ҚАРЫМЫ ҚАЙТПАС ҚАРАКЕР

Мұғалім ағай

1988 жылы, тамылжыған тамыздың 29-ы. Абыр-сабырға толы «Алматы-2» вокза­­лынан КазГУ-ліктердің көңілді көші жүр­­гелі тұр. Күні кеше ғана алқынып жүр­ген абитуриенттен студент сапына топ ете қал­ғанымызды сезінер-сезінбестен, ауылы­мызға барып, масайрап, мауқымызды басып келген біздердің Қостанай жеріндегі картопия майданына аттанғалы тұрған бетіміз.
«Сельхозка» дегеннің нағыз берекемізді бекітетін шара екенімен әзірге шатағымыз болмаса да, қабылдау комиссиясының есігінен сығалаған күннен-ақ көзімізге Құдайдай көрінген деканның орынбасары Әбілфайыз Ыдырысов ағайымыздың: «Бармағандарға жатақхана берілмейді!» – деген ескертуінен соң, естерінен тана жаз­даған біздей «перваштар» қос өкпені қолға алып, картоп теруге зымырамай, не қыл­сын?
Нөпірдің арасымен вагонға қарай қай­қалақтай жөнелгенім сол еді, әлдекімнің: «Оу, ағайға көмектессеңші!» дегені селк еткізді. Қарап қалсам, күректей қос таба­нын екі жаққа кезек лақтыра, маң-маң бас­қан орта бойлы бейтаныс қарамен қатарласа беріппін. Қою мұртын жыбырлатып, жан-жағына жап-жайдары жымиып келеді екен. Үстіндегі сары плащын қорбитып, қолтық­тарын толтыра қолапайсыз қысқан аптеч­калары бар өзінің.
Серкеліктерін әлден-ақ көрсетіп үлгерген Ермахан Әбдіраманов пен Мұхтар Атабеков сынды ересек тісқаққандардың өздері әлгінің қолжүгін, қағаз-қаламын көтерісіп, құрақ ұша құрмет көрсетіп келе жатқан соң, онсыз да абдырап тұрған мен­дей бозөкпеде не жан қалсын? Жалма-жан қолтығындағы «қызыл крест» қорапшаларға жармаса бердім…
Сөйтіп, жүзі жып-жылы ағайды кеше ғана қоштасқан мектебіміздің тілімен «мұғалім» десіп, жан-жағынан қаумалап жүріп, пойызға мінгізіп, қошеметке қарық қылдық та тастадық. Осылайша, танысып, емен-жарқын тіл табысып, «Қарсы ал бізді, Қостанай!» деп, думандатып-жырлатып кете барғанбыз.
Алайда «агент 007» сияқты сыпайы сыры беймәлім Қаныбек «ағайдың» қа­тарымызға қазір ғана қосылған өзіміздің су жаңа курстасымыз екенінен дәл сол сәтте бәріміз бейхабар едік…

