Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінде өткізілетін іс-шаралардың басы-қасында Тұңғышбай Шалтақбайұлы жүреді. Қоғамдық жұмысқа белсене араласып, өзінің ой-пікірін ортаға салып, кейінгі буын жастарға кеңес беріп, ұйымдастырылатын іс-шараның белсенді мүшесі ретінде өзін көрсетіп, осы уақытқа дейін азаматтық қорғау органдарында еңбек етіп жүрген Тұңғышбай ағай әлі де тың, кейінгі буынға берері көп ардагер.
«Қазыналы қария – ақылы кен, дария», демекші ол бүгінде Төтенше жағдайлар департаменті бастығының кеңесшісі қызметін абыроймен атқаруда. «Өмір еңбексіз ештеңе бермейді»,- деп Гораций айтпақшы, бос жүрмеу, ұдайы еңбек ету Тұңғышбай ағаның өмірлік кредосына айналған. Ол 1997 жылы зейнетке шықса да әлі күнге дейін қоғамдық және мемлекеттік қызметтерден қол үзген жоқ. «Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде, ол мақсат тек кездейсоқ рахат үшін емес, шынайы игілік үшін бағытталуында, адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, ізгілікке бағыттап отыруында»,- деп ұлы ойшыл Әл-Фараби айтқандай, ол қызметте тек ізгілікті істермен айналысуды, өзгеге көмектесуді, адамдарды құтқаруды, парасаттылықты, адамгершілікті басты мақсат тұтты. Оның өмір жолы да кейінгі буынға үлгі боларлықтай.
Ол 1955 жылдың 23 сәуірінде Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1962-70 жылдар аралығында Ғ.Мұратбаев атындағы №171 мектепте оқыған. 1970 жылы №217 мектепке ауысып, 1972 жылы осы мектепті бітірген. 1972 жылы Қызылорда гидромелиоративтік политехникумына оқуға түскен. 1973-75 жылдары Кеңес әскері қатарында Шымкент қаласында борышын өтеген. 1978 жылы политехникумды техник-механик мамандығы бойынша бітірген. 1978-79 жылы КЭРМЗ мекемесінде шебер болды. 1979-81 жылдары Көкшетау орта арнаулы ІІМ мектебінде оқыған. 1981-83 жылдары Қызылорда қаласындағы №64 өрт бөлімінде қарауыл бастығы, 1983-86 жылы Сырдария ауданы Тасбөгет кентінде инспектор болды. 1986-87 жылдары облыстық өртке қарсы басқармасының №65 техника басқару бөлімі бастығының орынбасары, 1987-90 жылдары техника басқару бөлімінің бастығы, 1990-94 жылдары қалшалық өртке қарсы бөлім бастығының орынабсары, 1994-97 жылы Сырдария аудандық ішкі істер бөлімінің өртке қарсы қызметінде аға инженер болған. Осы қызмет еткен жылдары КСРО және Қазақстан Республикасының мақтау қағаздарымен, өртке қарсы органдарындағы мінсіз қызметі үшін ІІІ дәрежелі медалімен марапатталды. 1997 жылы майор шенімен абыроймен зейнеткерлікке шықты. Иә, зейнетке шыққан соң да бос отырмады, түрлі халық шаруашылығы саласында және Музыкалық колледжде еңбек етті. 2009 жылдан бастап 2017 жылға дейін қоғамдық жұмыс ретінде Төтенше жағдайлар департаментінің Ардагерлер қоғамдық бірлестігінің кеңес төрағасы қызметін атқарды. 2017 жылдың басынан бастап осы қызметіне штат беріліп, Төтенше жағдайлар департаменті бастығының кеңесшісі болып бекітілді. Ардагерлермен жұмыс атқаруының нәтижесі ретінде жоғарғы орган тарапынан марапатталды. Атап айтқанда 2015 жылы «Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері», 2017 жылы «Мақан Есбулатович Есбулатов» және «Қазақстан полициясына 25 жыл» төс белгілерімен марапатталды.
Тұңғышбай Шалтақбайұлы отбасында да асқар тау әке, адал жар, қамқоршы отағасы ретінде көпке үлгі. Жары Мәдина апай үй шаруасындағы зейнеткер, ағайдың қас-қабағына қарап, жағдайын жасап отырған абзал жан. Тұңғыш қызы Жанат – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік Университетіндегі Ғылыми-зерттеу кафедрасының маманы. Жанары – Қызылорда Музыкалық колледждің Хореография бөлімінің мұғалімі. Анары – «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның бағдарламашысы. Ұлы Қанат – Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрыңда музыкант болып еңбек етуде. «Ендігі арманым – осы балаларым аяқтанып, отбасын құрса деген ақ тілек бар»,-дейді Тұңғышбай ағай. Иә, Отбасы күні және алдағы Ардагерлер күні қарсаңында Тұңғышбай ағайға, марапаттарыңыз құтты болсын, отбасыңыз аман, деніңіз сау болып, арман-мақсатыңыз орындала берсін деген ізгі лебізімізді білдіреміз.
Айгүл Нұрманова.
Қызылорда облысы ТЖД Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы.