ҒАЖАЙЫПТАРҒА ҰҢІЛГЕН КЕУДЕ КӨЗІМЕН

Биылғы жылдың қаңтарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 80 жыл толды. Университетіміздің өсіп-өркендеуіне, республика деңгейінде, тіпті одан да тыс дүниежүзіндегі 800 жоғары оқу орындарының бірінші үш жүздік тобының қатарынан орын алуына ғалымдарымыздың, ұстаздардың, шәкірттердің қосқан үлесі орасан зор деп айта аламыз. Солардың арасынан менімен мектепте бірге оқыған, сол бір қиын-қыстау заманның ауыртпашылығына шыдап, күні-түні ізденіп білім алуға деген құштарлығымен Алматыға келіп, жоғары мектепке оқуға түсіп,  ізденісі мен еңбегінің арқасында филология ғылымдарының докторы, профессоры, кафедра меңгерушісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, түрколог, теолог, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Берікбай Сағындықұлы жайлы ойларымды  оқырман қауымға мақтанышпен ұсынғалы  отырмын. 
Берікбай екеуіміз Қармақшы ауданы «Ақжар» совхозындағы БЛКЖО-ның 25 жылдығы атындағы орта мектепте білім алдық. Мектепте оқып жүргеннің өзінде ол өзінің кішіпейілділігімен, тәртіптілігімен, оқуға деген барынша ынталылығымен, еңбекқорлығымен басқалардан ерекшеленіп, ұстаздарымыздың көзіне түсетін. Әсіресе алгебра, геометрия, тригонометрия пәндерін  шекілдеуіктей шағатын. Бәріміз де Берікбайдан кеңес аламыз, жасыратыны жоқ, кейде көшіріп алатын едік. Соған қарап «болашақта математикадан мықты маман болады ғой» деп ойлайтынбыз. Ол болжамымыз дұрыс болмай шықты. Бекең журналистиканы таңдапты. Сол жылдары «оныншы сыныпты бітіргендер ауылында кемінде екі жыл жұмыс істеу керек» деген комсомолдық ұран тасталып,   комсомолдық жолдама беріп, аттестатымызды қолымызға ұстатқан  жоқ. 
Берікбай да 1955-1957 жыл  аралығында жұмысшы болып еңбек етіп, сол жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсті. Міне, осы уақыттан бастап Берікбай Сағындықұлының  ғылымға деген шын сүйіспеншілігі оянды. Әрине, білімін, біліктілігін дамытуға сол кездегі университет ғалымдарының тәлім-тәрбиесі, берген дәрістері үлкен із қалдырды. 
Берікбай өзінің мамандығы бойынша алғашқы еңбек жолын 1961 жылдың ақпанында «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясынан бастады. Ол «Еңбекшілер хаттары және бұқаралық жұмыс» бөліміндегі әдеби қызметкерліктен 1967 жылы бүкіл редакция бөлімдерінен түскен дайын материалдарды өңдеуші – бас редактордың көмекшісі – стилист дәрежесіне көтерілді. Бұл қызметтің әлеуеті салмақты еді, себебі газет бетінде жарияланатын барлық мақалалардың сауаттылығына, әдеби нормасы сақталуына, тіпті саяси қатенің кетіп қалмауына жауап беретін. Өйткені Компартия Орталық  Комитеті өте қатаң бақылап отырады. Аз ғана жіберген қатеңе партбилетіңмен жауап бересің.  Егер партбилеттен айырылсаң, одан әрі өсуге жол жоқ. 
Журналистика саласын толық меңгеріп, шыңына шыққаннан кейін, жерлесіміз ғылым жолына түсті. 1972 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аспирантурасына келіп, түркология саласымен шұғылданып,  көптен толғандырып жүрген арманына жетуге бел буды. Бұған математика мен лингвистиканың нақтылығы, дәлдігі, логикалық жақындығы да себеп болған сияқты. 