Алғырдың алғашқы асулары

Курсымызға қоса салмас бұрын, Құдайдың өзі Қаныбекті шыр айналдырып, арманына адалдығын әбден сынапты. Әйтпесе, сонау Оңтүстік Қазақстан облы­сындағы Киров ауданының Большевик ауылында дүниеге келген ол осы күнде өзінің елу жасын ақ халатты дәрігер, болмаса, ақ сәлделі бақсы-балгер болып тойлап отыруы да мүмкін еді.
Олай дейтінім, оның сонау көне ғасырда Бұхара медресесінен шатырхат алған Бәйіт атасы дін жолын ұстанып, емшілік-әулие­лігімен атағы елге жайылған адам екен. Қалпе әулеті атанған ұрпағы да сол сарын­мен емшілік кәсіпке етене жақын болыпты.
Осылайша, Шәрібек пен Зәкирадай иманды болғыр ата-анасы Алла берген алтаудан төртінші болып төбе көрсеткен қара ұлдарын алдындағы ағалары ұқсатып, мектептен кейін медициналық мамандыққа оқыта қоймақшы болған екен. Бірақ балау­са дүниелері аудандық газеттен бастап, бір­қа­тар республикалық басылым­дарда бесін­ші кластан бері жарияланып, қаламақы деген қаймақтың да дәмін қар­шадайынан татып үлгерген қағылез бала­ның өз жоспа­ры бар болатын. Ақыры ол өзгенің жетегіне емес, өз арманының ете­гіне тастай қатқан табандылығының арқа­сында алға қойған мақсатына адалды­ғын қасарыса дәлелдепті.
Енді бүгінде біздің Қаныбексіз-ақ, араларынан адам емдейтіндері мен хайуан емдейтіндерін қосқанда, атандай алты дәрігер шыққан Әбдуовтарға өз аталарының да, Гиппократ ақсақалдың да аруақтары риза шығар.
Әйтсе де, алғашқы айналымға шыққан бұл сабаз журфакқа түсе алмай, «жалпасы­нан» түседі. Содан ауылда жұмыс істеп, келер жылы күшін жиып келсе де, күндізгі тұрмақ, сыртқы бөлім де сауырын сипата қоймапты. Бұдан кейін жан ұшыра жар­масып жүріп, алдымен, кешкі бөлімге іліге­ді, одан дайындық тобына кірігеді. Оны аяқтай бергенде, он сегізге толып, басын тықырлатып армияға аттанып кете барады.
Журфакқа қолы жетпестей, жүрегі әбден шайлыққан сабазың әскерден орал­ған соң бірінші курсқа қосылар алдындағы «дембельге» тиесілі екі айлық демалыстан да бас тартыпты. Сөйтіп, елді итпен қуып жинайтын «сельхозға» да жынды құсап, өз еркімен сұранып келген ғой. Сонда мұның айдай «аппақ» ажарын алғаш көріп тұрса да, сымбатына сай салиқалы сипатын бірден аңғарған Әбілфайыз ағамыз оны «оқытушы» деген бүркеншік лауазыммен өз қурстастарына бас болуға аттандырып кеп жібереді. Бұл деген алғыр жасқа жүктелген жауап­кершілікпен бірге селкеусіз сенім емес пе еді? Міне, «мұғалім ағайдың» құпия­сы қайда жатыр!

Тобына қорған топбасшы

Ауыл шаруашылығына «ағай» атанып аттанған Қаныбек ол жақта өткізген айлық мерзімде «завхоз» болып, курсының аш қал­­­мауына бас-көз болып, алғыс пен абы­рой арқалап, университет аудитория­сына бе­­де­­лі батпандай староста сайланып орал­ды.
Бір қызығы, курсымыздағы біздің 101-топта старосталық «тақ» тынымсыз тартысқа түсіп жатқанда, 102-топ Қаныбек­тің кандидатурасын талассыз-ақ таңдаған. Сөйтіп, ол көлдегі қаздай қиқулаған қиқар қауымын бақандай бес жыл бойына шашау шығармай бастап жүрді.
Десек те, апта сайын «ағайыны қайтыс болып», күн аралата «кеселге ұшырап» қалатын кейбір қулардың старостамен сыйластығын асыра пайдаланғаны да рас. Онымен қоймай, жатақханада гитарасын құшақтап, курстас қыздардың бөлмелерін біруақ кезіп қайтқанды ұнататын Қаныбек­тің өзіне байқатпай, топ журна­лының сыртына тамақ пісіретін қара табаның күйелеш түбінің бедерін басып қоятын­дарын қайтерсіз?
Рас, өз басым мұндай кеңшілікке кенел­месем де, қамқорлықтың қызығын ұзағы­нан көрген «узкий круг» мүшелері жылдар бойы жанашырлыққа жарыған­дарын жоққа шығара қоймас. Тіпті бір бөлмеде екі жыл бірге тұрып, төртінші курста үйленген Қаныбекпен бұрынғыдай тұра берсе, қарны тоқ, көйлегі көк боларына еті үйреніп қалған досымыз Бақытжан Әлімқұлов: «Келіншегіңмен бір төсекте жата бер, мен сендердің жандарыңнан кетпей­мін» деп те қиғылық салған көрінеді.

