Ғасыр жасаған ҒҰМЫР

Қай жерде жүрсе де халықтың құрметіне бөленетін адамдар болады. Оларды жұртшылықтың ықыласына бөлейтін ең бірінші адамгершілік қасиеті болса керек. Ал адамгершілікке қарапайым­дылық, адалдық, шыншылдық, еңбек­қорлық, сы­пайылық, мәде­ниеттілік секілді тағы да басқа көптеген жақсы қасиеттер жатады. Өткен маусым айында 99 жасында өмірден өткен, еңбегін ел мойындаған қоғам және мемлекет қайраткері Сейдулла Оспанов ағамыз осындай жандардың қатарынан еді. Ағамызды Қызылорда облысы тұрғындары ғана емес, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарының халқы да құрметтей білді. Аға ұрпақ өкілдері жақсы білетін С.Оспанов кім еді, халыққа қандай қызметі, еңбегі сіңді, соған тоқталып өтелік.

Ол 1918 жылы Қызылорда облысының Тереңөзек ауданындағы Қараөзекте дүниеге келді. Ауылдық мектепті бітіргеннен кейін 1939 жылы Қызылордадағы теміржол техникумын үздік бітіріп, паровоз шаруашылығының техник-механигі мамандығын алып шықты. Оқуды өте жақсы бітірген жас жігітті қалалық партия комитетіне нұсқаушы етіп жібереді. Осыдан бастап оның қоғамдық саладағы қызметі бас­талады. Ол біраз уақыт комсомолдың қалалық, орталық, облыстық аппараттарында жұмыс істеп, өзінің жастар арасындағы ұйымдастырушылық қызметімен көзге түседі. 1940 жылы әскерге шақыртылады. Алайда, 1941 жылдың маусым айының басында денсаулығына байланысты әскер қатарынан босайды.

Қызылордаға келгенде обком­ның бірінші хатшысы Сапар Бектелеев Сейдуллаға: «Сіздің мінездемеңізді, құжаттарыңызды алдық. Таныстық. Ұйымдастыру-нұсқаушылық бөлімді басқаруға кірісіңіз», – дейді. Бұл қызметтің қиындықтары аз емес-ті. Аса жауапты жұмыс. Осы қызметте жүргенде басшылық оны Алматыға 6 айлық курсқа жіберді. Оның жартысына жете бергенде комсомолды нығайту науқанына ілігіп, орталық аппаратқа ауыстырды. Жарты жыл Орталық комитетте істеген соң Қызылорда облыстық комсомол комитетінің хатшысы болып келді.

Көп ұзамай ВЛКСМ Орталық Комитеті Қазақстанға бір орын бөліп, бұл біржарым жылдық лениндік курсқа шақырту алды. Оны 1945 жылы бітіргенде жолдаманы Алматыға берген еді. Әйтсе де, облыс басшылығы жақсы кадр­дан айырылғысы келмей жоғары жақпен келісіп, С.Оспановты өздеріне алдырады. Қызылорда облыстық партия комитетінің ұйымдастыру-нұсқау бөлімінің меңгерушісі қызметінде жүрген кейіпкерімізді 1947 жылы Қармақшы ауданын басқаруға жібереді. Ол артта қалған ауданға 6 жыл жетекшілік жасады. Жігерлі кадр ауданды алға алып шықты. 1951 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Ал, 1953 жылы Жаңақорған, бір жыл өткенде Шиелі ауданын басқаруға жіберіледі. 1957 жылы ол Ленин орденімен марапатталған. Бір қызығы мұндай орден осы қызметтегілерге мүлде сирек берілетін. Тағы да депутаттыққа сайланды. Бұл да аудан басшысы үшін өте жоғары құрмет болатын.

Жаңақорғанда бір жыл басшылықта болғанда теміржол вокзалы мен көл арасындағы үлкен аумақты алып жатқан батпақ алаңды құрғатуға аудан жұртшылығын жұмылдырады. Сырттан нәрлі топырақ тасытып, сол араға ағаш отырғызды. Көп ұзамай ол жер жасыл желекке бөленді. Сол жерді жұрт «Оспанов бауы» атап кетті. Ал Шиеліде басшылықта болған Сәкең ең алдымен  «дала академигі» атанған Ыбырай Жақаевтың кү­ріш өсіру тәжірибесін үйренуге жалпы жұртты жұмылдыруға күш салды. Агро­мектептер ұйымдастырылды. Ауыл жұртшылығының ­назары ауылшаруашылық техникаларын ­жаппай меңгеруге аударылды. Еңбек босқа кеткен жоқ. Шиелі күріш егушілердің туын берік ұстады.

Үш бірдей ауданды басқарып, жақсы нәти­желерімен көзге түскен С.Оспанов 1957 жылғы мамырда облыстық партия комитетінің екінші хатшылығына сайланды. Екі жылдан соң бірінші хатшылыққа өсті. Онан кейінгі кезеңде 1962 жылға дейін Қызылорда облыстық кеңесінің атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарады.

Сол кезеңдерде басшы кадр­лардың үстінен арыз жазу, тырнақ астынан кір іздеу үрдіске айналған еді. Сондай келеңсіздік Сәкеңді де айналып өткен жоқ. Алғашқы рет Оспановтың үстінен осындай арыз Қармақшыны басқарып жүргенде жазылған еді. Аудан экономикасы жақсарып, мал шаруа­шылығы мен астық тапсыру жоспары асыра орындалғандықтан арызданушылардың дегені болмай қалды.

