Ерлік ұмытылмайды

Ел басына күн туған заманда жауға қарсы тұрып, қайсарлық танытқан аталарымыздың ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Қазақ қашаннан баба ерлігін ұрпақтан ұрпаққа өсиеттеп отыратын халық. Әрбір қазақтың бойында елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншіліктің лебі есіп тұратындығы да сондықтан болса керек.
Отанын қорғап, Ұлы Жеңісті жақындатып, елге оралғаннан соң да аянбай еңбек еткен абзал жандар ел арасында аз емес. Ұрпақтан-ұрпаққа ісі мен сөзі өнеге болып қалған сондай жанның бірі – менің атам майдангер Сыздық Төлеков. Сабырлы мінезімен, парасаттылығымен ерекшеленген арда азаматты Сырдың елі ешқашан жадынан өшірген емес.
Сыздық Төлеков 1917 жылы Сырдария ауданындағы бұрынғы Аманкелді атындағы колхозда шаруаның отбасында дүниеге келген. Қызылорда ауыл шаруашылығы техникумын бітірісімен 1939 жылы азаматтық борышын өтеу үшін Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, Фин соғысына қатысады. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда жиырма жасар Сыздық қатарластарымен бірге жауынгерлік жолын жалғастырып, қолына қару алып, Отанын қорғайды. №122 танк бригадасының құрамында бірнеше мәрте кескілескен ұрыстарға қатысып, рота командирі атанады. Жаужүректігімен көзге түскен оның танк бригадасы 1941 жылы 7 желтоқсан күні жаумен бетпе-бет келеді. Село іргесіндегі Кеңес әскерінің қоршауын бұзып өткен неміс автоматшылары бекініске лап қояды. Таяп келіп, гранаталарды үстін-үстіне лақтыра бастайды. Сол шайқаста Сыздық Төлеков жауынгерлік шеберлігімен көзге түсіп, 10 неміс солдатының көзін жояды. Сөйтіп, іргесі ыдырағалы тұрған қорғанды жаудан тазартып, өзінің де, майдандастарының да өмірін сақтап қалады. Сол жылы 10 желтоқсан күні Сыздық Төлековтің ерлігін ескерген дивизия командирі оны «Қызыл Жұлдыз» мемлекеттік наградасына ұсынады. Аталған марапат қағазының көшірмесін бүгінде ұрпақтары сақтап отыр.  
Соғыс жылдары, яғни 1942 жылдың 5 ақпанында Сыздық Төлековке Отан қорғау жолындағы жауынгерлік тапсырмаларды жоғары дәрежеде орындағаны үшін «За отвагу» медалі тапсырылады. Ерлігі ескерілген ол 1942 жылдың соңына қарай қанды ұрыс даласында жарақат алуына байланысты госпитальға түседі. Онда ұзақ емделіп, Ұлы Отан соғысының мүгедегі атанып, елге оралыпты.
Бейбіт өмірде атам түрлі шаруашылық жұмыстарын атқарады. Жаңақорған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас зоотехнигі болып қызмет істейді. Облыс¬тық Кеңес атқару комитетінде референт, облыс¬тық мал тұқымын асылдандыру станциясының директоры болады. Кейін Сырдария ауданындағы «1-ші май» колхозының төрағасы, облыстық тәжірибе станция¬¬сында бөлім меңгерушісі және директордың орынбасары, Сырдария өндірістік басқармасында инспектор-ұйымдастырушы болып еңбек етеді.
С.Төлеков 1963 жылы наурыз айынан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін Сырдария ауданындағы Киров атындағы колхоздың төрағасы болады. Ол 1944 жылдан КОКП мүшесі, аудандық партия комитетінің мүшесі болатын.  Ол ғұмыр жолында «За доблестный труд» медалімен, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Сондай-ақ, Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысып, медаль иеленген жан.      
Сыздық Төлеков Киров колхозын ағын сумен қамтамасыз етуге бірден-бір атсалысқан азамат. Өйткені, ол ауылға аяқ судың қажет екендігін, су болса, халықтың тоқ болатынын жақсы білді. Сондықтан колхозға қବлайда ағын су тарту мәселесіне ерекше назар аударды. 1963 жылы өзі бас болып, Қызылорда су торабынан Киров колхозына тың жерден жаңа арықтың ізін белгілеп, мамандарға техникалық жобасын әзірлетеді. Артынша облыстық су шаруашылығы басқармасына арнайы хат жазып, каналдың құрылысын бастауға рұқсат алады.  Күзге қарай канал қазу жұмысы қарқын алып, ауыр техникалар арық қазу жұмыстарына кірісіп кетті. Өзі күндіз-түні атқарылған жұмыстардың басы-қасында жүрді. Ауырғанына қарамастан, жұмысты жылдамдатуға себін тигізбек болды. Алайда, қара күздің дауылды күндері ауруы асқына бастайды. Бірақ ол еңбек демалысына шығудан бас тартады. Өйткені, дәл сол кезде канал қазу жұмыстары ерекше қарқын алған еді.
Араға бірнеше ай өткенде бел ауруы асқынып, яғни 1965 жылы 4 шілде күні  дүниеден өтті. Ол кезде арық қазу аяқталмаған еді. С.Төлековтің тікелей бастамасымен қазылған канал уақыт өте келе Киров, Жамбыл атындағы совхоздар мен МИС шаруашылығының егіс көлемін ағын сумен қамтамасыз ететін ірі «Жаңаарық» шаруашылықтар суландыру жүйесіне айналды.  Сөйтіп, ел ырысы мен байлығы молая түсті. Ең бастысы, тұрғындардың тұрмысы жақсарды. Ел егін егіп, тұрмысын түзей бастады. Канал қазіргі таңда Сыздық Төлеков есімімен аталады.
С.Төлековтің көзін көргендер ол туралы бүгінгісін ғана ойламай, ертеңінің жарқын болуына бағытталған шараларды жүзеге асыра білгенін  жыр етіп айтады. Сондықтан оның өзі өмірден озса да, ісі ұмыт болмайды. Ауылдастар арасында бүгінгі күнге дейін «Біздің атамыз салдырған канал, атамыз қаздырған арық» деген көңілге нұр құятын сөздер жиі айталады. Елі ардақтаған азаматтың ісі мен сөзі әрқашанда ұрпаққа өнеге деген осы болса керек.  
Сыздық Төлековтің ұрпақ тәрбиесіне де аса мән берген. Бүгінде олар  атаның атына кір келтірмей, елге адал қызмет істеуде.
Адамгершілігі, біліктілігі кімге болса да үлгі боларлық, бар бақытын еңбектен тапқан азаматты ел-жұрты ұмытпайды. Сондықтан батыр ұрпағы атамыздың есімі Қызылорда қаласы көшелерінің біріне берілсе деп армандайды. Бұл ұсыныстарына қала басшылығы да қолдау білдіреді деп сенеді.

Бауыржан ТӨЛЕКОВ.
ТАҒЫЛЫМ 09 қыркүйек 2017 г. 777 0