КазГУградтың «қызыл гүлі»

КазГУградтай жастықтың жанартауы­­нан әсем ән мен бұла жыр болып атқы­лай­тын ыстық жалын Алатаудың бүкіл бау­райын шарпитын еді-ау. Сол көрікті ме­­кен­ді шоқтай қарып, жұлдыздарша жай­нат­қан жайсаңдар мен жампоздардың ара­сында ги­тараның сиқырлы сазына әуез­ді үнін құй­қылжыта қосқан Қаныбек те бар болатын.
«Бозүйден бір қыз көрдім көзі күлген-а-ай,
Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген…» деп, естіген жанды естен тандыра еліктіріп әкеткен бетте, әлдебір хас сұлуды сылқылдата суреттеп тастап:
«Қызыл гүлім-ай-ай, қызықтырдың-ай-ай,
Аппақ гүлім-а-ай, ардағымсың-ай…» деп, таңдай қақтыра тамсандыратын Каню­ша, шындығына келгенде, КазГУград­тың ғана емес, күллі Алматының бұрым­дары бөксе сипаған қыз-қырқыны «құлап түсетін» «қызыл гүлге» айналып еді.
Осылайша, гитараның шегімен қоса, сезімнің де қылын шебер қытықтайтын мұрттыға өзіміздің қаракөздер тұрмақ, өзге ұлттың қас-қабағы қиылған қаншама періштесі ғашық болмады десеңізші? Бірақ бұл бәле бар махаббатын өзі армандап сүйіп, алақанына түсірген еліктің лағындай Мариям сұлуға арнап жүріпті. Міне, таңдап бір алған жарға деген адалдық қайда жатыр!
Ол ол ма, бұл сабаз азаматтық борышын сонау Ярославль қаласында өтеп жүргенде әскери бөлімдегі сайдың тасындай жігіт­терден құралып, атағы аймаққа дүркіреген ансамбльдің белді мүшесі болған. Сонда Кеңес Одағының сан түпкірінен жинал­ған түрлі ұлттың арасында қазақ әндерін тап-таза хитке айналдырғанын қайтерсіз? Тіпті Мәскеу маңындағы қаз-қатар тізілген әс­кери бөлімдердің біріне кезекті бір концерт қоя барғанда ұлттың рухын асқақ­тататын әннен аруақтанып кеткен қазақ сарбаздар мұның аяғын жерге тигізбей, төбелеріне көтеріп әкетіпті. Бұл жағдай пиғылы пасық әлдекімнің шамына тиіп қалып, «невыез­дной» болғаны да бар екен.
Дегенмен өнерімен ерекше көзге түсіп, түрлі әскери марапатты да меншіктеп үлгерген осынау жігерлі жігітті бөлімнің бастығы осында қалуға үгіттеп, оқуын ЯрГУ-ге ауыстырып беруді де ұсыныпты. Алайда көзді арбайтын мұндай келісті келешек те көкөрім жасты қызықтыра алмаған көрінеді. Сөйтіп, бар-жоғы жиыр­мадағы жасына қарамай, жарқын бола­шақтың жат жерден бұйырғанын қаламаған Қанекең әскери мерзімі аяқтала сала Қазақстанға қарап қайқайған ғой.
Бұл – оның ана сүтімен, әке күшімен бойына дарыған туған жерге деген адалдығы болатын!