Елде 60-жылдардың басында алақұйын ауыс­тырулар жиілеген-ді. Қызылордаға бірінші басшы боп келген Сәлімгерей Тоқтамысов іскер, жан-жақты басшылардың қатарынан саналатын. Орталық жақтан әдейі шеттетілген. Сейдулла Оспанов – облаткомда. Жұмыстың сан-алуан саласындағы жетістіктер жап-жақсы еді. Тоқтамысов пен Оспановтың тұсында қол жеткен игілікті істер аз емес-ті. Мәскеу тараптан да, Алматы  жақтан да аласапыран науқанның иелері осы екеуін оңдырмай сүріндірудің жолын таба алмай қиналатын. Күндердің бір күнінде «Правда» газетіне «Битая карта» деген мақала шыға келсін. Фактілері де онша емес. Облыстың бірінші басшысы Тоқтамысов бастап, қалғандары қостап карта ойнаған. Ең басты «көзірлері» – осы ғана. Д.Қонаев Орталық Комитеттің бірінші хатшылығынан босатылған бюро отырысында Тоқтамысов пен Оспанов та қызметтерінен алынды. Мұнан соң С.Оспанов көрші Шымкент облысының артта қалған бір кеңшарын басқаруға жіберіледі. Ол кеңшарды басқарған жылдары тәжірибелі басшы екенін көрсете білді. Бірер жылда кеңшарды бидай өндіруден облыстағы ең іргелі шаруашылыққа айналдырды. Қой саны 29 мыңнан 65 мыңға өсті. Биязы жүннің сапасын жақсартпақ мақсатта Мәскеуден мамандар шақыртып, атақты «Күйік» кеңшарының тәжірибесін ендіргені елдің есінен шыққан жоқ. Жүннің сапасын анықтау үшін Жамбыл қаласына сандалуды доғарып, арнайы зертхана ашты.

Республика басшысы Д.Қонаев  кеңшарға екі мәрте келген. Сүйсінген. Әлгі зертханада болған. Оған «жа­ңашыл басшы» деп баға берген. «Оспановтың тұсында оз­ғанбыз» дейтіндер көбейген. 1968 жылы Бөген аудандық атқару ко­митетінің төрағасы болып сайланған. Бірінші басшы Байжановпен бірге Бөген ауданын да белестерге шығарды. Кейінірек Сәкең Шымкент облысы кәсіподақтарының ең үлкен саласы – ауыл шаруашылығы қыз­мет­кер­лері кәсіподағын бас­қарды.

С.Оспановтың еңбегі партия мен үкімет тарапынан лайықты бағаланды.  «Ленин» орденімен, үш мәрте «Құрмет белгісі» ордені, бірнеше одақтық медальдармен, Бүкілодақтық кәсіподақтың, Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің «Құрмет» грамоталарымен марапатталды. Республикалық дәрежеде дербес зейнеткерге шықты. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ордабасы ауданының «Құрметті азаматы» атанды. Ал енді осы марапаттардың тізіміне кірмеген бір медаль туралы айрықша айтуға болады. Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар ұйымы өздерінің кәсіби мерейтойын атап өтуіне байланысты «Облыс кәсіподақтары қызметіндегі адал еңбегі үшін» мерейтойлық медалін шығарады. Сондағы №1 медаль біздің кейіпкерімізге табыс етілген. Бұл – қолынан келгенше адамдарды қиянаттан қорғаған, еңбек адамдарының мүддесін ойлап, барынша қамқоршы болуға тырысқан азаматқа деген құрмет еді. Сондықтан болар, Сейдағаңды ел игілігіне еңбек еткен аймақтарда айрықша қадір тұтып, құрметтейді.

С.Оспанов құдай қосқан өмірлік жары Арыс­танова Фатима Жүнісқызымен (1925-2006) бірге 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан өрбіген немерелері мен шөберелерінің қызығына бөленді. Ал Сәкеңнің қыздарына қандай жасау бергенін қалың оқырман жазушы Мархабат Байғұттың «Егемен Қазақстанда» шыққан  «Қыздарының жасауына кiтапхана берген кiсi» деген мақаладан оқып білді. Онда Сейдағаң үлкен қызы Ботагөздің жасауына «Әлем әдебиеті» деп аталатын атақты кітапханасын, ортаншы қызы Рәштің жасауына Алаш әдебиетінен арнайы кітапхана жасап қосқанын, кіші қызы Баянды ұзатарда да өзі қалыптастырған дәстүрді бұзбағаны туралы қызықты деректер бар. Тәрбиелiк мәнi зор, кейiнгi ұрпаққа үлгi-өнеге боларлықтай ерекше қыз жасауын жасаған азаматқа жұрт риза болды. Ал өзі өмір бойы кітап, газет-журнал оқудан жалыққан емес. Міне, осындай тұлғалы жан  өміріне, тағдырына риза күйінде, Тәуелсіздікке тәубе етіп, жастарға жақсы болашақ тілеген күйінде биылғы жылдың маусым айында өмірден өтті.

«Өмір ұзақтығымен өлшенбейді, мазмұнымен өлшенеді» деген ұлы­лардан қалған сөз бар. Ал Сейдағаң ұзақ та мағыналы өмір сүрген жан.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

ТАҒЫЛЫМ 14 қыркүйек 2017 г. 691 0