  Осы жерде ұлы Абайдың:  «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» деген нақыл сөзі еске түседі.  Бұл қағида  Берікбай Сағындықұлына арналып айтылғандай. Ізденуші уақытын босқа өткізген жоқ. Алға қойған міндеттерін 1977 жылы МГУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы Э.Н.Наджиптің жетекшілігімен филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін даярлаған «XІVғасырдағы түркі жазба ескерткіштерінің салыстырмалы лексикасы»  деп аталатын диссертациясын  табысты қорғаумен аяқтады.
1975-1979 жылдар аралығында Қазақ ССР-нің  «Ғылым» баспасында редактор, редакция меңгерушісі болып қызмет атқарып,  ізденіс жолында одан әрі шыңдала түсу үшін  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне аға оқытушы болып орналасты.  
Осы кезден бастап Бекеңнің екінші қыры –  ұстаздық шеберлігі байқала бастады. Қазақ филологиясы қафедрасының аға оқытушылығынан доцент, профессор деген ұстаздық дәрежеге көтерілді. Қазірге  дейін  12 оқу құралы мен 3 монография, 300-ге жуық ғылыми, діни-танымдық,  публицистикалық мақала жазды. 6 ғылым докторын,  бір PhD докторын, 24 ғылым кандидатын, 30-дан аса магистрларды дайындады. Ғалым-ұстаз – бірнеше типтік оқу бағдарламаларының, түркология мен тіл теориясына арналған онға тарта элективті курстың авторы. 
Қазақ ұлттық университетіміздің басқа жоғары оқу орындарынан басты ерекшелігі алдымен ғылымды дамыта отырып, оны оқыту мен білім беруге пайдалану. Шәкірттердің (оқу стандартына қоса)  элективті курстарды жүргізу арқылы білімін, біліктілігін арттыру. Яғни, әлемдік оқу стандартына сәйкестендіріп, нарықтық экономиканың талабына сай мамандар дайындау. Анығырақ айтқанда,  университетіміздің қазіргі кездегі басты мақсаты –  зерттеушілік бағытта жұмыс жүргізу. 
Осы талапқа сай профессор Берікбай Сағындықұлы іргелі ғылыми зерттеулерді жүргізіп келеді. Ол төрт бағытта еңбек етуде.
Бірінші бағыты – түркология. Ғалымның осы саладағы бүкіл еңбектерін аударыстыра қарағанымызда мынадай-мынадай ірі жаңалықтар ашқанына да куә болдық.
Солардың бірі түркі  тілдеріндегі сөз басындағы й-дж-ж-т-д-ч-ш-с-з сәйкестіктерінің түпкітегі (архетипі) жүз жыл бойына ашылмай келген болатын. Әр түрлі болжамдар жасалғанымен, түркологтардың ойынан шықпаған-ды. Б.Сағындықұлы осы сәйкестіктің архетипі күрделі Т(С/Ш) аффрикаты екендігін дәлелдеп, бұл қиын мәселеге соңғы нүкте қойды.
Сондай-ақ, бүкіл түркі тілдеріндегі дауысты дыбыстардың да, дауыссыз дыбыстардың да түпкітектерін (архетиптерін) жүйелі түрде айқындап шықты. 
Тарихқа белгісіз аса ежелгі  дәуірлерде түркі тілдерінде жіңішке дауыстылар мен ұяң дауыссыздардың болмағандығын нақты фактілермен айғақтады. Және бұл бағытта шәкірттер даярлап, қорғатып үлгерді.
Түркі тілдеріндегі үнемдеу, сіңісу, жылысу, ығысу, метатеза, құбылыстарын жаңа қырынан зерттеп, елеулі-елеулі заңдылықтар ашты.
Түркі тілдерінде сөздің басында ғана емес, ортасында да, аяғында да қыстырылатын эпентезалық, эпитезалық й, п, б, қ, к, ғ,г, б, м сына дауыссыз дыбыстары бар екендігін түркология тарихында бірінші рет анықтады. 
