеткізеді. Сонымен қатар, барлық технологиясы қолдан құрастырылған тұңғыш рет атала көже пісіру цехының тың жобасы іске қосылып, құнарлы азық – атала көже бордақылау алаңына жөнелтіле бастайды. Бұл ірі қараның үстеме салмақ қосуына бұрынғыдан да жол ашып, мемлекетке ет тапсыру жоспарын асыра орындауға мүмкіндік әкеледі. Қазіргі тілмен айтар болсақ, инновациялық жаңа жоба осылай жүзеге асырылып, табысқа қол жеткізе бастайды. Міне, бұл Ж.Камаловтың өзі ойлап тапқан тың идеяларының екіншісі болатын.
Бұдан басқа жаңа жоңышқа мен жүгері егу көлемін ұлғайтуды қолға алады. Сонымен қатар, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында ішкі су жолы жүйелерін жүргізу мен көшелерді асфальттау жұмысын жандандырады. Осымен бірге екі бордақылау комплексіне қатынайтын жолды шаруашылықтың өз күшімен салады. Сондай-ақ, мал басын өз төлінен өсіруді алғаш рет қолға алады. Бұған дейін ірі қара басы жеке секторлардан құралған. Ақырындап шаруашылық жұмысы жолға қойыла бастаған шақта, 1988 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің шығында отырған совхоздарды біріктіріп, ірілендіру турасында қаулысы шығады. Осы қаулыға сәйкес «Жетікөлді» «Айдарлы» совхозына қосады. Ашық демократиялық түрде шаруашылыққа директор тағайындау жолында 3 адамның кандидатурасы ұсынылып, дауыс беру арқылы сайлау талабы алға қойылады. Осында қарсыластарынан басым дауыс жинаған Жарылқасын Камалов көпшіліктің қолдауымен шаруашылықтың жаңа басшысы болып сайланады. Осылай елдің таңдауы іскер азаматқа түседі. Оңтайланған шаруашылықтың жұмысы бұрынғыдан да жауапкершілігі артып, тірлік өрісінің ауқымы артады. Шаруашылық жобаланып тірлік жолға түскенде, 1994 жылы «Жетікөлді» қайтадан өз алдына жекешелендіріп шаруа қожалығы болып бөлініп шығады.
Содан Жарылқасын ағамыз республикалық фермерлер одағы облыстық филиалы төрағасы қызметін атқарады. Аймақтағы сор басқан егістік жерлерді қалыпқа келтіру, егістік қашыртқылары туралы, мал басын асылдандыру мен көбейту жөнінде Ауыл шаруашылығы мен Су шаруашылығы министрлері алдында сөз сөйлеп, мәселе етіп көтереді. Оның айтқан ұсыныс-пікірін олар дұрыс қабылдайды. Осылай адал еңбегінің арқасында қай жерде болмасын ауылдың әлеуметтік ақуалының артуын, өсуін, дамуын алға қойып, сол бағытта жұмыс жасады. Бүгінде жетпіс жастың желкесіне шықса да, ауыл өміріне араласып, жастарға бағыт-бағдар беріп отыруды өзіне парыз санайды. «Жетікөл» ауылдық округі жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы. Ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажын оңтайлы жолдармен шешуде белсене атсалысып келеді. «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» мерекелік медалімен марапат¬талған Камалов Жарылқасын ағамыз «Әрқашан ел-жұртымыз бәле-жәледен аман болсын» деп қояды. Осылай ақсақалдық абыздыққа бой ұрып, үлкендіктің абыройын асқақтата түскендей.
Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.