Маман болып мақтаулы

Атқан таңдай ажары мен жаққан шамдай жанарын көргеннен-ақ, осы мұртты қарадан қаламы жүйрік журналист шығатынын тамыршыдай тап басып таныған Уәлихан Қалижандай бас редактор ағамыз Қаныбекті жалындап тұрған «Жас Алашқа» бесінші курста қабылдап кеп жіберген-ді. Сөйтіп, түске дейін оқуды оқып тауысып, кешке дейін тілші болып ауысып, таңға дейін жас әке жаялықтар жуысып жүріп-ақ, жалықпай жазып, ше­берлігін шыңдап, өзінің адаспай таң­даған мамандығына деген адалдығын баршаға дәлелдеп еді.
Игілік пен ырыстың бастауы ел ішінде екенін мықтап ескерген ол осы басылым­ның Қызылорда өңіріндегі меншікті тіл­шілігін таңдады. Елдегі ағайынға адал­ды­ғынан ешқашан танбаған есті баланың бұл шешіміне облыстың сол кездегі басшысы Бердібек Сапарбаевтай халықшыл азамат­тың оған артқан таудай сенімі де түрткі болған-ды.
Сол барғаннан Сыр еліне судай сіңіп, тастай батқан оңтүстіктің оғланы уақыт өте облыстық «Сыр бойы» газетіне ауысқан. Мұндағы техредактордан бастап, аға тілші, бөлім меңгеруші, жаухатшы деген сатылар­дан сүрінбей өткен ол бүгінде бас редак­тордың бірінші орынбасары дәрежесіне «Ақпарат саласының үздігі» деген абырой­лы атақты ала көтеріліп, әзірге дамылдап отырған жайы бар. Әлбетте, ара-арасында күйбең тірлігіне түрлілік енгізу үшін «Жаңақорған тынысы» мен «Махаббат» сияқты газеттерді, «Нұр Отан» партиясы­ның облыстағы филиалының білдей бір бөлі­мін, одан кейін аз уақыт Өңірлік коммуникациялар қызметін лайықты басқарып қайтқаны да бар.
Әріптестері арасында беделі бекем, жүзі жарқын. Ерінбей еткен еңбегіне қарай алған жанарына оттай ыстық, жанына майдай жа­ғатын марапат пен мақтаудан да құралақан емес. Осы күнде Елбасының алғысхатынан бастап, министрлер мен әкімдердің бергені бар, түрлі байқау-бәй­гелерден алғаны бар – қос құшақ қатырма қағаздарын жыпырла­ған жып-жылтыр медальдарымен қоса, құнттай сыйдырып салатын дәу сандық жасатуға тапсырыс та беріп қойыпты.

Қазына қазған қаламмен

Жігітке тән жеті өнер бар бойына сыйып тұрса да, Қаныбек өзінің өмірлік қазы­насын қаламнан тапқаны анық. Жер­гілікті жұртқа атағы дардай жазушы болып танылғаны да әлдеқашан. Осы өнерін барынша өркендете білген ол ел ағаларымен тең сөйлеп, төбе түйістіре жүріп, суын ішкен жердің азаматтарын құрметтеуді де мейлінше, мықты меңгергендей.
Ендігі осы өңірге еңбегі сіңген тұлғалар мен ел сыйлаған асыл жандар жайлы «Ре­дак­тор Қалқабай Әбенов», «Желкілдек ба­тыр», «Ғибратты ғұмыр», «Мен елімді баға­ладым, елім мені бағалады», «Нұрлы жү­рек», «Түгіскен түлеткен тұлға» сияқты бір-бір кітап болып басылған ғұмырна­ма­лық еңбектерді де бұрқырата жазып тастапты.
Ағат айтып, арандап қалмасам, ара­мыздан алғашқы болып мектеп оқулығына енген автор да – осы Қаныбек-ау, сірә. Әйтпесе, 4 сынып әдебиетінде киіктің киесі жайында қарапайым да құнарлы тілмен жазылып, жас ұрпақтың бойына жан жылуын сіңіріп жатқан «Құралай» деген әсерлі әңгімесі бар оның. Бала тұрмақ, бәйтө­беттің жүрегін дір еткізер осы бір ша­ғын дүниесімен-ақ өзі аңшылыққа құмар болса да, жүрегі жұмсақ жарықтық туған жер­дің аң екеш аңына да адал екенін аңғартып қойыпты.
Мұны айтпағанда, арагідік баспасөз беттерінен ғана жылт етіп, ауыздың суын құр­тып қоятын төл туындылары әлдеқашан бір кітапқа сұранып жүрген еді. Енді оқыр­ман алдындағы сол олқылықтың орнын тол­тыруға бекем бел буған Қанекең шабыт дей­тін шіркіні шындап тұрып қысқанда шы­­ғарған «шұбар жыландарын» жиып-те­ріп, «Өмір өткелі» деп атаған жинағына топ­­тас­­тырып, жақында ғана баспаға өткізіпті.
Шалымды шабысымен кез келген аламаннан алқынбай келетін қарымы қайт­пас қаракерге айналған оның шығармалары шетінен шұрайлы екеніне сеніңіз. Сенбе­сеңіз, дәмін татып көріңіз.