Ғылыми жұртшылыққа енді-енді таныла бастаған түбіртек теориясының авторы. Бұл теория бойынша түркі тілдерінде барлық сөздер алғашында бір дауысты, бір дауыссыздан ғана құралып, я лексикалық, я грамматикалық мағына берген. Осыған орай қазіргі тілдердегі түбір сөздерде қанша дауыссыз болса, сонша түбіртек бар.  Екі дауыссыздан тұрса болды, бөлінбейді деп есептелетін бір буынды түбірлер де бөлшектене алады. Яғни, түбіртек дегеніміз – фонема, морфема, сөз, сөз тіркесі, сөйлем сияқты қызмет атқаратын тілдік бірлік (единица). «Түбіртек теориясының негіздері» деп аталатын ғылыми мақаласы (тезистер түрінде) А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының «Тілтаным» (2010 жылғы №1–2) журналында және 2011 жылы «Қазақ университеті» баспасы шығарған «Қазақ тілінің тарихы» лекциялар курсында жарияланды. Түркі академиясы бұл теорияны ағылшын тіліне аударып, баспаға ұсынып отыр. 
Ғалым қазір «Силлабология» (Буын туралы ілім) аталатын іргелі монографиялық еңбегін жазу үстінде. Тіл білімі жетістіктерін, өзі ашқан жүзге таяу ірілі-ұсақты лингвистикалық жаңалықтарды, кейбір математика теорияларын, математикалық логиканы пайдаланып, бүкіл дүние жүзі тілдерінің бір-ақ негізден шыққандығын дәлелдеп шықпақшы. Қазірдің өзінде әр түрлі сөз табына жататын жүзден аса сөзформаның әлем тілдеріне ортақ екендігін анықтады. Оның бірқатары баспасөз бетінде жарияланды да. «Әлем тілдерінің ортақ екендігін анықтауға ғалымдар тарапынан әлденеше әрекет жасалды. Бірақ дәлелдей алмады. Мен ғалымдарға ғана емес, қарапайым адамдарға да оп-оңай көз жеткізе алатын тиімді әдісті таптым. Бірақ бұл әдісімді әзір құпия ұстаймын, өйткені сол әдістің өзі шағын бір кітап болғалы тұр» – деді автор бір сөйлескенімде. 
Ғалымның ғылыми-зерттеу жұмысының екінші бағыты –  көне түркі, ескі түркі, орта түркі жазба ескеркіштерін халық игілігіне айналдыру. 2002 жылы жарияланған «Қибат-ул хақайиқ»  – XІІ  ғасыр ескерткіші», 2007 жылы жарияланған «Мухаббат-наме» ескерткішінің (XІVғ.) мәтіні», 2013 жылы жарияланған « Қазақ тілінің шығу тарихы» аталатын еңбектері, өндірісте жатқан «Қибат-ул хақайиқ» нұсқаларының қолданбалы мәтіні» атты екі томдық кітабы, тағы басқа проблемалық мақалалары университет профессорының ұшан-теңіз еңбегінің жемісі екендігін көрсетеді. Б.Сағындықұлының өзгелерге ұқсай бермейтін ерекшелігі – біздің заманымызға келіп жеткен түркі қолжазбаларын түпнұсқадан тікелей транскрипциялай алатындығы. Қазір ғалым олардың сөзбе-сөз,  мағыналық аудармаларын жасаумен шұғылдануда. Ескерткіштердің алфавитті, кері алфавитті, түсіндірме сөздіктерін жасау арқылы шәкірттерінің ілтипатына бөленіп жүр. Қолжазбалардағы айырмашылықтарды талдаған еңбектері – бір төбе. Бұл сала бойынша ол даярлаған мамандар республикамыздың әр жерінде абыройлы еңбек  етіп жүр. 
