ЕЛЕУСІЗ ҚАЛҒАН ЕРЛІК

(Рельс үстінде көл жатты немесе 40 жыл бұрынғы оқиға)

1977 жылдың мамыр айы. «Кішіқұм» жақтан кө¬терілген шөкімдей қара бұлт «Сексеуіл» стансасына жақын келіп, қос рельс үстіне төнді де жаңбырға айналып нөсерлете құйып берді. Рельс су астында қалды. Жойқын жауынның тереңдігі үш метрден де астам еді. Осы кезде батыстан шығысқа бет алған №6 жолаушылар поезы осы маңға жетіп қалған-ды. Уақыт – күндізгі 17:05. Рульдегі инженер-машинист Елеу Шарапов пен көмекшісі Бұзаубай Кәрімбаев көлкіп жатқан суды бір шақырымдай қашықтықтан-ақ көздері шалды. Әуелі сенбеді. Жоқ, ып-рас. Қос рельс мүлде жоқ!
Составта 20 вагон. Әр вагонда – 56 жолаушы. Осынша адамның тағдыры машинистің қолында еді. Осыны ойла¬ғанда Е.Шарапов қара терге малынды. Сағатына жүз шақырымдық жыл¬дамдықпен зулап келе жатқан тепловозды аса шеберлікпен әлгі айдынға жүз метрдей қалғанда тоқтата алды.
– Бұл не тежеу?! – деп поезд бригадирі Мерходия¬ров және бір топ жолаушы вагондарынан түсе-түсе қалып айқайға басты. Аумағы 600 метрдей толқынды көлді көргенде барып: «Алла-ай, бұл не сұмдық?!» – десті.
Иә, содан бері де қырық жылдай уақыт өтіпті-ау! Сол тұста 32-дегі Елеу Шараповтың жасы қазір 72-ге толыпты. Өзінің Сексеуілінде есен-сау жүр екен. Жоғары білімді, бірінші санаттағы тепловоз машинисі 2008 жылы 47 жыл 3 ай еңбек өтілімен зейнетке шыққан. Әңгімеге тарттым.
– Есіме түссе, жүрегім дір ете қалады, – деді Елеу мырза күліп. Мыңның үстінде жолаушы бар. Әлгі «Шалқар көлге» қойып кетсем ше?! Сақтай көр! Тереңдік үш метрден астам. Бар вагон су астында қалар еді. Құдай оңдап, күндізгі мезгіл еді. Жол бригадирі Е.Сабыров пен жол шебері Т.Манасбаев шақырылды. Олар ойласа келіп, поезды кейін, елу шақырымдық «Қарашоқат» бекетіне қарай шегеруге ұйғарды. Солай болды. Жол қозғалысы 22 сағатқа тоқтады. Ақтөбеден, Оралдан жөндеушілер келді. Көптеген техникалар жұмылдырылды. Бұл-бұл ма, әлгі нөсер темір жолдан 7-8 шақырымдағы «Құмсайда» мал жайында отырған 7-8 үйді, мал-мүлкімен қоса ағызып әкетті. Адамдары аман. Әупірімдеп биікке шығып үлгеріпті.
– Көмекші екеуіңізді марапатқа ұсынған болар?
– Депо бастығы Омар Лекеров ұсындық деген. Бірақ одан ешқандай хабар болмады. Қайта, 40 жылдан кейін бізді іздеп тапқан сізге рахмет. Алғыс алдық. Аман қалған жолаушылардың күл¬кісін көр-дік. Содан артық марапат бола ма?!
Ай-й, қанағатшыл қазағым-ай! Өзгелер болса: «Мен осындаймын!» – деп әлемге жар салар еді. Бұлар болса, тым-тырыс. Біреу  білсе, біреу білмейді. Ештеңе тындырмағандай, еш ерлік жасамағандай қарапайым тірлік кешуде.
Алайда, одан кем болған қазақ та жоқ-ау!

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
дербес зейнеткер.
Арал ауданы, «Сексеуіл» стансасы.
ТАҒЫЛЫМ 09 қыркүйек 2017 г. 631 0