Алтын бас пен берекелі бауыр

Бүгінде Қаныбек өзі еңсерген елудің тұп-тура жартысын бірге жасасып келе жатқан Мариям сұлуымен үлгілі отбасының ынтымақ-берекесін ұйытып, өнегелі ұл-қыздарын өрбіткен. Олардың студент шақта дүниеге келген тұңғыштарын жатақ­хананың қу қыздары КазГУград дүкеніне түсе қалатын қат тауарға «балалы әйел» болып барып, кезексіз қол жеткізу үшін кезек-кезек көтеріп ала жөнелетіні де күні кеше сияқты еді. Енді, міне, жоғары білімін қызыл дипломмен құжаттаған сол Айдана қыздары тұрмыс құрып, қос жиенмен қуантып отыр.
Жазу өнеріне әулеттен тұңғыш түрен салған әкенің жолын қуған Ерасылдай ұлдары университетті тәмамдап, жалын­даған журналистік жолын бастап та кетіпті. Ұлы Абайдың әжесі аттас Зере мен әкесінің аузынан түсе қалған Әділет болса – бір-бір сыныптың мықтылары.
Осылайша, бұл бауырымның өміріне аздаған шолу жасап, оның барлық ғұмыр­лық құндылықтарға деген адалдығын қал-қадірімше тізіп шыққанымды байқаған боларсыздар. Десем де, оның осы жасқа кел­­­генше, өз ішінен шыққан бір ғана нәр­сеге адалдық таныта алмағаны қынжыл­та­ды. Ол – оның шырайына шұрай қосып, қыз біткенді ғашық қыла, жыбырлай жы­миып тұратын мұрты еді. Жастайынан жол­дас бо­лып, қуанғанда балбырап, қамық­қан­да сал­бырап қалатын оның қыры­лып тас­та­­ла­тындай не жазығы бар еді дейсің кейде.
Аталас қылшық емес пе, мұрт бауыры болмаған соң, берекесі кеткен шаш байғұс та бүгінде басекеңнің бас терісін жылтырата бастапты.
Жә, мейлі, «шаштың түскені – бастың піскені» демей ме, дана халқымыз. Әйтсе де, «аман болса бір басым, тағы шығар бұл шашым» дегендей, мұрт та өсер, шындап кіріссе, шаш та шығар. Алда тек қуаныш­тармен ғана қауышар арда азаматтың алтын басы аман, берекелі бауыры бүтін болсын деп тілейік, ендеше.

ҚҰРМЕТТІ ӘРІПТЕСТЕР, ДОСТАР!!!

Сіздерді Қызылорда қаласы Ә.Тәжібаев атындағы орталық кітапханада өтетін Қ.Әбдуовтің "Өмір өткелі" атты шығармашылық кешіне шақырамыз. Шарада жазушының "Өмір өткелі" атты кітабының тұсаукесері, сыйлас дос-жарандар мен әріптестердің жылы лебізі, концерттік бағдарлама қойылады.
Шығармашылық кеш үстіміздегі жылдың 23 қыркүйек күні сағат 10.00-де Ә.Тәжібаев атындағы орталық кітапханасының акт залында өтеді. Келем деушілерге есік ашық!!!

ТАҒЫЛЫМ 12 қыркүйек 2017 г. 1 127 0