Ғалымның көптен бері шұғылданып келе жатқан үшінші ғылыми бағыты – Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы. Бұл жалпы теориялық іргелі пәннен  Б.Сағындықұлы 1981 жылдан бастап 1 курс студенттеріне дәріс оқып келеді. «Қазіргі қазақ тілі. Лексикология» аталатын екі рет басылып шыққан оқу құралы бар. Лексикологияның ең аз зерттелген, өзекті-өзекті мәселелері бойынша бірнеше ғылым кандидатын даярлап шығарды. Ұстаз әсіресе 2009 жылы «Қазақ тілінің лексикалық синтагматикасы» аталатын тақырыпта докторлық диссертация қорғаған шәкірті Хасанов Ғабит Қайыржанұлына дән риза. Өйткені ол ғылыми жетекшісінің өмір бойы толғандырып жүрген синтагматикаға қатысты идеяларын іске асыра алды.
Профессор Б.Сағындықұлының жемісті еңбек етіп келе жатқан төртінші бағыты – теология. Біздің білуімізше,  болашақ теолог мектеп жасына жетпей-ақ ақсақалдардан діни-танымдық әңгімелерді құлшына тыңдай бастаған. Келе-келе «Көкалташ» медресесін бітірген ірі-ірі ғұламалардан сабақ алған. Оның бер жағында көне түркі жазба ескерткіштерін түпнұсқадан оқи алуы біраз жетістіктерге жетелеген.  Құйма құлақ Бекеңнің діни тақырыптағы әңгімелерді мөлдіретіп айта алатынын бүкіл жерлестері біледі. Өзіміз де қызық-қызық хикаяларды талай тыңдағанбыз. 
1997 жылы ғалым құдайдың құдіреті, пайғамбардың мұғжизасы, әулиелердің кереметі, сиқыршылардың, емші-балгерлердің құпиясы, жазмыш, адам тағдыры, ақырзаман, т.б. туралы әңгімелерді, аңыздарды, хикаяларды жүйелеп жинақтап, оларға ғылыми негізде түсініктемелер жазып, «Ғаламның ғажайып сырлары» аталатын үлкен кітабын «Ғылым» баспасы арқылы оқырманға ұсынды. Халық зерттеушінің бұл еңбегін өте жылы қабылдады және оны теолог ретінде таныды. Бұдан кейін де автордың баспасөз беттерінде талай-талай діни-танымдық бағыттағы мақалалары жарияланды. Телевизия арқылы да бірнеше қызықты әңгімелер өткізді. Б.Сағындықұлының жетекшілігімен «Қазақ мақал-мәтелдерінің діни-хадистік аспектісі» деген тақырыпта докторлық диссертация даярлаған Батыржан Мансұров қазір Маңғыстау облысында бас имам болып қызмет атқарып жүр. Бекеңнің жұбайы – Бақытгүл Райханқызы Құлжанова да ғылымда өз орны бар маман. Орта ғасырлардағы түркі жазба ескерткіштерін зерттеуші. Қазақ білімінің қара шаңырағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушысы, Филология ғылымдарының кандидаты, доцент. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «2012 жылғы Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы», Еуропалық ғылыми-өндірістік палатаның «Алтын медаль» және «Сапа дипломының» иегері. Екеуі үш баланы тәрбиелеп отыр. 
Мектепті былай қойғанда, студент кезімізден Бекеңмен араласып жүргенімізге елу жылдан астам уақыт өтсе де, жалпылай білгенімізбен ғалым, педагог, теолог ретіндегі шынайы сырларын терең білмейді екенбіз. Осы мақаланы жазу барысында көп нәрсеге қанықтым. Расында,  біздің киелі оқу орны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің абырой, атағының көтерілуі, жан-жақты өркендеп дамуы Б.Сағындықұлы сияқты заң, экономика, математика, физика, химия,  журналистика, т.б. әр мамандық салаларынан шыққан дара тұлғалардың арқасы  екенін  батыл айтуымызға және   жария етуімізге толық құқымыз бар. 
Нұртай ТОРМ АНОВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті  Биофизика және биомедицина кафедрасының профессоры.

ТАҒЫЛЫМ 01 ақпан 2014 г. 2 105 0