МАЙДАНГЕР ҚАЛАМГЕР

Мына өмірде қанша айтсаң да таусылмайтын, қайта айтқан сайын айтқың келе беретін адамдар болады. Ондай адамдар өздері өмірден өтсе де, арттарында саналы ғұмырында жасаған игі істері  қалады.  Сондай жандардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері, ақын, сатирик, журналистиканың көптеген жанрларына қалам тартқан публицист, мықты көсемсөз шебері, СССР және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қоғам қайраткері Жүніс Шәукебаев екенін айта кеткеніміз жөн.
Әңгіме арқауына айналған Шәуке¬баев Жүніс 1920 жылы Шиелі ауданының Иіркөл ауылдық округі¬не қарасты бұрынғы «Қызыл Ту» ауылында өмірге келген. Өмір жолына үңілсек 1940 жылдың қыркүйегінен 1941 жыл¬дың қыркүйегіне дейін аудандық комсомол комитетінің хатшысы, онан соң 1942 жылдың ақпанына дейін аудандық партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарған. Ол ел басына күн туғанда қолына қару алып, Отанын жаудан азат етуге де қатысқан майдангер. Қиыр Шығыстағы шекаралық әскерлер бөлімінің кіші командирлер дайындайтын курсы мен үш айлық мергендер мектебінен өткен. Сонан соң Волхов майданына жіберілген. Қан майданның бел ортасында жүріп, аяғынан жараланады. Бірақ, сонда да ұрыс даласынан кетпей емделіп, басқа сарбаздармен бірге майдан шебіне қайта оралады. Қатарға қосылған соң Сталинград майданы секілді талай қанды қырғынды басынан өткереді.
Жүніс ақсақал – жеңісті Берлин қаласында қарсы алған, кеңес жерінен күллі Еуропаны басып өтіп, Ұлы Отан соғысының соңына дейін соғысқан жауынгерлердің бірі. Алайда, екінші дүниежүзілік соғыс бітіп, фашистік Германия жеңілгенімен, Жапонияға қарсы соғыс сол кезде әлі де жүріп жатқан болатын. Сондықтан, түрі мен түсі жапондықтарға ұқсас он жауынгердің бірі болып, арнайы дайындықтан өткізіледі. Кейін Манчжурияға жіберіліп, Жапонияның Квантун әскерлерінің самурайларына қарсы соғысады. Мұнда Нугдент қаласында соғысты аяқтап, Герман фашистерінің және Жапон самурайларының  қандай ерлікпен соғысса да қос бірдей соғыстың жеңімпазы болып, елге оралады.
Туған  Қазақстанына, шежірелі Шиелі өлкесіне келгеннен кейін аға лейтенант Жүніс Шәукебаев 1946 жылы Үмітаймен бас қосып, шаңырақ көтереді. Құдайға шүкір, ерлі-зайыптылар ынтымақпен бір шаңырақтың астында қырық екі жыл мәнді де мағыналы өмір сүрді. Жүніс Шәукебаев 1955-1959 жылдары Қызылорда  облысының «Ленин жолы» («Сыр бойы») газетінің меншікті тілшісі, 1959-1962 жылдары Шиелі аудандық газетінің жауапты хатшысы, редактордың орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған. 1962 жылы ¬«Ленин жолы» газетіне тілші болып ауысады. Алайда,  бір жылдан кейін Шиеліге келіп, «Өскен өңір» газетінде орынбасар, баспахана меңгерушісі болды. 1978 жылдан бастап аудандық кәсіподақтар комитетінің, кейіннен аудандық ДОСААФ коми¬тетінің бастығы қызметтерінде болып, 1982 жылы зейнеткерлікке шығады. Зейнеткерлікке шықса да, алты жыл бойы аудандық «Балық аулау» қоғамын басқарып, көпке  дейін еңбектен қол үзбейді.
Өмірін өнегемен өрбіткен азаматтың жасаған еңбегіне сай кезінде лайықты бағасын да алғаны белгілі. Оның «Германия соғысындағы жеңісі үшін»,  «Жапон соғысындағы жеңісі үшін» сынды медальдарға ие болуы – қос бірдей майданға қатысуының айқын дәлелі. Тағы бір қуантарлығы, Ж.Шәукебаев көзінің тірісінде Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуковтың және В.И.Лениннің 100 жылдық, сондай-ақ, басқа да мерекелік медальдарымен марапатталған. Елмен, қоғаммен етене жақын болған ардақты азамат 2001 жылы фәни дүниемен қоштасты.
Бүтін бір мақалаға арқау болған Жүніс Шәукебаев міне осындай елім деп  өткен жан.  Өмірлік жұбайы Үмітай екеуі бақытты шаңырақ құра білді. Үйдің ішін ынтымақ пен береке арқылы шаттыққа толтырды. Ғұмыры ғибратқа толы ардагердің өнегемен өрілген өмірі өскелең ұрпаққа үлгі болары хақ.

А.АҚЫЛБЕКОВ.
Шиелі ауданы.
ТАҒЫЛЫМ 16 қыркүйек 2017 г. 735 0